Президент ел жастарының ашық демократиялық қоғам құндылықтары негізінде тәрбиеленгенін қалайды. Өз Отанының патриоты болғанын, әлемдік қауымдастықтың талаптарына сай келетін жоғары білікті, білімді, бәсекеге қабілетті маман болғанын тілейді.
Қай халықтың болмасын болашағы басшысына байланысты екені белгілі. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты Қазақстан халқын жарқын болашаққа бастап келеді. Елдің көшін алға сүйреп, әлемдік қауымдастықтағы әлеуеті зор елге айналдыруда Елбасының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Құрамына түрлі этнос өкілдері кіретін халықты қазақ жерінде бірлік пен ынтымақта ұстап, береке тұнған құтты мекенге айналдырды. Өзінің дана саясаткерлігімен Қазақстанды әлем жұртшылығына таныта білді. Мемлекетті халықаралық аренада жоғары дәрежеге көтерді.
Нұрсұлтан Назарбаев халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жанашыры, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел көшбасшы. Ол бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді орнықтыру жолындағы қиын белестерден халқын аман алып өтіп, тарих төрінен өзіндік қолтаңбасымен көрінген Сәруар.
Тәуелсіздік жариялаған кезеңде мемлекет құлдырау шегінде тұрған. Сол себепті, елдің өз алдына түтінін түтетіп, аяғынан тұрып кететініне сенімсіздік білдіргендердің саны көп еді. “Қазақстан өз бетінше күн көре алмайды” дегенді ашық айтатын “көріпкел” саясаткерлер болды. Н.Назарбаевтың сара саясатының, қажырлы қайратының арқасында сол күмән-күдіктің бәрін жеңіп, бүгінде болашағы жарқын мемлекеттердің біріне айналдық. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылдық. Әлемнің ең алып мемлекеттері бізбен санасатын болды. Жиырма жылға жетпейтін уақытта жас Қазақстан тыныштық пен тұрақтылық берік орнаған жерұйық мекенге айналды.
Қазіргі таңда республиканың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі ауыз толтыра айтарлықтай өзгерді. Тәуелсіздіктің туын көтерген Елбасы еліміздің тамырына нәр беріп, қажымай-талмай халқын алға бастап келеді. Елімізді бәсекеге қабілетті, қай салада болмасын мойны озық дамушы елдердің санатына қосуды мақсат еткен Тұңғыш Президентіміз осы жолда аянбай тер төгуде. Әлемді шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарысты дүние жүзінде елдің алды болып еңсердік. Дағдарыстан кейінгі даму бағдарын жасап, алдағы бес жылда елдің экономикасын кемінде елу пайызға өсіруді көздеп отырмыз. Индустриялық-инновациялық дамудың он жылдық жоспарын жүзеге асыра бастадық. Дүниенің алпауыт мемлекеттері құрметтейтін аса беделді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырмыз.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – өте жауапты әрі абыройлы іс. Бұл ұйымға қазақстандық төрағалықтың төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишин” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) деген ұранмен өтуі Елбасының ұлттық, өңірлік және әлемдік қауіпсіздікке айрықша мән беретіндігін көрсетеді.
Елбасы өзінің озық ойлы, өміршең қағида-ұсынымдарымен, әділ де турашыл мінезімен құрметке бөленген жан екеніне бәріміз де куәміз. Оның бір ғана дәлелі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды қысқартып, оған кететін қаражатты ауру-сырқау, жағдайы төмендерді емдетуге, нәрлендіруге беру жайлы ұсыныс айтып, зор қошемет пен үлкен қолдауға ие болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының жалпы адамзат қауымына деген ыстық ықыласын, мейірімділігі мен жанашырлығын танытатын адами қасиеттерінің бірі ғана.
Президент Н.Назарбаев халықты мыңжылдықтар ауысып, ғасырлар тоғысқан алмағайып заманда бейбітшілік пен тыныштықта, ынтымақтастық пен татулықта ұстап тұруды еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап басты нысанасы етті. Соның арқасында осы тұста тәуелсіздік алып, түрлі қақтығыстарға килігіп қалған басқа елдердей емес, Қазақстан бірден бейбіт даму даңғылына түсті. Елбасы ел ішіндегі өзара түсіністік пен тұрақтылықты сақтаумен қатар, аймақтық текетірестерді болдырмауда үлкен қажыр-қайрат көрсетті, жаһанға өнеге боларлық үлгілі саясат ұстанды.
Білім мен тәрбие – егіз, екеуі қарлығаштың қос қанатындай. Адамгершілік құндылықтар осы екеуі арқылы қалыптасады. Осыны ескерген Елбасы білім мен ғылымның, ұлттық тәрбиенің дамуына айрықша мән беріп, халқымыздың бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеуді қолға алды. Мемлекеттің, халықтың болашағы жастарда екенін қаперде ұстап, жыл сайын мыңдаған жасты өз бастамасымен қолға алынған республикалық “Болашақ” бағдарламасы бойынша алыс-жақын шетелдерге оқуға жіберіп отырды. Тұңғыш Президенттің ел жастарын білім беруде ең озық саналатын оқу орындарына жіберіп тәрбиелеуі, өз елімізде білім алушы басқа жастардың да заманауи технологияларды меңгеруіне, ғылым-білімнің соңғы жетістіктерімен сусындауына жағдай жасауы – ел ертеңін ойлаған көрегендігі еді. Бұл біздің ілгері қарай дамуымыздың шешуші факторына айналды. Сонымен бірге жас буынның бойында өркендеген Қазақстанды орнатуға деген құштарлық пен сенім ұялатты.
Елбасының талапты жастарға қолдау көрсетіп, жалпы білім саласына ерекше назар аударатыны күнделікті бәріміз көріп, қанық болып жүрген жәйт. Мәселен, 2008-2009 оқу жылында 2 мың 800-ге жуық стипендия иелері сыртта оқыды. Осындай талапты жастарды оқытып, елімізге пайдалы мамандарды тәрбиелеуге назар аударып отыр. Бір жағынан, мұны Мемлекет басшысының жастарға артып отырған сенімі деп білген абзал. Мемлекеттің қамқорлығымен ең беделді оқу орындарында оқып жатқан ұл-қыздарымыз осыны ескеруге тиіс. “Халқымыз дарынды ұлға, талантты қызға қай заманда да кенде болмаған. Олардың бәрі де халқымыздың тарихында өшпес із қалдырып, аспанымызда шоқжұлдыздай жарқырап тұр... Ендігі кезекте алған білімдеріңізді туған елдеріңнің кәдесіне жаратып, мемлекет артқан үмітті ақтаңыздар. Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянбай еңбек ететіндеріңізге мен сенімдімін”, – деп еді Елбасы білімді жастарға арнаған бір сөзінде.
Елбасы егеменді еліміздің болашақ азаматтарын өркениетті өзге халықтардан кем болмасын, солармен терезесі тең болсын деп оқытып отыр. Бұл өз кезегінде жастарға деген үміттің көрінісі. Жастарды туған елінің мәртебесінің биік, абыройының асқақ, ар-намысының жоғары болуы үшін жақсы білім алып, адал еңбек етуге шақырады.
Президент ел жастарының ашық демократиялық қоғам құндылықтары негізінде тәрбиеленгенін қалайды. Өз Отанының патриоты болғанын, әлемдік қауымдастықтың талаптарына сай келетін жоғары білікті, білімді, бәсекеге қабілетті маман болғанын тілейді. Бар құндылықтарымызды игерген, мемлекеттіміздегі бірлік пен елдікті нығайтуға, елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті жастарды тәрбиелеуді назарына алып отыр.
Сондай-ақ Елбасының бастамасымен қолға алынған “Мәдени мұра” бағдарламасы халықтың рухани өрлеуіне серпін беріп, жастардың ұлттық құндылықтарға қанық өсуіне мүмкіндік тудырып отыр. Халқымызды кезінде тағдыр тауқыметімен айырылып қалған рухани қазынасымен қайта қауыштыруда және елімізді әлемге танытуда “Мәдени мұра” бағдарламасының маңызы зор.
Әлемдік діндер жетекшілерінің басын қосып, ислам, христиан, йудаизм, буддизм ұстанушыларды бір дастархан басында жинап, қол алыстырған, бейбітшілікке үндеген бірден-бір адам – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Дінбасылардың Астана қаласындағы жиыны дәстүрге айналып, тұрақты өткізіліп келеді. Бұған дейін әлі ешкім бұл істі осынша сәтті ұйымдастыра алған емес. Бұл дүние жүзі халқын бейбітшілікке шақырудың, бір-бірімен жауласпай, сыйластықта өмір сүруге үндеудің негізі. Осы тәрізді игі бастамаларымен Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық деңгейде зор құрметке бөленді. Қазақстанның ішкі тұрақтылығына әлемнің көзін жеткізе білді. Халқымыздың мерейін тасытып, абыройын асқақтатты. Еліміздегі жарасымды татулық пен берік орнаған бірлікті өзгеге өнеге етіп көрсетті.
