17 Шілде, 2010

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ: БАТЫСТАН ЖЕТКЕН ЖАТ МІНЕЗ БАС КӨТЕРТПЕЙ БАРАДЫ

2955 рет
көрсетілді
48 мин
оқу үшін
Одан Абай мен Бауыржанды оқу арқылы тазаруға болады Өзің сыйлайтын, пікіріне құлақ қойып, білімін бағалайтын, ғылымдағы ешкімді қаталамайтын қолтаңбасы айдай анық, шын зиялымен осыдан біраз уақыт бұрын сыр-сұхбат құрып, ой бөліскен таспадағы дүниені қағазға түсіріп, қаттап жүретін едік. Енді, міне, соны жұртқа жеткізудің сәті түсіп отыр. Ол ­­– топтың ішінен, тобырдың қатарынан қалмай, бас шұлғып, иек қаққандармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, тегі мықты, тегеуріні күшті өзіндік бітім-болмысы, ой-қарымы, табиғат берген дарыны бар, соны ұлтының руханиятын дамытуға, тарихын саралауға, Абай әлемінің сыры мен сипатын, ішкі иірімін ғылым әлемінде ескі сарынынан арылтып, жаңа қырынан ашуға ұйытқы болып келе жатқан, “абайтану” ілімінің қазіргі көш басында жүрген, баяғы батыр бабалардың бүтін тұяғы, бір тал қияғы, халық батырым, қаһарманым деп бағалаған Бауыржан Момышұлы мұрасының шырақшысы ғана емес, “бауыржантану” ғылымының негізін қалаған профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы еді. – Қазақтың байтақ жері – ұлы Тұран өлкесінің жартысынан астам аумағын алып жатыр. Тұран арабтар билігі тұсында Түркістанға айналса, кеңестік билік үстемдік еткенде Орта Азия делінді. Тұранның қарашаңырағына ие болған қазақ бүгін тәуелсіздігін алып, іргесін бекітіп келеді, – деп әңгімесін бастады көрнекті ғалым ағамыз. – Мекемтас аға, көптен көкейде жүрген бір түйткілді сіздің талқыңызға сала кетсек деп едік. Тұраннан қазаққа қалған қарашаңыраққа жүктер жүк, артар салмақ аз болмаса керек. Қазір мемлекеттік дәрежеде сол қарашаңырақтың қадірі артып келеді. Үзіліп барып жалғанған үкілеген үмітіміздің күн санап ажары кіре түсуде. Бірақ, Отан – отбасынан басталады десек, сол отбасының киесі саналатын қазақтың қара- шаңырағы көп жағдайда кемпір-шалдың иелігінде қалып, оның алтын діңгегі саналатын ұрпақ өзінше тірлік кешіп, ұлттық үлгі бір замандары бізге жат көрінгендердің жолымен жойылып бара жатқанын жоққа шығара алмасақ керек. Осы арада ұлы Ғабеңнің (Мүсірепов) Шерағаңа (Мұртаза) айтқан: “Сонымен, “жалғыз бала” проблемасын жаз дейсің ғой. Қиы-ы-ын. Біз көбеюіміз керек. Біз жиылсақ – көппіз. Жа­йылсақ – жоқпыз. Жер кең. “Жалғыз бала” мә­селенің бір жағы. Ал баласы бар-ау деген ең зиялы адамдардың арты қандай? Қаныш, Мұхтардың есіктері жабылып қалды. Мен өлген күні... Менікі де... Сондықтан бардың өзі тіл, психология жағын қайтеді. Баласы көп Қапан еді (Бадыров), сұрадым: – Балаларым, немерелерім қазақша сөйлемейді, – дейді. – Тіл жүрген жерде ұлт­тық сана-сезім жүреді. Ал сана-сезім теңдікке ұм­тылады”, деген мұңы ойға оралады. Ұлылардың зары бұ­лай болса, өзгеге не жорық?! Заманына қарай адамы, бұған тосқауыл қоя алмайсың дейтіндер де табы­лар. Әйтсе де жаһандану жағадан алып, төрге озып тұрғанда, Еуропадан үйреніп жатқанда ха­лықтық әдет-ғұрыптан, салт-санадан, ата-ана мен ба­ла арасындағы қайырым мен мейірімнен айырылу, жатба­уырлық жайлап, ізет пен инабаттан көз жазу, әркім өзі үшін өмір сүру керек деген тоңмойындықтың бел алуы, жүрегі оңайда жібімейтін, көңілі шуақ шашпайтын бір түрлі ұрпақтың қалыптасып келе жатуы – бұл қар­тын өзінше, жасын бөлекше күн кештіріп жүрмес пе екен? – Иә, бұл секем алдырып отыр. Біз бәрін заманға жаба саламыз. Сонымен ақталғымыз келеді. Заманның иесі адам ғой. Абай мен Бауыржан заман солай демеген. Өз үкімдерін іркілмей айтқан. – “Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек”, демейтін бе еді Абай. – Дегенде қандай. Абайдың ұлылығы осында жатыр. Қазақ жұрты жеті кезеңді, жеті басқын­шы­лық­ты бастан өткерді. Оның біріншісі – ғұндар зама­нын­да Қытаймен шатыстық, екінші – парсымен ара­­ластық, үшінші – Александр Македонский бастаған грек­тер келді, төртінші – арабтар андағайлап жетті, б­есіншісі – моңғолдар, алтыншы – қарақұрым қал­мақтар қаптады, жетінші – ормандай орыс жайлады. Сырттан келгеннің бәрі жарылқайын демейді, шамасы жетсе барыңды алып, өзіңді жардан құлатып жіберуге әзір тұрады. Қабырғамызды қақыратқан, омырт­қа­мызды опырғандар зұлымдығын көре жүріп, бәріне төз­дік. Қазақ жоғалған жоқ, бүгінгі тәу етер елдігіне жетті. Ендігі жерде болған мен болмағанымызды өзі­міз­ден көрмесек, өзгеден көрер жайымыз жоқ. Астары қа­лың, көрінісі елең-алаң, қиыр-шиыр ізі қор­ға­сын­дай ауыр өткен күндерді тарихи тұрғыдан зерттегенде, ал­дымызды болжағанда мен тек қана Абайға жүгінем. Зерттейтінім де, зердемнен өткізіп ой қорытқанда қол артатыным да – Абай. – Сонда: “Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға бол­сын кез. Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз... Жақсыға айтсаң, жаны еріп, Ұғар көңіл шын бе­ріп, Дертті ішіне ем көріп, Неге алтынды десін жез”, демексіз ғой. – Әрине. Әңгімем ащы шығар. Ақиқатына келсем, Абайдай данасы бар елдер сол данасының ілімін ілгері оздырып, өздері танып-біліп қана қоймай, өзгенің де санасына сіңіре біледі. Еуропа Данте, Гете, Қытай Конфуций ілімін әспеттейді, құдірет санайды. Үлкен-кішісі әр сөзін алтынмен аптап, күміспен күптеп құр­мет көрсетеді. Абайымыз кімнен кем демей, кейде біз әлгі аталған ұлылар айтты дегенді мысалға келтіріп, өзі­міз құрқол отырғандай таңдай қағатынымыз бар. Әри­не, бұл арада мен ұлының бар адамзатқа ортақ еке­нін көрмей, білмей отырғам жоқ. Солардың қа­тарында тең тұғырда Абай абыз да тұрса деймін ғой баяғы. – Қазақтың қасиетті ұғымдарын, не өзіңіз айтқан ақыл-ой иелерін, былай қойғанда, ұлтымыздың небір арыстарының қасында арқан есе алмайтын қылаңның бояуын қалыңдатып, міне, керемет деген құлдық санадан әлі құтыла алмай жүрміз. Өзіміз де бір адам жаңалық ашыпты десе, оған күмәнмен қарап, әй қайдам деп, мұхиттың арғы жағында, не басқа бір құрлықта біреу иненің жасуындай жетістіктің шетін шығарса, оны құп көріп, іліп әкетіп, тек соларға ғана тән, біздікі жат көрінетін әй, кәпір мінез кездесіп қалады. Бұл ауылдағының аузы жаманның кері емес пе? – Өзгені зор, өзіңді қор санағанда табарың не, шығар ұшпағың қандай болмақ!? Өзгеге қиғанды өзіңе қимасаң сор емес пе? Патшалық Ресей, одан кейінгі үрейлі үстем күш бізді осылайша өзгеге табындырып, таңдандырып қойды ғой. Сол сартап санадан құтыла алмай, сорға батқандар жақсыны көргісі келмейді. Бірақ бұл уақытша нәрсе, аз күнгі алданыш. Зуылдағандар мен зымырағандардың заманында бағаланбағандардың бағы уақыт өте келе, кейде өмірден озған соң ашылып, еңбегі жанып, бағаланып жатқанын көріп жүрміз. Мен бұлтаққа жоқ, тура айтатын адаммын. Кейде осы қылығымнан бастыққа да, басқаға да жақпай жүретінім бар. Туралық – шын сөзім. Сол шын сөзіңді біреулердің қас-қабағын бағып, өз есебін түгендеу үшін небір жат қылықтарға, өтірік, өсектерге, жағымпаздыққа баратындар сенің ақиқатыңды аяқасты етіп жатады. Шындық торға қамалған жерде, солай болады. Ақиқат ақтап алғанда ғана айнадағыдай толық көрінеді. Турашылдығымнан – арым таза, жүзім жарық. Сол үшін де жанымды күйттеп, жақсы өмір сүруге дағдыланбай, ағысқа қарсы келе беремін. Себебі, Абай рухы жібермейді. “Бет бергенде шырайың сондай жақсы, Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың”, – осылайша құбылма, болмасқа бола алтын дидарыңа көлеңке түсірме, айналаң қадала қарап, көріп-біліп отыр, “Пайда ойлама, ар ойла”, – деп Абай ілімі әр күні таңмен таласып, алдымнан шығады, титтей қия бассам: “Мұның не?” – деп жанымды жай таптырмайды. Бұдан кейін қайтіп қулық сауарсың? – Шынында, Абайды ойлы көзбен оқысаң, өзіңіз айтқандай – тазарасың. Сөйте отырып, жетесіздердің жетім тірлігіне күйінесің, жиренесің. Ойың мен бойыңды билеп кеткенде ұлы ақынды көріпкел демеске шараң қалмайтын секілді. – Абай – адамзаттық биікке көтерілген ойшыл. Ресейге бодан болған соң біздің тағдырымыз патша саясатына қарай бейімделді. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында батысымызды сұлтан правителдер биледі. Сөйтіп, билік төрелерге берілді. Олар патша сеніміне кірген еді. Орта жүз билігін де төрелерге беріп көрді. Кенесары көтерілісінен кейін, бұл болмайды екен деп аға сұлтандық жүйені енгізді. Құнанбайдың аға сұлтан болуы осыдан келіп шығады. Мұны ұзын арқан кең тұсау, билік өзінде деп қазақты алдарқатқан бір кезең деп қойыңыз. Және бұл жымысқы саясаттың соңы жеріңді, жұртыңды түгел бағындырып, өзбекті де өзіне икем­деп, Орталық Азия мен Қытай арасындағы шека­ра­ны бекітіп дегеніне жеткеннен кейін ол, шір­кін­дердің ұстанған саясаты, 180 градусқа бұрылып шыға келді. Оның алдында қазақты үркітіп алмау үшін ауыл сайын молда жібергені және бар еді. Мұның бәрі пат­шаның енді тырп ете алмайсың дегенін білдіретін еді. Бәрі біткен соң орыстандыруға көшті. Жабайыларды жа­байылардың қолымен тұншықтыру үшін болыстық жү­йені алып келді. Бір ру ішінен болыс сайланса, талас-тартыс болмайды. Сондықтан бірнеше рудың ба­сын қосып, болыс сайлаймыз деп сүйек лақтырды. Бүкіл ақыл-ой, байлық соның жолына құрбандыққа ша­лынды, талас-тартыс көбейді. Ауылдастың емес, аға­йынның аты озсын деген бел алып: “Сабырсыз, ар­сыз, еріншек, Көрсе қызар, жалмауыз, Сорлы қазақ сол үшін, Алты бақан алауыз. Өзін-өзі күндейді, Жақынын жалған міндейді... Жүз құбылған салт шықты. Пысық кім деп сұрасаң, – Қалаға шапса демалмай, Өтірік арыз көп берсе, Көргендерден ұялмай. Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ, Өтірік, өсек, мақтанға, Ағып тұрса бейне су, Ат-шапаннан кем көрмес... Мал мен бақтың дұшпаны, Кеселді пысық көбейді, Күшік иттей үріп жүр, Кісіден кеммін демейді”, – деп, Абай айтқан жат мінез, жарамсақтар көбейді. – Аға, сөзіңізді бөлгенге кешіріңіз. Біз Абайдың дүние-танымын аша алдық па? – Бұл үлкен әңгіменің арқауы ғой. Еуропалық жүйемен даярланған философтар бізді адастырды. Неге дейсің ғой. Олар тек – тамырды ысырып қойып, Абайға батыстық үлгімен қарады. Сонда қазақ ұлты, арқауы үзілмеген шығыс қайда қалды? Арнасынан бөліп, айдалаға әкеткен Абай қайдан оларға ашылып сөйлей қойсын. Абайдың рухани нәр алған көздерінің бірі – мұсылмандық шығыс еді. Мұны Мұхтар Әуезов әр қырынан келіп айтқан. Оны ол кезде көп жұрт түсіне қоймаған. Сөйтіп, Абай жұмбағы жұмбақ күйінде қала берген ғой. Тереңіне бойламай, өлеңдерін жаттап, қара сөздерін аударыстырып, жүре бергенбіз. Мен ұлы Мұхаңның абайтанудың сегіз түрлі мәселесін көтергенінен хабардар едім. Бірі ғана емес, бірегейі – Абайдың шығысы болатын. Соған ұмтылдым. Әрине, жасырып қайтем, саналы түрде ұмтылғам жоқ. Ол ой кейін келді. 1959 жылы Мұхтар аға Ташкент қаласына келгенде кездесіп: “Осы Абайдың шығысы неге айтылмайды?” – дедім. Мұхаң: “Қандай та­қы­рып”, – деп қалды. “Ақынның шығыстануы”, – дедім. Жазушы сәл ойланып тұрып: “Әй, балам-ай, жо­лың болмайды ғой!” – деп бұрыла бергенде мен: “Неге болмайды?”, – деймін ғой тақымдап. Мұхаң тү­сін суытып, рең бермеді. Сөйтсем, ол менің на­дан­дығым екен. 1949 жылы Мәскеуде орталық партия ко­митеті космополитизм туралы қаулы қабылдапты. Онда батыс пен шығысқа бас игендерді талқандау көз­деліпті. Мұндай жағдайда Абайдың шығысы туралы айту қайда. Мұқаңның түсін суытуы содан көрінеді. 1965 жылы кандидаттық диссертация қорғау үстінде Ғұламаһи Дауани туралы айтам деп басым дауға қалды. Алты жарым сағат айтыс өтті. Бір философ орта ғасырда нең бар, жаңа ғасырды айт, деді. Мен де ыға қоймадым. “Ол кім өзі?” – деп үш рет қайыра сұрадым. Жауап бере алмады. “Білмесеңіз, неге дау шығарып отырсыз? Бұл менің сөзім емес, Абайдікі ғой”, – деп “Ғылым таппай мақтанба” деген өлеңінен төмендегі дәйекті келтірдім. Ол өлеңнің түйіні: “Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма. Шын сөз қайсы біле алмай, Әр нәрседен құр қалма. Мұны жазған – білген құл, Ғұламаһи Дауани. Солай депті ол шыншыл, Сөзін оқы және ойла, Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл – гүл”, – деп келетін еді. Несін айтасың, әр кезеңдегі ішкі есебі бар жадағай саясат қазақты талай жарға жықты ғой. Абайтанудың түп тамыры толық адамда жатыр. Абайдың толық адам туралы айтқанын термин ретінде айналымға мен түсірген едім. Мұхтар Әуезов те білген, бірақ айта алмауы себепті, “нравственная личность” деген сөзді астарлап қолданған. Жұрт оның астарын түсінбеген. Оның түп-тамырында толық адам жатыр еді. Абай отыз жасында өз ұлтының рухани құн­ды­лықтарын жақсы меңгеріп, Шығыс әлемімен мықты қаруланған еді. Бұл екі алтын бұлақ ұлы ақынның дү­ниетанымын орнықты қалыптастырды. Үшінші бұлақ көзі орыс арқылы жеткен батыстың ілімі болатын. – Соңғысы Абайдың дүниетанымына үлес қоса алды ма? – Жоқ. Оған толық адам ілімі дәлел. Егер біздің философтар араб, парсы әлемінен, исламияттан хабары болса Абай керемет ашылады. Абайға толық адам ілімі қайдан келді? Мен осыны көп зерттедім. “Абай және Шығыс” деген кітап жаздым. Иә, толық адам ілімі бүкіл Еуропада жоқ. Тіпті ХІІ-ХІІІ ғасырға дейін араб-парсыда да кемел адам ілімі болмаған. Бұл пікірді Иранның атақты ғалымы, Иран-Ислам мемлекетінің көшбасшысы болған Хоменидің бас кеңесшісі Мұртазаның орыс тілінде Мәс­кеуден шыққан “Усовершенный человек в ис­ла­ме” деген монографиясы айғақтайды. Ол ұғымды көне түркілер әкелген. Оның арғы жағында Әл-Фарабидің “парасатты адамы” жатыр. Оны “Ізгілікті қала тұрғындарында” көтерген. Сол секілді Абайдың “толық адамы” (камили инсани) Ж.