Мен Сәбит Байзақұлын көптен білемін. Өмірде қарапайым, ылғи өзіме үлгі тұтатын бұл кісі маған қашанда ыстық. Үлкен ғұламаның тереңдігі, бәйге бастар белеңдігі, жан-жағын жадыратып жүретін мейір шуағы жүрекке жетіп, қонақтап қалатыны ғажап. Алдын көрген адамның адастырмас ақылманы кер Торғай топырағында, Қызбел қыратында, сырлы Сарықопа баурайында туғаны, қазақтың бетке ұстарлары жұтқан ауаны жұтып өскені тегін емес сияқты. Жұлдызы жанғаны да содан, салтанаты тасып, сәулеленгені де осыдан деп қабылдайды ғазиз аға!
Сәбит Байзақов 1964 жылы Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын тәмамдап, орман шаруашылығы мамандығын алып шықты. Бұл кез қалтада диплом, бойда – білім, ойда – шартарапқа шырқаған қиял тұрақ таба қоймаған алмағайып өлара шақ. Ол көп толғаныстан соң, өзі бітіріп шыққан институттың орман таксациясы (өлшемдері) және орманшылық қалыптастыру кафедрасында ассистенттік қызметке қалды. Сөйтіп, келешегінен көп үміттендірген ұстаздық ұлағатты ісіне кірісті. Білім мен тәжірибе біте қайнасқанда ғана жауапты істің жігі қанығатынын ұқты. Оқу әдістемелерін шыңдап, аудиторияда сөйлеу мәнерін игеріп, тәрбиелік жұмыстардың тәліміне терең бойлап, студенттердің сеніміне, ықыласына бөленді.
Ұстаз шеберлігінің бір ұшы жүйелі ғылыми жұмыста жатқандығына ерте көз жеткізген ол оқыта жүріп үйренді, үйрете жүріп оқыды. Бұл қасиет оның кәсіби қағидасының өзегіне айналды. Сөйткен Сәбит өзінің ғылыми жетекшісі әрі кафедра меңгерушісі, көрнекті орманшы ғалым Тайжан Хамитұлы Тоқмұрзинмен бірлесе отырып, Кеңес Одағы бойынша алғашқылардың бірі болып, орманның жер бетінде өсіп-өнетін биологиялық массасының көбеюі мен қалыптасу заңдылықтарын зерттеп, оның мөлшерін анықтайтын тиімді әдістер ойлап тапты және осыған қажет нормативтік-анықтамалық кестелер жасап, тың шешімдерге қол жеткізді.
Толассыз ізденістің нәтижесінде бастапқы бағыты бойынша жинаған материалдары негізінде ол 1969 жылы «Қазақстанның қарағайлы ормандарында ағаштың қылқан жапырақты тармақтарының өнуі мен қорлануының кейбір заңдылықтары және оларды өнеркәсіптік пайдаланудың мүмкіндіктері» деген тақырыпта диссертация қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты дәрежесіне, ал үш жылдан соң доцент атағына ие болды. Сәкеңнің бұл еңбегін оның бірінші сарапшысы, Қырғыз КСР Ғылым академиясының Орман және жаңғақ өсіру ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор П.А.Ган: «Жинаған материалдарының мөлшері, оларды талдауының тереңдігі, диссертацияның мазмұны мен мәні, пайдаланған әдістемелері жағынан кандидаттық жұмыстарға қойылатын талаптардан анағұрлым артық», – деп әділ бағалаған болатын. Бұл баға жас ғалымның білім әлеуетін дөп басып тануымен құнды еді.
Бұрынғы ғылыми жұмыстарын індете қаузаудың барысында жинаған білімі мен тәжірибесі оған бұрынғыдан да күрделі және көптен шешімі табылмай келген – орман қорының кадастрлық-экономикалық бағасын анықтау проблемасының нақты шешімдерін жасауға көмектесті. Ол орман мен орманды жерлердің сандық, сапалық және ақшаға шаққандағы құндылығын табудың методологиялық жағынан біртектілігін дәлелдеді, оларды анықтаудың қағидаттарын белгілеп, методикалық жолдарын ұсынып, іске асырды. Соның нәтижесінде орман шаруашылығына, әсіресе, оның нарық жағдайына өткен кезінде өте қажет орман қорларының кадастрлық-экономикалық құндылығын есептеуге арналған нормативтік-анықтамалық материалдар жүйесін құрды, оларды орман шаруашылығы жұмыстарының ұзақ жылдар бойғы қызметіне баға беру мақсатында пайдалануға болатынын дәлелдеп, осы саланың тиімділігінің жалпы мөлшерін анықтайтын әдістер жасап шықты.
