Павлодар облысының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВПЕН әңгіме
– Бақытжан Әбдірұлы, өзіңізге жақсы белгілі биылғы жылдан бастап “Қазақстан-2030” Стратегиясының аясында еліміз индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығын бастап кетті. Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жылдарға арналған осы бағытқа сай мемлекеттік бағдарлама да бекітілді. Сондықтан тақырыбымыздың аты айтып тұрғандай, әңгімемізді индустриялық даму бағытының біздің өңірдегі әлеуетті жобаларынан бастасақ.
– Жалпы, өндірісті өңірдің тыныс-тіршілігінің өсу деңгейін еліміздің даму көрсеткіштеріне қосқан үлесі арқылы да бағамдауға болады. Биылғы жылдың алты айы ішінде облыстағы өнеркәсіп орындары жалпы құны 401,6 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді.
Ендігі басты мақсат – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауынан бастау алған маңызды міндеттердің бірі – елді Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасын лайықты түрде жүзеге асыру.
Экономиканы жаңғыртудың жарқын жолына түсудің кілті болып табылатын елді дамуға бастайтын осындай серпінді жобаларды іске асыру нәтижесінде, әрине, әлемнің бәсекеге қабілетті деген елу елінің қатарына ену мүмкіндігіміз бар. Келер онжылдықтағы асқаралы асулардың көрігіне айналған серпінді жобалардың алды қазір іске қосылып, халық игілігі үшін жұмыс жасай бастады. Үкімет қаулысымен бекітілген 144 жоба еліміздің индустрияландыру картасына енгізілді.
Олардың қатарына біздің облыстан 2014 жылға дейін құны 722,2 млрд. теңгені құрайтын 42 инновациялық жоба кіреді. Биылғы жылы 26 жоба іске қосылады, оның 12-сі осы өткен жартыжылдықта өз жұмыстарын бастап кетті.
Атап өтетін болсақ, Ақсу ферроқорытпа зауытында шикізатты өңдеуге бағытталған агломерациялық фабрика мен жоғары маркалы болат және мұнай құбырларын шығаруға мүмкіндік беретін “KSP Steel” ЖШС өндірісті өңірдің экономикасына жаңа серпін берері сөзсіз.
Облыс орталығында “Каустик” акционерлік қоғамындағы хлор және каустикалық соданы мембрандық әдіспен шығаратын өндіріс зауыты аяқталуда. Сондай-ақ, “Ромат” фармацевтикалық компаниясы базасында фармацевтикалық және медициналық дәрі-дәрмектерді жасайтын зауыттарды салу сияқты жобалар күн тәртібінде тұр.
Қайсысы болмасын халық игілігі үшін, тұрақты жұмыс орындарының болуын қамтамасыз ететін жаңа өндірістер ретінде өмірге келеді. Ал бұл жобалардың көшбасшысы қатарында “Қазақмыс” корпорациясы қолға алатын Екібастұз өңіріне қарасты жердегі “Бозшакөл” тау-кен байыту комбинатының құрылысын салу. Осы арқылы өндірісті өңірдегі түсті металлургия саласын өркендетуге, әрі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосады деп отырмыз.
Бұл жердегі кеніштен мыс қоспасымен қатар алтын да өндіреді. Ал жалпы, бұл комбинат жұмыс істеу үшін Екібастұз ГРЭС-1 стансасының қуаты мен Шідерті су қоймасының қоры пайдаланылады. Корпорация осы жердегі кен көзін ашып, кен-байыту комбинатын салуға 225 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсайды.
Жоспар бойынша құрылыс биылғы жылдың екінші жартыжылдығында басталып, 2014 жылы аяқталады. Құрылыс жұмыстарына Екібастұз, Ақсу, Павлодар қалаларынан және сол маңайдағы аудан орталықтары мен ауылдардан 4 мыңдай жұмыс қолы тартылады. Құрылыс біткен соң 1500 адам жұмыс жасайды.
– Екібастұз ГРЭС-1 стансасын кеңейту және қайта жаңғырту жұмыстары да осы картаға енді. Ал енді көптен бері жоғары деңгейде сөз болып жүрген Екібастұз ГРЭС 2-нің №3 энергия блогының құрылысы қашан басталады?
– Бұл құрылыс жобасы бойынша қазіргі күндері қаржыландыру мәселесі шешілді деуге болады. Ал жалпы мәселенің мәнісі былай: Екібастұз ГРЭС-2 электр стансасының теңбе-тең акционерлері – өзіміздің отандық “Самұрық-Қазына” мен ресейлік “Интер РАО ЕЭС” компаниясы болып табылады.
ГРЭС-2 стансасының №3 энергия блогының құрылысын қаржыландыруға Ресейдің “Внешэкономбанкі” 800 млн. доллар қаржы бөлуге келісті. Бұл жөнінде жуырда ғана өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы екі жақты кездесуде – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Дмитрий Анатольевич Медведевтің қатысуларымен компаниялар арасында кредиттік келісім-шартқа қол қойылды.
