Өңірде «Балаларға бірлесіп көмектесейік!» ұранымен өтіп жатқан «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясының өтуі жайлы сұрағанымызда облыстық білім басқармасының кәмелеттік жасқа толмағандар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Айгүл ОСПАНОВА былай жауап берді:
– Жаңа оқу жылында 70 мыңнан астам оқушы өз білімдерін одан әрі жалғастырады. Олардың 9 мыңға жуығы тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан болса, 700-дейі жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар санатынан.
Кешенді жүргізілген рейдтер кезінде ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған ата-аналардың балаларына баса назар аударылып, мектепке барудан бас тартқан 10 оқушы анықталды. Оларды қалталы азаматтар кеңсе тауарларымен, спорт киімдерімен қамтамасыз етті. Әр аудан бойынша аз қамтылған отбасылардың саны белгіленіп, шаруашылықтарға бекітіліп берілді. Бірінші қыркүйекке дейін 4500 оқушыға жергілікті қазына, 7600 оқушыға бюджеттен тыс кіріс есебінен 50 миллион теңгенің көмегін беру жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың жетекшілігімен өткен ұйымдастыру комитетінің таяудағы мәжілісінде қосымша шешімдер қабылданып, ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлу міндеттері жүктелді.
«Мектепке жол» акциясы аясындағы жақсы бастамалар жан-жақты қолдау тауып келеді. Солардың біріне Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағамбетовтің Савельевтер отбасына 70 мың теңгенің материалдық қол ұшын бергенін айтуға болады. Тілдерді дамыту, мал дәрігерлік, табиғат ресурстары және табиғат реттеу басқармалары да өздері қамқорлыққа алған оқушыларға кеңсе тауарларын жеткілікті түрде сатып әперді. Мұндай мысалдар көп. Шараның алғашқы кезеңінде тұрмысы төмен отбасылардың 171 баласына 791 мың теңгенің материалдық көмегі берілді.
Өзекті мәселелердің бірі – қажетті оқулықтармен, оқу құралдарымен жеткілікті қамту. Бүгінде мектептерден оқулықтарға қатысты өтініштер қабылданып, бұл мақсат үшін жергілікті қазынадан 400 миллион теңге қарастырылған. Осынша қаражатқа жаңа оқулықтар алынып, тегін таратылатын болады. Өткен жылғыдай биыл да оқушыларды оқулықтармен толық қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл жөніндегі шара үш кезеңге бөлініп – «Кітап қорын тексер!», «Мектеп оқулығы», «Сыйлыққа – оқулық!» атауларын иеленген. Осыған орай білім беру бөлімдері бойынша кітап қорлары тексеріліп, мониторинг жүргізілді. Оның барысында мектептер арасында оқу құралдарымен алмасу жолдары белгіленді. Сол сияқты оқушылардың қолданыстағы кітаптарын ұқыптап ұстап, өзінен кейінгі іні-қарындастарына сыйлау, мектепке жанашыр демеушілерді, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін кеңінен тарту шаралары көзделген.
Жаңа оқу жылының алғашқы күні бірінші сынып оқушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітабы сыйға тартылмақ. Білім күні Елбасының атынан табысталатын бұл кітапқа мектеп табалдырығын тұңғыш аттағалы отырған 8 мыңнан астам солтүстікқазақстандық ие болады.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.