18 Тамыз, 2015

Ат қоюға абай болайық

1515 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Шаңырағымызда ат байлар дү­­ниеге келіп, анам тұңғыш ұл-немересі туғанына қуанып жат­қанда, елге сыйлы азамат үйге қоңырау шалды. – Апа, немерелі болыпсыз, құт­ты болсын! Есімін қойсам, қарсы емессіз бе? – деген. – Е, шырағым, әрине, сенің ниетіңді кім қайтарады, сірә лайықтаған атың болып тұр ғой шамасы, – деген анама: – Иә, биыл Шақшақ Жәнібек бабаның 300 жылдығы емес пе, өмірге келген балғынға сол атасының есімін берсем бе деп едім, – деген ар жақтағы дауыс иесі Нұрхан Исләмиев аға. – Айналайын, Нұрхан-ау, кішкентай бала симей-тышпай тұра ма, сонда келінім: «Әй, Жәнібек, жаңа ғана бүлдіргеніңді жуып едім, тағы да былғандың ба», – деп жұл­қылап жатса мен шыдап қалай отырамын. Ат қоямын дегенің жөн, бірақ қолақпандай етіп, атасының атын емес, басқа бір есім ойласаң, – деген ниетін білдіріп, артынан немересіне сол кісі айтқан басқа атты қойдырған. Жуырда әріптесіміз жаңа туған сәбиге жұбайының сонау Шығыс Түркістанды дүрілдеткен батыр бабасының құрметіне Оспан деп атасының есімін бергенін айтты. – Дұрыс екен, ал сен балаңды қалай атап жүрсің? Оспан деп атын атай бересің бе? –дегенбіз. – Иә, енді қалай?– деп қысылып қалған сіңліме жоғарыдағы әңгі­мені айтып, өзі еңбек ететін ұжым­дағы жақсы бір мысалды да алға тарттық. Алатаудың баурайындағы ауыл­­дардың бірінің келіні – Кен­женің өмірі баласының атын бадырайтып айтқанын естімеппіз. Өйткені, баласы кішкентай бол­ғанымен есімі үлкен. Білдей бір батырлығына әулиелігі астасқан, өзінің мәңгілік тыныстайтын жерін ұрпақтарына белгілеп беріп, бүгінде Алматыны қақ жарған өзі аттас көшені иеленген Райымбек бабаның аты. Сондықтан Кенже үшін кішкентай Райымбек – Ба­тыр, ұжымдағылар да егер ол Ба­тыр деп баласын шақыр­ғанын ес­тісе немесе ол жайлы әңгімелеп жат­­са, Райымбек екенін бірден ұғады. – Апай, енді мен де баламды Батыр деп атайтын болдым, сіз­дердікі дұрыс екен. Мен осыны ойламаппын,– деді қысылған әріптес сіңлім. Анам бірде: «Балаға есімді байқап-байқап беру керек. Өйт­кені, әр есімнің атқарар жүгі бар. Таяуда жазушы інілерімнің бі­рі ұлды болғанын, баласына Жасұлан деп есім бергенін айтты. Шыдамай кеттім де: «Сені де сөз түсінетін, өзі жұртқа жөн үйрететін қалам ұстаған қазақ десем, о не қылғаның? Жарайды, қазір ол жасұлан шығар, аты тіптен жарасып-ақ тұр, ал бірақ ол ертең қартаймай ма, сонда сақалы бар шал келе жатқанда балалар: «Жасұлан атам келе жатыр, дей ме? Не деп осындай ат қояды, әлде ба­ласы жастай қыршынынан қиылсын дей ме, түге?» – деп кейігені бар. Жасыратын не бар, бүгінде ат берудің әдебін белінен басып, көршілер тәрізді Иван Иванович болып, әкесінің есімін берушілер де шықты. Туған атасының атын немересіне қойып немесе шаранаға теледидардан көрген хикаяттың кейіп­ке­рі­нің