21 Тамыз, 2015

Бизнесмендер бәйгесі

355 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
КонкурсҚарағандыда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтті Қарағанды қаласында «Қазақ­станның үздік тауары» өңірлік көр­ме-байқауы өтті. Отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, өркенін өсіруге бағытталған бұл игі шараны об­лыс­­­тық әкімдік, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, сондай-ақ кәсіпкерлер палатасы бірігіп ұйымдастырды. «Мұндай көрмелерді өткізу – ең алдымен мемлекеттік ин­дус­­триялық-инновациялық да­му аясында біз қабылдаған бағ­дарламалардың іске асу барысымен нақты мысалдар негізінде танысуға, жинақтаған тәжірибені зерттеп және байытып, сонан соң барып оны күн­де­лікті жұмыста пайдалануға мол мүмкіндік бе­реді», деді көрме-бай­қаудың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әб­дібеков. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің «Президенттің «Ал­тын Сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс  және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы туралы» Жарлығына сәйкес, жыл сайын елімізде рес­­публикалық және өңірлік «Қа­зақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өткізіліп келеді. Аталған шараның отандық өнім шығарумен шұғылданып жүрген жеке және заңды тұлғалардың шаруасына шабыт беріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кәдімгідей септігін тигізіп жүргенін айтпай кетуге болмайды. Қазіргі таңда кәсіпкерлер мұндай көрме-байқау­дың отандық өнімнің сапасын жетілдіру, нарықтағы өзінің орнын табу және тұрғындар тарапынан ықыласқа ие болу сынды қат-қабат шаруада көп көмегін тигізіп жатқанын бірауыздан айтып жүр. Қарағандыдағы ел аумағында азық-түлік және өндірістік-тех­­никалық мақсаттағы тауар шы­ғарып жүрген кәсіпкерлер өз­де­рі­нің өнімдерін көрмеге қо­й­ы­п, жұртқа жария етуге тамаша мүм­кіндік алды. Орталық сая­бақтағы көрме-байқауға қара­ғандылық кәсіпорындардың 92 көрнекі стенді қойылды. Көрме-байқауда «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Тұр­ғын­дарға арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауары» сынды негізгі үш аталым бойынша мықтылар анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші жүлдені Бұқар жырау ауданының «Бемер Арматура» ЖШС жеңіп алды. Бұл компания жылумен қамту, мұнай, газ және өндірістің басқа да салаларына қажетті шүмектер шығарады. Қарағандының «Қарағанды металл өнімдері зауыты» «Тұр­ғындарға арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша озып шықты. Құрылғанына 60 жыл болған бұл кәсіпорын Қазақстанда балаларға арналған велосипед шығаратын бірден-бір зауыт. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында Қараған­дының «Eurasian foods» акци­нерлік қоғамының алдына түсер компания болмады. Бұл кәсіпорын 45 жылдан бері өзінің сапалы өнімдерімен жұрттың ықы­ласына ие болып келеді. Қазіргі таңда олар шығаратын отандық ақуыз өнімі нарықта өте жоғары сұранысқа ие. Әлеуметтік мақсаттағы нысандар салумен айналысатын «Аспап» өндірістік кооперативі тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорын санатында арнайы сыйлыққа ие болды. «Балқаш-нан» ЖШС «Жыл жаңалығы» аталымының арнайы сыйлығына ие болса, «Қараганданеруд» компаниясы «Әлеуметтік жауапкершілікті бизнес» аталымы бойынша марапатталды. Облыстың бизнес қауымдастығы «Жылдың ақпараттық жобасы» аталымына іскер жаңалықтарды жедел әрі объективті түрде жеткізетін EKaraganda.kz сайты лайықты деп таныды. «Шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы Сайран Сыздықова мен Сауда-өндірістік палата алқасының төрайымы Несіп Сейітоваға табыс етілді. Ал «Үлгілі салық төлеуші» аталамының жүлдесіне «Айза» ЖШС ие болды. Компания 1997 жылдан бастап мемлекет қазынасына салық төлеу саласында абырой-беделіне кір келтірмеген екен. Енді өңірлік көрме-байқауда бәйгенің алдын бермеген қара­ғандылық кәсіпорындар Астана қаласында жыл соңына қарай өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауында бақ сынайтын болады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».