«Ұстаз ұлы қызмет емес, ұлық қызмет», деп Баукең, Бауыржан Момышұлы қанша дәріптесе де, шенділер мен шекпенділер бізге пысқырып та қарамайды, көзге ілмейді деп реніш білдіргені бар мұғалім ағамыздың. Көзге қораштау көрінетін осы кісінің тілі мірдің оғындай. Сөйлетсең тілдің майын ағызып, өзіңді баурап алады, аузыңды ашып қаласың. Көпшілік бас қосқан мәжіліс отырыста бүгінде қалталылар санатындағыны қолпаштап, дастарқанның төріне оздырып жатса, кезінде ел ағасы атанған, әлгі бір ағалар төменнен табылады. Елге танымал азамат деп айдар тағылған әлгілер көш бастап көсемсіп жатқанын қайтерсің. Мәжілістің салтанатты сәтін бастауды солар еншілеген.
Қазақи әдет-ғұрып салт-дәстүрді бүгінде көпшілік жұрт ұстана бермейді. Ағайын-тума, дос-жаран, құдандалы кісілер, нағашы-жиендер арасында қарым-қатынас суысып барады. Бүгінде тума-туыс дәм-тұзыңды бөлісіп жүрген жолдас-жоралардың қуанышыңа ортақтасып, құтты болсын айтып келіп-кетіп жатқаны шамалы. Телефон шалуға да жарамайтындары бар, шақырсаң ғана келіп, емеуірін білдіреді. Көшіп келіп жатқан ағайын-туыс, құда-жегжатқа босаға көрсетіп, ерулік беру сияқты ата-салты ұмытылып барады. Рас қызмет басында болса, аға-інілерің, балаларың лауазымды қызметте болса, танысып білісейік деп, жік-жапар болып жатқаны, көбінің көздейтіндері бақай есеп.
Мұны айтасыз ағайындылардың, жақын адамдардың арасында да қарым-қатынас мәз емес. Кемпірі көптен науқас Дәрменбай деген ағамыз балдызы мен бажасына апаларының көңілін сұрап, жағдайын білуге жарамағанына ренжіп: «Бұларға не деуге болады, Жарайды бажаны қояйын, сіңлісіне не болған.кәріп боп жатқан апасының жағдайын білуге жарамағаны ма?» – дегені бар. Міне, біздің қазақи сиқымыздың түрі осы, үлкендер жағы осындай болып жатса, кейінгіге не айтпақ керек.
Мұны айтасыз тума-туыстың арасында да қарым-қатынас онша емес. Үлкені кішісін бауырына тартып, кішілері үлкендерін арсаландап, ағалап жатқандары сиреп барады. Туыс іздеп бару аунап-қунап қонақта жату ұмыт бола бастады. Ағайын-тумадан жырақта өскен қала баласы «бауыр, туыс, елім, жерім деген» ұғымның мән-мағынасына зейін қойып жатқан жоқ. Елдегі ата-әжелері бұлар үшін қаймана қазақтың бірі сияқты болуы мүмкін. «Томаға-тұйық күй кешіп, тіршілік ету, жақсылыққа апармасы белгілі. «Араласпай тек жатсан, алыстайсың жегжаттан», деген аталы сөзді есте ұстаған абзал. Айнала толған көп адам, жападан-жалғыз мен қалам, дегендей, бүгінде екінің бірі жүрекжарды сыр айтып, жан дүниесін түсінер, ой-пікір бөлісер, дос-жар көңілге зәру.
Бүгінше айтсақ, бизнесі бар, ауқатты азаматтар, тума-туыстарына қарайласып, қолұшын беріп жатса бір ғанибет емес пе! Жоқ, жоқ. Ержігіт, етек-жеңі кең жігіттер қатары бүгінде сирек, ұсақталып бара жатқан сияқты. Бірде сырлас-замандастың әкім інісі соғымды сатып бергенін және оның бәлендей болмағанын айтып, реніш білдіргені бар. Ана жылы басына іс түскен бір азамат аяқ астынан қаражат қажет болғанда, сыйласып, ағалы-інілі болып, араласып-құраласып жүрген ағасынан қарызға ақша сұрапты, аламын деп барған ғой, анау болса ананы-мынаны сылтауратып меселін қайырыпты. Ақшасы бола тұра бермеді деп, көп уақыт өкпелеп жүрді ағасына. Бермей кетеді деп, қорықты ма екен? Бұл да отқа қарап отырған емес-тін, тек бір қысыл-таяң шақта сұраған ғой.
Бұрын балаң сені асырайтын, қазір сен балаңды баласымен қоса асырайсың. Мұны өмірде көріп те, естіп те жүрміз. Олар ата-анасының аз ғана зейнетақысына, азын-аулақ малына аузын ашып отырғандары. Пәтшағарлар ішуді ұнатады, маңдайтерімен еңбек етуге мойын жар бермейді, кездейсоқ табысты қалжау етіп жүргені. Мұндайлар некен-саяқ болса бір сәрі ғой, көбі тепсе темір үзетін жігіттер. Мұнымен қалай ел, қалай жұрт боламыз. Сапарбек деген көршіміз ана бір баласынан көресіні көріп отырғанын, одан көңілі әбден қалғанын айтып боздап отыр.
Төрт қабырғаға қамалып отырған кемпір-шалдың да күйі аянышты. Бұлар аш-жалаңаш емес, құдайға шүкір, зейнетақылары өздеріне молынан жетеді. Аянышты дейтініміз, немерелерін сүйе алмай отыр. Соларды аймалап құшуға зар. Бір қалада тұрса да, келін-бала сирек қатынасады, сылтаулары – баяғы жұмысбастылық. Ал баласы болса, ата-енесін айналшықтап, солардың дегенімен жүреді. Бұларға атар таңның арайлы, батар күнің мерейлі болсын деп айтуға аузың бармайды. Тағдыр тәлкегіне түскен жандар мұны келемеж деп қабылдауы мүмкін ғой.
Бүгінде сәлем де сатулы деген қалжың бар. Қалжың емес, шыны сол. Үлкенді-кішілі лауазымды қызмет атқарғандар кім-көрінгенге сәлем бере бермейді. Сәлем беруден кішірейіп қалатындай көреді өздерін. Өзің жалпылдап қоңырау шалып, амандық сұрап, мерекеңмен құттықтамасан, сені назарыңа алмайды, шындық осы. Ара-тұра екі үш шалдың басы қосылып, Есілдің жағалауында сайран құратынымыз бар, отырып өткен-кеткенді еске аламыз. Бірде бұрын лауазымды қызмет атқарған бізден жасы әжептәуір кіші кісі қасымыздан өтіп бара жатты. Анадайдан әрине бізді аңғарған да шығар. Бірақ жанымыздан өтер тұста басын тұқыртып, төмен салып, өте берді. Әлгі жігітті тоқтатып, мұның қалай бауырым, мына үлкен ағаларыңды елемей, түк көрмегендей өтуің қалай? Біз сені сырттай білеміз, тәуір азамат деп жүрсек, сәлем беруге де жарамайтын болып шықтың ғой, деп назымды білдірдім. Бір ой үстінде келе жатыр едім, аңғармадым, кешіріңіздер, айып менен деп кінәсін мойындады. Бұған да рахмет.
Қазір той-томалақ көп, барасың, бірақ өз орныңа отыра алмайсың. Бұрынырақ барғандар менен үлкендер болар-ау деп кейінірек отыруды білмейді. Үлкен кісі келіп жатса, қымсынбайды ғой пәтшағар, безеріп отырғаны бүгінде той-томалақта дастарқан басына отырудың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Үстеліңе тізім бойынша отырасың, солай десек те осы үстелдің өз төрі бар ғой. Қазақи жөн бойынша үлкендер жоғары отыруы керек.
Бірде қадірлі құдамыздың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай балалары ас берді. Төргі үстелде отырмыз, жан-жағыма көз тастап қоямын. Төменгі үстел басындағы үлкен кісіге көзім түсті. Қасымдағы өзін ел ағасы деп білетін қариядан: «Ана ақсақал осы ауылдың адамы ма, төменде қалды-ау», деп едім, әлгі көршім «осы ауылдың шалы ғой», деп қомсына сөйледі.
Иә, той дегеннен шығады, той тойлау жақсы ғой, егер оны қалтаң көтерсе. Аттылыға еремін деп, жаяудың таңы атты дейтін бе еді? Кейбіреулер намысына басып, тойын дүрілдетіп өткізуге барын салады. Мен бәленшеден кеммін бе деп қарызданып, қауғаланып той өткізіп жатады кейбір бейбақтар. Қостанай өңірінде жұрттың көбі Тобылдың көркем табиғат аясында орналасқан «Ақ шаңырақ» мейрамханасында өткізуге құмар. Соңғы кезде той деген шашылу емес, қуанышыңды бөлісу деп жүр. Солайы солай ғой, алайда әркім шама-шарқына қарап қимылдаса дейміз. Қазақ кім көрінгенді көлденең көк аттыны да шақырып жатады. Ағайын-тума, ең жақын бауырларды дос-жаранды шақырып, қуанышыңды бөліскенге не жетсін. Тойға барып келдік десе, қаншадан болды деп сұрап жатқаны. Тойдың бағамы оған қатысқан адамдардың санымен берілетін болды. Сайып келгенде айтпағымыз, көрпеңе қарап көсіл.
Көп жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың әйелі орыс болған ғой. Өмір бойы сыйласып өткен екен. Сол кісі балалары Ескендір мен Геннадийді «жоғалттым» депті. «Олар қазақи рухтан ұлттық түсінік-түйсіктен, тәлім-тәрбиеден, салт-дәстүрден мақұрым қалды. Осы үшін халқымнан кешірім сұраймын деп жазыпты. Бала тәрбиелеуде кемшілік жібергені үшін халқынан кешірім сұраған жалғыз Оңдасынов шығар. Ал мұндайлар елімізде жетіп-артылады емес пе. Жоғары шенділер балаларын тек орысша оқытуды, тек шетелде білім алуын мақсат еткен. Біледі дегендердің айтуына қарағанда, бұл пәтшағарлар қазақ атануды қорсынатын көрінеді.
Әйел туралы ескі көзқарастан біздің қазақ әлі арыла алмай келеді. Біреуді ұнатпаса, қатын сияқты деп даттап жатқаны «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», деп кемсітетінін қайтерсің. Осы жерде «Алып анадан туады» деген аталы сөз ойға оралады. Қазақтың белгілі ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов: «Әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы, еркек көктен түскен жоқ, әйел оның анасы», деген екен. Жан жолдасы жарын ардақ тұтып аялап, қадірлей білетін жандар нағыз бақытты болса керек. Едіге би әйелдің адал болмағы да, надан болмағы да еркектен, әйелдің сымбатты болуы да, қымбатты болуы да еркектен деген ғой. Біле-білген адамға отбасы шаттығы, ынтымағы мен ауызбірлігі жігіттерге шаңырақ қожасына байланысты. Отбасы тіршілігі, бала тәрбиесімен айналысып отырып-ақ әулеттің ынтымақ-бірлігін бекемдеп, ақыл парасаты мен оларды ұйытып, сүйікті жарының алаңсыз қызмет етуіне қамқорлық жасай білетін айдай сұлу келіндер баршылық. Жарасымды жұбайлық сыйластық бұларды тума-туыстары, жора-жолдастары ортасында ерекшелеп тұратынын айтқан жөн.
Бүгінде билік басында жүрген азаматтар қарақан басының қамынан әлі қаша алмай жұр. Олар ақшаның құлына айналып бара жатқанға ұқсайды. Ең жаманы доллар көрінсе бәрін ұмытып, қандай қылмысқа болса да баруға әзір. Біразы қылмысқа ұрынып, темір тордың арғы жағында жүр. Байлық жақсы ғой, бай болғанға не жетсін. Тек оған адал еңбек, маңдайтерді төгіп жетсе дегіміз келеді. Өкінішке қарай, көбі оған жан қинамай жеткісі келеді. Осылай кете берсе не болады. Ең жаманы «Балық басынан шіриді» дегендей, ел сеніп отырған азаматтардың қылмысқа бой ұруы өкінішті-ақ.
Еліміздің жарқын болашағы, ынтымақты еңбекте, ауызбірлікте екені белгілі. Ал біз осыған зәруміз. Таланттысы басшы, талаптысы қосшы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйысып еңбек етсе – құт береке дарыған қуатты да, іргелі ел боларымыз хақ. Жаратқан ием осы жолда бізді қолдап, қорғай жүр деп тілейік.
Қанапия Мырзағожин,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Астана.