Мирас • Бүгін, 09:00

Жоғалып табылған Жайық шаһары

10 мин
оқу үшін

Қазіргі Орал қаласының маңында ортағасырлық қоныс болғанын көне карталардан байқап, кеңес өкіметі жылдары іздеген талай ғалым болған. Алайда Алтын Орда кезеңіне тиесілі Жайық қаласының қайта табылуы Тәуелсіз Қазақстан уақытына бұйырыпты.

Жоғалып табылған Жайық шаһары

Шағанға Деркүл тү­йі-сіп, екеуі Жа­йық­­қа құятын тұсын­да, сонау Орал тауларының Каспий ­­ма­ңы ойпаты басталатын соңғы сіле­мі – Желтау биі­гінде жасырынған ­кө­не шаһар көптің көзіне түспей ­көп жатыпты. Кезінде Ибн-Фадлан, ­әл-Идриси, Ибн-Батута сынды араб саяхатшыларының жазбасын­да аталып, көне карталарға түссе де, соңғы екі-үш ғасырда мүлдем аталмады десе де болады. Оны айтасыз, Желтаудан табылған қос кесене жермен-жексен етіп қиратылып, ең табанындағы кірпішіне дейін сөгілгеніне қарағанда, бұл тарихты мүлдем жоқ еткісі келгендер аз болмағанға ұқсайды.

«Әр істің қайыры бар» деген, 2001 жылы Қарашығанақтан тартылған мұнай құбыры Орал қаласы­ның тұсынан өтіп бара жатқанда ғасыр жаңалығы ашылды! Облыс орталығынан 12 шақырым жерден, Желтаудың іргесі – Жайық өзені­нің маңынан ортағасырлық көне шаһардың орны кездейсоқ шыға келді. Жер қазған трактордың күрегіне ілінген көне кірпішті құрылыс – Алтын Орда кезеңі­не жататын қоныстың қалдығы екені бірден белгілі болды. Кейін бірнеше жыл бойы археологтер зерттеп, бұл қалаға шартты түрде «Жайық» деген ат қойды. Қазба кезінде мұнда тұрғын жайлар, монша мен мешіт орны, кірпіш күйдіретін, әк өндіретін бірнеше өндіріс нысаны табылды. Осылайша, Алтын Орда кезеңі­не жататын Еділ-Жайық маңын­да­ғы бұрыннан белгілі Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық, Үкек, Бұлғар, Хажы-Тархан шаһарлар шеруіне бүгінгі Жайық, Жалпақтал, Сарыөзен, Қарағайлы, Ұшқан, Ащысай қалалары қосылып, туған жер тарихы толыға түсті.

Алтын Орда демекші, бүгін­де Қазақстан тарихын жаңа көзқа­рас­пен зерделеу – мемлекеттік ма­ңызы бар рухани міндетке айналды. Әсіресе ортағасыр дәуірін ұлттық мемлекеттіліктің тарихи негізі ретінде тану мәселесі ғы­лы­ми ортада да, қоғамдық санада да ерекше мәнге ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық сим­позиумда: «Алтын Орда дәуі­рін­де дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қа­лып­тасты», деп атап көрсетті. Бұл тұжырым Алтын Орданы тек әскери-саяси құрылым ретінде емес, жоғары деңгейдегі құқықтық, рухани және мемлекеттік мәде­ниет қалыптастырған өркениет­тік кеңістік ретінде бағалаудың маңызды ғылыми негізі болып тұр.

п

Міне, осы тарихи пайым аясында Жайық қалашығының мән-маңызы арта түседі. Себебі Жайық қалашығы – Алтын ­Орда дәуіріндегі қазақ даласындағы ­қала­лық мәдениеттің, халықара­лық сауданың және мемлекет­тік дамудың нақты археология­лық дәлелі болып отыр.