Мемлекет басшысы ел ертеңі – балалардың өз заманындағы озық ойлы азамат болуына баса мән беріп келеді. Елдегі білім ошақтарының саны мен сапасының артуына барлық жағдайды жасап отыр. Мәселен, егемендік алған тұста қазақ тілді балабақшалар мен мектептер өте аз болатын. Қазір олардың саны айтарлықтай көбейген. 2002 жылы – 68, 2003 жылы – 70 мектеп салынды. 2007-2008 жылдары республикалық бюджет есебінен – 112, жергілікті бюджеттің қаржысына – 55 мектеп салынды. Білім мекемелерінің оқу жүйесінде материалдық-техникалық базаларының нығаюына көңіл бөлінді. Ауыл мектептерін қамтамасыз ету мақсатында “Ауыл мектебі” бағдарламасы, “100 мектеп, 100 аурухана”, “Жол картасы” бағдарламалары нәтижелі іске асуда. Жоғары оқу орындарының жаңа корпустары мен жатақханалары салынды. Осындай жан сүйсіндірер істері арқылы жастарға қомқорлық көрсетіп келеді.
Халқына адалдық, елін, жерін сүю – адамдық борыш болуға тиісті қағидалар. Президент Н.Назарбаевтың бойындағы осындай биік адамгершілік қасиеттерді жастар үлгі тұтуға тиіс. Елбасының әрбір ісінен өнеге алуымыз керек. Сонда ғана елдің келешегіне, мемлекеттің болашағына сеніммен қарайтын, Елбасының ағалық үмітін алға апаратын және сара саясатын жалғастыра алатын білімді де білікті, парасатты ұрпақ қалыптаса алады.
Адам өмірі қилы белестерден, қиялы асулардан тұрады. Сол асуларды еңбекпен еңсеріп, жоғары білім мен біліктің, биік парасат пен пайымның, елім деп соққан жүректің арқасында қарапайым шойын құюшыдан Мемлекет басшысына дейін өскен Нұр-ағаның өмірлік тәжірибесінен алар өнеге мол. Нұрсұлтан Әбішұлының халқын сүйгендігі, салиқалы саясаткерлігі тоталитарлық жүйеден күйреп шыққан Қазақстанды жиырма жылға да жетпейтін мезгілде төрткүл дүние түгел қызыға қарайтын қарқынды дамушы және болашағы зор мемлекетке айналдырды десек, артық айтқандық емес.
Елбасының бастаған әрбір ісі жастарға үлгі-өнеге боларлықтай. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын жақсарту, аурулардың алдын алу, саламатты өмір салтын ынталандыру барысында халықты дене тәрбиесімен айналысуға, дұрыс тамақтануға үндейтін, есірткіден, темекіден, ішімдіктен аулақ болып, тазалық шараларын сақтауды насихаттайтын пәрменді іс-шаралар жүргізіп отыруы жастардың келешекте кемел адам болып қалыптасуын көздегені.
Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің “Ел боламын десең бесігіңді түзе” дегені бар. Біз болашақ ұрпақтың елдік рухы мықты болсын десек, оларды рухани мәдениет уызына жарытып өсіруге тиіспіз. Мемлекетшілдік, елдік, бірлік, татулық ұғымдарын бала санасына жастайынан сіңіруіміз қажет. Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: “Біз өзіміздің балаларымызды, жастарымызды өзгелерді тыңдауға және түсінуге, басқа ұлттардың тілі мен ділін, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Онсыз қазіргідей жаһандану дәуірінде ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Қазақстандық жастар өз елінің патриоты болулары керек. Түрлі экстремистік сипаттағы “көзбояушылықтарға” қарсы тұрар иммунитеттерін күшейтулері қажет”, – деп еді.
Ұлттың болашағы үшін тәрбиенің маңызы зор екені белгілі. Елбасы өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше көңіл қоя отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 14-ші сессиясында жастарды тәрбиелеудің кешенді бағдарламасын жасауды тапсырған болатын. Бұл өз кезегінде тәрбие мәселесі отбасының ғана емес, мемлекеттік мәні бар іс екенін айқындап берді. Балабақшаларда, мектептерде, колледждер мен оқу орындарында тек білім ғана беріп қоймай, тәрбиенің де тізгінін тең ұстауды тапсырды.
Елбасы Н.Назарбаев – күллі адамзат дүниесінің бейбітшілігі мен татулығын, өз халқының тұрақтылығы мен тұтастығын көксеген заман жаршысы, халық тәрбиешісі. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан сүрінбей, үлкен абыроймен өткен көреген көсемнің кемеңгерлігі мен даналығы тарихымыздың бұдан кейінгі кезеңдерінде ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып тарала беретініне еш күмән жоқ. Қабырғалы қалың елдің еңсесін көтеріп, есесін қайтарып, халқымыздың бүгінгі дәрежеге жетуіне күш салған Елбасы жайлы қалай айтсақ та жарасады.
Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
ректоры, профессор.