Кемені суға түсіру салтанатына орай өткен рәсімге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, Президент тапсырмасымен жүзеге асқан маңызды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады.
– Бүгін «Зенит» зауыты ұжымының кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің арқасында еліміздегі ең ірі кемені суға түсіріп отырмыз. Корабльге мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Экипаж қорғаныс әлеуетін күшейтуде қалтқысыз қызмет етеді деп сенемін, сәттілік тілеймін! – деді Н.Төреғалиев.
«Зенит» зауыты жасап шығарған 37-су көлігінің салмағы – 720 тонна. Жүк тасымалдауға арналған трюмнің көлемі – 30 текше метр. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Виталий Каплуновтың айтуынша, кеменің жылдамдығы 16 түйінге дейін жетеді. Ұзындығы 51 метр, ені 9,5 метрлік әскери корабль 8 балдық дауылға шыдас береді. Жобаны жүзеге асыруға зауыт жұмысшылары түгел атсалысқан.
Көпфункционалды бұл кеме еліміздің әскери теңіз күштерінің кемелері мен катерлерін дизельдік отын, ауызсу, азық-түлік және өзге де материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге бағытталған. Жеке құрам 30 шақты адамнан тұрады. Экипажға қолайлы жағдай жасалған.
«Кемені Орал қаласынан Жайық өзені арқылы теңізге жеткізгенге дейін бірнеше көпірдің астынан өткізуге тура келеді. Сондықтан оның діңгегі Ақтау айлағында орнатылады», дейді кемені жасаушылар.
Бұл кеме оралдық «Зенит» зауытының конвейерінен шыққан 37-су көлігі екенін айттық. Теңізшілер бұған дейінгі корабльдерге де «Орал», «Сарыарқа», «Түркістан», «Маңғыстау», «Семей» сынды қала мен жер атауларын қойған еді. Бұл жолғы ең үлкен әскери кеме мемлекет және қоғам қайраткері – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін иеленіп отыр.
Батыс Қазақстан облысы