Құрылысы аяқталып, жаңа энергоблок іске қосылған күні, стансаның қуаты 500 МВт-қа еселеп артады. Сөйтіп, барлығы 1500 МВт болатын Екібастұздан тарайтын электр қуаты өз елімізге және Ресейдің біраз өңірлеріне тасымалданады.
Екібастұздағы ГРЭС-1 стансасындағы №2 және №8 энергия блоктардың қайта қалпына келтіру жұмыстарына құйылатын инвестиция көлемі 53,4 млрд. теңге болады. Жобаны іске асыру мерзімі 2014 жыл.
Жоғарыда аталған 12 жобаның 3-і Екібастұзда іске қосылды. Олардың бірі – “Еуразиялық энергетикалық корпорациясы” акционерлік қоғамының “Восточный” разрезінің жаңа технологиялар арқылы көмір өндіретін кешені. Бұл технология көмір өндіру қарқынын жылына он миллион текше метрге арттырады.
Екіншісі – “Энергия Капитал-1” кәсіпорны. Яғни, өндіріс тәулігіне 30 мың тонна нан-тоқаш өнімдерін пісіретін және осы жердегі азық-түлік белдеуіне сай қаланы және оның аумағына қарасты ауылдық аймақтарды бірдей қамтамасыз ете алады.
Сондай-ақ, жуырда ғана Елбасымен болған телекөпір аясында кеншілер қаласында “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясымен бірлесе отыра, Қазақстан Даму банкінің қаржыландыруымен, “Қазақстан вагон құрастыру компаниясы” ЖШС негізіндегі жүк тасымалдайтын вагон шығаратын зауыт іске қосылды.
Биылғы жылдың соңына дейін 100 вагон шығарылса, 2012 жылға қарай кәсіпорын жылына жобалық қуаттылығы 2500 жүк вагондарын жасайтын болады. Қазіргі уақытта 80 кісі жұмысқа тартылса, келешекте 200 адам жұмыс істейтін болады.
Жалпы, аталмыш жобалардың барлығы іске қосылғанда уақытша 12 мың жұмыс орны ашылып, соның 8 мың жұмыс орны тұрақты күйінде сақталатын болады. Бізге білімді, жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын мамандар қажет.
– Маусым айында Елбасының қатысуымен ең ірі жоба – “Қазақстан электролиз зауыты” акционерлік қоғамының екінші кезегі іске қосылды...
– Әрине, бұл зауыттың біздің өңір, жалпы еліміз үшін орны бөлек. Мемлекет басшысы өзі қазығын қағып, бұдан кейін, 2007 жылы желтоқсан айында облысқа арнайы сапармен келіп, зауыттың алғашқы кезегін іске қосты.
Күні кеше ғана тікелей Елбасының қатысуымен осы зауыттың екінші кезегі де іске қосылды. Нұрсұлтан Әбішұлы зауыттың салтанатты ашылу рәсімінде: “Мұндай металлургия зауытын бұрынғы кеңестік кезеңде де, Еуропаның кеңістігінде де ешкім салған жоқ. Тек қана біздің елімізде салынып отыр” деп атап өтті. Бұл дегеніміз – ел экономикасының қарқынды дамуының жемісі.
Елбасының тапсырмасына орай, бастапқы алюминийді шығарып қана қоймай, оны әрі қарай өңдеуге, одан өнім шығару жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Облыс орталығындағы орама сымдар жасайтын “Казэнергокабель” серіктестігі енді 15 мың тонна бастапқы алюминийді өңдеп, жаңадан қосымша өнім – катанкалар жасайды. Бұл да қолға алып отырған жаңа жобалардың бірі. Серіктестік шығарған өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне, Ресейге өткізе алады.
Әлеуметтік салаларды дамытуға да Қазақстан алюминий зауыты зор үлес қосып келеді. Атап айтқанда, біздің металлургтер 240 кішкентай бүлдіршінге үлкен сыйлық жасады. Акционерлік қоғамның бастамасымен облыс орталығында жаңадан жарқырған балабақша бой көтерді. Сол күні балабақша бөбектерімен қатар олардың ата-аналары, зауыт жұмысшылары мен қызметкерлері де қуанды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірімізге келген жұмыс сапары барысында осы балабақшаға арнайы атбасын бұрып, балабақша ахуалымен танысты.
– Өңірлік жобаларға сәттілік болсын. Ал енді “Жол картасы” бағдарламасы биыл да жалғасын табады деп жатырмыз. Былтырғы жылғы нәтижелері қандай болды?
– Биылғы Жолдауда “алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту” – деп, елдің алдағы онжылдыққа даму Стратегиясын айқындап берді. Қазір енді “Жол картасы” дегенді білмейтін адам жоқ. Дағдарыс уақытында дер кезінде ол көмекке келді. Осы бағдарламаның мақсаты – жұмыс орындарын жоғалтпау, қайтадан жаңа жұмыс орындарын ашу болды. Өткен жылы облысқа “Жол картасы” шеңберінде 8,9 млрд. теңге бұрын қаражат жетпей жүрген салаларға бөлінді. Соның нәтижесінде былтыр жалпы 522 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша 256 мектеп пен балабақша, 76 аурухана мен емхана, 116 шақырым жол жөнделді, көптеген скверлер мен бақтар көркейтілді. Бұдан басқа тұрғын үй шаруашылығына қарасты облыс орталығында қалаға су беретін негізгі құбыр жүйесінің канализациялық коллекторының пайдалану мерзімі 50 жылға дейін ұзартылды, олардың су жіберу мүмкіндігі ұлғайтылды, қаланың сумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді. “Жол картасын” іске асыру барысында облыс бойынша 24 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Осының бәрі дағдарыс кезінде адамдардың моральдық-психологиялық көңіліне оң әсер етті.
Биылғы жылы облыста “Жол картасы” бағдарламасын іске асыруға бағытталған қаражат есебінен 167 нысанға жөндеу жүргізу жоспарланды. Оның ішінде: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғыртуға – 31, жол жөндеу жұмыстары бойынша – 55, мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеуге – 72 және ауылдық аумақтарды дамыту бойынша 9 нысан қалпына келтіріледі. Бүгінгі күні 7 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жалпы, биылғы жылға Жол картасы бойынша 6137 жұмыс орнын ашу жоспарланса, қазіргі күні 6154 жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш жоспарланған межеден асып отыр.
– Өзіңіз облысқа әкім болып келген кезде тоқтап тұрған құрылыстарды аяқтауға барынша үлес қостыңыз. Құрылыс демекші, Ертіс ауданы, Иса Байзақов ауылындағы жаңа мектеп биыл пайдалануға беріле ме?
– Беріледі. Қазір ол ауылда мектеп құрылысы қызу жүргізілуде. Атақты Иса ақын атамыз туған ауыл. Аудан орталығынан да онша алыс емес. Бұл жерде 150 оқушыға арнап мектеп салынуда. Бюджет қаражатынан 316 миллион теңге ақша бөлінді. Оқушылар күтіп тұрмайды ғой, сондықтан биылғы жылдан қалдырмай құрылысты бітіреміз деген ойымыз бар. Сол сияқты ауылдағы жағдайға ұқсас облыс орталығындағы №16 жалпы білім беретін орта мектеп былтыр апатты жағдайда деп танылып, биыл жаңадан мектеп құрылысын бастаймыз.
Шынында да, осыдан екі жыл бұрын облысқа басшылық қызметке келгенімде, алдымнан шыққан мәселе – құрылысы тұралап қалған нысандар еді. Облыс пен аудан орталықтарында жартылай біткен құрылыстар қарсы алды.
Жауапсыз мердігерлер Качир ауданының орталығы Тереңкөл ауылындағы 420 орындық мектептің, Ақсу қаласындағы 1200 балаға арналған мектептің құрылыстарын, облыс орталығындағы үш тұрғын үйдің қабырғасын көтере салысымен аяқтамай жатып, орта жолда қалдырып кеткендері анықталды. Дереу бұл жағдайды реттеуді қолға алдық. Нәтижесінде, мектептер есіктерін айқара ашып, балалар қуанышқа бөленді. Бұл күндері облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында Ткачев көшесі №5/1, Майра көшесі, 47/1, Бекхожин көшесі, 11/1 сияқты құрылыстары тоқтап қалған көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 1410 пәтер өз иелерін тапты. Жауапсыз мердігерлер тиісінше заң орындары алдында жазаларын алды. Облыстағы құрылыстың басында отырған басшылар қызметтерінен алынды. Бұлай жасау кейін құрылысқа қатысатын басқа да мердігерлерге сабақ болсын деген ой. Әркім бір қымқырып, жөніне кете беретіндей бассыздықтың күні жоқ. Бәрі де қатаң талап-тәртіпке бағынады. Ал бүгінгі күні облыс немесе аудан орталықтарында аяқталмай тұрған бірде-бір құрылыс жоқ.
– Қала мектептерін айтпай-ақ қояйық, аудан орталықтарында, ауылдарда аралас тілде білім беретін мектептер аз емес. Қазақ тілінде емес, орыс тілінде білім алатын оқушылардың 70-80 пайызы қазақ балалары болып отыр. Бұл жағдайды қалай қалыпқа келтіруге болады? Бұдан біз қазақ тілінің дамуын, болашағын көре аламыз ба?..
– Көп тіл білгеннің несі жаман?.. Бүгінгі күні бұл мәселенің өзектілігі сөзсіз. Бұл бағытта Елбасының бастамасымен “Тілдердің үштұғырлығы” мәдени жобасының жүзеге асырылуы – осының айғағы.
Мәселен, ауыл баласы да ана тілімен қоса, орыс, ағылшын тілдерін білсін. Бәріміз де ауылдан өсіп-өніп шықтық. Көп тіл білгеннің кемшілігі жоқ.
Қай тіл болмасын дәл осы уақытта біздің өсіп-өнуімізге, ортаға бейімделуімізге аса қажет. Ал қазақ тілі мәңгілік жасай береді, ата-бабаларымыз талай ғасыр сақтап келген тіл ешқашан өлмейді. Алдымен өзіміз сөйлейік, сонда өзгеге өнеге көрсете аламыз.
Сіздің осы мектеп жайындағы қойған сұрағыңызға орай әуелі мына төмендегі мәліметтерге көз жүгіртіп қарайықшы: жалпы, облыста барлық мектеп саны 418 болса, ондағы оқушылар саны 92593. Мұның ішінде қазақ тілінде білім беретін мектептер саны – 145, бұл мектептерде оқитын оқушылар саны – 21725. Ал облыс бойынша аралас мектептер саны 154, ондағы оқушылар саны 38722, қазақ сыныптарында 15132, орыс сыныптарында 23590 оқушы білім алып жүр. Қазақ тілінде білім алып жатқан балалар саны – 36857. Бұл қазақ және аралас мектептің қазақ сыныптарындағы балалар санын көрсетеді. Барлық қазақ ұлтының баласы 55365. Оның ауылдағысы – 24049, қаладағысы – 31316. Қазақ тілінде барлық қазақ ұлтының 36401 баласы оқиды, бұл жалпы 66 пайыз көрсеткішті құрайды, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артқан.
Менің түйіндеп айтайын дегенім мынау – облыс бойынша мемлекеттік тілде оқытатын қазақ тілінде білім беретін мектептерге тиісті көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары облыс бойынша онға жуық қазақ тілінде білім беретін мектептер ашылды. Сонымен қатар, орыс мектептерін бірден қазақ мектебіне ауыстыру қиындық тудыруы сөзсіз. Сол себепті де облыста аралас мектептерді қазақ мектептеріне, орыс мектептерін аралас мектептерге ауыстыру үрдісі облыс білім басқармасы тарапынан жүйелі түрде жүргізілуде.
Мемлекеттік тілде оқытатын мектептердегі балалар санының жылдан жылға артуы – қуанарлық жәйт. Демек, ілгерілеушілік бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тиісті деңгейде жүргізілетін болса, бірте-бірте бәрі де қалыпқа келеді.
– Елдегі ағайындар, ауыл мектебі аман болсын дейсіз ғой. Қазір ауыл шаруашылығы саласында да қызу жұмыстар жүргізілуде. Облыс тұрғындарын жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде қоймалардың, жылыжайлардың талапқа сай болмауы да өзіңізді алаңдатқанын білеміз...
– Биылғы жылы диқандарымыз егістік көлемін арттырды, 1 миллион гектардан аса алқапқа дәнді-дақылдар септі. Былтыр рекордтық көрсеткішке қол жеткізген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сол қарқынды үдете түсуді биыл да қолға алып отыр. Науқанды абыроймен атқаруға техникалық парк және жанар-жағармай мәселелері шешілген.
Ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіштерді жыл сайын арттыру тиісті нәтижесін беруде. Мысалы, өткен жылы 19 қайта өңдеу кәсіпорнының тұсауы кесілді. Жалпы, бұл салада 48 инвестициялық жоба жұмыс жасауда. Соның арқасында 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауылдықтар үнемі өз өнімдерін облыс орталығына әкеліп, әлеуметтік жәрмеңкелерде саудалай алады. Бұл екі жаққа да тиімді. Шаруалар тауарын делдалсыз өткізу мүмкіндігіне ие болса, қалалықтар қалтасына салмақ түсірмейтін азық-түлік алуға қол жеткізеді. Бұған қоса облыс орталығында қазір 13 әлеуметтік дүкен қызмет жасайды.
Маңдай термен жиналған өнімді сақтауымыз керек. Бұл күндері “Қазагроқаржы” өкілдері қаржыландыратын “Жасыл шағын орман” серіктестігі негізінде, жылыжайдың құрылыс жобасы жасалуда. Шетелдік технология бойынша тұрғызылатын жылыжай болашақта облыс орталығының және сол маңайдағы ауыл тұрғындарын қыстыгүні бағасы төмен көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ете алады. Мысалы, “Элдар” шаруа қожалығы – 3 мың, “Ақтоғай-Агро” серіктестігі 8,5 мың, “Андас” шаруа қожалығы – 3 мың тонналық көкөніс қоймаларын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, “Гелиос” серіктестігі өз иеліктеріндегі көкөніс қоймаларын талаптарға сай жаңадан жарақтандыру жүйесінен өткізеді.
Бұлардың барлығына өңірлік индустриялық картаға енген жобалар қатарында шамамен 1 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалады деп отырмыз.
Біздің облыстағы Шарбақты ауданында “Победа” серіктестігі, Павлодар ауданында “Жаңа қала” шаруа қожалығы, Успен ауданында атақты, өркениетті ауыл атағы бар “Галицкое” серіктестігі жұмыс жасайды. Жақсы өркендеп, табысты жол бастап келеді. Сүт-тауарлы фермалары жаңартылды. Сол сияқты Лебяжі ауданы “Рассвет” шаруашылығы мал сою пунктін тұрғызады. Ертіс ауданында “Ертісмолпром” серіктестігі шағын сүт зауытының құрылысын аяқтап та қалды. Бұл соңғы екі жобаны шаруашылықтардың өздері қаржыландырып отыр.
– Тағы бір мәселе, мысалы, біздің облыс күнбағысты көп егеді...
– Бірақ, соның дәнінен май шығаруды әлі қолға ала алмай отырмыз. Таспен соққылап, баяғыдан қалған әдіспен майын шығарып жатады. Зауытымыз жоқ. Біздің диқандар өсірген күнбағыстың дәні Өскемендегі зауыттарға кетіп жатыр. Сондықтан, бұл да бір шеті көрініп тұрған бастау алған жаңа жоба деуге болады. Өзімізде өсірілетін күнбағыстан май өнімін өндіре алатын халге жеткеніміз дұрыс деп ойлаймын.
– Облыста орта және шағын бизнес жүйесі қандай деңгейде дамуда?
– Жоғарыда атап өткенімдей, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылған 12 жобаның екеуі орта және шағын бизнес саласына қатысты. Олар облыс орталығында және Ақсу қаласында полиэтиленді құбырлар шығаратын шағын зауыт және осы құбырларды алдын-ала изоляциялау өндірісі іске қосылды. Бұлардың барлығы да біздің өңірдің экономикасын орта және шағын кәсіпкерлік нысандарының осылай өмірге келуінің арқасында алға жетелейтін нысандар болып табылады. Күн сайын әртүрлі осындай шағын және орта кәсіпкерлік орындарының ашылуы өндірісі шоғырланған өңір үшін таңсық та емес шығар. Жаңағы өндірісті Ақсу қаласында қосылған құбыр зауыты кәдімгі ауыз суды үйлерге жеткізетін инженерлік желілерге арналған. Жылына 300 мың метр құбыр шығарады. Сол күні 62 адам жұмысқа орналасты.
Екіншісі де сондай маңыздылығы аса жоғары ыстық және суық су құбырларын тасымалдауға арналған жаңа заман технологиясы арқасында өмірге келді. Енді бұрынғыдай құбырлардың сыртын мақтамен жауып әуреге түспейді.
Елбасы ірі өндіріс орындарымен қатар шағын кәсіпорындардың да ашылуына мән беріп отыр. Сондықтан, құбыр жасауға атсалысқан кәсіпкерлер сияқты белсенді, жігерлі адамдар аса қажет.
Бүгінгі таңда облысымызда 100 мыңдай адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында қызмет етеді. Биылғы жылдың бес айы ішінде 38,9 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілді. Игі бағдарламаның жемісін үш мыңнан аса кәсіпорын көрді.
Екінші мәселе – “қазақстандық үлесті” арттыру бойынша Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында үлкен кәсіпорындарды жұмысқа тарту. Мысалы, шағын кәсіпорындарымыз былтыр 174 млрд. теңгеге өз өнімдерін ұлттық компанияларға өткізді. Бұл шағын кәсіпкерлікті құлатпай, ұстап қалуға мүмкіндік берді.
– Кеден одағынан біздің өңір не күтеді? Ол қаншалықты тиімді деп есептейсіз?
– Біріншіден, географиялық тұрғыдан алып қарағанда, Ресей біздің облыспен шекаралас. Бұл дегеніңіз – екі ел арасындағы экономикалық және іскерлік қарым-қатынастардың үнемі болып тұруында. Бұл үлкен нарық кеңістігі. Және қарым-қатынас бұрыннан да қалыптасқан. Екіншіден, бұл одақ жүйесі арқылы еліміздің сауда саласында Ресеймен және басқа да ТМД елдерімен еркін сауда режімі іске қосылып, біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тауарлар салықсыз-ақ өте береді деген сөз. Осы орайда, өзара саудадан көрсеткіштердің өсімі мен инвестициялардың құйылуын күтуге болады. Жуырда Түркияға іссапармен барғанда да осы мәселені айттық. Бізге мына жағынан Қытай да жақын. Өнімдеріміз кеңістікке тарай алады. Атап айтқанда, облыс орталығындағы “Сүт” акционерлік қоғамында бүгінгі күні сүт өнімдерінің 26 түрі шығып, тәулігіне 250 тонна сүт өндіріледі. Егер кәсіпорын жаңа технологиялардың арқасында Ресейге былтыр 200 тонна құрғақ сүт экспорттаған болса, биыл оның көлемін тағы да 30 пайызға арттырмақ. Сонымен қатар, “Ромат” фармацевтикалық компаниясы өз бөлімшелерін біздің елімізде ғана емес, Мәскеу қаласында да ашпақшы. Бұл компания Ресей рыногына шығып, тұтынушылар көлемі 150 миллион адамды қамтитын үлкен кеңістікке араласып, мықты нарық қалыптасады.
Сондықтан Кеден одағының құрылуы – өңірлік рынокты кеңейтіп, жоғарыдағы аталған кәсіпорындар сияқты басқа да тауар өндірушілерге еркін жол ашып, оны тартымды рыноктардың біріне айналдыра алатынына сенімім мол.
– Еліміздің денсаулық сақтау саласында биылғы жылы енгізілген бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі облыс бойынша қалай жүзеге асырылуда?
– Бұл жүйенің мақсаты – халыққа бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі не екенін, емделушілердің құқықтары мен науқастанған кезде не істеу керектігін нақты және жеткілікті дәрежеде түсіндіріп, оны нәтижелі түрде жүзеге асыру міндеті тұр. Осы орайда, әрбір мемлекеттік медициналық мекемелерде “Нұр Отан” ХДП бастамасымен “Бақылау посттары” орнатылды.
Біздің облысымызда тұрғылықты мекен-жайы бойынша емес, басқа аймақтарда емделуді қалаған азаматтардың үлесі 1,7%-ды құрайды. Бұл павлодарлықтардың жергілікті денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі жоғары екенін аңғартып отыр.
Алғашында алаңдаушылық болды. Басында ойлағанбыз, біздің тұрғындар жақсы аурухананы іздеп кетіп қалар деп. Биылғы жылдың алты айы ішінде денсаулық сақтау басқармасы жоспардан жоғары 662 миллион теңге пайда тауып отыр. Басқарма бұл қаржыны дәрігерлердің жалақысын көтеруге, науқастарға дәрі-дәрмек алуға және медициналық құралдар сатып алуға жұмсай алады.
– Бақытжан Әбдірұлы, Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесіне адамдар көптеп келуде. Кесенеге алып баратын жол нашар. Жалпы, жолсапарларға барғанда байқап жүреміз, ауыл, ауданаралық жолдар мәселесі сын көтермейді.
– Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мұрасы – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сондықтан, ғұламаның атын дәріптеп, құрмет көрсету ұрпақтарына парыз деп білемін.
Өзіңіз айтқандай, кесенеге жан-жақтан адамдар келіп, тәу етуде. Ал енді көптен бері сөз болып келе жатқан әулие атамыздың кесенесіне апаратын жолды біз биыл қолға алдық.
Осы 15 шақырымдық жолды жөндеуге облыстық бюджеттен жалпы 204 млн. теңге қарастырылып, биылғы жылға 25 млн. теңге бөлінді. Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл күндері жалпы облыс бойынша автомобиль жолдары желісі 4148,3 шақырымды құрайды. Жыл сайын жолдарын қайта жаңарту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеулер жүргізіледі. Соңғы үш жылда жергілікті маңызы бар жолдарға барлық бюджеттерден 7166,3 млн. теңге бөлініп, соның арқасында 522,7 мың шаршы метр ойлы-шұңқырлар жөнделді.
Биылғы жылғы міндеттерге келер болсақ, автомобиль жолдарын жөндеуге 1515,8 млн. теңге бөлініп отыр. Осы жылы “Жол картасын” жүзеге асыру аясында 74,3 шақырымға орташа жөндеуге және 28 мың шаршы метрге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1224,8 млн. теңге бөлу жоспарланды.
– Облыстың мәдени мұраларын қайта қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары өңірімізге жақсы жаңалықтар әкелген сияқты...
– Айтқаныңыздай, биыл біздер ғұлама ғалым, Баянауылда туған ағамыз Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнаттық. Алыс-жақыннан келген қонақтар, Кәкімбек Салықов, Қуаныш Сұлтанов, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Медеу Сәрсеке сияқты жолы үлкен ағаларымыз, бұл қуаныштың соңы әрі қарай да жалғаса берсін деген шынайы ниеттерін білдірді.
Облыс орталығында тағы да ұлты үшін қызмет еткен жандарға арнап белгі қойғандарың талаптан, рухани байлықты түсінгеннен туған жақсы іс деп бата тілектерін айтып кетті. Естай ақынның құрметіне облыс орталығындағы қалалық мәдениет сарайына атын бердік. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қалқада көрінбей тұрған ескерткішін әкеліп ашық алаңға қайта орналастырдық.
Облыс орталығын ұлттық, өзіміздің төл туындыларымыз арқылы бейімдеуге, көше-көшелерде, патриотттық сезімді оятатын елдік, егемендік рухы басым қазақ тіліндегі жарнамалардың болуына қазір біраз жұмыстар жасалуда.
Былтыр Ақсу қаласында Астана күні құрметіне Астана көшесі беріліп, Қаныш ағамыздың бюсті орнатылды. Биыл Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп бабамызға орталық көше атауы берілді.
Жоғарыда аталған игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мәдени мұраларымызды келер ұрпаққа аманат ету – біздің азаматтық парызымыз.
– Бақытжан Әбдірұлы, Баянауыл демекші, осы жердегі туризмді дамыту жөнінде өзіңіз жаңа бір жоба, жақсы іс бастап едіңіз. Бүгінгі таңда ол қаншалықты жүзеге асуда?
