16 Шілде, 2010

ҚАДАҒАЛАУ ҚАРЫМЫ АРТА ТҮСТІ

634 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Атырау облыстық прокуратурасында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалығымен еліміздің бас қадағалау органының өткен жарты жылдықта атқарылған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы кезеңнің міндеттеріне арналған көшпелі алқа мәжілісі өтті. Алқа барысында өткен мерзім ішінде біршама жұмыс атқарылғаны тілге тиек болды. Атап айтқанда, қадағалау тексерулерінің қорытындысы бойынша 500 мыңға жуық адам мен 2 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерінің конституциялық құқығы қорғалған. Прокурорлардың араласуымен 5 млрд. теңгеге жуық еңбекақы төленіп, 30 млрд. теңгеден астам келтірілген залал қайтарылған. Мәжіліс соңында газет тілшісі еліміздің Бас Прокуроры Қайрат МӘМИМЕН сұхбаттасқан еді. Төменде оқырмандар назарына сол сұхбатты ұсынып отырмыз. – Қайрат Әбдіразақұлы, сіздің республи­камыздың Бас Прокуроры қызметіне тағайындалғаныңызға бір жылдан аса уақыт болыпты. Бір қарағанда, бұл уақыт қас қағымдай сияқты. Дегенмен, оның да салмағы бар. Сондықтан сұхбатымызды осы кезең аралығында атқарылған жұмыс, тындырылған істер туралы әңгімеден бастасақ. – Баршаға белгілі, дағдарыс тұсында ел экономикасын қолдауға теңдессіз шаралар қабылдап, осы мақсатта Ұлттық қор қаржысынан 1 триллион 200 миллиардтан астам теңге бөлінді. Мемлекет басшысы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты өткен жылғы Қазақ­стан халқына Жолдауында дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға және осы мақсатқа бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты уәкілетті органдар тиісті жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары халықтың ипотекалық заемдарын қайта қаржыландыруға, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, экономи­каның нақты секторын несиелендіруге бөлінген қор қаржысының жұмсалуының заңдылығын тексеруді аяқтады. Тұтастай алғанда, мемлекеттік органдар бюджет қаражатын тиісінше жұмсаудың Үкі­мет белгілеген шарттарға сәйкес пайдала­ны­луын қамтамасыз етті. Бұл ретте айтарлықтай заң бұзушылықтар және көлеңкелі мәміле­лердің жасалу деректері анықталған жоқ. Құқық қорғау органдары уәкілетті құрылымдармен бірге Елбасының дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты мақсатты және тиімді жұмсау жөніндегі тапсырмасының тиісінше орындалуын қамтамасыз етті. Бұл арада үкіметтік құрылымдардың өздерінің де аса мұқияттылық танытқанын айта кеткеніміз жөн. Ал бүкіл құқық қорғау органдарының жұмы­сын осы бағытқа жұмылдыруда проку­ра­ту­раның ерекше рөл атқаратыны белгілі. Бұл ретте Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің маңызы арта түсті. Осыған орай біз оның жұмысын одан әрі жандандыруды алдымызға міндет етіп қойдық. Бұл ретте Елбасы тапсырмасына сәйкес, қылмыстық қудалау органдарының қызметтерін барынша үйлестіріп, олардың қылмыспен күрестегі іс-әрекеттерінің жоғары тиімділігін қамтамасыз етуді жұмысымыздың басты бағытына айналдырдық. Осы мақсатта Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің хатшылығы тұрақты жұмыс істеп тұр. Үйлестіру кеңесі мәжілістерінде көптеген мәселелер қаралды. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік стратегия­сына, сыбайлас жемқорлықпен күреске, ұйымдасқан қылмысқа, шекаралардағы және шекараға жақын аумақтардағы экономикалық және басқа да қылмыстарға, нашақорлық пен есірткі бизнесіне, экологиялық құқық бұзушы­лықтарға қатысты күрделі тақырыптар да бар. Мәселен, жоғарыда айтылған Ұлттық қор қаржысын заңды да тиімді пайдалануына бақылау жасау мәселесі жыл басында осы Үйлестіру кеңесінің мәжілісінде арнайы қара­лып, құқық қорғау органдарының әрқайсы­сының осы орайдағы міндеттері айқындалды. Осы бағытта жүргізілген бірлескен тексеру­лердің нәтижелері сараланды. Ал сәуір айында өткен мәжіліс отырысын­да кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтармен күрес мәселесі қаралып, оған мүдделі органдармен қатар, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс ушығып отырған Жамбыл облысының өкілдері де шақырылды. Сөйтіп, қылмыстың бұл түрімен күрестің әдіс-тәсілдері жан-жақты талқы­ланып, бірлескен шешімдер қабылданды. Жалпы, үйлестіру кеңестерінде қабылдан­ған шешімдердің қазіргі кезеңде көбірек көрініс беріп отырған қылмыс түрлерімен күресте неғұрлым пәрменді тетік қолдануға негіз болатыны сөзсіз. Ал алдағы уақытта қадағалау органының үйлестірушілік рөлін “Прокуратура туралы” Заңға өзгерістер енгізу жолымен заңды түрде бекітіп алуды ойластырып отырмыз. – Бас прокуратура құрамындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төңірегінде де “оны басқа құрылымдарға беріледі екен” деген болжамдар айтылып еді... – Шынайы статистикасыз алдағы жұмыс­ты жоспарлау, оның басым бағыттарын анық­тау мүмкін емес. Сондықтан бұл құрылымның қызметінің маңызы жалғыз прокуратураға ғана емес, барлық құқық қорғау органдары үшін де аса зор. Және де жоғарыда айтқанымыздай, үйлес­тіру міндеті бізде болғандықтан, оның про­куратура құрамында болғаны жөн. Коми­тет­ке қатысты мемлекеттік тұрғыдағы осындай көзқарасты анықтап алғаннан кейін, енді оның жұмысын осы заманға сай жетілдіру міндеті тұрды. Сондықтан комитет жұмысын түбегейлі жақсартудың жаңа жобасы бекітіліп, оны жүзеге асыруға батыл кірісіп кеттік. Көп ұзамай-ақ ол өз жемісін берді. Қазіргі таңда жаңа техноло­гияларды пайдаланып, яғни есепке алудың электронды әдістері арқылы бүкіл еліміздегі, сондай-ақ белгілі бір өңірдегі қылмыстық ахуалды дәл бере алатын дәрежеге жеттік. Өткен жылғы қазан айында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құ­қық­тық статистиканың шынайылылығын қам­тамасыз ету шаралары туралы арнайы мәселе қарағаны оның маңыздылығын көрсетсе керек. – Осы комитеттің берген мәліметтеріне қарағанда, қылмыстың кейбір түрлері өсіп кеткен тәрізді... – Осы уақытқа дейін қылмысты толық тіркемей, ал олардың ашылу көрсеткішін көтеріп көрсету барлық жерде дерлік орын алғаны жасырын емес. Электрондық есептеу жүйесі енгізілгеннен кейін бұлайша бұрмалау мүмкін болмай қалды. Енді олардың қолдан төмендетілген көрсеткіші емес, нақты да шынайы деңгейі берілетін болды. Әйтпесе, олар шын мәнінде өскен жоқ. – Тоқсаныншы жылдардың аяғында прокуратураның мәртебесі жөнінде және оның қадағалау функцияларын жоққа шығаруға бағытталған әрекеттер болды. Бір қауым заңгерлер “прокуратура – социализмнің сар­қын­шағы” деген пікірді қуаттап, оның өкілетті­лігін шектеу жөнінде мәселе қозғаған-ды... – Сіздің айтып отырғаныңыз құқықтық реформаның екінші кезеңіне арналған бағдарламаны талқылау кезінде көтерілген мәселе ғой. Сол кезеңде жасалған бұл ұсыныс­тар қолдау таппады. Біріншіден, кейбіреулер айтып жүргендей прокуратураны кеңес өкіметі ойлап тапқан жоқ. Керісінше, кеңес билігі кезінде артық құрылым деп санап, прокуратураны таратып жіберген. Тек бес жылдан кейін, 1922 жылдың шілдесінде бүкіл өркениетті әлемнің алдында артта қалған мемлекет болып көрінгісі келмей, прокуратура органдарын қайта құруға мәжбүр болды. Екіншіден, прокуратура – барлық мемлекет­тердің біртұтас бөлігі. Прокурорлардың халықаралық ассоциациясының құрамына Қазақстан Республикасының прокуратурасы да мүше боп кірді. – Сіз сот саласының барлық сатысында қызмет етіп, барлық деңгейіндегі басшылығында