 – Жайық қалашығы Еуразия кеңістігін жалғаған тарихи орталық болғаны анық. Тарихшылар­дың пікірінше, Жайық қалашығы Еділ бойы, Хорезм, Қырым және ­Кавказ бағытындағы сауда жол­дарымен тығыз байланыста бол­ған. Бұл оның Ұлы Жібек жолы­ның солтүстік тармағындағы маңыз­ды бекеттердің бірі екенін көрсе­теді. Яғни Жайық қалашығы тек жергілікті қоныс емес, халықара­лық өркениеттік қатынастар жү­йесіне кірген тарихи орталық болған, – дейді «Жайық қалашы­ғы» тарихи-археологиялық, сәулет-этнографиялық музей-қорығы­ның директоры Мирболат Ерсаев.

Бірнеше жылға созылған зерт­теуден кейін тарихи Жайық қаласын жалпы көпшіліктің назарына ұсыну, туристік нысанға айналдыру идеясы жергілікті ­зиялылар тарапынан көптен айтылып жүрген еді. 2024 жылы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музейі құрыл­ды. Жаңа мекеменің құрамына 28 қызметкер қабылданып, жұмы­сын бастап та кеткен. Қазіргі таң­да 309 гектар жер бөлініп, оны қоршау және визит-орталық салу мәселелері қарастырылып жатыр екен. Жобада тарихи мұрамен қатар өңір туризмін дамытуға ба­ғытталған нысандар бар.

Мирболат Бекжанұлының айтуынша, Жайық қалашығы тарихи-мәдени музей-қорығын құрудағы басты мақсат – көне мұраны жан-жақты зерттеп, ғылыми негізде насихаттау екен. Сонымен қатар жаңа орталық аймақтың туристік инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек. Ғалымдар бұл ­бастама Жайық өңірін ғана емес, Қазақстан аумағындағы Алтын Орда кезеңіндегі ортағасырлық қалалық мәдениетте алатын орны ерекше болмақ деген пікірде.

Шынында да қазір Алтын Орда мен қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы айқындалып келеді. Бүгінде әлемдік тарих ғылымында Алтын Ордаға деген көзқарас та өзгерген. Бұрынғы­дай оны тек империялық немесе жаугершілік құрылым ретінде қарастыру азайып, енді мемлекет басқару жүйесі, құқықтық мәдениеті, діни төзімділігі және сауда-экономикалық ықпалы те­рең зерттеліп жатыр.

– Алтын Орда дәуірінде түркі-ислам өркениетінің жаңа үлгісі қалыптасты. Дала заңы мен ислам құқығының сабақтасуы қоғамдық тұрақтылықтың негізіне айналды. Бұл үрдіс кейін Қазақ хандығы­ның құқықтық және саяси жүйесін­де жалғасын тапты. Сондықтан Алтын Орданы қазақ мемлекеттілігінің­ ­тарихи тамырларының бірі ре­тін­де қарастыру – ғылыми тұрғы­дан да, тарихи әділет тұрғысы­нан да орынды ұстаным. Ал біз­дің Жайық қалашығы осы тарихи сабақтастықтың нақты айғағы болып табылады. Өйткені бұл мекен Алтын Орда кеңістігіндегі ­саяси, экономикалық және рухани процестердің қазақ жерінде де қарқынды жүргенін көрсетеді, – дейді Мирболат Ерсаев.

в

Осылайша, бірнеше ғасыр жоғалып барып, қайта табылған Жайық қалашығын жаңғырту мемлекеттік деңгейдегі міндет болып отыр. Қазіргі кезеңде тарихи мұраны сақтау мәселесі тек архео-логия немесе мәдениет саласы­ның шеңберінде қаралмайды. Бұл – ұлттық идеологиямен, тарихи санамен және елдің халықаралық имиджімен тікелей байланысты стратегиялық бағыт.

Жайық қалашығын жаңғыр­ту бірнеше маңызды міндетті қатар атқармақ. Біріншіден, бұл жастардың тарихи танымын күшейтеді. Өз тарихындағы ұлы өркениеттерді білген ұрпақтың ұлт­тық санасы да берік болады.

