ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуімен басталмақ
Бүгін Алматыда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері бас қосады. Саммит десеңіз де, кездесу десеңіз де бейресми дейтін анықтауышы бар. Алайда бейресмилігіне қарамастан, осы кездесу көп мәселелерді анықтайтыны және бар.
Бұрындары ЕҚЫҰ-ға кім төрағалық етіп жатқанын біле бермейтінбіз, тіпті бәзбір елдің сыртқы істер министрін ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы ретінде Елбасы қабылдап жатқанын естігенде таң қалатынбыз. Ұйымға төрағалық ету Қазақстанның еншісіне тигенде ненің не екенін жақсы түсінетін болдық. Бұрынғы Ұйым жетекшілерін Қазақстанға келгенінде ғана танып жататын болсақ, бүгінде төраға елдің Президенті, әлемнің кез келген елінде Қазақстан деген атаудың баламасы ретінде айтылатын Нұрсұлтан Назарбаевты ғана емес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевты ЕҚЫҰ-ға мүше қай мемлекеттің де жүгірген баласынан еңкейген қариясына дейін жыға танитынына көзіміз жеткендей.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұсынысымен және басшылығымен ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан жүргізіп жатқан шаралар әлем елдері тарапынан қолдау тауып отырғаны белгілі. Соның ішінде мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді шешуге қос тарапты да иліктіру, Қырғызстандағы төңкерістен кейінгі жағдайды сабасына түсіру, Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру үшін қам жасау, осыдан 20 жылдай бұрын өзінің тікелей өнеге көрсетуімен ядролық қауіпсіздікті барынша азайту жөнінде нақты нәтижелерге қол жеткізу, басқа да халықаралық ұйымдарға өз төрағалығын пайдаланып, Еуропа мен Азияның, Еуропа мен мұсылман әлемінің арасын жақындату Қазақстанның төраға ретіндегі бастамашылдығымен жүзеге асып жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Сол қатардан орын алатын бір шара бүгін Алматыда басталып, ертең қала маңындағы “Ақбұлақта” жалғасатын болып отыр.
Бағдарламаның жүзеге асуы барысында өзгерістер болуы да мүмкін, алайда қазіргі болмысының өзі оқиғаларының көптігімен таңдандырады. Шараның бірінші күнінде Іс басындағы төрағаның жиырма шақты кездесуі көзделген екен. Екінші күнінде конференцияның ашылуын, оның екі сессиясы кезінде тағы да соншалықты кездесулердің өтетінін ескерсек, олардың бәрі бірлесе келіп, үлкен Саммит туралы нақты мәселенің шешілуіне мүмкіндік берсе, атымыздың бәйгеден келгені дей берейік.