Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ХVІ «Қазақстан – достықтың мекені» атты халық достығының облыстық фестивалі өткізілді. Фестивальға облыстық Достық үйінің этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары, ән-би ансамбльдері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай он алтыншы рет өткізіліп отырған фестивальдің мақсаты – өңірде тұрып жатқан этностардың тілі мен салт-дәстүрін, жалпы, қазақстандық мәдениетті, рухани бірлікті, халықтар арасындағы достықты, ұлттық төл мәдениетті қалыптастыру мен дамыту, насихаттау болып табылады. Мәдени шараның шымылдығын «Достық сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі «Ілме» күйімен ашты. Содан кейін сахнаға көтерілген әнші Гүлмарс Аманбаева Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем» әнін сәніне келтіре шырқады.
Фестивальдің салтанатты ашылуында сөз алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова өңірде тоқсаннан астам ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып жатқанын, олардың тілін, салт-дәстүрін және өнерін сақтауға және дамытуға жан-жақты жағдай жасалып отырғанын тілге тиек ете келіп, бүгінгі мәдени шараның маңызы зор екенін атап өтті. Фестивальға қатысушылардың өнер биігіне көтеріле берулеріне сәттілік тіледі.
Бұдан кейін сахнаға этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары көтерілді. Осындағы «Славяне» орыс этномәдени бірлестігінің әншісі Виктория Сурай орындаған «Земля Казахстана» әні туған жерге деген сүйіспеншілік сезімге бөледі. Одан кейін орталықтың көркемөнерпаздар ұжымы бірнеше орыстың халық әндерін орындап, билерін биледі. Бабик Азизов жетекшілік ететін әзербайжандардың «Азери» биші жігіттер тобы қызуқандылықпен шалт қимылмен орындаған «Кавказ халқының билері» де көрермен көңілінен шықты. Ал, «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы Анастасия Подольянова «Шаттығым – әнім» әнін қазақша төгілткенде сүйсінбеген жан қалмады десе болады.
Бір қызығы – бұл әннің сөзі мен әнін жазған да болгар ұлтының өкілі Наталья Бошкова. «Шаттық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің әншілер тобы орындаған татардың «Ай-жаным» және башқұрттың «Гүлнәзира» әндері де жүректерге жылы сөзім ұялатты. Одан кейін де облыстағы он тоғыз этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары кезекпен сахна төріне көтеріліп, өнерлерін көрсетті. Бұл өңірде тұратын халықтардың өнері бір арнада тоғысқан салтанаты келіскен шара ретінде көпшіліктің көңілінде қалды. Сан тілде, алуан дауыста астасқан мәдени шара қызғылықты өткені соншама көрермендер қатары концерттік бағдарлама аяқталғанша сиремеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.