– Шынында да, айтса айтқандай-ақ, Баянауыл туризм кластерін дамытуға сұранып тұрған-ақ жер. Бұл мәселе жөнінде Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовпен де сөйлестім. Біздің өңір туралы кімнен сұрасаңыз да алдымен ауыздарына Баянауыл түседі. Сондықтан, сол Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғырдай көлдерімізді нағыз демалыс орнына айналдыруға болмай ма?
Бұл жерде бір ғана мәселе бар. Жалпы, Жасыбай көлі жағасында туризмді дамытуға жері аз. Негізгі демалыс үйлері алып өндіріс орындарының иелігінде болғандықтан, зауыт жұмысшыларына арналған. Ал басқа жұрт кішкентай алаңға барып қана демалып қайтады.
Екіншіден, жол бойындағы ауылдағы халықты туризмнің көрінбес бір заңдылықтарына үйрету керек. Әр үй демалуға келген жұрттың ақшасын өздеріне алып қалуы керек. Жаз мезгілінде тынығушылар көп, 150 мыңға жуық туристер келіп демалады екен.
Баянауылда тарихи жерлер көп. Сол жерлерге апарып таныстыратын жан жоқ дегенге сенесіз бе?.. Ұлттық парктегі кәсіпкерлер кәуап пен сусын сатудан ғана табыс іздейді. Жаңағы айтқанымыздай, сапар барысында ұлттық құндылықтармен жақын таныстыру, терең тарихын түсіндіру жағы аз. Тіпті, киіз үй тігіп қойып, салқын қымыз, құрт-ірімшік саудасын қыздырсаң, сый кәде ретінде ұлттық нақышта жасалған сувенирлер сатылса демалушылар рухани демалады емес пе?!
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, Баянауыл ауылында заман талабына сай “Жас дәурен” атты оқу-сауықтыру орталығын аштық. Онда қысы-жазы қызмет көрсетіліп, балалардың оқудан қол үзбей-ақ демалуы және сауықтырылуы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Сонымен қатар, мұнда келушілер тылсым табиғатты тамашалап, тау-тасты аралап, көлдерге саяхат жасайды. Бұл да туризмге бағытталған алғы шарттардың бірі болып табылады.
– Орман – ел байлығы. Біздің өңірдің бас ауыртар мәселесі болып отырған орманды сақтау, қорғау қазір қандай күйде? Соңғы жылдары орманға бас-көз болып отырған басшылар да жиі ауыса берді.
– Өңірдегі орманның оталып, өртке оранған жағдайы әбден шегіне жетті. Егер біз дер кезінде нақты шаралар қолданып, мәселе көтеріп, Елбасына дейін хабарлап жеткізбегенде, өңіріміздегі Шалдай мен Бесқарағайдағы табиғи орман байлықтарына заңсыз қол сұғушылық тоқтатылмас еді.
Шалдай және Бесқарағай филиалдарында сол кездері 800-ден астам заңсыз ағаш кесу оқиғалары тіркелді. Бірақ, 300-ге жуығының материалы арнайы органдарға жөнелтілген, оның 40 пайызына ғана қылмыстық іс қозғалған. Орман өрттерінің шығуына жол берген азаматтарға қарсы жаза қолдануда да сол үрдіс қалыптасып келген.
Елді мекендердегі тұрғындар қолында техника мен ағаш кесетін құралдарының көп болуы орманды қорғау шараларына кедергі келтіріп тұрғанын білдік. Білдік те, облыс аумағындағы темір жол бойымен тасымалданатын ағаш өнімдерін толық бақылауға алуға қол жеткізілді.
Қазір ағаш өңдейтін құралдардың 50 пайызы жойылды, екеуі келісім-шарт бойынша ғана жұмыс істеп тұр. Облыста “Жайлау” секілді мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдарламалар жасалып, қолдарына қой бердік, “ағашты отағанша мал бағыңдар” деп көпшіліктің күнкөріс бағытын өзгертуге осылайша жол аштық.
Одан кейін, орман шаруашылықтарындағы жаңағы сіз айтқандай басшылардың жиі ауысуы, орта буын кадрларды жиі ауыстыру өз кезегінде қырсығын тигізуде. Резерваттағы 70 пайыз жұмыскерлердің кәсіби білімі жоқтығын үшінші мәселе ретінде айтқым келеді.
Резерват аумағында 80-нен астам пилораманың болуы да қылмысқа жол ашуда. Бұрын үйінің, ауласының ішіне орнатып алған құралдарын резерваттан 100 шақырым қашықтыққа алып кетуге ұсыныс жасадық. Бұл мәселені тіпті облыстық мәслихат шешімімен бекітіп тастадық. Қос орман филиалындағы ағашты заңсыз кесуге қатысы бар деген тұрғындардың тізімі жасалып, ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне тапсырылды. Ол адамдар тұрақты бақылауда.
