ҚОСТАНАЙ. 15 мамыр. Қостанайға Индонезия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гултом мырза келді. Ол алдымен А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде болып, студенттермен кездесті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Елші мырза алдымен университет басшылығымен кездесті. Онда екі жақ Индонезия мен Қазақстан арасындағы академиялық сала қызметі әлеуетін, әріптестік ынтымақтастықты арттыруды талқылады. Одан кейін журналистерге өзінің келген сапары жөнінде айтып берді.
Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гултом: «Қостанай өңіріне келу менің көптен бері ойластырып жүрген мақсатты сапарым еді. Осы келген сапарымда университет басшыларымен және облыс әкімімен, жергілікті бизнес өкілдерімен кездесемін. Университетте болдым. Қазақстандағы төрт университетпен байланысымыз бар. Біз бұл академиялық байланысты жалғастыра береміз. Мен жылы қабылдағаны үшін, университетпен, оның студенттерімен кездескенім үшін рахмет айтамын. Сонымен қатар қостанайлықтарға Индонезияның мәдениеті туралы айтып беретін боламыз», деді.
Елшіге А.Байтұрсынов атындағы Қостанаай мемлекеттік университетінің ғылым және сыртқы байланыс жөніндегі проректоры Жеңіс Жарлығасов білім ордасы туралы кеңінен айтып берді.
Елшіні де, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің басшылығын да алдымен жоғары білім саласындағы ынтымақтастық қызықтырады. Елші Фостер Гултом Қостанай университеті Индонезиядағы университеттердің бірін таңдап, алдағы уақытта мамандар дайындау ісінде байланыс жасауына болатындығын айтты. Ол үшін Индонезия республикасының үш бағыттағы бағдарламасы туралы да айтып өтті. Индонезиядағы төрт университет дүние жүзіндегі ең озық 100 жоғары оқу орнының қатарында екен.
Елшімен бірге келген индонезиялық жастар университет студенттерімен кездесіп, елінің мәдениетін, өнерін, дәстүрін көрсетті.
Индонезияның Қазақстандағы тұңғыш төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гултом мырза облыс басшылығымен, бизнес өкілдерімен кездесуде алыс-беріс туралы әңгімелейтін болады.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz