Саясат • Бүгін, 07:40

ЖИ саласындағы байланыс беки түседі

8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов әлемдегі жетекші технологиялық компа­ния­лардың бірі «NVIDIA» кор­пора­циясының вице-прези­денті Рев Лебаредян және «Firebird» компаниясының негізін қалау­шылар Размик Овакимян мен Александр Есаян­мен кездесті. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму ми­нистрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» акцио­нерлік қоғамының басқар­ма төр­ағасы Бағдат Мусин, сондай-ақ АҚШ-тың еліміздегі Төтен­ше және өкілетті елшісі Джули Стаффт қатысты.

ЖИ саласындағы байланыс беки түседі

Америкалық «Firebird» компаниясы жасанды интеллект инфрақұрылымын құруға, деректер орталықтарын дамытуға, жоғары өнімді есептеу жүйелерін әзірлеуге маманданған. Компания әлемнің түрлі өңірінде жобаларды жүзеге асырып, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеу­лер, цифрлық инфрақұрылым саласындағы әлемдік көшбасшы «NVIDIA» сияқты жетекші технологиялық серіктестермен ынтымақтастық орнатқан. Компанияның шешімдері әлемдегі жетекші суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының басым бөлігінде қолданылады. Сондай-ақ қазіргі заманғы генеративті жасанды интеллект модельдерінің елеулі бөлігінің негізін құрайды.

Кездесу барысында ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Олардың қатарында жоғары өнімді есептеу қуаттарын құру, заманауи деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру, халықаралық технологиялық серіктестерді тарту мәселесі талқыланды. Премьер-министр жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту еліміздің негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты.

«Мемлекет басшысы биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Осы аптада «Digital Qazaqstan» цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту туралы жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазір Екібастұз қаласында негізгі цифрлық жобалардың бірі –   «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – жаһандық цифрлық инфрақұрылымды орналастыруға арналған алаң қалыптастыру. Біз «Firebird» және «NVIDIA» серіктестерімен жасалған келісімдерді жоғары бағалаймыз», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр «ДӨО алқабы» жобасының негізгі артықшылықтарына назар аударды. Олардың қатарында ауқымды жер резерві, жеңілдіктер, электр энергиясының бәсекеге қабілетті бағасы бар. Жобаны кең ауқымда тарату мүмкіндігі инвесторларға маңызды фактор, яғни қазір 300 МВт қуат қолжетімді болса, алдағы уақытта оны кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр. «Firebird» компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Размик Овакимян еліміздің цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы жоғары әлеуетін атап өтті.

«Президенттің 2026 жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялау жөніндегі көреген шешімін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанға алғаш келген кезде-ақ елдің биік мақсаттары, технологиялық тәжірибесі мен адам капиталы әлемдік деңгейде екені бірден байқалды. Бүгінде жасанды интеллектінің озық есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға әрі инновациялық экожүйелерге инвестиция салып жатқан елдер ертеңгі экономикалық мүмкіндіктерді қалыптастыратын болады. «Firebird» АҚШ-тың озық технологияларын енгізу тәжірибесін, жаһандық жасанды интеллект экожүйесіндегі тығыз серіктестік байланыстарын және ірі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қауіпсіз әрі ерекше жылдамдықпен жүзеге асыру қабілетін біріктіреді. 2027 жылы жобаны іске қосу елдеріңізді әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосады. Біздің командамыз мықты, мүмкіндіктеріміз зор және біз Қазақстан Үкіметімен, «NVIDIA» компаниясымен және АҚШ-тағы серіктестерімізбен ынтымақтаса отырып, мақсат-мұратты шынайы жүзеге асыруға өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз»,  деді Размик Овакимян.

«NVIDIA» компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыруға арналған негізгі технологиялық құралдар мен тәсілдерді, Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экожүйесіне интеграциялану келешегін таныстырды.

 «Жасанды интеллектіні дамыту үшін «бес қабатты торт» деп атайтын құрылым қажет. Бұл деңгейде төменгі қабаттардағы барлық технологияны алып, оларды түрлі сала мен бағытқа арналған қосымшаларға айналдырамыз, осылайша олар нақты пайда мен құндылық әкеледі. Бірақ бәрі энергиядан басталады. Егер энергия болмаса, қалғанын дамыту мүмкін емес. Бұл – іргетас. Қазақстанда энергия ресурстары бар. Оның қоры мол әрі оны одан әрі өндіру мүмкіндігі болғандықтан, Қазақстан бұл бағытты бастау үшін өте қолайлы орын болып саналады. Шын мәнінде Қазақстан осы «бес қабатты торттың» әрбір деңгейіне қатыса алады. Менің көргенім, оқығаным және қазір осында болып байқағаным бо­йынша, Қазақстанның рухы мен жігері алға қарай ұмтылуға және елдің бар игілігін – табиғи ресурстарын да, адам капиталын да жасанды интеллектінің жаңа дәуіріне қадам басу үшін пайдалануға бағытталған»,  деді Рев Лебаредян.

Кездесуге қатысушылар мұндай жобаларға әлемде қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллектінің жаһандық нарығының көлемі жүздеген млрд доллардан асады, ал AI-модельдерді оқыту және пайдалану үшін қажетті есептеу қуаттарына сұраныс жыл сайын екі есе қарқынмен өсіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттер әзірлеушілер мен технологиялар үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа буынның цифрлық экономикасының негізіне айналатын инфрақұрылым үшін де белсенді бәсекеге түсіп отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміз жасанды интеллектіні дамытуға арналған ұлттық инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастырып жатыр. «ДӨО алқабы» жобасы жасанды интеллект экономикасының жаңа буыны – ЖИ-токендер экономикасының негізгі платформаларының біріне айналады.  10 млрд доллар көлеміндегі инвестиция елімізде «NVIDIA» GB300 және «Vera Rubin» чиптерін қоса алғанда, соңғы буындағы 100 мың GPU-чиптері негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымызша, жобаны жүзеге асыру жыл сайын кемінде 3 млрд доллар көлемінде экспорттық кіріс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаһандық технологиялық компанияларды тартады. Еліміздің Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтады», деді Жаслан Мадиев.

Елімізге заманауи деректер орталығы мен есептеу платформаларын дамыту инвес­тиция тартуға, цифрлық сервистерді локализациялауға, инженерлік кадрларды даярлауға әрі технологиялар саласында жаңа экспортқа негізделген бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік ашады. Өзінің жоғары өнімді инфрақұрылымының болуы, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуге, стартаптарды қолдауға, бұлтты сервистерді кеңейтуге, ел ішінде жасанды интеллект шешімдерін кеңейтуге жағдай жасайды.

«Біз ондаған жылға есептелген инфрақұрылымды қалыптастырып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру заманауи есептеу ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жасанды интеллект технологияларын енгізуді жеделдетуге әрі жаһандық технологиялық компанияларды тартуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда Еуразиядағы ең ірі цифрлық кластерлердің бірін қалыптастыру», деді Бағдат Мусин.

Кездесу қорытындысында жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық туралы жалпы көлемі 10 млрд долларды құрайтын келісімдерге қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар

Жарыстар күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00