16 Мамыр, 2015

Белгісіз батырдың бірі

462 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
  Белгілісі – ол соғыстан аман оралып, соңғы демі біткенше ел үшін еңбек етті. Белгісіздігі – батырға сай ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, Алтын Жұлдызды кеудесіне таға алған жоқ. Осылай мыңдаған белгісіз қаһарман қатарында мәңгіге қала берді. egemen (33)

Кейіпкер туралы кейіптеме: Әлеукеш Қорғанбекұлы Көбеков 1923 жылы дүниеге келген.1942 жылы Ырғыз аудандық соғыс комиссариаты арқылы әскер қатарына алынып, Беларусь майданында ұрысқа кіріседі. Жастықтың жалынды шағы енді ғана есік ашқан жас жігіт нағыз қанды қырғын шайқасқа тап болады. Бойында қазаққа тән батылдық пен өрлік толы азамат талай рет жаумен кескілескен ұрыста осы қасиеттерін шарболаттай жанып, қарсыласқан дұшпанын жер құштырмай тынбады. Басшылық тарапынан тапсырылған әрбір әскери тапсырма мүлтіксіз және пайдалы мәліметтермен орындалып отырды. Гвардия ефрейторы Әлеукеш Қорғанбекұлы осы соғыстағы ерлігі үшін бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Әрбір награда туралы майданнан келген хабарламаны ағаның кейінгі ұрпақтары қастерлей сақтап отырғанын айта кету парыз.

Әскери жазбалар қысқа мәліметтермен нақтыланып отырады. «Тов. Кубеков, работая старшим телефонистом батареи, в боях на западном берегу р.Одер и на улице Берлина проявил смелость, находчивость и отвагу. 15.04.1945 тов.Кубеков под огнем противника устранил 10 порывов телефонной линии. Это обеспечила батареи выполнение поставленной боевой задачи. В уличных боях за Берлин работал в расчете, который уничтожил 15 гитлеровцев. 23.04.45 огнем из карабина уничтожил двух автоматчиков противника. Достойн награждения ордена «Красная Звезда» делінген тарихи құжаттарды екі бүктеп, бүгін тартпаға қайта салсақ, арымызға сын болар еді.

Міне, мемлекеттік марапат­тың бірінің ғана жазбасы осын­дай ойға қалдырады. Үл­кен марапатқа ұсынылған жазба­дағы қысқаша жазу арқылы адам өмірінің өлшеусіз мұрасын тапқандай әлденіп қалдық. Ал, мұның астарында қаншама ерлік үлгісі жатыр десеңші. Қаңғыған оқтың кез келген секундта жауынгердің өмірін үзіп кетуі мүмкін еді ғой. «Аңдыған жау алмай қоймайды» демек­ші, қарсыластың да солдаттары осал емес еді. Соғыс дегеннің не екенін білмейтін біз сияқты қайғы-қасіретті көзбен көрмеген ұрпаққа ол кезеңнің ақиқаты тек кино тілімен ғана өрілгені мәлім. Оның өзі жартылай қиялға ерік берілген, кейіпкерлері фильмнің ең соңында фашистердің көзін жойып, «бақытты өмір сүріптімен» аяқталатын кісі нанғысыз желідегі туындылар болып жататын. Жойқын күштің иесін еңселі, ал немістерді әлсіз, бейбақ етіп көрсету кино өнерінің айнымас қағидасына айналып жататын. Шын мәнінде, жауды жеңу, басынан бақайшағына дейін қаруланған дұшпанның мысын сындырып, мығым тұру оңайлықпен уысқа түскен олжа емес еді. Егер, осы ойлағанымыздай жеңіл жеңіс десек, онда ол осынша уақыт сағызша созылмас еді. Соның қыр-сырына қал-қадеріміз жеткенше біз де белгілі бір деңгейде ой жүгіртіп көрдік. Сондағы көкейге түйген алғашқы ой – Әлеукеш секілді ағалардың жанқиярлығы алға жетелемегенде, жекелеген жауынгерлердің кеудесіндегі намыс оты­ жасындай ойнамаса­ біз­дің бұл соғыста жеңіске жетуіміз неғайбыл болатын. Соның бір мысалын жоғарыда тілге тиек еттік.

egemen (39)

Аға өмірден өте қарапайым күйінде өтті. Сондықтан да мереке кезінде « Берлинді алғаны үшін» медалін ғана тағыпты. Әрине, балалары әкесінің басқа соғыс ардагерлеріндей кеудесінде орден, медальдардың жарқырап жүруін қалап, «Ордендеріңізді неге түгел тақпайсыз?» десе: «Менің аман келгенімнің өзі үлкен марапат емес пе, ал қаншама нағыз ержүрек батырларымыз елі үшін кеуделерін оққа тосып, мұндай бейбіт өмірді тек армандап қана өтті. Сондықтан қосағы мен балаларынан айырылған қарт әке-аналардың көңіліне кіреуке түсіргім келмейді», – дейтін.

Өмір дәптеріне түскен Әлеу­кеш ағаның ерлігін оқы­саңыз, түпсіз терең дариядай тербетіп әкете жөнеледі. Қанын төгіп, мезет сайын­ ажал аңдыған сәттегі жау­жүректігі үшін берілген ме­даль, ордендерді оның ұял­май тағуына әбден бола­тын. Бірақ өткенді ойға оралтқысы келмеді. «Мен қандай батыр­лық жасадым!» деп кеуде­ кергенді ұнатпады. Тек қана­ жеңіс белгісі ретінде жал­ғыз медаль кеудеде тұрды. Ал, «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі сол күйінше қорапта сақтаулы тұрған. Тек балалары ғана әкесінің нағыз батыр екендігіне сенді және мұндай адамның бұдан да жоғары атаққа лайық екенін іштей түйсікпен қабылдады. Тіпті, сөздің арасында Әлеукеш аға да соғыс аяқталар кездегі бір батырлығы үшін ең жоғарғы атаққа ұсынылып, өкінішке қарай, бірақ сол награданы алып үлгере алмай қалғанын айтатын да, қайтып қозғамайтын. Расын айту керек, балалары кезінде бұған онша мән бермегенге ұқсайды. Ал майдангер аға қандай марапат екенін өзі білгенімен, бір хабарын ести алмай өмірден өтті. Кеудесіне тағылуы тиіс алтын жұлдыздың жары­ғы мәңгіге өзімен бірге сөнген­дей, мимырт тірлік әуенімен өмір зымырап өте берді. Ертерек қамданғанда, бәлкім мемлекеттің басты наградасына қол жеткізуге болар ма еді, кім білсін, ал енді сол қисынды қайта тіктеп, бар қазақтың қаперіне салса, өткеннің бір кемін түгендеу мүмкін бе деген ой қылаң береді. Кезінде жоғары жақ мән бермеген бұл жағдайды бүгін түзей аламыз ба? Ол үшін не істеу керек? Кезінде атақты батыр Баукеңнің өзі құрметті атаққа үш рет ұсынылып, алайда барлығы кеудеге орден болып оралады екен. Оның қасында қарапайым жауынгерге не жорық деп қаларыңыз тағы рас. Алайда, Әлеукеш аға секілді награда үшін емес, намыс үшін, Отан үшін шайқасқан қаһарман ерлердің алапат ерлігін ұмытсақ, кейінгі жастардың тәрбиесіне тұздықты, рухани ұшқынды қайдан табамыз?

Награда туралы нақтылық: Батыр ағаның 9 баласы бар. Барлығы да қатарынан қалмай білім алды, отбасын құрды. Алды ата-әже болған жайы бар. Алайда, әкесінің көңіліндегі түйткіл барлығын тыныш таптырмады. Бұрын ауданымызда жауапты қызмет атқарған Сәлима Әлеукешқызы ізденісті тоқтатпады. Мектепте жүргенде де оқушыларға жеңістің қалай келгені туралы жаны езіле отырып әңгімелеп беретін. Өйткені, көңілінде әкесінің қан майдандағы қисапсыз ерлігі туралы әңгімелер жатталып қалған болатын. Тіпті, анасы Әлеукеш ағаның Мәскеуге талай рет офицерлік оқуға шақырылғанын, бірақ ауылды қимағандықтан еріксіз оқудан бас тартуға мәжбүр болғанын әңгімелейді.

Бірде Сәлимаға жақын туысы телефон шалып, ғаламторда арнайы бір сайт ашылғанын, сол арқылы соғысқа қатысқандар туралы нақты мәлімет білуге болатынын хабарлайды. Әлдебір қуанышты жүрегі сезгендей. Туысқаны берген Podvignaroda.ru сайтына кіріп, іздестіруді бас­тайды.Тапты! Компьютердегі мәліметті көргенде алдымен тамағына өксік тығылып, қатты толқыды. Ал, енді көзге келген жасты тоқтата алсайшы... Бұл бәрінің көптен аңсап күткен ең қымбат ақпарат еді. Бұл мәліметті әкесі қаншама жыл сарсыла күтті десеңші. Ол кісі наградасын таппағанмен, ерліктің мұндай бір ерен белгісі кеудеде сақталып қалғанының өзі бір жеңіс екен-ау. Сәлима да сабырға бойын әзер жеңдіріп, награда туралы нақты ақпаратқа назарын тікті. Наградаға ұсынған полк командирі, подполковник Бахалдинның жоғарғы жаққа жіберген жазбасында былай деп жазылыпты:

«.. в боях в районе д.Лапичи Минской области, 30 июня 1944 года батарея, заняв без пехоты плацдарм на левом берегу р.Свислочь. В тяжелую минуту для орудия он поднес боеприпасы и немедленно заменил убитого наводчика, открыл огонь по танкам противника, подбив при этом два танка.

А когда орудие вышло из строя от снаряда противника, он с оставшимся в живых одним орудийным номером из личного оружия и гранатами отразил несколько контратак немцев, наседавших на орудие. Из своего автомата и гранатами он лично уничтожил 17 гитлеровцев» Товарищ Кубеков достоин высшей Правительственной награды присвоения звания «ГЕРОЯ СОВЕТСКОГО СОЮЗА».

Командир 280 гвардейской истр. прот. арт. полка.

Гвардии полковник Желез­ников. 10 июля 1944 года».

Міне, осылайша Әлеу­кеш ағаны көзі тірісінде қару­лас­тары батыр атағына лайықты деп санаған. Айта кету керек, шовинистік көзқарас майданда болмай қалмады. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, ондай сәт­те тек өзіңнің ерекше батыл­дығыңмен танылмасаң, әлгін­дей үлкен марапат түгілі, медаль­дың өзіне қол жеткізу қи­ын. Командирі мойындап тұр­ғанда, сол жоғары награда неге дер кезінде ағамыздың кеудесіне тағылмай қалды. Міне, мәселе сонда.

Ұрпақтары ұмытпайтын уақыт: республикалық басылымда жарық көрген мақаланы редакциямызға жеткізген Басухан ағамызбен бірге әлсін-әлсін сайттан барлық ақпаратты ақтарған Нұржамал апамыздың шаңырақтарының шаттығына біз де ортақтаса алдық. Кең жайылған дастарқан басында батыр ағаның өмірі туралы біраз дерекке қаныға түстік. Өзіміздің аудандық мәслихаттағы Әсияның, осы жаңалықтың бір шешімін білгенше тыным таппауды ұйғарған Сәлима апайдың қуаныштарында шек жоқ. Нақты деректерді алдымызға тосып, бәйек болып жүгіруде. Бір батырдың ерлігі түгел бір ауылдың ерлігі секілді кеудеде мақтаныш сезімі бүр жарды. Батырымен, ерлігімен өмірін өрген өңірдегі тың бастамаға түрткі болып отырғанымызға біз де қуанулымыз.

Толағай сөздің түйіні: Әлеукеш аға ұзақ жыл бүгінгі Құмқұдықтың алғашқы ауылдық кеңесінің төрағасы болып еңбек етті. Тың көтеру ісіне белсене атсалысты. Өзінің адалдығымен, батыр мінезімен, іскерлігімен тың деген желеумен келген телілер мен тентектерді тезге салды. Ешқандай жазаға тарттырмай-ақ, тәубесіне түсірді талайды. Бұл жеке басының ерекше қадірінен еді.

Сұрапыл соғыстан кейінгі тұралап қалған ауылды қал­пына келтіру жұмыстарына араласқан абзал ағаның бей­біт өмірдегі іздерінің өзі бір­ ғанибет. Бұл өз алдына бө­лек қозғалуға тиіс тақырып. Біздің бүгінгі әңгімеміз –мың­даған қазақтың белгісіз батырларының бірі ретінде Әлеукеш Көбеков ағамызға Кеңес Одағының Батыры атағы не себепті берілмей қалды деген мәселе. 1974 жылы дүниеден озған ардагерге батырлығы мен жанқиярлық әрекеті, намысы мен өжет ерлігі үшін кеңес заманы қимаған жоғары атақты өзіміз қиятын кез жеткен сияқты.

«Ештен-кеш жақсы» деген жұбату, сірә, осындай­ сәтке дөп келетін шығар. Өткен­ді ұмытуға болмайды, ағайын. Оның ішінде ерлікті, батырлықты жырлаудың жүре­гімізден алар орны асқақ. Парыз­ға қарыз болған жаман. Біз осынау бейбіт тіршіліктің кілтін сақтай білген аға ұрпақтың майдандағы жан-аямас ерлігі үшін мәңгі қарыздармыз. Соның бірі – Әлеукеш Қорғанбекұлы ерлігі. Сондықтан ағаның есімін мәңгі есте қалдыру үшін Жеңістің 70 жылдығында лайықты бір марапатты ұмытпауымыз керек.

Егенберлі ЫРҒЫЗҰЛЫ.

АҚТӨБЕ.