болдыңыз. Он жылға жуық уақыт Жоғарғы Сот Төрағасы қызметін атқардыңыз. Сот жүйесін реформалаудағы еңбегіңізді ешкім жоққа шығара алмайды. Енді Бас Прокурорсыз. Осы екі сала қызметіндегі айырмашылықтарды байқадыңыз ба? – Айырмашылық, әрине, бар. Бұлардың негізгі қызметтері Конституцияның өзінде сараланып берілген. Ол сот үшін сот төрелігін шығару болса, прокуратураның негізгі қызметі – жоғары қадағалауды жүзеге асыру, деп жазылған. Адамдардың құқығы мен еркіндіктеріне, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін жаппай сипат алып келе жатқан құқық бұзушылық­тардың жедел жолын кесіп отыру прокурату­раның басты ерекшелігінің бірі. Жалпы, бұл орган қалыптасып отырған жағдайға, оқыс оқи­ғаларға қарай қимылдап, айрықша икем­ділік танытып отыруға бейім және әрдайым солай болуға тиіс. Сондықтан жалпы стратегиялық міндеттер болмаса, сотпен салыстырғанда, прокуратураның жұмысын алдын ала толық айқындап, кесіп-пішіп қою қиын. Мысалы, сот саласына бастан-аяқ тергеу жүргізіліп, тиянақталған істер келіп түсетін болғандықтан, оның жұмысын күні бұрын жоспарлап қоюға әбден болады. Ал сайып келгенде, сот пен прокурату­раның илейтін пұшпағы біреу, жұмыстары қоян-қолтық араласып жатыр. Мақсат ортақ: адамдар мен азаматтардың құқығы мен мемлекет мүддесін қорғау. Ұзақ жылдар сот саласында істеген адам ретінде прокуратура саласында да көзіме бөтен болып көрінетін яки маған түсініксіз ештеңе жоқ. Қайта бұрынғы тәжірибем мұндағы жұмысыма мол жәрдемін тигізіп, толықтыра түскендей. Мәселен, тергеу жұмысының сапалылығы сот шешіміне тікелей әсер етеді. Жақсы тергеуден өтіп, бәрі анықталып келген істі қарау сотта жеңілге түседі. Ал иі қанбаған шикі материал­дардың қаралуы қиын. Бұл жәйт маған әбден белгілі болғандықтан, мұнда келгеннен кейінгі мықтап қолға алған мәселенің бірі осы болды. Қылмыстық істер бойынша сот процесіне қатысатын прокурорлар басқармасын Қылмыстық іс жүргізу заңдылығын қадағалау департаментіне қосып, оларды тұтас бір жүйеге айналдырдық. Бұл өзінің оң жемісін береді деп ойлаймын. – Уақытында қамауға алу санкциясын прокуратурадан алып, сотқа өткізу жөнінде айтыс-тартыстың аз болмағаны белгілі. Нәтижесінде өркениетті елдердегі сияқты санкция беру сот құзыретіне өткізілді. Осы пікірді қолдаушылар қатарында сіз де болдыңыз. Ал бүгін прокурорсыз. Осы мәселе туралы пікіріңіз өзгерген жоқ па? – Сұрағыңыздың түп төркінін түсініп отырмын және оған нақты да анық жауап берейін: тіпті де өзгерген жоқ. Өйткені, біз бұл мәселеде әркім өз саласының сойылын соғып, тар ведомстволық мүддеде шектеліп қалған жоқпыз. Сондай-ақ, мұнда “айтыс-тартыс” емес, негізінен осы тақырып төңірегінде адам құқығы жөніндегі заңнаманы жетілдіре түсуді діттеген ашық пікір алысу өрбіді. Онда қарапайым адамдардан бастап, белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлеріне дейін байсалды ой, салиқалы пікір білдіргеніне бәріміз куәміз. Ақыры осы пікірлерге сүйеніп, негізінен озық мемлекеттердің тәжірибелеріне табан тіреп, өз мемлекетіміздің ерекшеліктерін де ескере келе ақыры пікір тоқайластырдық. Сөйтіп, адам құқығын қорғауды сот алдын ала тергеу кезінен-ақ бастайтын болды. Адамдар мен азаматтар құқығы бұзыл­мауы­ның сенімді кепілінің бірі болып отырған бұл өзгеріс қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр. Жалпы республика бойынша прокуратура­ның бұлтартпау шараларын таңдау жөніндегі ұсыныстарын соттың қарау практикасы нақты негізге сүйеніп, оңды қалыптасып келеді. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы ұсыныстарды қарау кезінде айтарлықтай проблемалық мәселелер туындаған емес. Осы санкция беру мәселесін пысықтай түсу одан әрі жалғасуда. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған жасөспірімдерді уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықта­рына жіберуге санкция беруді сотқа аудару мүмкіндігі зерделенуде. Сондай-ақ, мен өзім, Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларына орай, адамдар мен азаматтарды жүйке аурулары ауруханасына жіберу үшін санкция беруді сотқа өткеру мәселесіне ат салыстым. – Жоғарғы Сотта Төраға қызметін атқарып жүрген кезіңізде сот саласының барлық деңгейдегі басшыларына “қарауыңыздағы қызметкерлер жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаса, өздеріңіз тікелей жауап бересіздер” деген қатал да болса әділ талап қойған едіңіз. Ал қазір ше? Прокуратура саласында да осы талап бар ма? – Бар болғанда қандай. Біздің бір қызметкеріміз тарапынан алда-жалда осындай қылмыс белгілі болса ол бүкіл саламыз бойынша төтенше оқиға болып саналады. Прокуратура органдарында сыбайлас жемқор­лық құқық бұзушылықтың алдын-алу мақса­тында төменгі тұрған прокуратуралардың қадағалау қызметтерін іске асыруына және олар жүргізетін жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етуге ішкі ведомстволық бақылау жүйесін күшейтуге байланысты қосымша ұйымдастырушылық шаралар қабылданды. Басшының қарамағындағы қызметкерлердің әлгіндей қоғамға жат қылығы үшін жауапкер­шілігі біз жаңадан өткен жылы қабылдаған Прокуратура органдары қызметкерлерінің Ар-намыс кодексінде қадап айтылған. Мысалы, егер прокуратура органдарында қылмысқа жататын қылық жасаған қатардағы прокурордың әрекеті үшін аудан прокуроры жауап беретін болса, ал аудан прокуроры жасаған теріс қылық үшін облыс прокуроры жауапқа тартылады. Өткен жылы Батыс аймақтық көлік прокуроры осындай әрекеттер үшін жауапқа тартылып, лауазымынан босатылды. Ал Павлодарда болған оқыс оқиға бойынша облыс прокуроры өзі арыз алып келген соң, оны атқарып отырған лауазымынан босатуға тура келді. Осылайша ол ауыр да болса батыл шешім қабылдап, өз арын таза сақтап қалды. Ағымдағы жылда қызметкерлеріміздің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасау фактісі жоқ. Бұл өз арамызда мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын пәрменді жүргізудің оңды нәтижесі деп батыл айта аламын. Қазіргі уақытта Бас прокуратура мен жергі­лікті прокуратура органдарында қызметтік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың әдістері мен тәсілдерін әзірлеу бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда. – Кезінде тергеу қызметі прокуратура өкілеттігінде де бар болатын. Мемлекеттік тергеу комитетінің (МТК) құрылуына байла­нысты, бұл қызмет осы органға берілді де, кейін МТК тараған соң, тергеу прокуратураға қайтарылмай қалды. Дегенмен, кейінгі кезде осы мәселені жиі көтеріп жүрген заңгерлер де бар. Бұл жөніндегі пікіріңіз қандай? – Біздің қызметтің іс жүргізу негіздері келешекте жетілдіруді қажет етеді. Күн тәртібінде қоғамға қауіп төндіретін қылмыстар бойынша прокурорлардың қылмыстық істерді тергеу тәжірибесін қоса алғанда, сотқа дейінгі өндірістегі прокурорлардың рөлі мен жауапкершілігін одан әрі жоғарылату тұр. Осыған орай, Елбасы былтыр шілде айында қол қойған “Жедел-іздестіру қызметінің мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң прокуратура органдарына тергеуді жүргізу құқығын қайтадан жүктегенін айта кету керек. Бастапқы сатыда өзектілігі ерекше қылмыстық істерді, сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасаған қылмыстарды тергеу, келешекте өзге қылмыстық істерді тергеу құқығы берілген. Өткен кезең ішінде прокурорлардың басшылығындағы ведомствоаралық тергеу топтары бірқатар көпке белгілі күрделі істерді қарады. Сөйтіп, айрықша