Мәдениет • Бүгін, 08:45

Қазақ баласының қарлығашы

4 мин
оқу үшін

Әмен Қайдардың әйгілі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмін көрмеген, білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Қазақ баласының ана тілінде тамашалаған тұңғыш туындысы арада қаншама жыл өтсе де көзге ыстық, көңілге жылы ұшырайды.

Қазақ баласының қарлығашы

Қазақ анимациясының ал­ғаш­қы қарлығашы осыдан 60 жыл бұ­рын жарық көрді. Осы уақыт ішін­де бұл картина қазақ бала­ла­рының ғана емес, әлемнің түк­пір-түкпіріндегі көрерменнің көз­айымына айналды.

Естеліктерге сүйенсек, сол кез­дегі «Қазақфильм» кино­сту­диясының директоры Камал Смайылов суретшінің мульт­фильм жасау идеясына бірін­ші болып қолдау көрсеткен. Оның ұйымдастырылуымен суретшілерге арнайы бөл­ме бөлініп, болашақ мульти­пликаторларға арнап жарық түсетін үстелдерге тапсырыс беріліп, жұмыс басталып кеткен.

Мультфильм жасау туралы ғажайып ұсынысты суретшілер – Галина Дусенко, Еркін Сұл­танбеков, Эрнст Бисейітов, Борис Калистратов, Флобер Мұқа­нов қызыға қабыл алып, 1966 жылдың сәуірінде Әмен Қайдар бастаған топ «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты түрлі түсті, бір бөлімді графи­ка­лық мультфильмді жасауға кірі­седі. Оларға киностудия бас­­шылығынан бөлек респуб­ликалық Мемлекеттік кино коми­теті де қолдау көрсетті.

Қазақ тарихындағы алғаш­қы мультфильмнің ә дегеннен жолы болып, оп-оңай түсіріліп кетпегені анық. Бұл бастаманың бір жағында ұлттық намыс тұрса, енді бір жағын шығармашылық сапа ауырлатып тұрды. Әмен Қайдардың қолында өндірістік база мен кәсіби кадрлар болған жоқ. Бұрын-соңды кино саласында жұмыс істемеген суретші­лер мультфильм жасаудың күр­делі техникасымен, сондай-ақ ұзақ түндерге созылатын орасан еңбекпен бетпе-бет келді. Суретші-мультипликаторлар өздері фазалаушы, контурлау­шы, сызушы болып, целлулоидты бояуға дейінгі барлық жұмыс кезеңін өздері жасады. Кейде ұйымдастырушылық қиындық пен өндірістік мәсе­лелер шығармашылық топтың жұмысын тоқтатқан жайттар да кездескен.

10 минуттық қысқа ғана мульт­­фильмді жарыққа шыға­руға шығармашылық топ бір жа­рым жыл уақыт жұмсады. Кинематография стандарты бо­йынша 1 секундта 24 кадр, яғни 24 сурет ауысуға тиіс. 10 минуттық, яғни 600 секундтық туындыны жасауға Әмен Қайдар мен оның шағын тобы 15 мыңға жуық ерекше суретті қолмен салып, оның әрқайсысын жеке-жеке таспаға суретке түсірген.

Иә, мультфильмнің сәтті шы­ғып, көрермен жүрегінен жол табуына оның музыкасы да үлкен ықпал етті. Туындының композиторы қазақтың біртуар перзенті, күйші Нұрғиса Тілендиев болды.

Шығармашылық жолдағы біршама қиындыққа қарамас­тан мультфильм көрсетілімге шы­ғып, қазақ «Қарлығашы» әлем­дік аренаға бір-ақ ұшты. Бірден 48 мемлекет сатып алып, адам таңғаларлық дебют жасады. Мультфильмнің жұлдызды сәті туып, Бүкілодақтық кино­фес­­тивальдың жүлдесін, Орта Азия және Қазақстан кинема­то­графистерінің байқауының дипломын (1968), Ленинград қаласындағы III Бүкілодақтық кинофестивальдың Екінші сый­лығы және жүлдесін (1968), Нью-Йорк қаласындағы Халықара­лық мультфильмдер фестивалі­нің «Қола праксиноскоп» сыйлы­ғын (1975) жеңіп алды.

Айта кетейік, мультфильм­ге сол кезде түсірілім жұмысы жүріп жатқан «Қыз Жібек» көркем фильмінің бюджеті­нен қаржы бөлінген. Кейін «Қар­лығаштың құйрығы неге айыр?» дайын болған соң автор туындысын КСРО Мемлекеттік кинематография комитетінің қарауына ұсыныпты. Жобаны тексеруге Алматыға құрамында «Союзмультфильмнің» өкілі бар арнайы комиссия жіберіледі. Нақтырақ айтсақ, атақты «Винни-Пух» туралы үш фильмнің авторы, аниматор Федор Хитрук. Ол «Қарлығашқа» оң баға беріп, кәсіби деңгейде түсірілгенін атап өткен. Комиссия шешімінен соң «Қазақфильмнің» бюджетіне Қазақстанда жылына бір мульт­фильм жасауға қаржы бөліне бастаған.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» анимациялық фильміне 50 жыл толғанда «Қазпошта» алғашқы қазақ мультфильмінің кадрлары бейнеленген пошта маркаларының блогін, ал Ұлттық банк осы таспадан алынған кадр бейнеленген 500 теңгелік есте­лік күміс монетаны айналымға шығарды.

Әмен Қайдар алғашқы қар­лығашынан кейін «Құйыршық», «Құрылысшы Қожа-Насыр», «Байлық пен даналық», «Қырық өті­рік», «Сиқырлы кілем» сынды мультфильмді экранға шы­ғарды. Қазақ анимациясы жыл­намасының бастапқы беттерін таудай талантымен, қайталанбас қолтаңбасымен толтырды.

Соңғы жаңалықтар