Қара сөзден қаймақ қайырып, май суыратын айтқыштар әр ауылда бар. Тілінің бізі қадалған жерін қанатып, оспадар әрекетіңді оспаққа, сенімсіздеу көзқарасыңды сықаққа, әпенділігіңді әзілге айналдырып жіберетін жігіттер аз емес. Ондайлардың қасында әр сөзіңді абайлап айтып, аяғыңды аңдап баспасаң болмайды.
Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылында тұтас айтқыштар тұра ма дерсің. Сөздері мірдің оғындай, әрбір әзілінің астарында көп сыр бұл жұрттың әңгімесі өз айналасына аңыздай таралған.
«Еңбекші ауылында Жәли Жантелеев дейтін айтқыш жігіт бар», деген сөз ауданды кезіп кеткен уақыт екен. Көрші ауылдың директоры да тіліне теріскен шыққыр адам болған көрінеді. Жәкеңді арнайы іздеп келеді. Ол кезде Жәли тауда, қой қырқымында жүрген. Әлгі директор «УАЗ»-ынан түспей тұрып:
– Жәли деген қайсысың?– депті. Сонда қойын қырқып, аяғындағы жібін босатып жатқан Жәкең табан астынан:
– Мен боламын Жантелеев Жәли,
Бар болса, сто грамм нәли,– деген екен. Іздеп келуші Жәкеңнің айтқыштығына бірден тәнті болып, көлігінен ашымалын сүйреп түсе беріпті ғой.
Жәкеңнің жамағайын бір қарындасы ұзатылып, тойына барады. Құдалар бірінші тамаққа тұшпара беріпті. Бірақ бар қонаққа таратылған одан біздің Жәкеңдерге ештеңе бұйырмай қалады. Әрі-бері күтіп отырады. Келмейді. Жұрт тостағанын тауысып жатады. Сонда шыдамай кеткен Жәли асабадан микрофонды жұлып алып:
– Біз келдік Еңбекші деген елден,
Біздің де жегіміз келеді пельмен,– депті ғой. Құдаларына тамақ тартуды ұмытып кеткен қонақ күтушілер көздеріне күлкіден жас келіп жүріп кешірім сұраған екен.
Бір әулеттің Жұмағали, Мырзағали, Нұрғали, Ғани деген ұлдары бар. Бәрі Жәкеңнің туыс інілері. Жұмағали да, Мырзағали мен Нұрлан да келіншектерін өз ауылдарынан алады. Алысқа ұзамайды. Ал Ғани Еңбекшіден 5 шақырым жерде жатқан Жиделі ауылының бір бойжеткенін алып қашып келді. Сонда Жәли былай депті:
– Жұман, Мырзан, Нұрланның құдалығына бір чемоданды көтеріп, арықты жағалап барып келе беретін едік. Ғанижан, сен өте дұрыс істедің. Бізде құдалыққа адам құсап машинаға мініп баратын болдық.
Естіген жұрт қыран-топан күліпті.
Тағы бір әңгімесі еске түседі. Қаратаудың ішінде қой қырқымы болатын. Қой шаруашылығымен айналысатын ауыл болған соң қырқымға еркек кіндіктілердің бәрі барады. Алып денелі, мінезі де ауыр Жұмабек деген кісі жұмыс істеді. Екі иығына екі кісі мінгендей деген суреттеу дәл осы адамға арналғандай екен. Желкесінен трактор соқа айдап өткендей қатпар-қатпар осы кісімен Жәкең де әзілдескенді жаны сүйетін болса керек. Содан қой қырқымның басындағы үйде Жұмекең қолына домбырасын алып, шертіп жатыр дейді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сәби болғым келеді» әнін ыңылдап жатқан ғой. «Сәби болғым келеді-ау, сәби болғым», деп. Осы тұста Жәкең кіре қалыпты үйге. Алып кісінің әнін тыңдапты да, есіктен шыға бере:
– Жұмеке, сіз сәби болсаңыз, бізге қиын шығар,– депті.
– Е, неге?– дейді ғой аңғал аға. Сонда Жәкең:
– Сіз сәби болсаңыз шүмекке пілдің сүйегін іздеп әбігер боламыз да,– деген екен.
Осы Жұмекең бір күні Жәлиді дүкенге жұмсайды. Арақ әкелуге. О кезде Жәкеңнің өзі аз-маз алады екен. Ақшаны қалтаға басып, дүкенге кеткен Жәли ұшты-күйлі жоқ дейді. Әрі күтеді, бері күтеді. Келмейді. Күн бата оралыпты. Әбден тағаты таусылып, зығырданы қайнаған Жұмабек інісіне тарпа бас салады. Ұрыстың астына алады.
– Қайда жүрсің?– деп айқайлап жатса, Жәкең қызара бөртіп «Жұмеке, желбіреп барған туым, желпілдеп қайтып келіп тұрмын ғой»,– дейтін көрінеді. Сөз қадірін түсінетін ағасы мырс етіпті де теріс айналып жүре беріпті.
Айта берсе, ел арасында езутартарға айналып кеткен әңгімесі көп Жәкеңнің. Мынау соның бір парасы ғана.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.