Саясат • Бүгін, 07:55

Ортақ бастамаларға қызығушылық танытты

4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысына қатысушылар – Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен, Chevron Upstream Президенті Клэй Неффпен, Shell plc «Барлау және өндіру» бөлімшесінің президенті Питер Костелломен кездесті.

Ортақ бастамаларға қызығушылық танытты

Сурет: primeminister.kz

Келіссөздер кезінде бірлескен бастамалардың қазіргі деңгейі мен әріптестікті одан әрі нығайту жолдары қаралды. Олжас Бектенов кездесуге қатысушыларды еліміздің жаңа Конституциясының күшіне енгені туралы хабардар етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына жаңа экономикалық модельге көшу міндетін қойды. Биыл елімізде 200-ден астам жаңа өндіріс орындары ашылмақ. Бұл ұлттық экономиканың одан әрі дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуға елеулі серпін бермек. Қазақстан үкіметі ел экономикасы үшін басым бағыттар ­бойынша халықаралық инвесторлармен ұзақмерзімді жобаларды жүзеге ­асыру мақсатында тұрақты жағдайларды қамтамасыз етуді жалғастырады», деді Премьер-министр.

Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассани елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, олардың еліміздің одан әрі тұрақты дамуында маңызды орын алатынын атап өтті.

«Ең алдымен, сіздерді жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын. Бұл – ел үшін шынымен тарихи сәт. Сондай-ақ ІЖӨ өсуінің жоғары қарқынын және халықтың өмір сүру деңгейінің айтарлықтай ­артуын қоса алғанда, Қазақстанның соңғы жылдардағы елеулі экономикалық нәтижелерін атап өткім келеді. Бұл жетістіктер елді табысы жоғары мемлекет мәртебесіне сенімді түрде жеткізеді. Менің білуімше, бұл – Президент белгілеген негізгі мақсаттардың бірі», деді Антонелла Бассани.

Кездесу барысында 2026–2031 жыл­дарға арналған әріптестіктің негіз­демелік стратегиясын жүзеге асы­ру мәселелері талқыланды. Оның ішінде жеке секторға жетекші рөл бере отырып, экономиканы дамытудың неғұрлым әртараптандырылған, ор­нықты әрі бәсекеге қабілетті мо­де­ліне көшуді жеделдету жөніндегі бір­лескен іс-шараларға назар аударылды.

Сондай-ақ көпжылдық ынтымақ­тастықтың маңыздылығы да атап өтілді. Оның шеңберінде, мәселен, елімізде көлік, білім беру, цифрландыру, экология және «жасыл» технологияларды дамыту салаларында жалпы сомасы 8 млрд доллардан асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылды.

Антонелла Бассани сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы еліміздің артып келе жатқан рөлін, сондай-ақ цифрлық трансформация мен ЖИ саласындағы жетістіктерін атап өтіп, республикада жүзеге асырылып жатқан реформалар басқа мемлекеттерге оң үлгі болатынын айтты. Тараптар жеке сектордың экономикаға қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу барысында Президенттің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, сондай-ақ Ұлттық ­экономика, Қаржы, Энер­гетика, Көлік, Жасанды интеллект және цифрлық даму министр­лік­те­рі­нің басшылығы пікір білдірді. Дүниежүзілік банктің делегациясы елімізбен стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге, бірлескен жобалар мен сараптамалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін растады.

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Shell plc «Барлау және өндіру» бөлімшесінің президенті Питер Костелло Қарашығанақ пен Солтүстік Каспийдегі жобаларды жүзеге асырудың өзекті мәселелерін, геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Компания елімізде жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Chevron Upstream президенті Клэй Неффпен кездесуде стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту ­перс­пективалары қарастырылды. Теңіз және Қарашығанақ жобаларына, жаңа өндірістік нысандарды тұрақты пай­далануды қамтамасыз етуге, гео­ло­гиялық барлау саласындағы ын­ты­мақ­тастық перспективаларына назар аударылды. Жұмыстар мен қыз­­меттердегі, сондай-ақ мұнай-газ сала­сына білікті жергілікті кадрларды даяр­лау жүйесіндегі отандық қамту үлесін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесулер қорытындысында тараптар инвестициялық ынты­мақ­тастықты нығайтуға бейілділік білдірді.