Фото: Бейнежазбадан
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорған қаласында орналасқан коллекторлық агенттік қызметкерлерінің азаматтардың дербес деректерін қамтитын мамандандырылған ақпараттық жүйені заңсыз пайдаланғаны анықталды.
Бұл заңсыз деректер базасы арқы азаматтардың тегі мен аты-жөні, ЖСН (Жеке сәйкестендіру нөмірі) мен ұялы телефон нөмірлері туралы ақпараттарды іздеуге мүмкіндік болған.
Тергеу аясында осы заңсыз деректер базасын ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар үш адам ұсталды. Олардың тұрғылықты мекенжайлары мен жұмыс орындарында санкцияланған тінту амалдары жүргізілді.
Хакерлер ЖИ көмегімен Instagram қолданушыларының деректерін ұрлаған
Дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату үшін пайдаланылған компьютерлік техника мен мобильді құрылғылардың едәуір көлемі тәркіленді. Тексеру шараларын жүргізу мақсатында бірнеше адам полиция органдарына жеткізілді.
Бұған дейін Қазақстан азаматтардың жеке мәліметтерін қорғауды күшейтуге бағытталған жаңа заңнамалық түзетулерді әзірлеп жатқанын хабарлаған едік. Жаңашылдықтардың бірі – таралып кеткен дербес деректердің арнайы тізілімін құру. Мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы әрбір азамат өзіне қатысты қандай мәліметтердің ашық қолжетімділікке шығып кеткенін немесе таралу қаупі бар екенін тексере алады. Бұл жеке деректердің заңсыз қолданылуының алдын алып, азаматтарға дер кезінде қорғану шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.