1930 жылдардағы күштеп ұжымдастыру саясаты миллиондаған адамның тағдырын талқандап, қазақ даласын алапат ашаршылыққа ұрындырды. Тарихшылардың бағалауынша, сол кезеңде миллиондаған қазақ қырылып, жүздеген мың адам туған жерін тастап, шетел асуға мәжбүр болды. Бұл қазақ ұлтының табиғи өсіміне ғана емес, оның рухани дамуына да ауыр соққы.
Ал 1937-1938 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін ұлттық интеллигенцияны жоюды көздеді. Алаш қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері «халық жауы» деген жалған айыппен атылды, түрмеге қамалды немесе жер аударылды. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин секілді ұлт зиялылары репрессия құрбанына айналды.
Мемлекеттік кеңесші Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жөнінде жиын өткізді
Қуғын-сүргіннің қасіреті тек айыпталған адамдармен шектелген жоқ. Олардың жұбайлары, балалары, туған-туыстары да қудалауға ұшырады. Әйелдер арнайы лагерьлерге қамалып, балалар жетімдер үйлеріне жіберілді. «Халық жауының отбасы» деген таңба мыңдаған адамның өмірін өзгертті.
Бүгінде әлем жаңа геосаяси шиеленістер мен қақтығыстар кезеңін бастан өткеріп отыр. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, мемлекеттер арасындағы текетірестер адамзатқа бейбітшілік пен тұрақтылықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салады. Тарих көрсеткендей, саяси амбициялар мен күш көрсету саясатының салмағын ең алдымен қарапайым халық көтереді.
Сондықтан 31 мамыр – тек өткенге тағзым ететін күн ғана емес. Бұл – тарихтан сабақ алатын, тоталитаризм мен заңсыздықтың қандай ауыр зардаптарға әкелетінін ұғынатын күн. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу арқылы біз әділдік, адам құқығы және ұлттық бірлік құндылықтарының маңызын тағы бір мәрте бағамдаймыз.