жағдайларға байла­нысты әр түрлі санаттағы істерді прокурорлар өндірісіне алу тәжірибесі кәдімгідей қалыптасып қалды. Бүгінгі таңда прокуратура органдары өзінің қылмыстық қудалау қызметін істің көлемі мен күрделілігіне қарай екі түрде: бірінші, проку­рорлардың өздері қылмыстық істерді тікелей жүргізеді, екінші, жоғарыда айтылғандай, ведомствоаралық тергеу топтарын басқару арқылы жүзеге асырады. Қазірдің өзінде прокурор басқаруындағы тергеу топтарының бірталай күрделі істер бойынша толымды тергеу жүргізгені белгілі. Мәселен, осы арнайы прокурорлардың бас­шы­лығымен несиені заңсыз алып, мемлекетке жүздеген миллиард теңге көлемінде шығын келтірген БТА Банктің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып, сотқа тапсырылды. Сонымен қатар қылмыс­тық әрекеттер салдарынан мемлекетке 600 миллион теңгеден астам шығын келтірген Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамына қатысты істер де аяқталды. Қарулы Күште­рінің Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары А.В.Балабановқа қатысты тергеу жүргізілді. Оның заңсыз әрекеттерінің зардабынан мемлекетке 4 млрд. теңгеден астам залал келтірілген. – Бас прокуратура жанынан тергеу комитеті құрылады екен, деген де әңгіме бар ғой... – Бас прокуратураның жанынан тергеу комитетін құру жөнінде әңгіменің айтылып келе жатқаны рас. Оған заңдық негіз де жоқ емес. Алайда, прокуратура органдарының құзыретіне сәйкес, оның негізгі міндеті – тергеу органдарының заңдылықты сақтауын қамтамасыз ету, оған прокурорлық бақылау жүргізу. Менің ойымша, Бас прокуратура жанынан тергеу комитетін құрып, ол комитетке процессуалдық заңмен істерді тергеу құқығын беретін болсақ, прокура­тураның қадағалау функциясы әлсіреп кетуі мүмкін. Сол себепті де Бас Прокурор ретінде бұл мәселеге өз басым күмәнмен қараймын. Дегенмен, жоғарыда айтып өткенімдей Бас прокуратураның жанынан тергеу комитетін құруға заң жүзінде ешқандай қайшылық жоқ. – Сіз Бас Прокурор болып тағайындал­ғаннан кейін кейбір басылымдарда “Қайрат Мәми прокуратура саласында кадрлық саясатты жаңа деңгейге көтерді” дегенге саятын пікірлер айтылуда. Бұған не дейсіз? – Бұрын кеңес өкіметі тұсында: “Табыс кілті – кадрда” деп жазушы едіңіздер ғой. Сол – рас. Білікті де білімді мамандарсыз жұмыс сапасын көтеру мүмкін емес. Сондықтан жұмысымыздың бұл саласына айрықша көңіл бөліп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, былтыр Астанада ұзақ жылдардан бері бірінші рет аудандық прокурорлардың басын қосып, үлкен жиын өткіздік. Мұның пайдасы мол болды. Онда негізгі кадр ұстаханасы осы аудандық прокуратура екендігі атап айтылды. Жалпы, бұл сала бойынша прокуратура органдарының жүйесінде кадрларды іріктеу және орнықтыру жұмыстарын ұйымдастыру қайта қаралды, онда аумақтық органдардың басшы құрамын кезекті ауыстыру және тиімді әрі нақтылы кадрлық резервті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Заң талабы бойынша прокуратура саласында өңір прокурорларының орнын ауыстырып тұру (ротациялау) жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Негізінен облыс басшылығына осы салада бірнеше жыл орынбасар болып қызмет істеп, танымал болған адамдар тағайындалды. Қызметкерге қоятын менің басты талабым: біліктілігі, өз ісіне жауапкершілігі, кәсіби адалдығы. Прокуратура органдарына қызметке қабылдау кезінде құқық қорғау және сот жүйесінде жұмыс тәжірибесі бар үміткерлерге, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама бойынша оқыған адамдарды алуға айрықша көңіл бөлінеді. Жыл сайын Бас Прокурор бекітетін басшы лауазымдардың резервіне жеткілікті кәсіби тәжірибесі бар және қажетті іскерлік әрі моральдық қасиеттерге ие