Семейдегі Абай қорық-мұражайының директоры Жандос ӘУБӘКІРДІҢ айтуы бойынша, Абай мұрасы ұлттық тәрбиенің ең басты қайнар бұлағына айналуы тиіс. Ақын мерейтойына орай атқарылып жатқан іс-шаралардың дені осы ұстанымды негізге ала отырып жүзеге асырылуда.
– Жандос Мағазбекұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семейдегі Абай қорық-мұражайына арнайы атбасын тіреуі тек қала халқы үшін ғана емес, жалпы ел мәдениеті үшін де елеулі оқиға болып саналуда. Әңгімемізді осы тарихи сәтпен сабақтастыра жалғастырсақ.
– «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», – деген болатын Елбасы өзінің сөзінде. Осы ойды біз темірқазық етіп ұстауымыз керек. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы тұлғаға деген сүйіспеншілігі оның «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына арнайы соғып, ақын рухына көрсеткен құрметінен анық аңғарылып тұрды. Аса мәртебелі Елбасына «Абай дәуірі», «Абай және Семей», «Абайдың ақындық-айналасы», «Абайтану», «Абай халық жүрегінде» атты бөлімдерден тұратын экспозициялық туындыларды таныстыру бақыты маған бұйырды. Ақынның 1885 жылы Өлкетану музейіне тапсырған жеке заттары мен тарихи жәдігерлер, фотосуреттері, қолжазбасы және құнды кітаптары, түрлі деректі құжаттар Елбасы назарына ұсынылды.
Мемлекет басшысы Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуде сөйлеген сөзінде: «...Біз бүгін елдегі достықты, тұрақтылықты нығайтудамыз. Көптеген елдер 100 жылда да жетпеген нәрсеге біз небәрі 23 жылда қол жеткіздік. Егер тәуелсіздік сақталмаса, ел экономикасы дамымаса және әлеуметтік мәселелер шешілмесе, халық игілікке кенелмейді. Бүгінде барлық бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы, Қазақстан дұрыс жолда дамып келеді, саяси тұрақтылықты, өзара түсіністікті және достықты сақтау қажет», – деді.
Сол айтқандай, Абайдың өмірі мен шығармашылығын және оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, молықтыру, насихаттау ісінде Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы Елбасы сөздерін тікелей басшылыққа ала отырып, ұлт мұратына қызмет етуде.
– Республикалық мәртебесі бар осынау рухани орталықтың өңірдегі филиалдары туралы не айтып бере аласыз?
– Қазақтың ұлылығын тану Абай мұрасынан бастау алары сөзсіз. Дала данышпанының ұлағатты сөздері – халқымыздың рухани азығы, баға жетпес асылы. Ендеше, сол асыл мұраны насихаттаумен айналысып келе жатқан мұражайдың атқарар қызметі орасан зор екені даусыз болар. Хакім Абайдың қарашаңырағының бүгінде ел тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық мұражай болып саналатыны өз алдына, ал сонымен қатар әрі тарихи-мәдени, әрі әдеби-мемориалдық, әрі қорық-мұражайы рөлін атқаратындығы оның алуан қырын айшықтап береді. Қазақ даласында бұрын-соңды мұндай сан-салалы қорық-мұражай болған емес. Сондықтан, мұражай үйінің кезінде Абайдың қарашаңырағы болғандығы ғимараттың тарихи мән-мағынасын одан сайын айшықтай түсетін дәстүрлі дәйек ретінде бағамдауға негіз бар.
Ал мұндағы бөлімдерге жеке-жеке тоқталып өтсек, ғұлама жазушы Мұхаң дүниеге келген, балалық-жастық дәурені өткен туған жері Бөрілідегі мұражай-үйі әлем жұртшылығының ұлылыққа тағзым жасап келетін бірден-бір қасиетті орнына айналса, дала данышпаны Шәкәрімнің саят қора экспозициясы, Абайдың шәкірті Көкбай ақынның мешіт-медресе, мұражайы мен кесенесі жалпы халқымыздың қадір тұтып, ардақтайтын абыз мекені саналады. Сірә, Жидебай аты тілге алынғанда, тебіренбейтін жан болмас бұл өңірде. Қасиетті қарт Шыңғыстаудың топырағында жаралған дара тұлғалардың дені, оның ішінде Абай мен Шәкәрімнің кесенелері, Абай қарашаңырағы дәл осы Жидебайда мен мұндалап тұрған жоқ па... Хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы кезінде 16 ескерткішпен бірге қорғауға алынған 6400 гектар қорық алқабы өзінің әрдайым тарихи сипатымен ерекшеленеді.
