28 Ақпан, 2015

«Ауылымды, бала күндерімді сағынамын...»

342 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
март 2013-2– дейді қазақ тіліне жетік павлодарлық орыс қызы Ирина Нұрпейісова – Апай, сәлеметсіз бе! – деген дауыс естілді. Әдемі орыстың қызы қазақ тілінде амандасып, көшенің арғы бетінен бағдаршамның жасыл көзі жанған соң бері өте берді. – Мені танымадыңыз ғой дейім, мен Ирамын ғой, Ира! – деді қыз өзі бір түрлі ыңғайсызданып. – Ира деймісің? Шынымды айтсам, тіпті, танымай тұрмын, – дедім. – Сіз біздің ауылға, Аманкелдіге келдіңіз ғой, мектеп туралы жаздыңыз, есіңізде ме? Мені «Егеменге» газетке суретіммен шығардыңыз, қазақша оқып жүр деп! Мен сол Ирамын ғой, апай! – дегенде барып есіме түсті. 2004 жылы тамыз айында жолсапармен облыстың шалғай ауданы – Ертіске барып, ауданның ауылдарын аралағанбыз. Ираның ауылы Аманкелді, тіпті, алыс, Омбымен шек­аралас жерде. Бұл жаққа барған мақсатымыз «Ауыл жылдары» бағдарламасы бойынша алыстағы ауылда қандай жақсылықтар бар деген ой еді. Содан, Ертістен шығып Аманкелдіге жете алсақшы. Жол ойдым-ойдым. Қасымдағы сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Владимир Воронинге: «Ойпырым-ай, бұдан басқа ауыл жоқтай, бұл жаққа неге апара жатырсыз?!» – деп ренжіп те қоямын. «Сіз бұл жолмен бір күн жүресіз, тілшілер жиі келмейді ауылға, онда тұратын жұрттың бәрін баяғыдан білемін, оларға қиын, осы жолды, ауылдың мектебін бір жақсылап жазып берсеңіз», дегенде барып түсіндім. Айтқанындай-ақ, мектеп апатты жағдайда тұр, оқушылар медпункттің ішінде оқиды. Балалар дәрінің иісінен жүректері айнып, ауырып қалады екен. Біз келгенде ауыл шынымен қуанып, бір жасап қалды. Воронинді, тіпті, туған ағаларындай қарсы алып, өтініш-тілектерін жаудырып жатыр. Бұл кісі қарапайым еді, шенеунік сияқты емес, алыстағы ауылдың жайына жаны ашып алып келгені ғой. Бір кезде Воронин: «Иринаны шақырыңдар, жолықсыншы», – деді ауыл әкіміне. Сөйтсем, Аманкелді ауылындағы ылғи қазақ арасында тұратын Анатолий мен Зайтуна Якушевтардың қыздары Ирина мен Ольга қазақ мектебінде оқиды екен. Ворониннің Ирина қайда, келсін деп тұрғанының тағы бір себебі, ауылдың ғажап табиғаты, кең далада өскен қызға шабыт бергендей, шығарма, өлең жазатыны бар екен, болашақта журналист болсам деп армандайтын көрінеді. Осылайша мен Иринамен, Якушевтардың қарапайым отбасымен танысқан едім. Иринаны бүкіл ауыл жақсы көреді екен. Мектептің үлгілі оқушысы, қазақша тақпақ, өлең айтып, ән салатын орыс қызын мақтаныш етпегенде қайтсін. Ауылда қазақ, орыс деп бөлу, тіпті, сондай ұғым жоқтығы байқалды. Қалаға келген соң, Аманкелді ауылы туралы жазып, газетімізде «Дабыл» деген айдармен шықты. Арада бір апта өтті ме, өтпеді ме, үйдегі телефонға Ирина хабарласып, құрылысшылар келіп, мектепті жөндеп жатқанын, жаңа оқу жылында мектептеріне қайта оралатындарын айтты. Қыркүйектің 1-і күні мектеп ашылғанда Аманкелді ауылының шақыруына жұмыстан қолым тимей, бара алмай қалдым. Содан бері он жылдай уақыт өтіп кетіпті. Енді, міне, бір күндегі оқушы Ирина Якушева қарсы алдымда тұр. Құшақтап, бетінен сүйдім. – Сенің журналистика бөліміне оқуға түскеніңді естідім. Тым болмаса, қалаға келдім деп бір хабар беруге болар еді ғой? – деп жатырмын. – Сіздің жұмысыңыз онсыз да көп, жол­сапарда жүресіз. Бөгет жасауға ыңғайсыз­дан­дым, – дейді ол. Ирина қазір облыс орталығындағы «Ер­­тіс-Медиа» серіктестігінде жұмыс істейді. Әскери қызметкер Рүстем Нұрпейісов ­деген жігітке тұрмысқа шығыпты. Біз Рүстем мен Ираның үйінде қонақта болып, анала­ры Зайтуна апайдың қолынан дәм таттық. Әкесі қайтыс болыпты. Кішкентай қыздары өсіп келеді. – Рүстемге қарағанда менің қазақшам күшті, – деп жатыр Ирина. – Ауылдағы туған-туысқандарының бәрі менің қазақ ауы­лында өсіп, қазақ мектебін бітіргенімді естігенде, алғашында таңғалысты. Біздің қосылғанымызды құптап, ризашылықтарын білдірді. Қазір мен Ирина Нұрпейісовамын. – Ауылға барып тұрасыңдар ма? – Сағынамын. Білсеңіз ғой, ауылымды сондай сағынамын. Балалық шағың еске түседі. Өзіңіз көрдіңіз ғой, біз, тіпті, жазғы каникулда ауылдан шығып ешқайда да бармайтынбыз. Алғашқы ұстазым Жібек апай бізді оқытып, білім берді. Елдік мақсат, туған Отан, қазақ тілі, ана тілі, достық, татулық деген ұғымдарды миымызға құйған біздің осы мұғалім апайларымыз ғой. Осы ұғымдар біздің жүректерге ұялап, берік байланды. Рүстеммен алғаш танысқанда менің қалаға 18 жасымда бір-ақ келгенімді естіп, таңғалып, күлгені бар. Рас, біз қала көргеніміз жоқ. Біз үшін Аманкелді ауылынан басқа жер жоқтай көрінетін. Ертіс өзенінің жағасы. Кең дала. Ғажап табиғат. Тып-тыныш. Ностальгия деген осы, апай. Туған жер, туған ауыл өмір бойы жүректе қалады екен, – дейді Ирина Николаевна. Әрине, біздің арамызда жалғыз Ирина емес, қазақ тілінде оқып, қазақша тәрбие көріп өскен өзге ұлт өкілдері жеткілікті. Бірақ, өздерін қазақстандықтармыз деп санайтын осындай ұл-қыздарды облыс көлемінде өтетін шараларға қатыстырып, жергілікті Ассамблеяның қоғамдық жұмыстарына тартуға мүдделілік жетіспейтін сияқты көрінеді бізге. Фарида БЫҚАЙ,  «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.