Дағдарыс пен аумалы-төкпелі ахуал орын алған соңғы кездері қазақстандықтардың банк депозиттеріне деген қызығушылығы артып келеді. ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, қазір еліміздегі жеке тұлғалардың банкке салған депозиттерінің жалпы көлемі 4 триллион теңгеден асып отыр екен. Өйткені, бізде жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің депозиттері, ағымдағы есепшоттары және карточкалық есепшоттарына да мемлекет тарапынан кепілдік беріледі.
Қазақстандықтардың ресейлік тауарларға деген бірер ай бұрынғы жаппай сұранысы бәсеңсіп қалды. Бастапқыдағы дүрбелең басылып, бағалар енді біртіндеп өсіп келеді. Мыңдаған отандастарымыздың сол сәттегі жағдайды ұтымды пайдаланып, заманауи тұрмыстық техника мен автокөліктерді арзан бағаға алып қалғаны рас, алайда, «тұтынушылар таласына» жұрттың барлығы бірдей кіріскен жоқ. Көптеген адамдар жиған-тергенін шаша салуды жөн көрмей, «әліптің артын баққандай» болашағын ойлап, қаражатын сақтап қалды. Қолда бар ақшаны сақтау мен көбейтуге келгенде кезіндегі қарқынды даму тұсында тиімді саналған қаржы құралдары енді консервативтік стратегияға – қаражатты сақтайтын құралдарға жол берді. Ал ақшаны сақтау жағынан банк депозиттеріне тең келетін құрал жоқ.
Депозиттерді халық үшін тартымдырақ ете түскен тиімді тетіктердің бірі – мемлекеттің
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы әрбір салымшыға 5 миллион теңгеге дейінгі депозитіндегі (бір салымшының бір банктегі депозиті бойынша) ақшасының қайтарылатынына кепілдік беруі болды. Мұндай кепілдік жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банктегі барлық салымдарына беріледі. Мейлі, ол талап етуге дейінгі салымдар болсын, мерзімді және шартты депозит болсын, сыйақы мөлшерлемесіне қарамастан, кез келген валютадағы ағымдағы және карточкалық есепшоттар – бәріне мемлекеттің кепілдігі бар.
Өткен жылдың желтоқсан айында ел экономикасын долларсыздандыру жөніндегі шаралар кешені аясында ҚР Үкіметі мен «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-тың жалғыз акционері – ҚР Ұлттық банкі ұлттық валютадағы депозиттер бойынша кепілдік сомасын 5 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін көтеру жоспары бар екенін мәлім етті. Осы мақсаттағы заң жобасы қазір Парламенттің қарауына берілді. Сондықтан, егер бұл заң қабылданып жатса, салымшылардың өз ақшасының сақталатынына деген сенімі одан сайын арта түспек, ал бұл өз кезегінде депозиттердің тартымдылығын арттырады.
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы Бақыт Қоғыловтың айтуынша, дәл қазір Қордың жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған арнайы резервінің көлемі 325 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл сомаға қатысушы-банктердің тоқсан сайын аударатын жарналарынан жиналған қаражат, таратылған үш банктің тарату комиссиялары, инвестициялық табыс, сондай-ақ, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жарғылық капиталының 70 пайызы кіреді. Ұлттық банктің шешімімен бұл сома кез келген жағдайда депозиттерді кепілді түрде қайтаруға жұмсала алады. Сонымен қатар, заң бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қажет жағдайда өз қорын қосымша жолдармен көбейте алады, қатысушы-банктерден қосымша жарналар ала алу және басқа да тетіктер көзделген. Тұрақты дағдарысқа қарсы шара ретінде ҚР Ұлттық банкі 2008 жылдан бері Қордың жарғылық капиталын жыл сайын 10 пайызға арттырып келеді. Мәселен, өткен 2014 жылы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жарғылық капиталы 16,1 млрд. теңгеге өсірілген.
