16 Мамыр, 2015

Жоғарғы Рада өкілдерімен жүздесті

283 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко мен Украина Жоғарғы Радасының ынтымақтастық жөніндегі топ мүшелері парламентаралық іс-қимыл мен жалпы Қазақстан – Украина қарым-қатынасын дамытудың маңызды мәселелерін талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Тараптар Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық, сая­си және мәдени байланыстарды нығайтуға қызығушылық білдірді. С.Дьяченко Украинадағы қоғамдық-саяси жағдайды алға тарта келіп, аталған елде орын алған дағдарысты реттеу жолын іздестіруде біздің еліміздің көптеген шараларға қатысуына тоқталды. Осы ретте Мәжіліс Төрағасының орынбасары Елбасының жанжалды реттеуге ықпал ету үшін барлық тараптармен белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқанын айрықша атап өтті. С.Дьяченконың пікірінше, Қазақстан ең алдымен, екі ел басшыларының экономикалық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған келісімдерін жүзеге асыруға ерекше маңыз береді.

Өз кезегінде ынтымақтастық жөніндегі топ жетекшісі, Жоғарғы Раданың қаржы саясаты және банк қызметі мәселелері бойынша комитет төрағасының орынбасары Руслан Демчак Қазақстан мен Украина арасында екіжақты қарым-қатынасты кеңейтудің, әсіресе, экономика саласында оларды табысты дамытудың, сондай-ақ, инвестициялық әлеуетті арттырудың мүмкіндігі зор екендігіне сенім білдірді. Сондай-ақ, ол Қазақстанға гуманитарлық көмек үшін алғысын жеткізді.

Сергей Дьяченконың атап өткеніндей, мәжілісмендер ук­раиндық әріптестерімен өзара іс-қимыл қарқынын арттыруға қашанда дайын. Ал парламентаралық үнқатысуды одан әрі нығайту мәселелері ынтымақтастық жөніндегі топ өкілдерінің бейінді комитеттер төрағаларымен кездесуінде одан әрі жалғасты.