ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АҚЫЛ-ОЙ ЖАРЫСЫНДА 5-ШІ ОРЫННАН КӨРІНДІ
Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан бергі жылдар ішінде алдыңғы толқын елордада небір қиын түйіндерді шешу жолында келелі кеңес құрып, пәтуалы байламға келіп, төрткүл дүниенің төрінен көрініп жатса, Отанымыздың жас толқын математиктері алғаш рет өздерінің қарым-қабілетін танытып, Астанада өткен халықаралық математикалық олимпиадада Қытай, Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея секілді азуын айға білеген мемлекеттерден кейінгі бесінші орынға ие болды.
Осы арада қазақтың тас шайнап, мұз бүріккен жыр дүлдүлі Қасым ақынның (Аманжолов) “Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы: Танисың ба сен мені. Мен – қазақтың баласы!” деген өлеңі ойға оралып отыр.
Жарты ғасырдан аса уақыттан бері өтіп келе жатқан бұл олимпиада елорданың туған күнінде ту көтерген еді. Бір жеті бойы 105 мемлекеттен бір мыңға тарта оқушы баптарына қарай, бақтарын сынаған болатын. 13 шілдеде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, халықаралық математикалық олимпиаданың консультативтік кеңесінің төрағасы Йозеф Пеликан бастаған кеңес мүшелері, өзге де азаматтар қатысты.
Алғашқы сөзді Премьер-Министр К.Мәсімов алып, жас білімпаздарды жеңістерімен құттықтады. Олимпиаданың абсолютті чемпионы атағын ең жоғары ұпай санымен жеңіп алған қытайлық оқушы Зи Пейге Астанадағы мәуелі Бәйтерек бейнеленген алтын медальді тапсырды.
Ең үздік жас математиктерге берілуге тиіс 47 алтын, 104 күміс, 115 қола медальді алу бақытына ие болған білімді жастардың қатарынан табылған біздің оқушылар әлемдік деңгейдегі ой өрістерінің биіктігін даласына сай қалықтап та, шарықтап та ұша алатын қыран тектес қалыбын танытқаны – еліміз үшін мерей, жұртымыз үшін жұлқынып айтар табыс екені анық.
Енді сол білім жарысына үкілеп қосқан абыройлы 6 оқушы кім дегенге келер болсақ, алтын медальдің иегерлері Талдықорған қаласындағы №20 мектеп-лицейдің оқушылары Қанат Сатылханов (математикадан сабақ берген мұғалімі – Н.Доскендірова, жаттықтырушысы – С.Полянских) пен Нұрсұлтан Қажымұратов (математикадан сабақ берген мұғалімі – В.Корягина, жаттықтырушысы – С.Полянских), Алматы қаласындағы №34 мектеп-лицейдің оқушысы Денис Овчинников (математика пәнінің мұғалімі, әрі жаттықтырушысы – О.Пак), күміс медаль иегерлері Астана қаласындағы қазақ-түрік лицейінің оқушысы Рауан Рахмет (математика пәнінің мұғалімі, әрі жаттықтырушысы – Муаммер Гюль), Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебінің оқушысы Медет Жанболатов (пән мұғалімі – Ж.Байсүйелова, жаттықтырушысы – Д.Есмұханов). Сол секілді халықаралық олимпиаданың алғыс хатына ие болғандардың қатарында Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебінің оқушысы Азамат Дүйсенбаев (пән мұғалімі, әрі жаттықтырушысы – Ғ.Соғамбаева) бар. Осындай биік нәтижеге жету жолында өзінің ерекше үлесін қосқан, Қазақстан құрамасының ғылыми жетекшісі, белгілі математик ғалым Ержан Байсаловтың еңбегін де атап өткеніміз абзал.
Елдің мерейін өсірген 6 жеңімпазымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің атынан жеделхат жолдапты. Онда Президенттің ХХІ ғасырды білім, ғылым ғасыры дегенін айта келіп, сол үдеден шығу жолында үлкен құлшыныспен талаптанып жүргендерін, мына жетістік тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тартар тартулары екенін айтқан. Алдағы уақытта Отандарына адал қызмет етуге әзір екендіктерін жеткізіп, бір кездері осындай халықаралық деңгейдегі білім жарысы қазақ топырағында да өтсе ғой деп армандағандарын, енді сол арманның орындалғанын, төрт құбыладан келген мыңға тарта оқушының тәуелсіз елімізбен танысу кезінде өздерінің оларға жан-жақты мәлімет беру арқылы танысып, табысқандарын алға тартыпты. Сіздің жүргізіп отырған салиқалы саясатыңыздың арқасында, зор қамқорлықтың нәтижесінде осындай биік дәрежеге жетіп отырмыз. Оның үстіне олимпиаданың ашылуы Астана тойымен ұштасып келуі де біздің ынтамызды арттырып, намысымызды қамшылады, жігерімізге жігер қосты, депті жедел хатта жүлдегерлер.
Бір жетіге созылған олимпиада тек қана білім жарысы болып қоймай, алты құрлықтан келген оқушыларға ел мен жерімізді таныстырып, өркениеттің көшіне қосылып, өңірге ғана емес, әлемге танымал мемлекет екенімізді дәйектедік. Оның үстіне ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш рет өткізілген бұл ақыл-ой жарысы Қазақ елінің қай жағынан да өресі жоғары екенін көрсетті. Сонымен, бірінші орынды – Қытай, екінші орынды – Ресей, үшінші орынды – АҚШ, төртінші орынды – Оңтүстік Корея, бесінші орынды – Қазақ елінің командалары иеленсе, қалғандарын өзге мемлекеттер бөлісті.
Біз олимпиаданы ұйымдастыруға, білім бәйгесіне ұмтылғандарды дайындауға жетекшілік жасаған Ержан Байсаловты әңгімеге тартқанымызда: ел болып еңсе тіктегелі бері осындай олимпиадаларға қатысып келе жатырмыз. Бұл жолғы жеңісіміз ерекше болды. Бұрынғы олимпиадаларда топ жарған Жапония, Иран сияқты елдердің оқушылары тиісті деңгейден көріне алмады. Есесіне, тәуелсіздігін алғанына 20 жыл бола қоймаған Қазақ елі бестікке ілінді. Шыны керек, Қытай, Ресей, АҚШ секілді елдердің қатарынан табылу зор мәртебе. Ендігі жерде бұл биіктен жоғары өрлемесек, төмендемеуіміз керек. Тек қана математика емес, әлемдік ғылымдардың көшбасында тұрған биология, физика, химия, т.б. пәндер бойынша да өтетін жарыстарға қатысқанда осындай көрсеткішке қол жеткізіп, ел абыройын арттыруды ойластырғанымыз жөн. Дүние жүзінде өтіп жатқан алуан түрлі олимпиадалық жарыстарға үміткерлерді дайындайтын республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығының заманға сай ұмтылыстарын, ұйымдастыру жолындағы табыстарын бөле-жара айтсақ еш артықтығы жоқ, деді ғалым.
Ал алтын медаль иегері Нұрсұлтан Қажымұратов білім жарысына дайындықтың жоғары дәрежеде болғанын айтып, өзінің осыған дейін үш олимпиадаға қатысқанын, енді, міне, жүлдегер атанып отырғанын тілге тиек ете келіп, өткен жылы Германияның Бремен қаласында болған олимпиадада Қанат Сатылханов екеуміз күміс жүлдені иеленсек, осы жолы Отанымыздың символына айналған Бәйтеректің суреті медальға ойып бастырылған алтын алқаны мойнымызға тағып отырмыз. Бұл жетістік болумен қатар, бізге зор жауапкершілік те жүктейді, дейді.
Сонымен, әлемдік өре, азаматтық қарым жағынан Отанымыздың мықты екенін танытқан жас математиктер елімізді ақыл-ой саласы бойынша дүниежүзілік шырқау шыңға көтеріп, қандай жарыста болсын қабілеттен кенде де, кем де емес екенімізді осылайша дәйектеді.
Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.