Білім • Бүгін, 08:17

Дарындыға – даңғыл жол

5 мин
оқу үшін

Білім саласына ерекше көңіл бөлінсе, аз жылда жемісін береді, нәтижесін көрсетеді. Қазталов ауданында мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, аудан әкімдігі қолға алған бастамалар талай дарынды жастың талабын ұштады.

Дарындыға – даңғыл жол

Рас, кейінгі кезде аудан­да дарынды оқу­шы­ларды қолдау дәстүр­ге айна­лып келеді. Жақын­да республикалық және халық­аралық олимпиадалар мен ғы­лыми жобаларда топ жарған оқушылар мен олардың жетек­шілері ұлықталды. Қараөзен мектеп-лицейінде «Дарындыға дара жол» атты дәстүрлі кеш өтті. Тағылымды іс-шараға облыс орталығынан білім саласының лауазымды басшылары арнайы келді.

Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың айтуынша, кейінгі үш жылда аудан­да 4 мектеп пайдалануға берілген. Тағы екі мектеп күрделі жөн­деу­ден өтіп, материалдық техни­калық база нығайтылған. Мұның бәрі білімнің сапасын да арттырары сөзсіз.

Өткен оқу жылының ауыз толтырып айтарлықтай табысы да мол дедік. Ауыл балалары әсіресе ана тіліне жүйрік. Мы­салы, республикалық олимпиадада Алма Оразбаева атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Дана Серікқызы қазақ тілі мен әде­биеті пәнінен І орын, Қара­өзен мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Аяулым Тілепберген ІІ орын, Ғиният Молдашев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Матхат Рашидов ІІІ орынды жеңіп алған.

Республикалық шығарма­шы­лық және зияткерлік бай­қауларда топ жарған оқушылар да аз емес. Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектептнің 11-сынып оқушысы Мақсат Хамзин «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республи­калық кезеңінде ІІІ орын алса, Қараөзен мектеп-лицейінің 11-сынып оқу­шысы Аят Шоқат осы олимпиа­дадан ІІІ орын иегері атанды. Бірлік орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айзада Жолдыбай, Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқу­шысы Қарақат Нұрболат, Қаз­талов мек­теп-лицейінің 11-сынып оқу­шысы Аяулым Жұмагелді де республикалық математикалық олимпиадада жүлделі орын иеленген.

Сүлеймен Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 8-сынып оқушысы Ақжүрек Темірханов «Табиғатты аяла» рес­публикалық форумында ІІ орын алса, Кенжебек Мең­дәлиев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Наргиза Елеусінова республикалық «Ақберен» байқауында ІІ орынға ие болды. Ақпәтер орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айсәуле Талғатқызы XXVI республика­лық «Абай оқулары» байқауын­да ІІ орын иеленіп, өнерімен көпшілікті тәнті етті. Ғиният Молдашев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Әмина Думанқызы республикалық «Әбіш оқуларында» ІІ орын иелен­се, Алма Оразбаева мекте­бінің 11-сынып оқушысы Ғазиз­жан Нұрдаулет «Ақберен» бай­қауынан ІІІ орын және респуб­ликалық «Әбіш оқула­рынан» І орын жеңіп алды.

Республикалық ғылыми жо­балар конкурсында үздік таныл­ған жас зерттеушілер де аз емес. Сүлеймен Есетов атын­­дағы мектеп-бөбекжай кеше­­нінің 5-сынып оқушысы Айлана Нұрланқызы, Қазталов мектеп-лицейінің оқушылары Мұха­медәли Мақсатұлы, Еңлік Аман­жолқызы, Миралі Мирланұлы, Шынтемір Мұхтар­ұлы және Бостандық орта мек­тебінің ­7-сынып оқушысы Саят Жайық­ұлы республикалық «Зерде» ғылыми жобалар бай­қауында жо­ғары нәтижеге қол жеткізді.

Міне, осы оқушылар байқауда жеңіп алған сыйлығынан бөлек, аудан басшылығы тарапынан да құрмет көрді. Оқушыларға ноутбук, ақшалай сертификат­тар табысталып, жетекші ұстаз­дар­ға қаржылай сыйақы беріл­ді. Республикалық пәндік олимпиада жеңімпазының жетек­шісіне 1 млн теңге, ІІ орынға 700 мың теңге, 3 орынға 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы тиді. Республикалық шығармашылық және зияткер­лік байқаулар мен ғылыми жобалар конкурсында үздік танылған оқушылар мен жетекшілері де қаржылай сыйлыққа ие болды.

 – Осыдан үш жыл бұрын шәкіртім Ақжан Зейноллақызы республикалық олимпиадада бірінші орын алып, ұстазы ретінде 500 мың теңгелік сертификатпен марапатталған едім. Бүгін Аяулым шәкіртімнің арқасында тағы құрмет көрдім. Мұның барлығы ұстаз бен шәкіртке артылған сенім, қошемет пен қолдау. Білім әлемінің жанашырларына мың алғыс! – дейді Қараөзен мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Әсемжан Тасқалиева.

Айта кетейік, ауданның үздік оқушыларын құрметтеп, қар­жылай қолдауға аудан әкі­мі мен аудан­дық мәслихат депутат­тары, кә­сіпкерлер мұрын­дық бол­ған. Сондай-ақ Орал қаласын­дағы «Батыс Бизнес» ЖШС ди­рек­торы Аян Серікұлы да жерлес­те­­рінің бастамасына қомақты үлес қосқан. Бұл қолдау алда да жал­­­­ғаспақ. Осы күз­де ауылда тұ­ра­­­тын, мал ұс­тай­тын әр ұстазға 1 тір­­­кеме шөп тегін берілетін болды.

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар