Қия – біздің ойымызша халқымыздың тұрмыс-салтымен біте қайнасқан төмен қарай құлдырап құлдилау емес, керісінше, алға ұмтылу мен биікке қол созу түсінігін бере алатын мағынасы мол сөз. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының кейбір тараулары өрде, қияда деп келмеуші ме еді. Бұл бала Абайдың өсу жолы екені де екінің біріне белгілі. Сол секілді шалғайдағы Шыңғырлау ауданына жолымыз түскен кезде бұл өңірдің және оның тұрғындарының қияға бет алып келе жатқандарына көз жеткізгендей болдық.
Соның ең басты көрінісі – сапалы өмір мен өркениетке деген ұмтылыс. Алға қарай құйындатып ағып бара жатқан замана көшінен қалып қойып жүрмесек екен деген өршіл рух. Мұның өзі көп этносты аудан халқының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуінің арқасында қалыптасып үлгерген қоғамдық құндылық десе де болады. Бұған дейінгі аудан экономикасының дамуында негізінен ауыл шаруашылығы, егін егіп, мал бағу басым сипат алып келсе, бүгінде оны әртараптандыру бағыты ұсталып отырғаны да айқын байқалады.
Бұл – өз кезегінде таза шикізаттық сектордан әзір өнімге, яғни өнімді өндіруден оны өңдеуге бетбұру деген сөз. Бүгінде республикамыздың барлық шалғай аудандарына тән көрініс – мал өнімдерін өңдеп тұрғындарға ұсынатын құрылымдар мен нүктелердің болмауы. Ет пен ет өнімдерін айтпағанның өзінде айран, сары май, ірімшік, қаймақ, құрт секілді сүт өнімдеріне тұрғындар тарапынан сұраныс қай кезде де болатыны анық. Алайда, ел ішінде бұл іске бел буатын ағайындарымыз некен-саяқ. Немесе көкөніс өнімдерін алайық. Мұнда да солай. Осы арада шекаралас ауданда арнайы шағын цехтар ашу жөніндегі мәселелердің ойластырылуы, мал сою орындары, тоңазыту қондырғысы және көкөніс сақтау қоймасын салу жөніндегі мәселелерге көңіл аударылуы өзгелерге де ой салатындай іс.
Сондай-ақ, Шыңғырлауда құс фермасын ашу жөніндегі жоба да өз шешімін тауып келеді екен. Ең біріншіден, оны қаржыландыру мәселесі шешілген. Ғимараты да тұрғызылған. Бұл тұрғыда жергілікті кәсіпкер Жасқайрат Айсиевтің қолға алған қадамы тек құптауға лайықты. Ендеше, шыңғырлаулықтар келешекте құс етінен де, тауық жұмыртқасынан да зәру көрмейтіні анық. Аудан экономикасын әртараптандырудың бір мысалы да осы десек қателесе қоймаспыз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, өркениет пен жоғары мәдениетке ұмтылудың бір көрінісі аудан орталығы Шыңғырлау ауылында бүгінгі заманғы биік талаптарға жауап бере алатын сауда үйлері мен супермаркеттер, ойын-сауық орталығы мен зәулім мейрамхана ғимараты салынып пайдалануға берілуі. Осы арқылы аталған жаңа нысандардың әрқайсында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылған. Мұндай жағымды жаңалықтың тұрғындарға тигізетін пайдасы жөнінде бізге Шыңғырлау ауданының әкімі Алдияр Халелов былай деді.
– Қазіргі күні біздің ұдайы назарымызда тұрған мәселенің бірі – азық-түлік бағаларының тұрақтылығын сақтау. Бой көтерген супармаркеттерде оны реттеп отыруға мүмкіндік бар. Мұнда мерзімі өткен азық-түлік түрлерін мүлдем кездестіре алмайсыз. Көп жағдайларда облыс орталығынан шалғай ауылдарға жеткізілген қолжетімді тауарларға үстеме қосылады. Ал супермаркетте олай емес. Бағалары қаламен бірдей. Әрі азық-түлік түрлері күн сайын жаңғыртылып отырады. Сондықтан да сапасын жоғалтпайды. Конвейерден шыққан күйінде сақталады. Сонымен бірге, меншік иелері мен жергілікті азық-түлік өнімдерін де тиімді бағамен сату жөнінде келісімге келудеміз.
Бұдан кейін біз аудан басшысымен әңгімелесу барысында Шыңғырлау өңірінің бай тарихы мен кемел келешегі, үлкен әлеуеті, ішкі туризмді дамытуға қажетті тартылымдығы жөнінде ой тарқаттық. Расында да бұл өңірде талай тарихи тұлғалардың ізі қалған. Халқымызға тигізген шапағаты мен жақсылығы, айшықты ісі қалған. Оның бәрін шағын мақаланың ішінде тізбектеп шығу еш мүмкін емес. Соның бір-екеуіне ғана тоқталып өтсек, бұл топырақта бір кезде Әбілқайыр ханның бекінісі қоныс тепкені тарихтан белгілі.
Қазақ хандығының тұма бастауы болса, оның одан әрі дамуы мен қалыптасуы, әрқилы кезеңдері, тарих сахнасына өршіл сыйпатпен шыққан тұстары, қазақ деген халықты жер бетінен жоғалтпай, аман сақтап қалу жөніндегі тактикасы мен стратегиясы да болады. Бұл тұрғыда Әбілқайыр ханның тарихтағы орны мен рөлін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Ал осы өңірде қол бастаған Бөгенбай батырдың рухы бүгінгі ұрпағына қаншама рух бергенін қалайша айтпасқа. Сондықтан да, ел тұрғындарының ортақ ұйғарымымен осы бай тарихты бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіруге септігін тигізе алатын музей жобасының қолға алынғаны да өңірдің тарихи-рухани әлеуетінің тереңдігін танытады.
Өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз ертең жоқ. Ал бүгін деп отырғанымыз, алдағы даму бағытымызды айқындау, ертеңгі ұрпақ сүйсінетіндей тәлімді де тағылымды іс қалдыру емес пе?! Осы тұрғыда республикадағы моноқалалар тізіміндегі кеншілер кенті Ақсайға таяу орналасқан Шыңғырлау ауданын одан әрі көркейтудің тиімді тұтқалары жоқ емес. Айталық, бірнеше шетелдік компания көмірсутегі шикізатын өндіріп жатқан өңірге шектен тыс түсетін салмақтың бар екеніне күмән келтіре алмаймыз. Онда орналасқан ірі шетелдік және отандық компаниялар мен ұйымдардың арасында тығыздық пен шиеленістен туатын кереғарлықтар да кездеспей тұрмайды. Осыны сәл де болса азайтудың жолы кеншілер қаласы Ақсаймен іргедегі Шыңғырлауға сол тығыздық пен шиеленістің он пайызын ауыстырса, ондағы басқару жүйесі де сәл жеңілдеп қалар ма еді, қайтер еді. Түсінікті тілмен айтқанда, бұл кенді өңірдегі кейбір өндірістік құрылымдарды оның көршісіне қарай бағыттау болмақ. Мұндай қадам Елбасымыз ұстанып отырған өңірлердің ала-құла болмай бірқалыпты дамуы жөніндегі саясатына да сәйкес келмек.
– Осындай көзқарас үстем түссе бұл екі жаққа да тиімді болар еді. Осы арқылы өңірде шағын және орта бизнестің өрісін одан әрі өсіруге, салық базасын ұлғайтуға да мүмкіндік тумақ. Жоғары мемлекеттік органдар мен шетелдік КПО (бв) компаниясы басшыларының қатысуымен осындай бағдарлама жобасын ойластыра алсақ, бұдан ешкім де ұтылмайды деп ойлаймын. Осындай өміршең іске қозғау салу ниетімен Шыңғырлау ауданының орталығында шетелдік альянс өкілдері мен Ақсайдағы ірі кәсіпкерлерді шақырып облыстық деңгейдегі форум өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді осы тұста аудан басшысы.
Әрине, кең ойлағаннан ешкім де кем болмайды. Біз оның ойлы пікірі әбден құптауға тұрарлық екенін түйсіндік. Шынтуайтына келгенде, біз әңгіме жасап отырған өңірде бұған қажетті факторлар мен алғышарттар жеткілікті деуге болады. Өйткені, Шыңғырлау теміржолдың бойында орналасқан. Сондай-ақ, іргелі елді облыс орталығымен және Ақсай қаласымен жалғастыратын автожолға күрделі жөндеу жүргізілген. Өңірде жылу, энергетика, газ және ауыз су секілді инфрақұрылымдық жүйелер де біршама жетілдірілген. Сондықтан да, бұл ой жығылсаң нардан жығыл дегендік емес, нақты есептер мен талдауларға сүйенгендіктен туған деп білеміз.
Журналистік іссапар барысында біз Шыңғырлау жері ішкі туризмді дамытуға да тартымды екеніне көз жеткізе түстік. Аудан аумағындағы Торыатбасы, Қыземшек, Сарқырама, Аққұм үстірттері, өзендер мен көлдер, жамырай аққан бұлақтар оны тамашалаған жанның бәрін таңғалдырмай, таңдандырмай тұра алмайды. Оның әрқайсысы бір-бір тарих. Бір-бір шежіре.
Мұндағы жер-су атаулары елдің інжу-маржандарының бет-бейнесі мен көрінісін айқын белгілеп бере алады. Айталық, Қыземшек шоқысы алыстан қарағанда қыздың қаз омырауынан аумаса, Торыатбасы биіктігі зерделей үңіле қараған адамға жылқының басынан бір айырғысыз. Ендеше, табиғаттың өзі – мүсінші, табиғаттың – суретші демей көріңіз. Ал бар сырын ішіне бүгіп тұратын ландшафты қорықша Аққұмда Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген дала тышқаны, қабан және еліктің мекендеуі де өз алдына бір бөлек әңгіме.
Түйінді тұста тағы да Торыатбасқа оралсақ оның етегінде тұшы су көзінен тұратын бұлақ сылдыр қағып ағады. Ертеде ғашықтар осы табиғаттың қайталанбас қойнауына келіп бір-біріне сырларын ақтарады екен. Торыатбасы – махаббат пен сүйіспеншілік салтанат құрған қазақтың киелі қонысы. Дәл осы жерде жүрек қылын шертетін халық ауыз әдебиетінің не бір шұрайлы үлгілері өмірге келіп біздің заманымызға дейін жеткен көрінеді. Соның бірі төмендегідей.
Дегенде Торыатбасы, Торыатбасы,
Қасыңа қаңқу сөзді жолатпашы.
Қауышып қалқатаймен жатқан кезде,
Еліңді жау шапса да, оятпашы.
Ғажап емес пе?! Мынау жалған дүниеде ғашықтық пен махаббатқа тең келер терең сезім бар ма екен, сірә?!
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Шыңғырлау ауданы.