Фото: жеке мұрағаттан
«Мен зейнетақы жинақтарын жаппай алудың кез келген түріне әрқашан қарсы болып келдім. Жалпы зейнетақы ақшасы пәтер сатып алуға немесе үйді жөндеуге арналған жинақ емес. Бұл – адам бұрынғыдай жұмыс істей алмайтын кездегі, яғни кәрілік шаққа арналған ақша. Сондықтан мен жеткіліктілік шегін көтеруді қисынды әрі дер кезінде жасалған қадам деп есептеймін», деді Расул Рысмамбетов.
Сарапшының пайымдауынша, қазір реформалау кезеңінде тұрған зейнетақы жүйесі ағымдағы әлеуметтік мәселелерді шешумен айналыспай, тек зейнетақымен қамтамасыз ету функциясын орындауы тиіс.
«Адам бүгін ақшасын алған кезде, ол өзінің болашақ зейнетақы төлемдерін автоматты түрде азайтады. Мемлекет қазір қысқа мерзімді тиімділікке қол жеткізгенімен, 20-30 жылдан кейін зейнетақының жеткіліксіздігі мәселесіне және қарттарды бюджеттен қосымша қолдау қажеттілігіне тап болады.
Сонымен қатар, бұл жинақтарды алуды емес, заңды жұмыспен қамтуды ынталандыруымыз керек. Азаматтың қолжетімді қаражатын арттырудың ең тиімді жолы – оған зейнетақы жинақтарын, яғни «артық» деп есептелетін соманы шешуге рұқсат беру емес, оның ресми жалақысын жоғарылатуға ынталандыру жасау. Ресми жалақы неғұрлым жоғары болса, БЖЗҚ-ға аударылатын жарна да, болашақ зейнетақы да соғұрлым жоғары болады», деп толықтырды ол.
Еңбек министрлігі: Жеткіліктілік шектерін көтеру болашақ зейнетақыны қорғауға бағытталған
Сарапшы зейнетақыны мерзімінен бұрын алу науқанының нарыққа тигізген теріс әсерін де жасырмады.
«Бұл қаражаттың бір бөлігі жылжымайтын мүлік нарығына кетті. Бұл жекелеген азаматтардың баспана мәселесін шешуге көмектескенімен, сонымен бірге үй бағасының өсуіне әсер еткен факторлардың біріне айналды, салдарынан баға екі есе өсті. Жалпы алғанда, жеткіліктілік шегі елдегі экономикалық жағдайды көрсетуі тиіс. Өмір сүру ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы, инфляция өсіп жатыр, міне, сондықтан шектің де жоғарылауы әбден қисынды», деді Расул Рысмамбетов.
Қаржыгердің пікірінше, қоғамдағы талқылаулардың бағытын мүлдем басқа арнаға бұру қажет.
«БЖЗҚ-дан ақшаны қалай алу керек дегенді емес, ресми жалақысы жоғары және тұрақты зейнетақы жарналарын аударып отыратын адамдардың санын қалай көбейту керектігін талқылау қажет. Бұл – жаһандық, макроэкономикалық міндет.
Бөлек тоқталып өтетін жайт, келесі қадам ретінде зейнетақы ақшасы бюджет тапшылығы мәселелерін шешпеуі үшін (немесе тек бір бөлігін ғана жабуы үшін) бюджетті оңтайландыру жүруі тиіс. Сонымен қатар ең басты сәт – бұл зейнетақы активтерін басқару тәсілін өзгерту. Қазіргі уақытта БЖЗҚ дәл осындай өзгерістердің алдында тұр және мен сарапшыларды жарияланған өзгерістер туралы ойлануға шақырамын», деп қорытындылады Расул Рысмамбетов.
Еске сала кетейік, бүгін зейнетақы жинағын алудың жаңа жеткіліктілік шектері жарияланды.