Баласағұнның “Құтты білігі” дастанында баяндалады. Біз басында сол шығармадағы төрт әдеби кейіпкерді түсінбедік. Оның біріншісі – әділет, екіншісі – дәулет, үшіншісі – ақыл, төртіншісі – қанағат еді. Бұл төрт “кейіпкер” не деп жүр десек, толық адам ілімінің негізі осында жа­тыр екен. Соны әдеби кейіпкерлер арқылы сөйлеткен. – Толық адам ілімі Абайға не үшін керек болған? – Абай Ресейден құтылу жолы оңай емес екенін ерте түсінген. Алысып-жұлысқаннан, соғысқаннан түк шықпайтынын білген. Тілін, ғылымын үйреніп, сол арқылы мақсатқа жетуді көздеген. “Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз”, – дейді де оған төтеп беретін жолды ұсынады. “Орысша оқу керек, хикмет те (керемет, ғажайып – М.М), мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білсек керек... Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады”, – деуі сондықтан. – Осы арада Абайдың: “... малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір ғибадат орнына бармайды”, – деген сөзі ойға оралып отыр. – Қазағым деген ақынның қай сөзі де ұлт ұраны ғой. Өзімшіл, кейде бойынан ойы аспай қалатын, бір ыңыранып байдың, келесі күні ыңыршағы шығып ыңырсыған кедейдің күйін кешетін жұрттан толық адамды қайтсем шығарамын дегендіктен жоға­ры­да­ғыдай сөздерін үлгі етіп қалдырған. Бүгін ұрпағыңды түзе, ол ертең ұлтыңның ұйытқысы болады, дейді Бұзылып бара жатқан қазақтың психологиясын, қайт­сем жөнге келтіремін дейді. Абайдың осы кемел адам ілімін Шәкәрім ар ғылымы деп қарады. Ар ғылымы оқылса деп армандады. Әр пенде тазару үшін Абайды оқу керек. Ұрпақ рухын ояту үшін абайтану ғылымын меңгеру қажет. Оны шын меңгерген адам еш уақытта: қараулық, жаулық, ұрлық жасамайды. Жан дүниесі таза болады. Мені тазалыққа баулыған сол Абай ілімі. Абай ілімі болмаса, мен де Мағжан айтқандай, “қарын деген сөзді ғана жаттаған” ар ойламай, пайда ойлағанның бірі болып қалар едім. Сол ілім жолынан шыға алмадым. Мұның бір жағы жақсы – рухани бай боласың, бір жағы жаман – кедейліктен күніңді әрең көріп жүресің. Айырмасы осында. Менің мақсатым, осы екі араны ашып, жастарға ұғындыру. Сөйтіп, күллі дүниедегі аузымыздан тастамайтын басқалардың мықтыларының қатарына Абайды, Абай ілімін, абайтануды қосып, қазақ та осал емес дегенді дәйектеп шықсам деймін. – Сіздің бұл ұлық сөзіңізді елдің бәрі түсініп, қабылдай қояр ма екен? – Жоғарыда өзің де айтып қалдың. Өз жақсымыздан өзгенің бір қылаң ойын артық қоятын қисынсыз қылығымыздың бары рас. Түсініп, қолдап кетеді деп айта алмаймын. Қалай десек те Абай ілімі керек. Оқу үрдісіне енуі қажет. Себебі, қазір батыстан келген жат мінез-құлық бас көтертпей барады. Өздеріне қауіп жоқ, мұсылман әлеміне бүгін болмаса ертең қиындық келтіреді. Оған тосқауыл болатын, тек Абайдың толық адам туралы ілімі ғана. Толық адам дегеніңіз – ақылды, ой-парасаты биік, халқын қадірлейтін адам. Ондай адам қазақты қайранда қалдырмайды. Мемлекетіміз моральдық кодексін жасай қалса, оның іргетасы Абай ілімі болар. Сонда Абайды әлем мойындар. – Абайдың ұлттық таным, ұлттық педагогика туралы ілімінің де жөні бөлек қой. – Ол не дегенің. Біз қанша айтқанмен Еуропадан табиғатымыз бөлек, көшпелі дамуды жасаған халықпыз. Көшпелі болғанда таза көшпелі емес, отырықшылдықты қатар алып жүрген жұртпыз. Еуропа өзінікін бізге берді, қабылдадық. Осы күндері біздің педагогикамыз – Еуропаның рельсімен жүретін педагогика болды. Бірақ бұл рельс ескірді. Егер осы рельс ескірмеген болатын болса, Еуропа халқы бүгінгідей дағдарысқа түспес еді. Ізет, инабат, ағайын-туысқа қайырым тәрізді адамгершіліктен шықпас еді. Бұған мен дәлел келтірмесем де жұрт көп жат қылыққа куә болып жүр ғой. Сондай педагогика бізге қажет пе? Менің ойымша, әлгі рельсті өзгерту керек. Ол рельстің орнына өзіміздің ұлттық рельсті салуымыз керек. Сонда ғана біз тәрбие жүйесін жөндей аламыз. Мәселе, бізге үлкен “қопарылыс” керек. Ол ұлттық “қопарылыс” болуы керек. Бізге тиімдісі, револю­ция­лық емес, эволюциялық жол. Жалпы, бұл қоғамдық ғылымдар саласы бойынша жүзеге асқаны жөн. Себебі, біз маркстік, материалистік философиямен қалыптастық. Енді шығыстық философияға баруымыз керек. Біз одан алыс кете алмаймыз. Түбіміз бір түбі ораламыз. Ол біздің көшпелі отырықшылды филосо­фия­мызға келтіреді. Сондықтан бүкіл қоғамдық ғылымдар, соның ішінде педагогика ғылымы да бар, жаңаруы қажет. Егер осы жүзеге асса, біз педагогикада ұлттық жолымызды таба аламыз. Әрине, жақсы істі алу керек. Мен оған қарсы емеспін. Қарсы болуға қақым да жоқ. Экономикадағы, техникадағы, техноло­гия­дағы, тағы басқа салалардағы жетістіктер, сөз жоқ, келу қажет. Бірақ Еуропа бізге рухани жағынан ештеңе бере алмайды. Дін жағынан да солай. Қазір мұсылман діні әлем мойындаған адамгершілік діні болып отыр. Біздің дін теріс жолға жібермейді. Біздің дінге тіл тигізіп, “бұзық” деп жатқан саясаттың ісі. Қайталап айтамын, біздің болмыс та, табиғат та, дін де бөлек. Абайдың анаңның тілін біл, ғылым үйрен дегенін жоғарыда айттым. Ал Шәкәрім бұл мәселеге келгенде өте тереңдеп кетеді. Ол Абай негізін салған жантану ілімінің жолымен жүрді. Абайда “жантану”, “жанның жібілей қуаты” деген бар. Қазір ғалымдар пси­хо­логияны жантану деп жүр. Психология – жан­тану бол­майды. Мысалы, логика – ойлаудың заңдары туралы ғылым. Психология түрлі психологиялық құ­былыстарды, яғни ренжу, қуану, қорқу, т.