19 Тамыз, 2015

Инклюзивті оқыту – өзекті мәселе

687 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміздің әр өңірінен жиналған білім беру саласының өкілдері «Арнайы білім беру: тәжірибе, проблемалар және алдағы міндеттер» тақырыбы бойынша ой-пікірлер алмасып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Анар­хан Дүйсенова кәмелетке толмаған 4 мыңға жуық жүріп-тұруы қиын балаларға жан-жақты жағдай тудырылғанын жеткізе келіп, Мемлекет басшысының «Кедергісіз аймақ» құру туралы тапсырмасының орындалу барысы жайлы баяндады. Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің өкілі Күлмария Оразғалинова мүм­кіндігі шектеулі балаларды оқы­ту, қоғамдық өмірге бейімдеу, толық­қанды өмір сүрулеріне жағдай жасау облыста дұрыс жолға қойылғанын нақты мысалдармен дәйектеп, озық іс-тәжірибе ретінде таратылатынын, биыл Қазақстан мүгедектеріне қатысты конвенция ратификацияланатынын, мұның өзі олардың өмір сүру сапасына оң ықпал тигізетінін айтты. Расында да, өңірдегі бұл бағыттағы іргелі ізденістер құптауға тұрарлық. Петропавл қаласында кезінде Шамил Шақшақбаев іргесін қалап кеткен тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балалардың интернаты жұмыс істейді. Оның тәрбиеленушілері жалпы білім беретін № 13 мектепте оқып, аяқ-қолы сау қатарластарынан өздерін кем сезінбейді. № 44 мектепте көздері нашар көретін оқушылар үшін сынып ашылған. Есту кемістігіне ұшыраған балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері балдық биден халықаралық жарыстарда топ жарып жүрсе, № 1 және 2 арнайы мектеп-интернаттарда да үлгі тұтарлық игі істер жоқ емес. «Батыр», «Солнышко», «Болашақ» балабақшалары жанында инклюзивтік топтар бар. Десек те, конференцияға қаты­сушылар бұл салада толғақты проблемалардың қордаланып қалғанына баса мән берді. Елімізде білім беруге арналған мемлекеттік бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – инклюзивті оқытуды дамыту болып саналады. Бұл жоба бойынша 2020 жылға таман мүмкіндігі шектеулі балалардың 50 пайызын оқытудың осы түрімен қамту көзделгенімен, мектептер үдерісіне енгізу әлі көңіл көншітпейді. Жалпы білім беретін мектептерде сау балалармен бірге әлеуметтендіру, бірлесіп оқыту әзірлігі сын көтермейді. Оның бір ұшығы инклюзивті тәлім-тәрбие беруге тікелей қа­тысты нормативтік-құқықтық базаның әлсіздігіне келіп тіреледі. Соның салдарынан материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету жайы баяу шешілуде. Жаңа оқу бағдарламалары бойынша тәжірибелік алаңдар тапшы. Брайль әрпімен жазылған ірі жазулы оқулықтар жеткіліксіз. Мектептегі оқу әр баланың дербес ерекшелігіне қарай жүргізілетінін ескерсек, психикалық дамуы тежелгендер үшін ортақ бағдарламаға ыңғайлану елеулі қиындық тудырып отыр. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік-еңбек және кәсіптік бейімделу ортасын қалыптастырудың маңызын ешкім жоққа шығармаса керек. Қолдағы мәліметтер жыл өткен сайын бұл санаттағылардың көбейіп келе жатқанын айғақтайды. Осыдан он жыл бұрын олардың саны 130 мыңды құраса, бүгінгі күні 200 мыңға жетеғабыл. Демек, жас жеткіншіктердің мардымсыз бөлігінің ғана бағдарламалармен жұмыс істейтін білім мекемелеріне баратыны ойландырмай қоймайды. Жиында сөз алған шешендер жеткіншіктердің тұлғалық дамуын қалыптастыруда біліктілік санаты жоғары мамандардың жетіспейтініне назар аударды. Мұның өзі оқу-тәрбиелік үрдістің жүйелі, тиімді атқарылуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ, жеке қабілетіне қарай белгілі бір мамандыққа баулу, мектеп бітіргеннен кейін оқуын одан әрі жалғастыру бағытында да шешімін табатын мәселелер жоқ емес. Бас қосуда инклюзивті білім беру жарымжан балаларға мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік беретінін, тең құқықтығын айғақ­тайтынын, сол себепті жеке көмек көрсету, психологиялық-пе­дагогикалық қолдауды күшейту, кедергісіз аймақ құру, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру мәселелері де кеңінен сөз болды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». ПЕТРОПАВЛ.