16 Шілде, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

473 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ЖАПОНИЯНЫ ӨЗГЕ ЕМЕС, ӨЗІ ҒАНА ҚҰТҚАРАДЫ Жапония парламентінің жоғарғы палатасының сайлауында Либерал-демократиялық партия жетекшілік ететін оппозициялық партиялар жеңіске жетті. Бұл қазіргі биліктегі Демократиялық партия мен Халықтық жаңа партия коалициясына үлкен соққы болып тиді. Енді төменгі палатада көп­шілік дауысқа ие болу арқасында үкімет тізгінін ұстап отырған демократиялық коалиция қа­былдаған шешім­ді жоғарғы па­латада көпшілік орны бар оппозиция өткізбей тастап отыруы әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз үкіметтің қолын байлайды, оның реформалық әрекеттеріне тосқауыл қояды. Бұл елдегі сайлау жүйесі бойынша жоғарғы палатадағы 242 орынға екі кезекте сайлау өтеді. Әр үш жыл сайын 121 депутат алты жылға сайланады. Төменгі палатадағыдай оған кезектен тыс сайлау белгіленбейді. Мұндағы партиялардың орны тұрақты. Қажетіне қарай түрлі жағдайларға байланысты партиялардың жаңа коалициялары құрылып жатады. Енді Демократиялық партия екі палатада да көпшілік орын алу үшін жаңа одақтастар іздейді. Бірақ табылуы қиын-ау. Жаңа сайлаудан кейін оппо­зицияның жоғарғы палатада 132 орны бар. Бұрынғы құрамда 62 орны бар биліктегі коалиция жаңа сайлаудан кейін тағы да бар-жоғы 47 орынға ғана ие болды. Жоғарғы палатаның сайлауын жапондар осыдан он ай бұрын ғана билікке келген демократтар үкіметіне сенім жөніндегі референдумдай көрген. Оның нәтижесі үкіметтің халық сенімін ақтамағанын аңғартты. Бірақ ел үкіметінің басшысы Наото Кан қызметінен кететін де және үкімет құрамын өзгертетін де ойы жоқтығын мәлімдеді. Оны да түсінуге болар. Оның үкімет тізгінін ұстағанына бар-жоғы екі-ақ ай. Бұл мерзімде көп нәрсе тындыра алмайтыны да белгілі. Тіпті демократтар билікке келген он ай да ұзақ мерзім емес. Ал елді экономикалық дағдарыстан алып шығу үшін біраз уақыт та керек. Иә, Жапония айрықша ел, супердержава. Оны сырттан ешкім құтқара алмайды, өзін тек өзі ғана құтқарады. Мұны премьер-министр Н.Кан да атап көрсетті. “Жапония эко­номикасы грек­тер­дің эко­но­ми­ка­сынан 20-30 есе үлкен, біздің қа­ры­зымыз да орасан. Әлемдегі ешбір ел Жа­по­нияны құтқара ал­май­ды” дегенде, ол тек өз күшіне сенуді айтты. Бүкіл Еуропа бірігіп, шағын ғана Грекияны құтқара алмай отырғаны белгілі. Ал Жапонияның қиын­дығымен қатар, әлеуеті де ұшан-теңіз. Соны пайдаланып, оны қиындықтан шығару үкімет­тің мойнында. Сол үкіметке де дәл қазір қолдау керек. Қиындықтан шығуға бағытталған үкіметтің түрлі шараларын жүзеге асыру жолын­дағы әрекеттерге оппозиция тара­пынан аяқтан шалу етек алар болса, істе береке болмасы анық. Парламенттің жоғарғы палата­сында қазіргі биліктегі коали­ция­ның жеңіліс табуы сондай күдікті ойға жетелейді. Бұл тек күдік қана. Ал Жапония сияқты өркениеттің биігіне көтерілген елдегі саяси күресте басқа жердегідей орынсыз аяқтан шалудың болмауы да мүмкін. Елдің мүддесі бірінші кезекке қойылатын жапон қоғамы әдетте мұндай жағдайда ұйымшылдық, бірлік көрсетеді. Бірақ, билік үшін күрес бұл елде сірә толастамас. Әсіресе, былтыр қапыда жеңілгендей болған либерал-демократтар өз қарсыластарының шалыс басқан жерін жіті қадағалап, сынап та отырады. Кешегі сайлаудың нәтижесі соның бір көрінісіндей. Сондай-ақ, халықтың биліктегі партияларға көңілі толмай жүргені де шындық. ЛДП және ДП-дан көңілі қалғандардан құралған жаңа Баршаның партиясының жоғарғы палатадан 10 орын алуы да оған бір мысал. Жапония дейтін ұлы ел қазір айтарлықтай қиын кезеңді бастан кешіп отыр. Бірақ сол қиын­дықтан бұл елдің өз күшімен шығатынына ешкімнің күмәні жоқ. Қайсар жапон халқы бұдан да қиын кезеңді бастан кешкен. АРАДА ЖАНСЫЗДАР ЖҮРГЕНІ ЖАҚСЫ ЕМЕС Өткен жұма күні АҚШ үкіметі он “орыс жансызын” өз елінен шығарып, Ресейге айдап жіберді. Ресми орындардың мәлімдеуіне қарағанда, олар Ресейде бұрынырақта ұсталған төрт “АҚШ жансызына”, дәлірек айтқанда, сырт елге қызмет еткен орыс сатқындарға айырбасталған. Бұл әрекет­тер­ден осы елдердің президенттері тек хабардар ғана емес, оған тікелей арала­сып та отыр. Ай­талық, басқа елде қызмет еткен өз сат­қындарына Ре­сей президенті Дмитрий Медведев арнайы жарлығымен кешірім жасаған. Демек, әлемдегі осынау қару-жарағы, әскери әлеуеті жағынан ең алып екі державаның бір-біріне жансыздар жіберетіні күмәнсіз. Әр елдің, өзінің мүмкіндігіне орай, сыртқы барлау қызметі болатыны белгілі. Әсіресе, ол дұшпан саналатын елдерге қарсы бағытталады. Қалай дегенде де, бір елдің екінші елге жансыз жіберуі, немесе екінші елдің адамдарын мәлімет алуға, бүлдіру әрекеттеріне тарту – дұшпандықтың белгісі. Достыққа, шынайы қарым-қатынасқа бел буған елдер ондай әрекеттерге бармаса керек. Жансыздық қызмет оңай шаруа емес. Жау арасында жүріп, әрекет жасаған барлаушылардың ерлік­терін жұрт аңыз етеді. Әсіресе, кешегі соғыс кезінде жау жаққа барып, әрекет жасаған барлау­шылардың ерлігі жастарға өнегедей көрінетін. Әрине, оны өз отаныңа қызмет етудің бір жолы ретінде қарағанда, қасиетті іс екенінде дау жоқ. Бірақ, ел мен елдің арасында жансыздың жүргені олардың қарым-қатынасына салқынын тигізетіні де анық. АҚШ пен Ресейдің бір-бірінің жансыздарын топырлатып ұстаған­дарынан олардың арақатынас­тарындағы адалдықтың аздығын аңғарғандайсың. Қазір бұл жәйт екі елде де көп айтылып жатыр. Әсіресе, бұл әңгімені екі держа­ваның арасындағы келісім әре­кеттеріне қарсылар қоздыра түсуде. Жансыздарын жіберіп отырған елмен қалай келісімге баруға болады, дейді олар. Келісімдер қа­зір жасалып жатыр, бұрынғы жан­сыз­дарды әш­ке­ре­лесек, алдағы уа­қыт­та мұндайға жол берілмейді деген қисынды да алға тосқанға болғандай. Сөйтіп, биылғы маусымда бірден орыстың он жансызы ұсталып, енді олар АҚШ-тан қуылса, оған Ресейде ұсталған АҚШ-қа қызмет еткен төрт адам қайтарылмақ. Бұл жерде олардың атын атап, түрін түстеп жатудың қажеті жоқ сияқты. Әңгімені неге он адамды төрт адамға айыр­бастайды деген төңіректе қозғаудың жаны бар. Қисынға жүгінгенде, АҚШ-тың жансыздары бағалылау көрінеді. Әсіресе, АҚШ-қа атом сүңгуір қайықтары, зымырандық хабар­ландыру жүйесі туралы мәліметтер берген ғалым-сатқын Игорь Сутягин қымба­тырақ болса керек. Ол 1999 жылы 15 жылға сот­талса, Ресей сыртқы барлауының полковнигі Александр Запорож­ский 2003 жылы 18 жылға сот­талған еді. Бас барлау басқар­ма­сының полковнигі Сергей Скри­ паль мен ардагер шпион Геннадий Василенконың да бағасы кем соқпайтындай. Ал АҚШ-та ұсталғандардың құны төменірек екенін Ресей ақпарат құралдары да шулап айтып жатыр. Тіпті, олардың жансыз болатындай да жөні жоқ, оларды мәжбүрлеп, жансыз еткен дегенді де айтады. Бірақ олардың барлығы да өздерінің жансыз болғанын мойындаған. Көпшілігі жасырын атпен жүрген. Тағы айтатын бір жәйт: басқа елге барып жансыздық әрекет еткен де, өз жерінде елін сатып, сыртқа мәлімет берген де – орыстар. Бұл намысқа тиетін-ақ нәрсе. Сірә, АҚШ осыны да ескеріп, бұл оқиғаны көбірек дабыра етуге құштар-ау дейсің. Ел мен елдің арасында жансыздардың жүрмегені жөн. Дос ниетті елдерде олай болмайды. Мамадияр ЖАҚЫП.