б. пси­хи­калық құбылыстардың заңдары туралы ғылым. Ал, “жан” Жаратушыдан келеді. Оны психологтар қайдан тани қояды? Абай мен Шәкәрім сол жанды зерттеп, Жаратушы түп Иені іздейді. Мысалы, Шәкәрім: “Жаралыс басы қозғалыс, қозғауға керек қолқабыс. Жан де мейлі бір мән де, сол қуатпен бол таныс, Дүниені сол жаратқан”, – деп ой түюі тегін нәрсе емес. Сонда біздің ғалымдар қай заңды зерттеп жүр? Философтар қазір де Абайдың ілімін ашып бере алмай отыр. Қаншама кандидаттық, докторлық диссер­та­циялар қорғалды. Алайда, олар кеңестік, еуропалық қалыптан шығара алар емес. Ал ол қалыпқа Абай сия ма? Жоқ. Оған ұлттық, шығыстық таныммен барсаң ғана жақындай аласың. Бұл күндері Қазақтың Абай атындағы ұлттық университетінде абайтану ғылыми-зерт­теу орталығы осы мақсатта жұмыс істеп жатыр. Бұл тұрғыда арнайы бағдарлама жасап, университет шәкірттеріне дәріс оқимыз. Мені қуантатыны, жастардың Абай шығысына қызығушылықпен қарауы дер едім. Бұл жалғаса берсе, Абайдың шығысы әлемдік деңгейге көтерілетіні күмәнсіз. Білім беру бойынша екі мәселені ерекше айта кетсем деймін. Министрлер ауысып жатады. Дұрыс-ақ. Бірақ білім-ғылым, мәдениет министрлерін жаны бар, қаны бар адамды таңдау қажет секілді. Оларды жиі өзгерте берсек білім, рухани жағынан жаңғыра алмаймыз. Қазір мен оқу жүйесіне онша риза емеспін. Себебі, білім өзіміздің іргетасымыздан шықпай тұр. Біреулердің іргетасындағысын көзсіз тықпалап жатырмыз. Көбі дүбәра. Айталық, тестімен емтихан алуды әкелдік. Бұл техникалық ғылымға жарасар, ал қоғамдық ғылымға келмейді, бүлдіреді. Мысалы, бала әдебиеттен сол тәсіл бойынша емтихан тапсырады. Ол емтихан жауабын ойланбастан жаттайды. Сол жасанды жаттауға баға қойылады. Сөйлемейді. Мылқау кейіпте. Мұндай жағдайда олар қалай тілді үйреніп, ұлттық рухты бойына сіңірмек? Бұл аз десеңіз, бүгінгі оқушылар қолмен жазудан да қалып барады. Және бір мәселе, кредиттік жүйеде оқыту деген бар. Идея дұрыс. Бала іздену керек. Бірақ соған дайынбыз ба, мұғалім әзір ме, ой-сана талапқа толық жауап бере ме?.. Мен қатып қалған ескі көзқарастың адамы емеспін. Көңілге сыйымды жаңалықты қабылдауға әзірмін. – Шәкәрімнің “Үш анығын” алғаш сіз жариялаған едіңіз. Осы туралы да айта кетсеңіз. – Шәкәрім барлық дінге сын көзбен қараған. Ал “Үш анығында” өзінің ілімін берген. Ол дүниені менің жариялағаным рас. Алғашында Шәкәрім қолымен жазылмаған шығар, көшірме ме деген әртүрлі ой болды. Сөйтіп жүргенде, Бейсенбай Байғалиев деген шәкіртім Қытайдан жеткен бір қолжазбаны алып келді. Салыстырсам, екеуі бірдей. Түсінбеген сөздерді философтарға оқытып алдық. Бір сенімге келген соң, қалың жұртқа ұсындық. Бұл еңбекте Шәкәрім идеалистік философия мен материализмді салыстыра келіп, өзінің үшінші анығын шығарады. Бұл мораль философиясы еді. – Сіз қазақтың қилы кезеңдердегі өсуі мен өшуі, аралас мектептер туралы бағымыз бен сорымызды да аз айтып жүрген жоқсыз. – Бұл да жаныңды жегідей жейтін нәрсе. Отаршылдардың жүгенсіз әрекеті халқымызды барлық жағынан әлсіреткені анық. Олардың мақсаты, байтақ жерімізді ит талаған терідей ары тарт, бері тартпен тонап, ұлттық сананы улап, бірте-бірте құрдымға жіберу тәрізді сұмдықтар болатын. Соны қазақ зия­лылары ерте аңғарды. Жол бермейміз деп жанталасты. Осы жерде ойыма қыршын кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: “Түбінде құруыңа елден ерек, Мен айтайын болады жерің себеп”, – деген екі жол өлеңі оралып отыр. Сол Алаш арыстарының халқым деген қадірлі қасиетін қай уақытта да жалғай беру керек. Мен сонау кезеңнен бастап 2009 жылға дейінгі өткен халық санағы туралы көз жазбай жазып келемін. Ондағы ойым қазақ қай кезде қаулап өсті, қандай уақытта қызыл қырғынды бастан кешіріп өшті, соны тарата отырып, толқын-толқын ұрпаққа, әсіресе жастарға ой салу. Айталық, 1897 жылы Ресейге қараған барлық түркі халықтарының 52,5 %-ы қазақ болса, 1911 жылы 57,5 пайыз болыпты. Бұдан кейінгі жерде құлдырай береді. Миллиондап қырғынға ұшырады. 