Осы күрделі мәселені зерттеу үстінде ол орман таксаларының (бағаларының) мәні мен мағынасына терең де жан-жақты талдау жасап, оларды құру барысында жіберіліп жүрген негізгі кемшіліктерді анықтады.
Өсіп тұрған ағашты сатуға қажетті баға жүйесін жасаудың орманды жерлердің өнімділігі мен орманның түсімділігіне, олардың басты таксациялық көрсеткіштеріне негізделген жаңа әдісін ұсынды.
Мұндай жаңалықтың тәжірибеде шапшаң орнығып кетуінің өзі ғалымның аса үздік табысы ретінде байсалды орталарда баса айтылып жүрді. Осы тектес қол жеткізген ғылыми нәтижелерін ол «Орман қорын кадастрлық-экономикалық бағалауды жетілдіру жолдары және оны орманды қайта жаңғырту процесін басқару ісінде қолдану» деген тақырыпқа жазылған диссертациясында жинақтап, оны 1987 жылы Ленинградтың С.М.Киров атындағы орман-техникалық академиясының ғылыми кеңесінде сәтті қорғап, экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алды.
Бұл жұмысты қорғау Сәкеңе оңай тиген жоқ. Өйткені, ол кез орталықтың 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын әдейі асқындырып, оны «қазақ ұлтшылдығының» нәтижесі деп танып, шиеленісті қолдан ушықтырып жіберген сәті еді. Міне, әлі елу жасқа толмаған талантты қазақ ғалымының абыройы аспандағалы тұрғанын кейбіреулер онша жарата қоймаған сыңайлы. Бұрын ойларын ашық айтпай жүргендер, енді осынау алмағайып сәтті пайдаланып қалуға тырысты. Әсіресе, сол уақыт талабы бойынша міндетті түрде ғылыми кеңестің мүшелері болуға тиісті партия және кәсіподақ өкілдері сағын сындырмақ боп өре түрегелген. Осы шешуші сәтте аққа жақ адам – диссертациялық кеңес мүшесі, орман экономикасы ғылымының ірі теоретигі әрі корифейі, профессор Тимофей Сергеевич Лобовиков болып шықты. Ол «Байзақовтың диссертациясын мен де оқып шықтым, соншалықты әсерленгенімді жасырмаймын. Бұл жұмыстың сынайтын жері жоқтың қасы деп есептеймін. Мейлінше анық, пайдалы еңбек. Ізденушінің сұрақтарға берген жауаптары мен салмақты сөздерінен, ұстамды қалпы мен сабырлы мінезінен оны біздің арамызға қосылған ірі ғалым ғана емес, үлкен интеллект иесі екендігін танып, білуге болады. Сонау қазақ сахарасының түкпірінде туып, терең экономикалық ой-пайым жасаған осы азаматтың жұмысына да, өзіне де ілтипатпен қарағанымыз абзал. Диссертанттың өте күрделі мәселені біз секілді қайнаған ғылым ортасында емес, шалғайда жүріп таңдап алып, одан үлкен нәтижеге жеткеніне бәріміз қуануымыз керек. Ғылыми жаңалықтың сапасы өте жоғары екенін, сондай-ақ алдымызда тұрған оның авторының да мүмкіндіктерінің молдығын мойындағанымыз жөн. Жас ғалымның көкжиегі әлі талай қызықтырарына сенемін!» – деп Лобовиков сөзін тәмамдағанда, зал іші жадырап кеткендей болды. Профессор негізсіз сөйлемейтін, ауызы дуалы кісі екен. Сәбит Байзақұлы ғылыми жұмысы бекітіле сала кәсіби өрлеу жолына түсті.
1988 жылы профессор атағын алып, іле өзі оқып бітірген орман шаруашылығы факультетіне декан болып сайланды. Ол бұл жұмысында да табандылық көрсетіп, Қазақ ауылшаруашылығы институтының бас ғимаратының өзі басқаратын факультет орналасқан қанатын ҚР Орман шаруашылығы мемлекеттік комитетінің есебінен күрделі жөндеуден өткізді, Кеңестік орманшы ғалымдар мен жоғарғы оқу орындарының республикааралық байланыстарын күшейтті, Алматыда олардың бүкілодақтық оқу-әдістемелік мәжілісін (1990 ж.) өткізді. Осындай қажырлы еңбегі мен ғылыми ізденістерінің арқасында өзен жиегінде өсетін ұсақ талдардан өзге ірі бұтасы жоқ ашық далалы аймақта туып өскен ол республиканың ғана емес, бүкіл Орталық Азия орманшыларының, жоғары орман білімі мен ғылымының көрнекті өкілдерінің біріне айналды.