есімін беру әдетке айналып бара жатқандай. Көшеде Фер­даус, Айлин, Дениз, Ясминді кез­дестіру жаңалық болмай барады. Каляни, Ананди, Матхубала, Ича деп қызын шақырып жатқан қазақ көрсек те таңғалмайтын шы­ғармыз. Дильназ, Айшенур, Ассоль деп өзге ұлттың есімдерін қою немесе аты-жөні жоқ қыздың есім­дерінің соңына «а» әрпін жал­ғап, Анар – Анара, Гүлнар – Гүлнара тағы сол сияқты ке­тіп бара жатқан жөн­сіздіктер қан­шама. Кейде осындай келбетімізге жат есімдерді көргенде, арнайы қазақ есімдерінің тізімін бекітіп немесе оның түбірінің таза қазақ­тың сөзі екенін дәлелдегенде барып АХАЖ орындары тіркесе деген де ойлар келеді. Әйтпесе, Анель, Жанель, Диана, Анура, Алинура, Лина, Лана, Аделя, Лаура, Саджида, Руслана, Сабина есімдерін таңдап қойған ата-ана балаларын өз тамыры мен тілінен ажыратып жатқан­дай көрінеді. Елде болған түрлі шараларға қарап Саммит, Саммита, Азиада деп есім таңдауды да өз басым қабыл алмаймын. Ат қою­да да мәдениет, таным, әдеп пен дәстүр барлығы ұмыт қалатыны несі? Анамның көзі тірісінде өзі бағып, өсірген немересі Ақару тұрмысқа шығып, кішкентай дүниеге келген, бөбекке есім таңдау сәтінде анам құдасының жасы өзінен кіші болса да: «Атты құда қойсын, ұлының алғашқы немересі, сол кісіге айтың­дар», – деді. Балалар: «Ол кісі бізге мүлде ұнамайтын ат ұсынса қай­теміз? – дегенде: – Аталарыңа «Немереңізге бірнеше ат таңдаңыз, соның ішінен ақылдасып біреуін қойғымыз келеді деп айтыңдар», – деп жөн сілтеген анам жалпы адамның есімі сол пенденің тегінен, шыққан ортасының мәдениетінен де хабар береді. Мұсылманша сауаты бар әу­леттің есімдері Құраннан алынса, оқыған-тоқығаны көп зиялы ата-ана баласына ұнаған әдеби кейіпкерінің, жазушының, би-шешеннің атын береді. Ал таза қазақы қалыпта, оқымағанымен көкірек көзі ояу ата-ана да ба­ла есіміне қалай болса солай қара­майды. Ұлттық дәстүрге, қалыпқа сай әдемі ат береді. Кейін келін түсіріп, ұлды үйлен­дір­генде, қыз тұрмысқа шы­ғарда осыны есте ұстаңдар. Ұлт­қа жат есімді қойған отбасынан ұлттық құндылығымызды қа­дірлейтін, дәстүрді үзбейтін бала өсіп шықпайды. Ат қоюда да тектіліктің түбірі бар, деген еді. Немереге ат қоюда ата-әженің қалаған есімін беру, болмаса оның алдынан өту де сиреп барады. Халықты аздырмай, өз бейнесін жоғалтпай алып келген елдік дәстүр көмескіленіп, есесіне өзгеге еліктеп, солықтаудың әсерінен ұлттық кейіп­тің өзгеріп бара жатқаны жү­рекке қаяу салады. Әлемде ілгері кеткен жұрттың өліп қалған тілін тірілтіп, жер-жерден жиналып, бір мекенге бас құрап, мемлекет болғаны, жан-жағына жіті қарап, тіпті жаһанға билігін де жүргізіп жүргені аян. Өлмеген рух, аласармаған ұлттық бітімнің ешкімнің алдында өзіңді төмен санатып мөнтеңдетпейтіні, еңсені биіктетіп, кеудені бастырмайтыны аян. Ендеше, ат қоюға да абай болсақ. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».