1916 жылы 6 млн. 200 мың болса, 1940 жылы 1 млн. 900 жүз мыңға дейін құлдырап, қазақтың ормандай оталғанын көреміз. Ал енді аралас мектеп жайына келер болсам, бұл да өзекті өртемей қоймайды. Еуропалықтар Азия халықтарын отарлау барысында осы білім беру жолын таңдап, миссионерлер арқылы жүзеге асырып отырған. “Көн қатса қалыбына” дегендей, біз мұны кеңес дәуірінде “совет халқы” деген ұранмен жалғастыра бердік. Тіпті аралас мектеп туралы ғылым қалып­тастыруға да талпындық. Соның бір дәлелі, патшалық Ресейде аралас мектептің басында миссионер ғалым­дардың идео­логтары Ильмин­ский, Остроумов, Александров жүрсе, олардың КСРО-дағы идея­лық мұрагері, Қазақ КСР Оқу минис­трінің орынбасары А.Шерба­ков­ болды. Ол кандидаттық диссертация жазды. Бұл “еңбектің” басты ұстанымы қазақ мек­теп­терінің күні өтті, өйткені одақ келе­шекте бір тілді халық бола­тын­дықтан қазақ тілінің келешегі жоқ, өмірден өшетін тіл деп “жаназасын” шы­ғарған топтың ойын ғылымда не­гіздеу еді. Бұған Бауыржан Момышұлы бастаған қазақ зия­лылары қарсылық танытты. Бір кеште соған байланысты төмендегі әңгіме қозғалған еді. “Я поз­накомился с авторефератом одного сары орыса (А.В.Шербаковты айтып отыр.– М.М.) Между строк вычитал: будущий ученый муж призывает закрыт казахские школы, поскольку современные казахи говорят на русском языке”, – деп шамырқанған Бәукең ойластыра келіп: “У нас, например, при комиссариате просвешения или около него есть коммунисты, которые говорят: единая школа, поэтому не смей учить на другом языке, кроме русского. По-моему, такой коммунист – это великорусский шовинист. Он сидит во многих из нас. С ним надо бороться, их надо убрать с пути просвешения”, деген Лениннің сөзіне жүгініп (ол кезде осындай ілік таппасаң сөзің іске аспайды, өзіңді ұлтшыл етіп шығарады. – М.М.), жазушы Сәбит Мұқановқа хат жазады. Автореферат­пен танысып шыққан ұлы Сәбең қанша жерден: “Советтік сөзге қаламы, Көрмеген әсте мұқалып. Мұны жазған кәдімгі, Белгілі Сәбит Мұқанов”, болса да мынандай сорақылыққа төзбейді. Орыстардың кері тартқан тарихшылары мен саясатшыларының миссионерлік бағыттағы пиғылдарын әшкерелеп, диссертанттың жер көкке сиғызбай мақтап отырғаны “орыс-тузем” немесе “аралас” мектептер арқылы реакциялық ағымды өршітіп, орыстандыру ісін орнықтыру екенін ашына айтып: “Сонда тек қана отаршылдардың тілінде сөйлеп, оқу керек пе? Қазақ мектептерін тарату туралы диссертант ашық айтпағанмен де бүкіл диссертацияның ішкі мәні соған құрылған”, – дейді. Міне, түкірігі жерге түспей тұрған кеңес заманының өзінде арыстарымыз батырлықпен, батылдықпен қазақ тілін қалай қорғаған! Әлгі Шербаковтың “еңбегіндегі” мына бір деректерді кел­тіре кетсем артық болмас. 1911 жылы Қазақстандағы 1475 орыс мектебінде 81400 оқушы болса, қазақ мектебі 350, ондағы оқушы саны 7600-ге әрең жетеді. 1924 жылы қазақ топырағындағы 2624 орыс мек­тебінде 185540 оқушы оқыса, қазақ мектебі 821-ге жетіп, ондағы бала саны 53500-ді құраған. Бірен-саран ойшыл азаматтар болмаса, бәріміз мұны халықтар достығының жемісі, интернационализмнің әдемі үлгісі деп дәріптедік. Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде түркі халықтары арасында аралас мектептер саны таусылуға бет алса, біздің елде ол үрдіс байқала бермейді. Қазақ еліндегі ірілі-ұсақты 80 мыңдай мектептің 1777-сі таза орыс тілді мектеп болса, 2068-і аралас мектеп. Үмітіміздің жанып тұрған бір тұсы ел болғалы бері 900 қазақ тілді мектептің ашылуы дер едік. Осы бағыт жыл санап гүлдене берсе, шүлдірлеп жүрген шүрегейлер мемлекеттік тілді біліп қана қоймай, әспеттейтін күн туатын шығар. Кейде, қазақтың құнарлы тілі құрып кете ма деп қауіптенем. Мәселен, сөз қадірін түсінуден қалып барамыз. Ұлтымыз сөзге тоқтаған, әр сөздің тарихи тағылымын зерделеп отырған. Мысалы, абыз деген сөзді алайықшы. Бұл сөзді біз бұрын арабтан келді деп жүргенбіз. Сөйтсек, түркі сөзі, оның ішінде бұрынғы үйсін мемлекетінен қалған жәдігер екен. Бір замандары бұл сөз керемет естілетін. Сөздің құдіреті кетіп бара жатқандықтан ба, қазір ер де абыз, әйел де абыз. Бұл дұрыс емес. Абыздың құпиясы бар. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы үшінші ғасырдағы үйсіндер мемлекеті туралы құнды материалдар қытай архивінде сақталған. Сонда тоғыз сатылы жүйе көрсетілген екен. Ол Күнбиден басталған. Әлгі тоғыз сатының алтыншы сатысы абыздарға тән делінеді. Сол кездегі билік абызға екі адамды сайлайтын болған. Оның бірі патша ақылшысы, көріпкелі, алдын болжайтын адам болса, екіншісі – санат қайраткері. Бүкіл біздің өнер түрлері осы екінші абыздың ой-өрісінен тараған, дейді атақты ғалым Құдайберген Жұбанов. Ол кісі сөз төркінін тап басып айтқан. Себебі, қоғамның бүкіл ішкі, құрылымын, рухани дүниесін осы екі адам ұстаған. Олардың жауап­кер­шілігі өте жоғары болған. Содан да шығар, патша абызға кез келген адамды ұсынбаған да, сайламаған да. Қасиеті бар, ел таныған, еңсесі биік, ой-өлшемі бө­лек адамдар ғана абыз атағын иеленген. Кешегі кеңес дәуірінде ондайларды идеологиялық хатшы дедік. Олардың арасында Өзбекәлі Жәнібеков секілді бірлі-жарым адамнан өзгесі, абыз дәрежесіне жеткен жоқ. – Күлтегін, Қорқыт, Алтын орда кезіндегі Асанқайғы, Абылай тұсындағы Бұқар абыздар емес па? – Оған дау бар ма. Абыздардың аталары ғой бұлар. Мемлекеттіктен айрылған соң тайпалық ой-сана басып кетті. Елдік сананың орнына еуропалық сана келіп, соның ықпалы ма тарихымызды әлі ғылыми тұрғыда түгендей алмай келеміз. Қазір ғылыми атағынан ат үркетін докторлар көп. Олардың ғылымға қосып жатқан үлесі қандай, оны саралап жатпаймыз. Саралай келіп жұмылсақ, қане. Түбі керек болып қалар деген үмітпен емес, үлкен ізденістердің нәтижесінде сол еңбектердің бәрінде болмаса да біразында жаңалықтар ашылса, қазақ ғылымы төрткүл дүниені тамсандырар еді-ау! – Сіз тәуелсіздігіміздің елең-алаң жылдары, нақтылай түссек, 1993 жылы “Қазақ қалай орыс­тан­дырылды” деген кітап шығарып, патшалық Ресейдің қазақ халқын қалай отарлағанын, миссионерлердің мысық тірлігін, КСРО-ның жылым саясаты ұлтты адастырып, рухани сауатсыз қалдырғанын, соның бірі – әліпбиді кириллицаға ауыстырғанын, қуғын-сүргін, аштық ұйымдастырғанын жасқанбай жарияладыңыз. – Сұрағың орынды қойылып отыр. 25 жасқа дейін мен кеңес дәуірінің саясатына еш күмән келтірмедім. Сол жасымда аудандық партия комитетінің идеология бөліміне басшы болып қызметке барғаным бар. Мен ойлайтын едім, ондағы адамдардың бәрі періштелер, судан таза, сүттен ақ деп. Сөйтсем, нағыз парақорлар мен пәлеқорлар, нәпсісінен айрылғандар сонда екен. Партияның мұнысы несі? Сөзі былай, ісі мынау деген ой мазалай келіп, санам екіге жарылды. Ұлт мәселесіне келгенде жастықтың әсері ме іркілмей, “бірдеңкелерді” айтып жіберетін әдет таптым. Мұным өзгелерге ұнай қоймады. Түртпектей бастады. Ғылымға бет бұрып, аспирантураға түстім. Бауыржан Момышұлының үйінде жаттым. Ол кісі көзімді ашып, әлгі екіұдай ойдың біреуіне ғана табан тіретті. Түлетіп шығарды. Архивтерді ақтарсам, қазақ халқын құртып жіберу жолында небір сұмдық қадамдар жасалыпты. Голощекин Сталинге жазған хатында қазақ интеллигенциясын әлсіретудің бір жолы – біріне-бірін айдап салу арқылы жою керек депті. Оның бұл зымияндығы 1937 жылы “мәреге” жетіп, Алаш арыстарын баудай түсірді. Мен осының бәрін қағазға түсіріп жүретін едім. Білім үйретеді дегендер – миссионерлік идея таратушылар, оны наси­хаттаушылар, православие дінінің кітаптарын қазақ тіліне аударып таратушылар, мұсылмандықтан бездіріп, шоқындырушылар екеніне көзім жетті. Мұны архив деректерімен қоса, М.Әуезов автоцензурасы арқылы дәйектедім де. Мәселен, 1860-1917 жыл арасында қазақ тіліне ондай теріс пиғылдағы 72 кітап аударылып, таратылған екен. Мұндай арам пиғылға кеңес дәуірі де толық тосқауыл қоймаған. Дүрмектің қалқасында жалғасын тауып жатқан. Осының бәрін біліп, халыққа қалай жеткіземін, пар­тия идеологтарын қайтсем иландырам, жұртымыздың жеткіншек ұрпағын сақтандыру жолы қайсы деп мазасыз күй кешіп жүргенде КСРО-ның іргесі шайқалды. Құлап тынды. Тәуелсіздігімізді алдық. Әрине, бұл күнге жету оңай болмаған еді. Осы мүмкіндіктен халқым айырылып қалма, сені ешкім де жарылқамайды, оған осы кітаптағы деректер мысал дей келіп, жинақты айғайлатып тұрып үш тақырыпқа топтастырдым. “Ел қалай орыстандырылды”, “Жер қалай орыстандырылды”, “Сана қалай орыстан­ды­рылды” деп жар салдым. Қазақ ұлтшыл емес, өтке­нінен әділеттілікті ғана сұрайды. Жоғалтқандарын іздейді, соны қалпына келтірсек дейді. Бұл жолда жауласып, біреумен дауласпайды. Біз рухани қазынамызды түгендеп, ұлттық идеямыздың іргетасын мықтап, ұрпағымыздың ой-санасын бекемдеп, отаншылдық рухын қалыптастыра алсақ, ұтылмаймыз, ұтамыз, жаһандануға төтеп бере аламыз. – Мекемтас аға, ендігі әңгімені өзіңіз негізін салған бауыржантануға бұрсақ. Бауыржан Момышұлы арғы алыптар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, т.