Қазіргі кезде Абай мұражайы еліміздегі ең ірі қорық-мұражайларының біріне айналды. Қысқаша ақпарат бере кететін болсақ, мұражай қорындағы жалпы жәдігерлердің саны – 20 263. Оның ішінде негізгі қорда – 11 551, қосалқы қорда 8712 жәдігер бар. Мұражай кітапханасындағы 12 мыңнан аса кітаптың 911 кітабы және қордағы кітаптардың 358 кітабы 1917 жылға дейін жарық көрген сирек басылымдар санатына жатады. Бұл Ресейдің баспаларынан басып шығарылған орыс классиктері мен Батыс Еуропа ойшылдарының кітаптары.
Қор бөлімінде сақтаулы кітаптардың 300-ге жуығы араб графикасындағы еңбектер. Ал олардың 252-сі Абай білім алған Ахмет Риза медресесінің кітаптары. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұражай қорындағы әр жәдігер өзінше бір тарихи құндылыққа баланады.
– Мақаншыдағы ақын Әсет Найманбайұлының мұражайы да сіз басқаратын қорық-мұражайдың қарамағында болғандықтан, Әсет ақынның дүниеден өткен күніне байланысты табылған тың дерекке қатысты бір сұрақ қойғымыз келеді. Осы қаншалықты шындыққа жанасатын ақпарат?
– Әйгілі әнші, талантты композитор, ақын Әсет Найманбайұлының Мақаншы ауылындағы әдеби-мемориалдық мұражайы ақын жөнінде тек ақпарат беру ісімен шұғылданып қоймайды, ол негізінен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады, Әсеттің шығармашылық өмір жолының халыққа белгісіз тұстарын жан-жақты зерттейді. Бүгінде ақынның ғұмыры, білім алған ордасы, отбасы, ұрпақтары жайында мағлұматтар толықтай жинақталып бітті деуге толық негіз бар. Мақаншыдағы Әсет мұражайының меңгерушісі Әбен Разуев екеуміз ақынға қатысты басқа да тың деректер жинау мақсатымен Қытай мемлекетіне арнайы іссапармен барып келдік. Әсеттің өмірінің соңы Қытайда өткені баршамызға белгілі. Біз ондағы ақынның қабіріне барып зиярат еттік, Құран бағыштадық. Құлжа ауданының бір топ өнерпаз жігіттері Әсеттің әндерін шырқап, бір келелі басқосу өтті. Қазақстаннан арнайы Әсет ақынның мұраларын іздестіріп барғанымызға ол жақтағы ағайын мәре-сәре қуанып, көңілдері көтеріліп қалды.
Ертеректегі зерттеулерде Әсеттің қайтыс болған жылы 1923 жылы деп жазылса, ал енді бір деректерде ол 1922 жыл деп көрсетіліп жүрді. Әсеттің өмірінің соңы Қытайда өткендіктен, онда әлі де біз біле бермейтін көп деректер жатқанына көзіміз айқын жетіп қайттық. Ақын жайында бұл жақтағыға қарағанда ондағы мағлұматтар көбірек пе деген ой келді. Әсеттің қайтыс болған жері Шыңжан өлкесі, Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласының желкесіндегі Борқора тауының Еренқабырға жоталарында, Қайшы жайлауындағы Тасжота маңы болатын. Бұл туралы Әсетті зерттеуші жазушы Жұмәділ Маман былай дейді: «Әсет 1923 жылы жазда жайлау үстінде қайтыс болды. Ертеңінде Құрбан айттың бірінші күні, айт намазына жиналған жұрттың алдында Әсеттің жаназасын шығарып, Тасжотадағы қорымға жерлеген». Бұл пікірді Зейнолла Сәнік, Нұртаза Қалиоллаұлы, Мәлік Шипанұлы, Баяқын Әлімбекұлы, Құрманбай Толыбаев сияқты жазушылар қолдады.
