18 Шілде, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЙЫМНЫҢ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ БОЛУЫ АСА МАҢЫЗДЫ

553 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сөйлеген сөзі Құрметті кездесуге қатысушылар! Қадірлі қонақтар! Ханымдар мен мырзалар! Сіздерді қазақ жерінде мәр­те­белі форумда қабылдағаныма қуаныштымын. Форумға келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы 56 елдің ми­нистрлері мен мәртебелі өкілде­рі­не және халықаралық беделді ұйымдардың басшыларына шы­найы ризашылығымды біл­діремін. Форумды өткізуге осы жердің таңдап алынуында үлкен мән бар. Бір кездері осы Іле Алатауы­ның әсем баурайы арқылы Ұлы Жібек жолы өтетін. Өңір арқылы ағылған керуен­дер легі ұлан-ғайыр Еуразия кеңіс­ті­гіндегі түрлі елдерді бір-бірімен өзара байланыстыратын. Сондықтан, бұл жерде Шығыс пен Батыс қауышып, мәдени құн­дылықтар мен ақпараттар ағыны түйісіп, бабаларымыз идеяларын бөлісіп, тауарларын алмасып жа­татын. Бүгінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде және серіктерінің белсенді қол­дауы­мен құрлықтар мен өрке­ниет­тер арасындағы дәнекерлік дәс­түрлерін қайта жаңғыртуда. Біздің Ұйымымыз құрылған 1975 жылы, сол тұста әлі әлемнің саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрізді мемлекеттің  35 жылдан кейін оны басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған шығар. Тарих үшін тым қысқа уақыт ішінде дүние жүзі мүлдем өзгеше сипат алды. Геосаяси ахуал жа­ңа­рып, халықаралық қатынастардың мәні өзгерді, трансұлттық қауіп-қатерлердің жаңа түрлері пайда болды. Бұл ретте біздің Ұйымымыз­дың заман талабына сай болуы аса маңызды. Осыған байланысты біз артықшылықтарымызды айқын­дап, жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беретін қарымта жауаптарымызды белгілеуіміз керек. Ханымдар мен мырзалар! Қазақстандық төрағалық мерзі­мі­нің алғашқы жартысы артта қалды. Біз ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі аясында, төрт “Т”-дан тұратын – “траст” (сенім), “традишн” (дәс­түр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) деп жария етілген ұранымыз рухында барлық мәлімделген басымдықтар бойынша теңдестірілген жұмыс стилін көрсетуге ұмтылдық. Біз еуропалық қауіпсіздік ұғымы континенттік аядан әлде­қайда шығып тұратыны туралы те­зисті дәйектілікпен және белсенді түрде ілгерілеттік. Соның нәтижесінде бүгінде ЕҚЫҰ қазірдің өзінде еуроат­лан­ти­калық және еуразиялық қауіп­сіз­дік ұғымдарын нық пайдала­нуда. “Корфу үдерісі” аясында біз одан әргі жұмысымыз үшін кон­сенсустық салаларды анықтауда прогреске қол жеткізе алдық. Осының бәрі сенімді нығайту және ортақ сынақтарға үнқату үшін жақсы жағдайлар жасайды. Біз ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы “созылмалы” қақты­ғыс­тарды реттеу жөніндегі келіссөз фор­маттарын дәйектілікпен ілге­рі­летудеміз. “Созылмалы” қақты­ғыс­тар жөніндегі Арнаулы өкіл белсенді жұ­мыс істеуде. Әзір­бай­жанның, Ар­менияның президент­те­рімен Таулы Қарабақ пробле­ма­лары бойынша бірқатар кездесулер өткізілді. Қазақстан Ресей Президенті Д.Медведевтің әзірбайжан-армян қақтығысын реттеу жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдіреді. Бүгін осында ЕҚЫҰ-ның Таулы Қара­бақ бойынша Минск тобы тең­төр­ағаларының отырысы өтеді. Біз бұл кездесуге шын ниеттен табыс тілейміз. Біздің Ұйымның тиімділігіне Қырғызстандағы саяси дағдарыс елеулі сынақ болды. Қырғызстанға қатысты ба­спа­сөз­де және түрлі саяси саммит­терде көп айтылды. Ахуал қалып­тасуының кейбір қырларына ғана тоқталып өткім келеді. Соңғы 5 жылдағы екі мемле­кет­тік төңкерістің басты себептері экономиканың дамымағандығы, халықтың кедейлігі, билік тікте­месінің әлсіздігі және мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі демокра­тия­лық институттардың тұрлаусыз­ды­ғы болды. Қазақстанның әлемдік көшбас­шылармен келісілген күш-жігері бұл елдегі кең ауқымды азамат соғысының қаупіне жол бермеді. Жаңа Конституцияны және өтпелі кезеңдегі Қырғызстан Пре­зидентін бекіту үшін болған ре­фе­рендум бұл елдің болашағына қа­тысты мәселелердің аз ғана бө­лігіне жауап берді. Шетін тұрақтылық кез келген уақытта бұзылуы мүмкін. Оның үстіне қазір бұл елдің өмірінде республика парламенті сайлауының қарсаңында саяси күрестің шиеленісуімен сипатта­латын өте жауапты сәт бас­талады. Қырғызстан халқы бұл кезеңде өз елінің перспективалары туралы байыпты ойлануы тиіс. Азаматтар сайлау нәтижесінде бұрынғы қателіктерді қайталамай­тын, қажетті реформаларды, ең ал­д­ымен экономика мен әлеуметтік салада жүргізуді қамтамасыз ететін билік пен оның тармақтарын қалыптастыратын болады. Қазақстан төрағалығы өз құзы­рының аясында әрекет етіп, ЕҚЫҰ-ның БҰҰ-мен және Еуропа Ода­ғымен қажетті өзара ықпал­дастығын қамтамасыз етті. Бұл посткеңестік кеңістікте қақтығысты бірлескен тиімді рет­теудің алғашқы тәжірибесі болды. Қазақстан Үкіметінің арнайы құрылған мамандар тобы қырғыз тарабымен бірге қолдау білдірудің кейінге қалдырылмас шараларын анықтады. Бұзылған үйлерге құ­ры­лыс материалдары, ТЭЦ үшін отын – бұл шұғыл көмекті біз он мил­лион доллар көлемінде көр­сетеміз. Ресей мен Өзбекстан да көмек көр­сетті, алайда бұл жеткілікті емес. Қырғызстанға қаржылай және нәрлендіру көмегін көрсету үшін үстіміздегі жылдың шілдесі мен тамызында екі халықаралық кон­ференция өткізу белгіленген. Бюджеттің күтіліп отырған елеу­лі тапшылығы және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келті­ру­ге арналған қаржының өте-мөте же­тіспеушілігі жинақтай алғанда ша­мамен 1 миллиард долларға ба­ға­ланады. Бүгін біз сіздердің елде­ріңізді алда болатын форумдардың жұмысына қолдау білдіріп, оған қатысуға шақырамыз. Ханымдар мен мырзалар! Біз өзіміздің қиын таңдауы­мызды жасап, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Ұйым Саммитін Астанада үстіміздегі жылдың аяғында өткізуді ұсын­дық. Жоғары деңгейдегі кездесу ЕҚЫҰ-ның осы заманғы сынақтар мен қатерлерге бейімделуіне қуатты серпін беріп қана қоймайды, сонымен бірге Ұйымның өзінің беделін арттырып, оның еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік архи­тектурасындағы рөлін күшейтеді. Өздеріңізге мәлім болғанындай, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің ба­сым көпшілігі жоғары деңгейдегі кез­десуді 2010 жылы өткізу идея­сын нық сеніммен қолдайды. Бүгін оны мазмұндық жағынан