18 Тамыз, 2015

Үйрететін үлгісі бар білім ұясы

501 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Өскелең ұрпақтың өрісті болуы, данышпан Абай айтатын кемел адам тұлғасында қалыптасуы – берген білім мен үйреткен тәрбиеге тәуелді. Бұл екеуі таразы басындай теңеспеген жерде ұрпақ тағдыры тәлкекке түседі. Өмір жолы бұралаңға айналып, бір бұрылыста қалып қоюы да кәдік. Білім мен тәрбиеге ең алдымен ата-ана мүдделі болуы тиіс. Өйткені, ұл мен қыздың жақсы болып өсуі ата-ананың уайымсыз, қайғысыз жүріп тұруына жол ашады. Одан кейінгі жерде білім алатын мекемелеріне, өмір сүрген қоғамына қатысты екені айдай ақиқат. Мұғалімнің де атқарар рөлі ерекше. Осыны жан-жақты ойластырған, ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры деп білген, олардың ертеңіне байыпты бағдармен жұмыс жасап жатқан бір білім ордасы, Қызылорда қаласындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты десек, артық айтқандық емес. Бұл мектеп-интернат 2004 жылы шаңырақ көтеріпті. 2010 жылы 300 орынды жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілген екен. Алғашқы түлектері 2008 жылы қанат қағыпты. Білім ұясының табалдырығын аттағаннан бастап, заманға сай жабдықтармен жарақталғанына көз жеткізесің. Әсіресе, теориялық білімді практикада ұштастыратын кабинеттер кешені толықтай интернетке қосылған, компьютермен қамтамасыз етіліпті. DSC_0144 Слайд3 Дарынды балаларға берілетін кешенді оқу мен тәрбие негіздері жан-жақты ойластырылған. Онда адами капиталдың сапасын арттыру бірінші кезекке шығарылған. Отандық және әлемдік жарыстарда жүлдегер атанған оқушылар туралы мәліметтермен танысқанда, көп жайға қанық боласың. Мысалы, соңғы 3 жылдағы бітірушілер санына талдау жасайтын болсақ 2010-2011 оқу жылы 40 түлек бітірсе, оның 12-сі «Алтын белгі», 2-еуі үздіктер қатарынан табылыпты. Ал 2012-2013 оқу жылында 47 оқушы аяқтап, олардың 1-еуі «Алтын белгі», 2-уі үздік аттестатты иеленсе, 2013-2014 жылы мектеп бітірген 48 түлектің 4-еуі «Алтын белгі», 2-еуі үздік аттестатқа ие болыпты. Осының өзінен-ақ көп жайды аңғаруға болғандай. Биылғы оқу жылының көрсеткіші тіпті бөлек. «Алтын белгі» алғандар – 5-ке халықаралық білім бәсекесінде шашасына шаң жұқтырмағандар саны – 16-ға жетіпті. Осындай білім нәрін беріп, тәрбие үйреткен ұжым әр кез жетістіктердің биігінен көрініп келеді екен. Айталық бірер жыл бұрын облыс әкімдігінің 600 мыңдық грантын, одан кейін 150 мың грантын жеңіп алғаны сол сөзімізге дәлел. Оқушыларға білім беріп, тәрбие үйретіп жүрген ұстаздар қауымының да жеткен жетістіктері бір төбе. Ондай үлгілі мұғалімдер қатарында «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті  қызметкері» төсбелгісімен марапатталған Шара Қалмұратова, Жүсіпәлі Дінисламов, өзге де білігі мықты азаматтарды атауға болады. Заманға сай ғылым магистрі дәрежесі бар жас мұғалімдердің де келе бастағаны көңілге медеу. Олардың қатарында К.Нұрмаханова, Р.Жаңабаева, Н.Исмайловаларды атауға болады. Сол секілді үздік авторлық бағдарламалар бойынша жүлдегер деп танылған үздіктер де аз емес екен. Ондай жүлдегерлер қатарында, Г.Бекмұхаметова, А.Смағұл, С.Болатқызы және өткен жылы математика пәні мұғалімдері арасында өткізілген облыстық олимпиада жеңімпазы, бас жүлдеге автокөлік алған Шаймағанбет Жиенбаев бар. Оқушылар арасында республикалық, халықаралық олимпиадаларда нақтылай түссек, бір ғана «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жоба конкурсында топты жарған ұл мен қыздың ұзын саны соңғы 3 жылда 18-ге жетіпті. – Біздің алға қойған басты мақсатымыз, дарынды балаларға берілетін кешенді оқу мен тәрбие негіздерін тереңдету және элитарлық білімнің функционалдылығын қамтамасыз ету. Яғни, адами капиталдың сапалы өсуін қамтамасыз етуге арналған барлық басымдықтарды негізге ала отырып Отанымыздың 2011-2020 жылдарға бағытталған мемлекеттік бағдарламасындағы міндеттерді орын­дауға үлес қосу болып есептеледі. Сол секілді, дарынды балаларымызға елі­міздің баға жетпес ұлттық игілігі және негізгі интеллектуалды, шығармашылық әлеуеті ретінде қарап, оларды әлеуметтік және педагогика-психология жағынан қолдау көрсету болып саналады. Мен мына бір нәрсені баса айтқым келеді. Әрине, заманға сай техникалық құралдарды пайдалану керек. Әйтсе де рухани құндылық болып саналатын кітаптың жөні бөлек. Біздің кітап қорымыз 15 мыңнан аса болса, оның 10 мыңнан көбі оқулықтар, 3,5 мыңы көркем әдебиет, әдістемелік құралдар 13 мыңға таяу, электрондық оқулық – 165 десек, бұл 1 оқушыға 26 кітаптан келеді деген сөз. 36 оқу кабинеттерінің барлығы да компьютермен жарақталған. 4 компьютерлік, 9 интерактивтік сынып жұмыс істейді. Электронды оқу залы, 130 орындық асхана бар. Онда оқушыларға 5 мезгіл тамақ тегін беріледі. Бұған қоса спорт, акті залы жұмыс істейді. Медициналық кабинет уақыт талабына толық жауап береді, – дейді мектеп директоры Балзия Абдуллаева. Білім ұясының жұмысымен та­нысқанда мектеп директорының іскерлігі, ұтқыр ұйымдастырушы екені оның қимыл-қарекетінен, тиянақты тірлік-тынысынан көрініп тұрды. Оқушыларға білім берумен қатар, тәрбие беру ісі де жақсы жолға қойылған екен. Интернат болғандықтан әр оқушының жүріс-тұрысы, оқуға ынтасы – бәрі де ұстаздар мен тәрбиешілердің бақылауында болары анық. Әсіресе, тәуелсіз Қазақ елінің патриоты болып қалыптасу бағытында атқарылған жұмыстарының тақырыптарына көз жіберсең елдік іс, ұлттық ұғым алға оздырылған. Соның ішінде рухани адамгершілік тәрбиесі бірінші орыннан көрінеді. Бұл туралы мектептің ұстаздарымен ой бөліссең, әр азамат пен азаматша оқушы алдымен рухы бай, ұлтының адал ұлы мен қызы болуы тиіс екенін, сонда ғана білім терең, тәрбие тура жолда болатынын айтады. Бұл істе алдымен ұстазбен тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керектігін алға тартады. Оқушылардың ата-анасымен жұмыс істеу де жақсы жолға қойылған. Мектеп – ата-ана – мұғалім қағидасы берік орын алған. Жақсы оқушыны үлгі етіп көрсету, оның мәртебесін көтерумен бірге, басқалардың ынта-ықыласын оятатынын, осы үшін алуан түрлі шаралар ұйымдастыратынына да куә болдық. Оқушыларды балаң кезінен спортқа баулу мәселесі де өз шешімін тауыпты. Еңсесі биік спорт залында олардың жаттығу жасауына барлық жағдайлар қарастырылған. Тағы бір атап айтарлығы, интернат тәрбиешілеріне ерекше көңіл аударылатындығы. Соның әдемі көрінісі тәрбиешілер арасында өткізілетін байқаулар дер едік. Мысалы, өткен жылы «Үздік тәрбиеші» байқауында 1-ші орынды Ләззат Әубәкірова жеңіп алса, 2-ші орынды Гүлжан Парманқұлова иеленіпті. Білім мен тәрбиені ұтқыр ұйым­дастырып отырған мектеп ұжымы білім ұясына қазақтың ардақты азаматтарының бірі, кезінде Қызылорда облысына жетекшілік еткен, сол тұста Сыр еліне ерекше ілтипат тынытып, еселі істерге ұйытқылық жасаған Еркін Әуелбековтің есімін беру жөнінде мәселені көптен бері көтеріп жүрсе, бұл тілек таяу уақытта шешімін табатын көрінеді. Сондықтан, қазірдің өзінде оған арналған залды жабдықтап қойыпты. Әсем жиһаздардың ішіне қоғам қайраткерінің бүкіл өмір жолы, атқарған қызметі, өскен ортасы, қатар жүрген замандастары, Қызылорда облысын басқарған кездегі елеулі жұмыстарынан молынан дерек беретін суреттер мен құжаттар, кітаптар, алуан түрлі көшірмелер қойылыпты. Жалпы, бұл білім ұясы Отанымыздың әрбір елеулі кезеңдеріне, әсіресе, атаулы даталарға бұрыштар ұйымдастыру дәстүрін қалыптастырыпты. Айталық, тәуелсіз Қазақ елінің ширек ғасыр ішіндегі өсіп-өркендеуі, күні кеше атап өткен Жеңістің 70 жылдығы, Алаш арыстары, Байқоңыр ғарыш кешені туралы жақсы жабдықталған дүниелер дәлел болады. Бір сөзбен айтқанда, үйрететін үлгісі бар білім ұясының табалдырығынан бастап, төріне дейінгі аралықтағы жетістік кімнің де болса мерейін өсіреді. Мұндай білім ұяларының озық тәжірибесін өзгелерге үлгі етіп, жұртқа жеткізіп отырсақ ұтарымыз көп болады. Сүлеймен Мәмет, «Егемен Қазақстан».