б. батырлар секілді халқы бағалап, жұрты төбесіне көтерген нағыз тұлға. Биыл, міне, 100 жылдығы аталып өтіп жатыр... – Бірден айтайын, Бауыржан Момышұлы – атақ та, байлық та іздеген адам емес. Ол халқының еркіндігін, тілінің тазалығын, ұлтының мықтылығын ғана аңсап өтті. Батыр деген атақты оған халқы берді. Қарғадайынан Алаш зиялыларының шығармаларын оқып, қанаты қатайған ғой. Маған керегі Ахметтің, Мағжанның, Міржақыптың шыншыл шығармалары дейтін. Олардың мұраларын архивінде сақтағанын кейін білдік. Жалпы: “Маған деген атақты, Міндет қылсаң, өзің ал. Әділдікке бас ұрып У берсең де маған бал”, деп өзі айтқандай. Бәукең билікке, олардың ұстаған жолына көңілі толмайтынын, қарсылығын білдіріп отыратын. Тіпті, оларды сауатсыз дәрігерге теңеп: “Сырқатым құздың қыршау қиясында, Қыранның қол жетпейтін ұясында. Ауырмай мерт болатын ақиықты, Емдеуге шыныменен қиясың ба”, – деп, бұл “доктор” ЦК дейтін. Есесіне қалың жұрт батырым деп бағалады, ерекше құрмет көрсетті. Оның артында қалған мұрасы да ұшан-теңіз. Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақ қаламгерлерінің ішінде өз ұлтын Бауыржан Момышұлындай сүйетін жазушы жоқ”, деуі тегіннен-тегін болмаса керек. Оның ұлттық сананы оятататын еңбектерінің бағы енді-енді жанып келеді. Кезінде ондай дүниелерін көп жариялата бермегені бар. Оның себебін: “Мен бұл өмірден кетемін. Ол – заңды. Кетпейтін ешкім жоқ. Өлу керек екен деп қорықпау керек, оны саналы түрде білу керек. Оны заңды құбылыс деп қарау керек. Бірақ мен өлілердің ішінде кетпеймін, тірілердің бірі боламын. Менің рухым халқымның есінде қалады. Менің кітаптарым кейбіреулердің баспаған жеріне дейін барады. “Мынаны ешуақытта баспаңдар”, деп тыйым салған жерлерім бар. Бірақ мен ана дүниеге кеткеннен кейін сендерге белгі беремін. Мен баспа дегеннің барлығын басасыңдар”, – дейді. Мен Бәукеңмен біраз жыл тонның ішкі бауындай араласқан адаммын. Оның жандүниесін де, артында қалған мұраларын да жақсы білемін. Ол кісінің тағы бір ұлылығын айта кетсем деймін. Қазір бәріміз діншілміз. Бірақ, Бауыржанның дәрежесіне жете алғамыз жоқ. Ол кісі Құранды оқып қана қоймай, ғылыми тұрғыда талдайтын. Тәурат, Інжіл, Зәурат туралы әңгіме бола қалғанда: “Онда Құдайдың сөзі емес, онда әлемді билеушілердің, адамдардың сөзі араласып кеткен. Құранда ондай жоқ”, – деп отыратын. – Екеуі екі ғасырда өмір сүрсе де Абай мен Бауыржанның рухтас екенін аңғару онша қиын болмаса керек. Тіпті, Абай – Алаш – Бауыржан осы үшеуі бір арнада тоғысып жатқандай көрінеді-ау! – Сөзсіз солай. Абай: “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, – десе, Бауыржан КСРО дүрілдеп, сұрапыл соғыс жүріп жатқанда қазақ тілі туралы Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа хат жазып: “Тілсізді айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды... Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді?!” – дей келіп: “Қазақ тілі туралы үкімет, партия қаулысы шығып, қала қазақтарын, қазақ оқымыс­тыларын тәртіпке шақырып, қазақ тілін респуб­ли­камызда мемлекет тілі ету заңды, қажет екені даусыз, керекті болғандықтан, осы күнге дейінгі бұрмалап, бұзып келген мінезге, беталысқа бұдан былай жол беру қазақ тілін архивке тапсыру болып шықпай ма?” – деуі неткен ерлік. Қылышынан қан тамып тұрған заманда өзгелер көлеңкесінен қорқып, шен тағып, шекпен кигендердің алдында күмілжіп жүргенде, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруді ықпай, бұқпай айтуы нағыз жүрек жұтқандық қой. Осылайша заманынан озып, дәуірінен асып туған Бауыржан Момышұлының артында қалған мол мұрасын шығаруды біраздан бері қолға алға едік. Алғашқы кезде 20 том болар десек, кейін 30 томға шығып, оған 10 том және қосылды. Бұл да аздық етіп тұрған жайы бар. Осы томдарға халық батырының көркем шығармаларымен бірге, хаттары, естеліктері еніп отыр. Ал әлі де бірнеше томды құрайтын Мәскеудегі әскери архивтегі еңбектері, араласқан адамдардың жеке жазбалары, Кубаға барған тұстағы дүниелері, 8-ші дивизия туралы Германия мұрағатындағы деректер, тағы басқа құндылықтар аз емес. Бір кездері өзі менің еңбектерімнен жүздеген кандидат, ондаған доктор шығады, деген екен. Қазір сол шындыққа айналды. Ол кезінде біреуге ұнап, біреуге ұнамаса қазір ХХІ ғасырдың хас батыры санатында. Бауыржантану ілімінің көкжиегі кеңеюмен бірге, ерен тұлғаның турашылдығы, бүкіл ерлігі қазақтың кейінгі ұрпағына үлгі бола береді. Күні шыққанның көлеңкесіндей жанынан қалмайтын, биліктің сойылын көтеріп, сөзін сөйлейтін жағымпаздар туралы айтқандары қашанда ақиқаттығымен жұрттың көңілінде жүреді. ...Мен бауыржантануды бір ізге салдым-ау деген ойдамын. Ендігі жұмысты шәкірттерім жүргізе беретін болады. Қалған өмірімді абайтануға арнаймын. Өйткені, Абай менің өмірімнің өзегі, бүгінгі күнге жеткізген ұлылық иесі ғой. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.