толымды етуді айқындау маңызды. Сіздерге ЕҚЫҰ-ның жаңа Саммитін шақыру қажеттілігі неден туып отырғаны жөніндегі өз көзқарасымды ұсынғым келеді. Бірінші. Тіпті осы жуырға дейін қалыптасқан әлемдік тәртіп тұрақты да берік болып көрінетін. Бірақ та осы заманғы қатерлер мен сынақтар – соғыстар мен қақ­тығыстар, әлемді шайқаған табиғи, техногендік және экономикалық катаклизмдер қазіргі қауіпсіздік жүйелері мен интеграцияланған әлемдік экономикадағы бар шетін орындарды жалаңаштап, жағдайды шиеленістіріп жіберді. Бірақ та олар жаһандық проб­лемаларды қазіргі бар бірлестіктер мен ескі көзқарастар аясында ғана шешу жеткіліксіз болатынын көп ретте көрсетіп берді. Тіпті мұны ЕҚЫҰ-ның Ыстам­бұл­дағы Саммитінен кейін өткен 11 жыл да көрсетті. Халықаралық қатынастар жүйе­сі­нің дағдарысы әбден айқын бо­лып отыр. Кез келген дағдарысты ахуал секілді одан шығудың екі жолы бар: бұрынғы тәртіптің түрі сәл өзгерген формасын қалпына кел­тіру немесе жаңасын саналы түрде қалыптастыру. Бірінші бағытта әрдайым сын­дар­лы бола бермейтін, бірақта тұ­тастай алғанда мемлекеттердің ай­тарлықтай белсенді күш-жігері жұмсалуда. Екінші бағытта ешқандай қоз­ғалыс білінбейді. Біз алда болатын Саммитті өзі­міз­ге Еуроатлантикалық, Еуразия­лық және әлемдік қоғамдастық үшін ортақ қағидаттар мен құнды­лықтар негізінде көз алдымызға кел­тіретін мақсатқа жетудің жолын ашуға барынша пайдалануға тиіспіз. Ванкуверден Владивостокқа дейінгі болашақ кеңістікті, ал іс жүзінде ұлан-байтақ Еуразия суб­кон­тинентін талқылауға тиісті бо­латын екінші себеп бар. Ол мына­да, кейде тіпті де сындарлы емес идеялар бірінші тұрғыға шығуы мүмкін. Ал олардың қазір ой-санада ұшып жүргендері көп – бұл, мәсе­лен, лаңкесшілдік, есірткі саудасы, трансұлттық қылмыстық және бас­қа осы заманғы қасіреттер ерте жү­ре­тін ұлтшылдық пен діни экстре­мизм. Кез келген өңірде бетімен жі­берілген ахуал американ, еуро­палық континенттердің елдерінде, жаһандық тәуелді бүкіл әлемде сөзсіз көрініс береді. Бүгінде жоспарланып жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) қоса алғанда сегіз аса ірі халықаралық ұйымның басшылары мен мәртебелі өкілдерінің бейресми кездесуінің зор маңызы бар. Қазірдің өзінде Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүлдем басқасын әзірлеу мүмкін еместігін мойындау қажет. Ұзақ мерзімді жос­парда бұл кеңістіктегі тұрақты­лықты трансеуразиялық қауіпсіздік жүйесін құру жолымен нығайтуға болады. Ыстамбұлдағы АӨСШК-нің үшінші Саммиті аясында өткен АӨСШК мен ЕҚЫҰ-ның алғашқы инс­титуттық форумы болашақта мұн­дай трансконтиненталдық қауіпсіздік белдеуін құру үшін негіз қалағаны қуанышты. Екінші. Әлемдік қаржы-эконо­микалық дағдарысы салдарынан жаһандық әлем тәртібінде текто­ни­калық жылжулар жүріп жатыр. Және бұл үдеріс тіпті де аяқталған жоқ. Жаһандық дағдарыстың алғаш­қы толқыны бұған дейін тұрақты да мызғымастай болып келген әлем­нің бүкіл негіздерін орнынан қоз­ғады. Бүгінде біз енді оның екінші толқыны туралы айтудамыз. Болашақтың сан түрлі сценарий­лері бар, олар бір мәселелерде ұқсас келеді, бір мәселелерде қағидаттық тұрғыда айырмасы бар. Бірақ та дағдарыстан кейінгі әлем­нің ортақ, тұтас картинасы бүгінде әлі жоқ. Жағдайды экология, климат, теңсіздік және азық-түлік қауіпсіз­дігі, басқа да проблемалар секілді ортақ сынақтар күрделендіре түсуде. Басқаша айтқанда, дағдарыстан кейінгі дамудың жаһандық күн тәртібінде қаржы-экономикалық әлем тәртібінің жаңа моделі тұр. Әлемдік валютаның ақаулы бұр­малануына, “қампиған” ресурс­тар­дың алып-сатарлық арналануына және дамыған елдердің тұтынуын дамушы елдердің несиелеуіне жол бермеуді қамтамасыз ететін қаржы ресурстарын реттеу мен қада­ға­лау­дың жаһандық жүйесін құру керек. Бұдан да тұрақты макр­оэ­ко­но­миканы құру үшін бірыңғай ұлтүстілік валютаны енгізу талап етіледі. Тікелей біздің Ұйымның аясын­да дағдарыс және дағдарысқа қарсы проблематика алғаш рет жуырдағы Астананың экономикалық фору­мын­да талқыланды. ЕҚЫҰ экономикалық-эколо­гия­лық өлшемді дамытуға көбірек көңіл бөлуі тиіс деп білемін. ЕҚЫҰ-ның Бонн декларациясы мен Маастрихт стратегиясы өзгер­ген жағдайға бейімдеуді және “Маастрихт плюсті” құруды талап етеді. Мен Еуразия субконтинентінде терең де дәйекті интеграциялық үдерістердің сенімді жақтасымын және Еуразиялық интеграцияның негізгі қағидаттары мен бағыттарын бейнелейтін біртұтас құжат әзір­ленуі қажет деп санаймын. Бұл құжат дағдарыстан кейінгі нақтылықтарды және әлемнің орта және ұзақ мерзімді перспек­тивадағы даму үрдісін ескеруі тиіс. Еуропа мен Азия интегра­ция­сының Еуразиялық субконти­ненттің ғана емес, сонымен бірге бүкіл дағдарыстан кейінгі әлемнің экономикалық дамуы мен әлеу­меттік берекелілігіне оң ықпалы болады. Үшінші. Елдердің барлығында бірдей этностық және діни төзім­ділік саласында көптеген проб­ле­малар қордаланып қалды. Бүгінде ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік айма­ғын­да мәдени, өркениетті және дінаралық үнқатысудың өткір қажеттілігі пісіп жетілді. Көп ұлтты және көп конфес­сиялы, мәдениетаралық және өр­кениетаралық үнқатысуды жақтай­тын мемлекет ретінде Қазақстан ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, расизмді, ксенофобияны және антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ЕҚЫҰ әлеуетін белсене пайдала­ну­ды жақтайды. Кең тұрғыдағы толеранттылық тақырыбы ЕҚЫҰ аясында ғана емес, сонымен бірге біздің 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйы­мына төрағалығымыз бары­сын­да да Қазақстанның басты назарында болады. Өткен айдың аяғында Астанада болған ЕҚЫҰ-ның төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясының та­бысты қорытындылары ұлтаралық және конфессияаралық келісім са­ласында пікір алмасудың маңыз­дылығын қуаттап берді. Біз бірлесіп соңғы он жылдық­тарда төзімділік саясатындағы елеулі ілгерілеушілікке талдау жа­сауға және “ЕҚЫҰ: жаңа онжыл­дықта төзімділікке қарай” деген шартты атаумен ортақ құжатқа шығуға тиіспіз деп білемін. Осылайша, “екінші” және “үшінші” себеттерді толтыру, нақ­ты айтқанда ұлтүстілік дағдарысқа қарсы инновациялар, Еуразиялық экономикалық интеграция мә­се­лелері мен төзімділік тақырыбы алда болатын ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібіне кіре алар еді. Төртінші – Ауғанстан проб­ле­ма­сы. ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясының қа­жет екендігіне еш күмән жоқ. Бұл елді нәрлендіру жөніндегі халық­ара­лық күш-жігерді арттыра түсуі қажет. Лондондағы халықаралық кон­фе­ренцияда қуатталған, Ауған­стан­дағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін жергілікті билікке кезең-кезеңмен беруді көздейтін бастаманың зор маңызы бар. Елде Талибанды қоса алғанда барлық саяси күштер спектрінің өкілдерін бейбіт өмірге қайта кіріктіру жолымен қантөгісті тоқтату мақсатындағы Кабулдың бағыты да қолдауға лайық. Бұған қалай қарағанда да, олар халықтың интегралдық бөлігін құрайтын түбегейлі ауғандықтар болып табылады. Соның ішінде оларға да өз елінде ары қарай өмір сүріп, енді бейбіт өмірді құру керек. Бұл ел экономикасының түрлі салалары үшін білікті кадрлар штатын құру Ауғанстанның өткір қажеттілігі болып табылады. Сондықтан да Қазақстанда ауған азаматтарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту жөніндегі, құны 50 миллион долларлық білім бағдарламасын іске асыру басталды. Соған сәйкес 2010-2018 жылда­ры Қазақстанда мың ауған студенті оқытылады. Біз ауған жастарына сапалы білім алу мүмкіндігін беріп, бұл елді нәрлендіру үдерісіне ғана емес, сонымен бірге экстремизм және лаңкестік идеологиясының тара­луын қысқартуға маңызды үлес қосатынымызға сенімдіміз. Халықаралық қоғамдастықтың маңызды бір қам-қарекеті Ауған­станда есірткінің өндірілуімен және оның трафигімен күрес болып қалып отыр. Мұнда бұған дейін қолданыл­ған­дарынан басқа өте тиімді әдіс елдің ауыл шаруашылығы үшін мамандандырылған бағдарламалар әзірлеу және іске асыру болар еді, олар апиындық көкнәр егіс­тіктерін өңірден шығаруды ынталандырар еді. Нақты ұсыныстар мен бір­лес­кен іс-қимыл жоспарларын әзірлеу Ауғанстан проблемасын кеңінен ой сарабынан өткізуді талап етеді. Сондықтан да Ауғанстан тақырыбы трансұлттық қатерлер тұрғысынан алдағы Саммитте талқылауға лайық. Құрметті қатысушылар мен меймандар! Біздің кездесуіміз ЕҚЫҰ шежі­ре­сіндегі өзекті тарихи датаның қарсаңында өтіп отыр. 1 тамызда Хельсинки Қорытын­ды актісіне – “қырғи-қабақ соғыстың” аяқталып, халықаралық қатынастардың демократиялануына жағдай жасаған, ХХ ғасырдағы барынша елеулі халықаралық-құқықтық құжаттардың біріне қол қойылғанына тура 35 жыл болады. ЕҚЫҰ мемлекеттері басшы­лары­ның Саммитін 2010 жылы өткізу біздің халықтарымызға және әлемдік қоғамдастыққа Ұйымның “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” эволюциясын көрсетудің бірегей мүмкіндігін береді. Біз өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ та біз одан тағылым алуға және болашаққа деген біздің ортақ көз­қарасымызды анықтауға мін­деттіміз. ЕҚЫҰ “қырғи-қабақ соғыс” уақытында ғана емес, сонымен бірге бүгін де тиімді болып, осы за­манғы жаһандық саясат пен эко­но­миканың жанды жасушасына ты­ғыз тоқылғандығын дәлелдеуі тиіс. Бұл саммитті өткізу ядролық полигонды бірінші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тартқан біздің халқымызға деген құрметтің көрінісі болар еді. Сонымен қатар бұл ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру факторына айналар еді. Сіздерге табысты жұмыс тілеймін және назарларыңызға рахмет. “Ақбұлақ”, Алматы облысы, 2010 жылғы 17 шілде.