Айта кетсек, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылы өткен Қаржыгерлердің тұңғыш конгресінде мәлімдеген депозиттерге кепілдік беру жүйесін құру жөніндегі тапсырмасы аясында құрылған. 2003 жылдан бері жеке тұлғалардың қазақстандық банктердегі депозиттеріне, карточкалық және ағымдағы есепшоттарына міндетті түрде кепілдік беріледі.
Қазақстандық банк жүйесінің тарихында банктердің банкротқа ұшырауы – тым сирек кездесетін жағдай. Тек екі банк – 2003 жылы Наурыз Банк Қазақстан мен 2007 жылы Валют-Транзит Банк мәжбүрлеп таратылды (салыстыру үшін айта кетсек, көршілес Ресейде тек 2014 жылдың өзінде 60 банк жабылып қалған). Валют-Транзит Қазақстандағы ең ірі 10 банктің тізіміне енетін, ал сол 2007 жылы кепілдік берілген өтемді төлейтін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мен агент банк 14 жұмыс күні ішінде салымшылардың ақшасын қайтаруға қажетті бар жұмысты атқарып үлгерді. Нәтижесінде, салымшылар өз депозиттері бойынша бар ақшасын агент банктің кез келген бөлімшесіне барып, ең жоғарғы сома шегінде толық көлемде қайтарып алды.
Қазірге дейін Валют-Транзит банк салымшыларының Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына қойған талаптарының 98 пайызы толықтай қанағаттандырылды, қалған 2 пайызы – қалдық ақшасы тым аз, салымшылар қайтарып алу үшін мүлдем келмеген депозиттер.
Мұндай жеделдік Қазақстанда кепілдік берудің нақты жүйесі қалыптасқанын көрсетеді. Заңнама бойынша банкті жабудың екі жолы бар – ерікті түрде жабылу және банкроттық фактісі бойынша сот шешімімен жабылу. Өз еркімен жабылған банк салымшылардың ақшасын өз есебінен қайтарады. Банкті мәжбүрлі түрде жабу сот шешімімен жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда салымшылардың ақшасын ең жоғарғы сомаға дейінгі межеде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қайтарады. Ол үшін конкурстық негізде төлейтін агент – белгілі бір банк тағайындалады. Конкурсқа қатысу үшін қойылатын талап – банктің бүкіл ел аумағында жеткілікті мөлшерде дамыған филиалдар мен бөлімшелер желісінің болуы және оның қаржылық тұрақтылығы. Заңнамаға сәйкес, депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемді төлеу банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі шыққан күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде басталуы тиіс.
Халықаралық сарапшылар депозиттерге кепілдік берудің қазақстандық жүйесін аса жоғары бағалайды. 2013 жылы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ «Депозиттерге кепілдік беру жүйесін жетілдірген жетістіктері үшін» номинациясы бойынша Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің халықаралық қауымдастығының (IADI) 70 қатысушы елдер арасында ең үздік ұйым деп танылды. Оған қоса, Қор ТМД елдеріндегі депозиттерге кепілдік беретін ұйымдар арасында тұңғыш рет қатысушы банктер жарналарының сараланған мөлшерлемер жүйесін енгізді, сондай-ақ, қатысушы банктермен арадағы қарым-қатынастарын реттеуге қатысты негізгі бизнес-үрдістерді оңтайландырып, автоматтандырылған жүйеге көшіре алды.
ҚР Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында банктердің қаржылық жағдайын сауықтыратын тетіктерді әрі қарай жетілдіру көзделген. Бақыт Қоғыловтың сөзінше, бірінші кезекте «қиын» банктердегі жеке тұлғалардың депозиттерін жағдайы жақсы банктерге ауыстыру мүмкіндігін жасау қажет. Сонымен бірге, Қорға болашақта банктердің дәрменсіздігін реттеу, оның ішінде банктерді тарату бойынша реттеу функциясы берілуі тиіс. Соның арқасында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз міндеттемелерін барынша тиімді орындай алады.
Айдын ОЛЖАЕВ.
АЛМАТЫ.