Ақынның қайтыс болған күні туралы Әсет мұражайының меңгерушісі, мәдениет қайраткері Әбен Разуев ағамыз былай дейді: «Осы дерек бойынша 1997 жылдан бастап 1923 жылдың құрбан айт күні біздің қолданып жүрген Григориан күнтізбесі бойынша қай күнге келетінін іздедім. Самарқанд, Бұхара, Ташкент қалаларындағы медреселерге сұрау салдым. Түркия қаласына да хат жаздым. Алайда, нақты дерек таба алмадым. Тек 2013 жылы Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінен хабар келді. Онда: «1923 жыл хижра жыл санауы бойынша 1341 жылға сәйкес келеді. Соған орай хижра жыл санауы бойынша жоғарыдағы 1923 жылдың 1-ші Құрбан айт күні 24 шілдеге сәйкес келеді», – деген хат алдым. Бұл сұрауды Діни басқарма өкілдері Меккеден алғанын айтты. Сонымен, Әсеттің қайтыс болған күні белгілі болды».
– Абай мұражайы басқа елдердің мәдениет ошақтарымен шығармашылық байланыста жұмыс істеп жатыр деп естідік. Осы орайда өзіңіз Ресейдегі іргелі музейлерге барып қайтқаныңыз бар еді. Ондағы мен мұндағы жағдайды салыстырып көрдіңіз бе?
– Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы әсіресе, кейінгі жылдары шетелдік әріптестерімен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеуде. Л.Толстойдың Ясная Полянадағы қорық-мұражайына, М.Лермонтовтың Тархан қорық-мұражайына, А.Пушкиннің Михайловское селосындағы мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи-ландшафты қорық-мұражайына тәжірибе алмасу мақсатында іссапармен барып келгеніміз рас.
Жоғарыда айтып өткендей, Михайловскідегі Пушкин мұражайын тамашалудың сәті туды. Ол жақтағы ең бір қатты қызықтыратын нәрсе, Пушкинге деген халықтың ерекше құрметі. Не деген сұмдық, мұражайда сегіз жүзден астам адам жұмыс істейді екен. Тек қана пушкинтану орталығының өзінде алпыстан астам адам ғылыми қызметпен айналысады. Бұдан бөлек штаттан тыс, ел-елден, жер-жерден өз аяқтарымен келіп, мұражайға қол ұшын беріп жатқан жастар қаншама. Олар жыл бойы арнайы кестемен еш үзіліссіз, апталап жатып қызмет жасайды. Ал енді салыстырыңыз, біз бен оларды. Мысалы, бізде Жидебайды қасиетті жеріміз деп тебірену, бару, көру, тағзым ету бар да, ал оған қызмет ету жағы мүлде жоқ. Біздегі мұражайда, Семейдегі, Абай және Үржар аудандарындағы бөлімдерді қоса есептегенде, барлығы 82 адам ғана жұмыс істейді. Абайтану мен пушкинтану арасын міне, осы мысалдарға қарап, өзіңіз бажайлай беріңіз.
«Интермузей» халықаралық фестиваліне бірнеше мәрте қатыстық, ол бізге әлем музейлерінің озық тәжірибелерімен танысуға мүмкіндік туғызуда. Мысалы, 2012 жылы Душанбе қаласында өткен «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану, жаңғырту және мемлекеттік қорықтардың мәселелері» конференциясына қатыстым. Абай мұражайы 2014 жылы «ICOM» халықаралық музейлер қауымдастығына мүше болып қабылданды. Басқару органы «Әлем астанасы» аталатын Париж қаласында орналасқан қауымдастыққа мүше болу мұражайымыз үшін үлкен мәртебе болып саналады. 2014 жылы «Мұражай ісінің дамуына қосқан зор еңбегі үшін» «ИКОМ Қазақстанның үздігі» аталымы бойынша жоғары марапатқа ие болдым.
