18 Тамыз, 2015

«Кіндік қызымның келін болатынын кім білген?»

258 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мерейли отбасы– дейді тамырын тереңге жайған мәуелі шаңырақтың ұйытқысы саналатын әжей кенже ұлының жан жары жайлы ерекше тебіреніп – Қамаш апай, өткен ғасыр­дың 90-жылдары кеңшарға кемі 20 жыл жетекшілік жасаған басшыға шаруашылыққа тие­сілі дүние-мүліктің 20 пайызын тегін беру жөнінде Елбасының Жарлығы болғаны белгілі. Осын­дай құрметке облыстан 3 директор іліккен екен. Солар­дың бірі – сіздің Құдай қосқан қосағыңыз Қайырбай ағай екен. – Е, қарағым-ай! Бір шаңырақ астында 52 жыл өмір сүрген қо­сағымның мәңгілік сапарға аттан­ғанына да 5 жыл сусып өте шығыпты. Тірі болғанда сексен­нің сеңгіріне шығып, ортамызда отырар еді. Бабаларымыз жалған дүниені қамшының қысқа сабына текке теңемеген ғой. Екеу­міздің қол ұстасып, ойнап-күліп жүргеніміз күні кеше ғана сияқты еді. Студенттік өмірдің алаңсыз сәттерінің бірінде танысып, 1958 жылы отау құрдық. Жас маман ретінде теріскейдің шалғай елді мекеніне жолдама алдық. Марқұмның ерекше бөліп айтатын қасиеттерінің бірі еңбек десе ерінбейтіндігі, істің көзін таба білетіндігі еді. Балуан тұлғасына балаша аңғалдығы, анау-мынауға қозғала қоймайтын сабырлы мінезі жарасып тұратын. Еңбек жолын бөлімше зоотехнигі болып бастап, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына дейін көтерілді. Есіл ауданына қарасты «Дружба» кеңшарын ширек ғасыр­ға жуық басқарды. Көп жыл­ғы еңбегі «Құрмет белгісі» ордені­мен, бірнеше медальдармен атап өтілді. Садуак1 – Ол кездегі ауыл өмірі бас­қаша, бүгінгідей өркениеттің жоқ кезі. Ұлдарыңызды ұяға, қыз­дарыңызды қияға қонды­ру­да қандай қиындықтар кездесті? – Әке-шешеміз жастайымыздан ұлттық үлгі-өнегелерді, шыдамдылық, сабырлылық дағды­ларын құлағымызға құйып өсірді. Қайрекеңнің әкесі соғыста хабарсыз кетіп, жастайынан жетімдіктің, анасы Жаңыл жесірліктің зарын тартты. Қазақта «ене топырағынан» деген жақсы сөз бар. Ол кісі мені қызындай аялады, мен туған анамдай сыйладым. Жұмысқа, үйішілік шаруаға үлгеруіме, 5 баланы қатарынан кем қылмауыма, бір сөзбен айтқанда, қолымды ұзар­тып, жылы суға малуыма енем­нің сіңірген еңбегі зор болды. Бір шаңырақ астында 35 жыл тату-тәтті тұрдық. Мен 32 жыл бойы мек­тепте ұстаз­дық еттім. «Қазақстан­ның халық ағарту ісінің үздігі» ­атандым. Ұлдарым да, қыздарым да жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Әртүрлі салаларда қызмет атқарады. – Ауылды құрметтеу, Жер-ананы мәпелеп күту секіл­ді Қайрекеңнен қалған жақ­сы дәстүрді ұлдарыңыз жалғас­тырып келеді екен. Ұрпақ­тар арасындағы мұндай сабақтас­тықты немен түсіндірер едіңіз? – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде озып шығып, облыстық додада жүлдегерлер қатарынан кө­рінгенде іштей тәубе еттім. Сәдуа­қасовтар әулетінің жеке жеңісіне шаттанғандықтан емес! Мән-ма­ңызы тілмен айтып жеткізгісіз осындай шараның өмірге келуіне тікелей ұйытқы болған Президентіміздің әріден болжаған кемел саясатының түп-тамырында отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарымызды орнықтыру, бала тәрбиесіндегі әке-шеше жауапкершілігін арттыру секілді ізгі ниеттердің жатқанын аңғару қиын емес. Бүгінде «отанасы»», «отағасы» деген ұғымдардан алыстап кеттік. Сирек айтылады, құлаққа тосын естіледі. Отбасы, ошақ қасында берілген тәрбие бала жадында мәңгілік сақталатынын ескере бермейміз. Әлі күнге дейін өзгенің қаңсығына еліктеуді қоя алмай келеміз. Сондықтан, бірінші кезекте отбасылық, ата-ана, сосын балабақша, мектеп тәрбиесін күшейтпей болмайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп текке айтылмаған. Қайырбай сырқаттанған­нан кейін облыс орталығына көшу­ге тура келді. Алайда, шаңырағымызға ұлдарымыз Жамбыл мен Қайрат ие болып қалды. Олар әкелерінің «Жанғали» шаруа қожалығын жаңғыртып, астық өсірумен айналысып жүр. Қазіргі күннің келіндері бір-екі баламен шектеліп жүр ғой. Үлкен келіндерім Шынар мен Айсұлу 4 баланы дүниеге әкелді. Қалғандары – үшеуден. Заман жақсы, менен де асып кетіңдер, деп қалжыңдап қоямын. «Балалы үй – базар» деген. Шүкіршілік, 16 немере, 6 шөбере қызығын көріп отырмын. Жамбылдың ұлы Бейбіт бауырымда өсті. Бұл да – ұмытылып бара жатқан ата салтымыздың бірі. Үйлендірдім. Бүгінде үш дипломы бар жоғары білімді маман. Қызым Сәуле ғана Ресейдің Сургут қаласында, қалғандары маңайымда тұрады. – Сөз арасында кенже ке­лініңіз Әлия кіндік қызыңыз екенін аңғартып өттіңіз. Осы­ның сырына тоқталып өтсеңіз. – Ол рас. Өмір деген болжау­сыз, кейін тағдырдың осылай тоқайласарын кім білген? «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. Спасовка ауылында Мағзұм және Мархаба деген жаны жұмсақ, мінезі кішіпейіл кісілермен көрші тұрдық. Ағайындай араласып кеттік. 1975 жылы болашақ келі­нім Әлия туғанда кіндігін кесіп, туған қызымдай болып кетті. Енді қарашы! Кенжем Серіктің таңдауы оған түскенде, жүрегім жарылардай қуандым. Содан бері бір шаңырақ астында жұбымыз жазылған емес. Әлия­шымның Мәскеудің қазіргі гу­манитарлық академиясын бітір­генін өзгелерге үлгі етіп отырамын. Серік пен Әлиядан үш немерем бар. Шетінен өнерпаз. Байқау кездерінде көрермендер риза болыс­ты. Тұңғыштары Қайыркен биыл қазақ мектебін бітірді. «Жас ұрпақ бір шаңырақ астында» халықтық шығармашылық біріншілігінің сан мәрте лауреаты. Ұлттық мәдени ағарту жұмыстарына белсене қатысады. Әйгерім көркем гимнас­тикадан спорт шеберлігіне кандидат, облыстық құрамаға мүше. Мына қызықты қараңыз, ең кіші немерем Айзере бір жастан асса, ең кіші шөберем одан бір жас үлкен. – Биылғы жыл тағы қандай қуаныштармен есте қалмақ? – Өзім 80-нің сеңгіріне шықсам, Серігім 45-ке, Әлиям 40-қа толады. Екеуінің жүрек жарас­тыр­ғандарына – 20 жыл. Әр шаңырақтың тұтқасы, панасы боларлық ұл-қыз өсіргенімді, олардың жолын қуған ұрпақ қызығын көргенімді мақтан етемін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.