ПЕТРОПАВЛ. 14 мамыр. Солтүстікқазақстандық спорт жанкүйерлері жерлесі, белгілі кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновты теміржол вокзалында зор қошеметпен қарсы алды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
31 жастағы егіздің сыңары Жанат кәсіпқой бокспен шұғылданғанннан бері 26 кездесу өткізіп, 25-інде жеңіске жетті. 18 қарсыласын нокаутқа жіберді. Болгарияда WBA International титулы үшін айқаста жеңіл салмақта аргентиналық Хэктор Роландо Гусманмен қолғап түйістіріп, алтыншы раундта гүрзі жұдырығымен сұлатып салды. Сөйтіп, кезекті жеңісін тойлады. Бұған қоса оның жеңіл салмақ бойынша EBU, WBC Eurasia Pacific Boxing Council белгілері бойынша Еуропа чемпионы атақтары бар. WBC және WBA рейтингтері бойынша алдыңғы орындарда тұр.
«Қарсыласымның екпінді шабуылынан-ақ жарысқа жақсы дайындалғанын аңғардым. Екінші раундта күшті соққысын өткізіп, нокдаунға түсіп қалдым. Есімді тез жиып, ұрыс тізгінін қолыма алдым. Осал тұсын тауып, нокаутқа түсірдім.
Күзге таман әлем чемпионы тәжі үшін шаршы алаңға шығуды жоспарлап отырмын. WBC белгісі бойыншаа жапондық Шинсуке Яманаки болмаса британдық Джеймс Макдональдспен жұдырықтасып қалуым мүмкін. Қазір промоутерлер келіссіөздер жүргізуде. Жуырда дүниеге келген қызым Нұрайдың жанында біраз болып, сосын кезекті жаттығуға кірісемін», дейді WBA International белгісінің жеңімпазы Жанат Жақиянов.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.