Сәбең орман экономикасы бойынша осы өңірдегі бірінші ғылым докторы. Оның еңбектері орман қорларын анықтау, орман мөлшерлеу мен орманшылық қалыптастыру, орман саясаты мен экономикасы секілді ғылыми бағыттарды тереңдете, байыта түсті. Оның табысты ғылыми-педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметі еліміздің ғылыми жұртшылығы мен мекемелері жетекшілерінің назарына ілікті. Соның айғағындай ол, 1991 жылы Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының (ҚазАШҒА) мүше-корреспонденті және оның президиумының Бас ғалым хатшысы болып сайланып, үш жыл бойы қызмет істеді. Одан соң өз ісіне жетік маман 1994-1996 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының шақыруы бойынша Бас ғалым – хатшының міндетін атқарды. Әрі сол кездерде Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының академигі (1994 ж.), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті (1995 ж.) және академигі (1996 ж.) болып сайланды. 1996-2002 жылдары ол Қазақ ұлттық (2001 жылға дейін – мемлекеттік) аграрлық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болды. Одан соң (2003 ж.) Ұлттық ғылым академиясына қайта шақырылып, онда аграрлық бөлімнің академик-хатшысы қызметін академияның республикалық қоғамдық ұйымға айналдырылған кезіне (2003 жылғы қазан айы) дейін атқарды.
Сәбеңнің аталған мекемелердегі қызметі бұлардың үлкен өзгерістерге түсіп, қайта құрылып жатқан кезіне сәйкес келді. Мысалы, ол кезде ҚазАШҒА ВАСХНИЛ-дың шығыс бөлімінің негізінде жаңа ғана ұйымдастырылған (1991 ж.) еді. Ал, Сәбең қызметке шақырылғанда Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы ұлттық мәртебе (1994 ж.) алып жатқан.
Сол секілді Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті (1996 ж.) де ол барардың алдында ғана екі жоғары оқу орнының (Қазақ ауылшаруашылық институты мен Алматы малдәрігерлік институты) негізінде жаңадан құрылып, бес жылдан соң (2001 жылы) ұлттық мәртебеге ие болды. Міне, осындай күрделі жағдайда С. Байзақұлы екі академия мен аграрлық университеттің жұмыстарын екі рет жаңа деңгейде қайта қалыптастыруды олардың жетекшілерімен тізе қоса отырып, нәтижелі ұйымдастыруға атсалысты. Ол Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының ғылыми жұмыстарын «Дәрілік өсімдіктер» және «Агроэкология» деген екі жаңа бағдарламамен толықтырып, іске асырушылардың бірі болды. Қазақстан Республикасының «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы» Заңын, Орман кодексінің 1993 және 2003 жылғы нұсқаларын дайындауға белсене қатысты.
Жақсының аты жаңғырып, ғалымның хаты тәлім болуының мысалындай етіп ол 224 ғылыми еңбек, 6 монография, екі рет басылып шыққан 2 оқулық, 1 сөздік және 2 анықтамалық оқу құралын жазды. Оның «Орман қорын экономикалық бағалау» (1981 ж.), «Қазақстанның ормандары мен орман шаруашылығы: жағдайы, дамуы, бағалау әдістері» (1996 ж.), «Қазақстан ормандары мен орман шаруашылығын тұрақты басқарудың келелі мәселелері» (2007 ж.), «Қазақстан орман шаруашылығының ғылыми-инновациялық басымдықтары» (2010) және «Ертіс өңіріндегі жал қарағайлы ормандарда ағаш өсірудің интенсивті технологиялары» (2014 ж.) деген кітаптары республикада орман шаруашылығы саласының ғылыми-практикалық негіздерін күшейте түсуге қосылған ойлы да қоңды зерттеулер.
Сондай-ақ, оның басқа ғалымдармен бірлесе отырып шығарған «Қазақстан-да екпе орман өсіру» (2007 ж.) деген екі томдығы республика бойынша жоғары оқу орындарына арналған алғашқы құнды оқулық болып есептеледі.
Сәбең бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Орман ғылыми инновациялық институтының директоры әрі «Орман ресурстары және аңшылықтану» кафедрасының профессоры болып еңбек етеді. Қазіргі кезде оны толғандыратын мәселелер де жетерлік. Мысалы, ғалымды орман қорына жанашырлықтың аздығы, оны кейбір бизнес өкілдерінің құлқын қамымен заңсыз кесіп, отап, өртеп жоюға дейін баратыны қынжылтады. Осындай жағдайда оның көңіліне демеу болар – еліміздегі орман көлемін ұлғайта түсу жолында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы мен тікелей қолдауының арқасында атқарылып жатқан «Жасыл даму» бағдарламасы. Оның тәуелсіздігіміздің жемісі екеніне, тұрақты түрде ұзақ мерзімге іске асырылса, Қазақстанның елді мекендерін, басқа да біраз жерлерін көгалды аймақтарға айналдыруға көп жәрдемі тиетініне кәміл сенеді.
Ақмола облысы.