Орманды сақтап қалу үшін бізге біріккен іс-қимыл қажет. Сонымен қатар, резерваттағы 84 жеке кәсіпкерліктің заңды жұмыс істеп отырғандығына көз жеткізу қажеттігіне назар аудардық. Жұмыс комиссиясын құрдық. Оның құрамына аудан әкімдері мен ауыл және орман шаруашылықтарының мамандары енді. Ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, ішкі істер және әділет органдары да орманды қорғауға белсене атсалысуда. Осындай жұмыла атқарған істердің нәтижесінде, резерватта қалыптасқан ауыр ахуалды толықтай өзгертуге мүмкіндік туды. Өткен жылы 41 адам жазаға тартылды. Биылғы төрт айдың ішінде 14 адам жауапқа тартылды. Нәтиже бар ма? Бар. Ағаш отаушыларға үлкен сабақ болады.
– Солтүстік өңірлерге оралмандарды жиі қоныстандыру деген мәселе бар. Ақсу мен Екібастұз қалалары маңынан оралмандар ауылын салуды қалай жүзеге асыра аламыз?
– Біз енді “Нұрлы көш” бағдарламасының аумақтық жобасын дайындау барысында алдымен соңғы он жылда облысымызға көшіп келген оралмандардың қоныстану үрдісіне талдау жасап көрдік.
1998 жылы облысымызға қоныс аударып келген оралман отбасыларының дені, 75 пайызға жуығы ауылды жерлерге қоныстанды.
Ал он жылдан соң, яғни 2009 жылдың есебі бойынша, жаңағы 75 пайыз оралман отбасылары өндірісті үш қала – Павлодар, Ақсу, Екібастұзға және осы қалаларға жақын ауылдарға көшіп келіп, орналасқан екен. Бұл соңғы жылдары қалалы жерлердегі өндіріс орындарының қарқынды дамуына орай ауылдан қалаға келушілер санының өскенін көрсетеді. Жасалған талдау бойынша оралманға баспана, жұмыс орны қажет екендігін байқатады. Сондықтан, облыс әкімдігі аталмыш “Нұрлы көш” жобасын әзірлегенде, оралмандардың осы мәселелеріне назар аударды.
Әзірге сіз айтып отырған солтүстікте де оралмандар ауылын салу мәселесін осылай ой түйіп жоспарлап отырмыз. Маусым айында Моңғолиядан облысқа көшін артып тағы да 73 отбасы келді.
– Көш көлікті болсын! Өзге ұлт өкілдері аралас тұратын өңірдің бірлігі мен достығы қалай көрініс табуда?
– Қазіргі таңда қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім мен достық үлгісі халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағаға ие болып отыр. Оған биылғы жылы еліміздің Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі куә. Біздің облысымыз түрлі этнос өкілдері шоғырланған көпұлтты аймақ болып табылады. Аймақтағы барлық этностар мемлекетке қатысты бір мақсатты, ортақ мүддені жүзеге асыруда, аянбай еңбек етуде. Облысымызда бейбітшілік пен келісімнің дархан ұясына айналған “Достық үйінің” іске қосылып, қолданысқа берілуі, этно-мәдени бірлестіктердің жұмысын одан әрі жандандыра түсеріне сенімдімін. Бүгінгі күні аталмыш ғимаратта 19 этно-мәдени бірлестік қызмет етуде. Аудандарда да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда.
Ал ұлттық тіл, рух сынды ұғымға келер болсақ, бүкіл түркі әлемінің асыл перзенттерінің бірі Мұстафа Шоқайдың: “Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ал ұлттық рухтың өзі тәуелсіздік аясында өсіп дамиды, жемісін береді”, деген нақылын елім деп тебіренген әрбір жан жадында ұстар. Достық пен бірлік ажырамас ұғым деп білемін. Халқымыздың достығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының басты шарты. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – Отанымыздың жарқын болашағының кепілі.
– Өзіңіз басқарып отырған өндірісті өңірдің ертеңін қалай болжайсыз?
– Өңіріміз өндіріс саласы бағытында болған соң, ең бастысы – өндірісті өңірдің өнімділігін арттырып, ел игілігіне жарату қажет. Елбасы “Қазақстан-2020” Стратегиялық жоспарында ел дамуының жаңа онжылдығын бағамдап берді. Оның негізгі бөлігінің бірегейі – жаңа өңірлік саясат болып табылады.
Ендеше, 2020 жылға дейін біз де қабылданған бағдарламалар деңгейіне жетіп, өркениетті елдер қатарынан орын алуымыз керек. Жақсы өмірге деген құлшынысымызды оятсақ, гүлденген елдің ауылы алыс емес деп білемін. Елімізді өндірісті Павлодар өңірінсіз елестету мүмкін емес. Алдағы уақытта біздің өңіріміз тек қарқынды дами түсеріне сенімдімін. Қазіргі уақытта біз осы бағытта тиісті жұмыстар атқарудамыз.
– Сізге алтын уақытыңызды бөліп, тұщымды сұхбатыңыз үшін көптен-көп рахмет. Қызметіңіз жемісті болсын!
Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, Суретті түсірген Валерий Бугаев.