Омбы қаласындағы А.Жүнісова басқаратын «Мөлдір» қазақ диаспорасы орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Қазіргі таңда Ресейдің ірі мұражайлары – Л.Толстойдың Ясная Полянадағы қорық-мұражайы және Мәскеу қаласындағы Л.Толстойдың, сондай-ақ А.Пушкиннің мемлекеттік музейлерімен шығармашылық ынтымақтастық жайлы өзара келісімдер жасалып, меморандумдарға қол қойылды. Аталмыш меморандумдар екі елдің ірі мұражайлары арасындағы өзара ақпарат, тәжірибе алмасу және мұнан да басқа түрлі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Еуропадағы музейлермен байланыс орнатылуда. Атап айтатын болсақ, Германиядағы әріптестеріміз Ильменау қаласындағы Гете музейі және Кассель қаласындағы ағайынды Гриммдер музейімен көрме әкелу бағытында келісімдер жасалуда.
Мұражай қызметкерлері шетелдегі мұрағаттар мен кітапханаларға ғылыми іссапарлармен барып келіп жатады. Мәскеу, Омбы, Қазан қалаларындағы мұрағаттарда әжептәуір жұмыс істедік. Осындай сапарлар нәтижесінде Абай және оның туыстарына, айналасына қатысты тың мұрағаттық деректер табылғаны хабарланған болатын.
– Биыл Абайдың туғанына – 170 жыл. Осыған орай қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы негізінен ақынның өмірі мен өнерін зерттеумен, насихаттаумен айналысуда. Өкінішке қарай, мерейтой кезінде ғана бой көрсетіп қалуға тырысатын мекемелер жоқ емес. Біз ондай амалдан адамыз, өйткені, бүкіл тіршілігіміздің тірегі ақын мұрасына арналудан тұрады. Әйткенмен де Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай ауқымды іс-шаралар жоспарын әзірледік. Атқарылған жұмыстарымыздың негізгілеріне тоқталсақ, Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына және Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының 75 жылдығына орай «Хакім Абай ұлағаты» атты көрме тұңғыш рет Атырау қаласындағы облыстық өлкетану мұражайында ашылған болатын. Болашақта қазақтың бас ақынының мұрасын насихаттау мақсатында облысымыздың аудандары мен қалаларында, Алматы, Астана, Павлодар, Талдықорған қалаларында мұражай көрмелерін ұйымдастырмақпыз. «Абай – әлем тілдерінде», «Мерейлі белестер және рухани құндылық» сынды көрмелерге көпшілік ризашылықтарын білдірсе, алдағы уақытта да түрлі тақырыпты қамтуға барынша тырысып-бағамыз.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп Абай мұрасын зерттеуші, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Бөжеевтің туғанына 105 жыл толуына орай «Мұратбек Бөжеев – әдебиет тарихын зерттеуші» атты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Сонымен қатар, алдағы жоспарда Әдебиет және өнер институтымен қосылып «Абай Құнанбайұлы: шығармашылық мұрасы және абайтану мәселелері» деген тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өткізу міндеті тұр. Бұл жиынға еліміздегі белгілі абайтанушы ғалымдармен бірге шетелдік мамандар да шақырылып отыр. «Абай және Абайдың ақын-шәкірттерінің шығармашылық мұрасын оқыту мәселелері» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта түрлі тақырыптарда аймақтық, республикалық дәрежедегі ғылыми-тәжірибелік семинар жұмыстары жүргізілмек. Ұлы ақынның тұңғыш биографиясын жазып, абайтану ілімінің негізін қалаған тарихи тұлға Әлихан Бөкейхановқа және халықаралық тарихи ескерткіштерді және тарихи орындарды қорғау күніне арналған өзге де танымдық кештеріміз келген жұртты дән риза етті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20, Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жылдығына орай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» атты достық фестивалі ұйымдастырылды. Ұлы ақын шығармашылығының салтанаты асқақтаған мерекелік кеште Абай өлеңдері мен қарасөздері моңғол, орыс, қытай, қазақ, орыс, неміс, корей, татар, араб тілдерінде оқылып, Абай әндері алуан тілде шырқалды. Бас ақынның әлем тілдеріне аударылған шығармалары хақында ауқымды мағлұмат берілді. Дәстүрлі түрде өтетін «Абайды оқы, таңырқа...», «Мұхтар мұрасы – адамзат байлығы» және «Мұтылғанның тағдыры» атты оқушылар мен студенттер арасындағы сайыстарға келсек, олар да ақын тойына көп тарту әзірлеуде. Сонымен қатар, Абай ауданымен, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасымен бірігіп өткізетін мұнан да басқа көлемді іс-шараларымыз жеткілікті.
Әңгімелескен Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
журналист. Семей.