28 Ақпан, 2015

Өңірді өркенді істер күтіп тұр

270 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
DSC_1759Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңір жұртшылығы алдындағы алғашқы есептік кездесуін өткізді. 2014 жылы туындаған экономикалық кедергілерге қарамастан, Шығыс Қазақстан негізгі стратегиялық мақсаттарды табысты жүзеге асырды. Облыс басшысы жалпы өңірлік өнімнің тұрақты өсімі сақталғанын, ол экономиканың базалық салаларын дамыту есебінен 2,2 трлн. теңгеге жеткенін атап өтті. 2014 жылы өнеркәсіп кәсіп­орын­дары 1 098 млрд. теңгенің өні­мін шығарды. Тау-кен байыту өнер­кә­сі­бінің көлемі 102,5 млрд. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің 80 пайыздан астамын өңдеу өнеркәсібі құрайды, деді облыс әкімі. Жұмыссыздық деңгейі өткен жылы 4,8 пайызды құрап, өңірде түрлі салада 20,2 мың жұмыс орны ашылды. Инновациялық өнім 2,5 есеге өсіп, өткен жылы 109,4 млрд. теңгеге артты. Облыс аумағындағы «Қазцинк», Үлбі металлургиялық зауыты, «Өскемен титан-магний комбинаты», «АЕS Өскемен ЖЭО», «Согра ЖЭС», «Семей қаласы цемент зауыты», «Азия Авто» сынды 75 мың адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар өткен жылы 1 трлн. 98 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл – 2013 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық. Д.Ахметов алда атқарылатын жұ­мыстар «Нұрлы Жол» Жаңа Эконо­ми­калық Саясатының аясында жүзеге асырылатынын атап өтті. Экономикалық өсімнің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бағыт-бағдар жұмыспен қамтуды жолға қою арқылы нәтижелі. Бұл ретте Елбасы тапсырмасына сәй­кес, бірінші кезекте жол құрылысы жүр­гізіледі. Қазір облыс аумағындағы «Ас­тана-Өскемен» магистралінің 118 шақырымы жөнделді. Биыл осы жол­дың 53 шақырымын жөндеу және «Ал­маты-Өскемен» магистралін жобалауды аяқтау қарастырылып отыр. Оны іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай автокөлік тасымалын 1,5 есеге артты­ру және 2 мың жұмыс орнын құру көзделген. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша 705 шақырымдық «Екібастұз-Семей-Өскемен» жоғары кер­неулі желісінің құрылысы жүргі­зіледі. Жоба құны – 45 млрд. теңге. Электр қуатын өндіру көлемін арттыру үшін Тұрғысын ГЭС құрылысы салынып, Өскемен ЖЭО-ға турбогенератор орнатылмақ. Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы мен жылу және су инфра­құ­рылымдарын жаңғырту көзделіп отыр. Бұл жобаларды жүзеге асыруға халықаралық қаржы институттары тар­тылмақ. Бүгінде Еуропа қайта құру және даму банкімен жұмыс басталды. Сондай-ақ, қосымша қаржыландыру мақсатында Ұлттық қорға жіберілген 20 өтінімнің 14-і мақұлданды. Бұл 155 көппәтерлі үйді жылумен қамту мә­селесін шешуге жәрдемдеседі. Одан өзге жалпы көлемі 3 млрд. теңгеге Семей қаласының ЖЭО-1, РК-1 жылу көздері де жөнделетін болады. Облыс әкімі тұрғын үй құрылысын жандандыруға ағымдағы жылы ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Биыл жалпы алаңы 367 мың шаршы метрді құрайтын 1 468 үй салынады. 31,7 млрд. теңгені қамтитын құрылыс барысында 39 көппәтерлі тұрғын үй бой көтереді. Жыл соңына дейін 19 көппәтерлі үй мен 1 429 жеке үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 3 мыңға тарта жұмыс орны құрылып, 8 мың адам баспаналы болады деп күтілуде. Ал әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – апатты мектептер мен үш ауы­сымдағы білім мекемелері мәселесін шешуге көмектеседі. Биыл 21 мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр. Оның ішінде 12 апатты мектептің мәселесі шешімін табады. Сондай-ақ, бюджет қаржысы есебінен 5 балабақша салу жоспарда бар екенін айтқан облыс әкімі мемлекет-жеке әріптестігі шең­берінде тиімді кәсіп көзін ашуға бола­тынын айтты. Биыл жеке капитал тарту арқылы 11 балабақша құры­лысы жүргізіледі. Яғни мемлекет инвес­тордың құйған қаржысын 7 жыл ішінде қайтару міндетін мойнына алады, сонымен бірге 19 жыл бойы мектепке дейінгі мекемені мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етеді. Экономиканың жетекші күшінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Аталған саланы қолдау жалғасады. Өткен жылдың өзінде өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына сомасы 14,5 млрд. теңгені құрайтын 190 өтінім түсті. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Жобалардың тең жартысы өндірістік салаға жатады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму саласы бойынша Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыру жалғасын табады. Түсті металл өндіру көлемін Абай ауданы «Мақсұт» кен байыту кешенін іске қосу арқылы арттыру жоспарланып отыр. Бұған қоса Ақтоғай және Бақыршық тау-кен өндіру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. «Қазцинк» ЖШС геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруға 15 миллиард теңге жұмсайды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мен азық-түлік өнеркәсібі негізгі даму жолы екенін атап өтті. Осы орайда, облысымыз өз әлеуетін пайдалана отырып, сүт өндіру саласын дамытады. Шығыс Қазақстан – сүт өндіруден елі­мізде бірінші орынға ие өңір, деді Д.Ахметов. Алайда, облыс басшысының айтуынша, өңірде сүттің 24 пайызы ғана өңделеді, өңдеу кәсіпорындарының шикі­затпен қамтылуы 35 пайызға тең. Сон­дықтан, халықтың сүт пен сүт өнім­­дерін тұтынуы 40 пайызға ғана орын­далып отыр. Сүт өнеркәсібі кәсіп­орындарын толық қамту үшін қосымша 100 мың тонна сүт өндіру керек. Оны жаңа тауарлы-сүт фермаларын құру, сондай-ақ, халықтан сүт сатып алу есе­бінен орындауға болады. Қазір бұл бағыт­тағы жұмыстардың алғашқы кезеңі басталды. Есепті кездесудің екінші бөлігінде өңір тұрғындары облыс басшысына өздерін мазалаған сауалдарын қойды. Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов күршімдіктердің Бұқтырма су қоймасына салынатын көпір­дің қай уақытқа жоспарланғанын білгісі келетінін жеткізді. Облыс әкімі аталған жобаға 21 млрд. теңге қар­жы керектігін, құрылысты Еуропа қай­та құру және даму банкі арқылы қаржы­ландыру мақсатында келісімдер жүргі­зіліп, жобаның техникалық-эконо­микалық негіздемесі жасалып жатқан­дығын жеткізді. Облыстық қоғам­дық кеңестің денсаулық сақтау бойынша сарапшылар тобының жетекшісі Т.Чернышова өңірде қант диабеті науқастарын емдеу бағытында диагностикалық орталықтан арнайы кабинет ашу жөнінде ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге, облыстың түкпір-түкпірінен келген тұрғындар өңір басшысына Өскеменде Чернобыль мен атом құрбандарына ескерткіш қою, Ертіс өзеніне көпір салу, облыс орталығында қалаішілік жол қоз­ғалы­сын реттеуге арналған жолайрық құрылысын жүргізу, Семей мен Өскемен қалаларын көріктендіру және абат­тандыру, Бесқарағай ауданындағы Семей-Павлодар автокөлік жолының құрылысын жандандыру, Зырян ауданындағы Малеевский кенішінің келешегі, Риддер қаласында концес­сиялық негізде балабақша ашу, Катон­қарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалін өт­кізу, Өскемен мен Семейде муниципальды автопарк құру жөніндегі өз сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді. Облыс басшысы барлық сауалдар мен ұсыныстар сараланатынын, бюджет пен қаржыландыру көздерінің мүмкіндігіне, тиімділігіне байланысты қарастырылатынын атап өтті. Есептік кездесу соңында Д.Ахметов Елбасы биылғы 26 сәуірде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, өз Үндеуін жария еткенін, еліміз үшін сайлау әрқашан келісім мен бірлікті шыңдаудың басты құралы болып қала беретінін жеткізіп, шығысқазақстандықтарды Президент сайлауын өткізу кезеңінде Ата Заңмен кепілдік берілген азаматтық борыш пен патриоттық парызды өтеудің нақты үлгісін көрсетуге шақырды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.