Екіншіден, аймақтық туризм­ді дамытуға ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеде тарихи қалашықтар көптеген елдің экономика­сына табыс әкелетін мәдени орта­лықтарға айналған.

Үшіншіден, Қазақстанның Алтын Орда мұрагері ретіндегі ғылыми және мәдени беделін халық­аралық деңгейде нығайтады. Сондықтан Жайық қалашығына қатысты археологиялық зерт­теу­лерді жүйелі түрде жалғастырып, ашық аспан астындағы музей кешенін қалыптастыру, халық­ара­лық ғылыми форумдар өткізу және туристік инфрақұрылымды дамыту – жаңа орталықтың алға қойып отырған маңызды міндеттерінің бірі.

«Жайық қалашығы» тари­хи-археологиялық, сәулет-этно­гра­фиялық музей-қорығы болашақ­та ұлттық тарих пен мәдениетті ұштастыратын заманауи ғылы­ми-туристік орталыққа айналуды көздеп отыр. Жоба аясында бірнеше маңызды нысан бой көтермек. Кешеннің басты бөлігі ретінде экспозициялар, зерттеу зертханалары, қор сақтау бөлмелері және интерактивті көр­ме залдары орналасатын бас ғимарат салынады. Мұнда архео­логиялық жәдігерлер қойы­лып, келушілерге тарихи деректер заманауи технологиялар арқылы таныстырылады.

Сонымен қатар Жайық қала­шы­ғынан табылған тұрғын үй­лер, монша, пештер мен мешіт қал­дықтары негізінде ашық аспан ас­тындағы археологиялық музей ашылады. Бұл нысандар орта­ға­сыр­лық қаланың тыныс-тір­ші­лігін көзбен көруге мүмкіндік береді.

Жоба аясында ортағасырлық бекініс пен базар алаңы да қайта жаңғыртылмақ. Аталған аумақтар сол дәуірдегі қалалық мәдениетті, сауда мен қолөнердің даму дең­гейін айқын көрсететін тарихи кеңістікке айналады.

Аймақтың көне рухани дүние­сін таныстыру мақсатында шатыр орнатылған қорғандар мен некропольдер салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қасиетті орынға монумент қойылып, қос кесене қалпына келтіріледі. Бұл нысандар өңірдің діни-рухани мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Кешен құрамында орта­ға­сыр­лық этноауыл – жайлау үл­гі­сіндегі арнайы аумақ та бо­ла­ды. Онда дәстүрлі киіз үй­лер тігі­­ліп, қолөнер шеберхана­лары ұйымдастырылады. Этно­гра­фиялық көріністер арқылы халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі дәріптеледі.

Мәдени-көпшілік шараларды өткізу үшін арнайы сахнасы бар үлкен алаң, ипподром, көкпар стадионы, спорттық жолдар, футбол алаңы және көрермендерге арналған трибуналар салынады. Бұл өз кезегінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға және халық­аралық деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізуге жол ашады.

Мұнда туристер мен ғалым­дарға қолайлы жағдай жасау мақ­сатында қонақүй кешені мен ботаникалық бақ салу да жос­парланған. Ал археологиялық қазба орындарын сақтау үшін шатырмен жабылған арнайы қорғаныс құрылымдары орна­тылады. Бұл тарихи нысандар­ды табиғи әсерден қорғап, келу­шілерге қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде көрсетуге мүмкіндік береді.

Міне, қадірлі оқырман, Жайық қалашығы тарихи-мәдени музей кешені – еліміздің өткенін ұлықтап, ұлттық құндылықтар­ды дәріптейтін бірегей жобаға айналғалы тұр. Болашақта бұл кешен тек ғылыми зерттеу орта­лығы ғана емес, сонымен қатар халықаралық туристік бағыттардың маңызды нүктесіне айналады деп күтіп отырмыз. Жоғалып табылған Жайық шаһарының ендігі ғұмыры мәңгілік болғай.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар