Қоғамдағы біртектілік пен бірлік ұғымы Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарындағы айрықша басымдыққа ие болып отыр. Ол болашақтың бірыңғай ұлтын қалыптастырудағы институттық реформаның негізін де қалыптастырады.
«Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады», деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХІV съезінде сөйлеген сөзінде.
Осынау маңызды мәселелерді шешудің нақты жолдары «100 нақты қадам» Ұлт жоспары стратегиясында ашып көрсетілді. Қазақстан Конституциясына сай барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек. «Мәңгілік Ел» идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық пен білімді қастер тұту, зайырлы ел – тағаттылық елі. Тәуелсіз еліміздің қарышты дамуы халқымыздың ортақ ниеті мен тілегінің салтанат құруына жол ашты. Мемлекеттік саясаттың беріктігі мен ашықтығы нәтижесінде біздің елімізде 17 конфессияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті тұрып жатыр.
Бұл орайда, Елбасының стратегиялық ой-пайымдары негізінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық өмірдің қозғаушы күші деңгейіне көтерілді. Құрылған 20 жыл ішінде беделді ұйым жалпыхалықтық өкілеттегі әлеуметтік бастамалардың орталығына айналып, кезек күттірмес мәселелерді шешудегі ғылыми-шығармашылық зор әлеуеттегі институт ретінде танылды. Ақмола облыстық ассамблеясы да сан-салалы қызметін аталған талаптар деңгейінде ұйымдастыруға күш салуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының тапсырмаларын орындау үшін аймақтық құрылымымыздың атқарушы органдармен, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақты қарым-қатынасы қалыптасып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты орнықтырудағы іс-қимыл тәжірибеміз мазмұндық жағынан байытыла түсуде.
Біздің игі ұмтылыстарымыз азаматтық біртектіліктің деңгейі еліміздегі ұлан-ғайыр өзгерістердің қарымымен өлшенетіндігін көрсетеді. Бұл, бейнелеп айтқанда, қоғамның нығаюының, қоғамдық күштердің мақсат бірлігінің, мемлекет тұтастығының алғышартының бекемдігінің «барометрі» сияқты. Мұндағы көрсеткіштер азаматтарымыздың Отан алдындағы жауапкершілігімен, ортақ мүдде жолындағы белсенділігімен өлшенеді. Біз институттық реформадағы 4-ші қадамда ерекше атап көрсетілген осынау міндеттер талабынан көрінуді абыройлы парыз санаймыз.
Қазақстандағы тұрақтылықтың өзге мемлекеттерден артықшылығы еңбек ұжымдарының, әрбір елді мекендегі жергілікті қауымдастықтың мақсат бірлігінен көрініс табады. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамашылдығымен құрылған Қоғамдық келісім кеңестері осы құндылықтардың ұйытқысына айналды деп айта аламыз. Біздің облысымызда 266 кеңес құрылған, оларды ауылдық округ әкімдері басқарады. Оның құрамындағы беделді азаматтар жергілікті өзін-өзі басқару қозғалысын дамытуда елеулі еңбек сіңіруде. Мәселен, Степногор қаласындағы қоғамдық келісім кеңесінің белді мүшесі Гүлмайра Баймақова қала аумағындағы өзінің Қарабұлақ ауылын «кіші ассамблея» ретінде ардақ тұтады. Ол «Жер-Ана Астана» қоғамдық қорын құрып, туған ауылының көз тартарлықтай құлпыруына күш салып жүр. Мұндай жандар өңірімізде көп және олар ел мақтанатындай өнеге шашып жүр.
Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміз бойынша қайырымдылық акцияларының өрістеуіне ұйытқы болуы керектігін атап өтті. Осыған байланысты көптеген ақмолалықтар Қазақстан халқы Ассамблеясы жылындағы игі істерге белсене қатысуда. Аз уақыттың ішінде жерлестеріміз «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» бастамасының символына айналған «Тайқазанды» 22 миллион теңгемен толтыруға сүбелі үлес қосты. Сондай-ақ, қайырымдылық дастарқандары жайылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған концерттер, донорлық қозғалыс өрістеуде. Мұндай шаралардың ауқымы кең. Қазіргі күні «Мектепке – жол» акциясының белсенді қатысушылары арасында Ассамблея мүшелерін көптеп кездестіруге болады.
Облыстық ассамблея жанындағы аналар кеңесі, журналистер клубы, балалар және жастар қауымдастығы, халықтық қолданбалы өнер үйірмесі, ғылыми-сараптамалық кеңес сияқты қоғамдық ұйымдар қызметінің аясы кеңейе түсуде. Олар облыстығы 45 этномәдени бірлестіктерінің әртүрлі іс-шараларына қатысып, жұртшылық ілтипатына бөленуде. Мұндағы жұмыстар этностық топтар мүддесімен шектеліп қалмайды. Мәселен, «Видергебург» неміс қоғамы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуде. Жуырда қоғам жанынан «Wunderkind» аталатын мектеп жасына дейінгі балаларға қосымша дайындық орталығы ашылды. Онда жасөспірімдерге жалпықазақстандық құндылықтар негізінен дәріс беріледі.
Ұлт дамуы стратегиясының Ассамблеяға қатысты 4-ші бағытында: «Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қазақтар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие», деген жолдар бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, елге танымал ағамыз Мейрамбек Қиықов екі жылдан бері «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігін басқарып келеді. Жұмыс ауқымын кеңіткен бұл бірлестік жыл басында екі тілде шығатын «Көкше дидары» газетін жұртшылыққа тарата бастады. Онда мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар, еліміздің қазақы болмысын сақтау мәселелеріне қатысты мақалалар жарияланып тұрады. Бұған қоса Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлкеттік университетінде «Қоғамдық келісім» орталығы жұмысын бастап, онда жерлестеріміздің мемлекеттік тілді меңгеруіне қолайлы жағдайлар жасалды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр ашқан «Қоғамдық келісім» сарайы жұртшылықтың жиі жиналатын мәдени-рухани орталығына айналды. Мұнда Қазақстан халқының достығы мен бірлігін қалыптастыруға бағытталған кең көлемді қолайлылықтар қамтамасыз етілген. Бұл орталық қазірдің өзінде Алматы облыстық ассамблеясының, шетелдік қоғамдық ұйымдардың делегацияларын қабылдап, астаналық облыс жұртшылығының емен-жарқын тұрмысын үлгі етіп көрсетті.
Жоғарыда аталған мысалдар қазақстандық біртектілік пен бірлік ұғымының мызғымастығын көрсетеді. Достық туын әрқашан биік ұстайтын халқымыз өзінің тұтас ұлттық ұстанымы – «Мәңгілік Ел» идеясының жарқындығына сеніп қана қоймай, оның асыл игіліктеріне бөленетіні анық. Өйткені, мақсаты бір халықтың арманы да асқақ болмақ.
Марзият ТОХАЕВА,
Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.
Ақмола облысы.