қызметкерлер енгізіліп отырады. – Қайрат Әбдіразақұлы, сыбайлас жем­қорлықпен күрес әрдайым Елбасы назарында екені белгілі. Бүгінгі күні қылмыстың осы түрімен күрес қарқыны қалай? – Бұл – біздің жұмысымыздың басты бағыты. Ал 2010-2014 жылдарға арналған Бас прокуратураның Стратегиялық жоспарындағы негізгі бағыттарының бірі де қылмыстың осы түрімен күрес болып бекітілген. Қазақстан Президентінің “Қазақстан Республикасында қылмыстылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтудің және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдірудің қосымша шаралары туралы” 2009 жылғы 22 сәуірдегі Жарлығында белгіленген міндеттерді іске асыру бойынша Бас прокуратура арнайы шаралар қабылдады. Біздің бұл бағыттағы жұмысымыз бір сәтте толастаған емес. Осы алғашқы тоқсанның өзінде прокурорлар осындай қылмыс белгілері бойынша 738 тексеру жүргізіпті. Соның нәтижесінде 906 адам тәртіптік, 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мем­лекет кірісіне 19 млн. теңгеден астам қаржы қайтарылды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 17 қылмыстық іс қозғалды. – Осы қылмыс түрі қай өңірлерде басым? – Қолдағы бар мәліметтерге қарағанда, есепке қойылған сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша Оңтүстік Қазақстан, одан кейін Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары тұр. Құқық қорғау органдарының қылмыспен күрестегі қызметтерін үйлестіруді күшейту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында осы сыбайлас жемқор­лықпен күрес мәселесі таяу күндері арнайы қаралатын болады. – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында “Біз құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізуге тиіспіз. Бүгінде өкінішке қарай, біздің барлығымызға тиімсіз басқарудың, құқық қорғау органдарының функцияларындағы жанжалдан, тиісті кадрлық жұмыстың болмауынан, сондай-ақ ел құқық қорғау жүйесі қызметінде мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған пробле­малар анық көрінеді” деген болатын. Бүгінгі күні Елбасы міндеттеген осы бір мәселелерге байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Иә, құқық қорғау органдарының арасындағы кейбір өзара түсініспеушілік мәселесі біраз уақыт тілге тиек болды. Бірақ, бүгінде бұл мәселе өз ретімен оң шешімін тауып, құқық қорғау органдарының қызметі бір арнаға түсті. – Енді сыртқы байланыстарыңыз жөнінде айта кетсеңіз... – Жаһандану заманында мемлекеттің құқық қорғау саласында сыртқы байланыс­тарсыз елестету қиын. Әсіресе, есірткі тасы­малы, қылмыскерлерді қайтару, өзара құқық­тық көмек сияқты мәселелердің шешімін табу онсыз тіпті мүмкін емес. Еліміздің прокуратурасы бүгінгі күні әлемнің көптеген елдерімен тығыз құқықтық байланысты жолға қойған. Бұл мәселе соңғы кезде бұрынғыдан гөрі жандана түсті. Мәселен, өткен жылы Астана қаласында ТМД-ға қатысушы елдердің бас прокурорлары арасында адам, олардың ағзалары мен тіндері саудасымен күрес жөнінде келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Словакия Республикасы прокуратурасы арасындағы келісімге және Чехия Республикасының Жоғары мемлекеттік прокуратурасы арасында меморандумға қол қойылды. Бүгінде еліміздің Бас прокуратурасында халықаралық байланыстар жөнінде тұтас бір департамент жоспарлы түрде жұмыс істеп отыр. Онда шетелдік тілдерге жетік, осы салада тәжірибесі мол адамдар жұмыс істейді. Жалпы, басқа елдермен құқықтық қарым-қатынасымыз барған сайын арта беретіні сөзсіз. Бұл орайда 2011 жылы Прокурор­лардың халықаралық ассоциациясының Астанада бас қосатыны зор бедел және үлкен жауапкершілік екенін де айта кеткен орынды. Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІР.