ОЛ ҰСТАҒАННЫҢ ҚОЛЫНДА, ТІСТЕГЕННІҢ АУЗЫНДА КЕТІП ЖАТЫР
Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Атырауда құқық қорғау және мемлекеттік органдардың кеңейтілген кеңесі өтіп, онда Жайық-Каспий су бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту мәселелері бойынша заңдылықтың жай-күйі талқыланды.БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Иә, бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған шығар. Кім көрінген күнкөріс қамы деп бүгінде алтынға теңелген бекіре тұқымдас балықтарды тамтығын қалдырмай, тамағыма қылқан қадалар деместен қанағатсыз қылғытып жатыр. Аштықтан жеп жатқан жоқ, көкала қағаздың буына еліккендер балықпен бірге арын да, барын да түгесіп әлек. Маңдайына сор боп біткен уылдырығы үшін іштері тірідей жарылатын бекіре балықтар өсіп, өне алмай қалды. Жесе дәмі тіл үйіретін, әлсізге қуат беретін қара уылдырықты шеттен келгендер шелектеп әкеткендеріне мәз, іштегілер ішіп, жегендеріне мәз. Шеттен келген браконьерлердің мұндай озбырлығы тек бекіреге ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігіне де қатер төндіретіні анық. Мұны Бас Прокурор Қайрат Мәми Жайық-Каспий бассейніндегі балықтардың бағалы түрін сақтауды және өсіруді қамтамасыз ету мәселелерін талқылау барысында қадап айтты.
Аталған мәжіліске қозғалған мәселенің мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығына орай Вице-премьер – Сауда және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев көгілдір экран арқылы қатысса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әділ Шаяхметов, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев және Ішкі істер министрінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасарлары, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, депутаттар, сондай-ақ облыс әкімі мен басқа да тиісті министрліктер және құқық қорғау органдарының өкілдері жиында өздері отырды. Алғашқы беташар сөзді Әсет Исекешев, бүгін біздер өте маңызды мәселені қозғап отырмыз деп бастады. Бұл қоғамда көпшілікті толғандырып отырған күрделі проблемалардың бірі. Сондықтан оны бірлесіп талқылау тиянақты шешімге әкеледі деген сенімдемін деген ол Үкімет тарапынан табиғат байлығын сақтауда көптеген шаралар қабылданып жатқанын айтып өтті. Дегенмен бұдан кейін баяндама жасаған Бас Прокурор Қайрат Мәми Жайық-Каспий су бассейніндегі ең басты табиғи байлығымыз – бекіре тұқымдас балықтардың табиғи қорын сақтау, шындығын айтар болсақ, өте мүшкіл деді. Сондықтан да өткен жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы бекірені аулаудағы браконьерлік пен шектен шыққандық оның жойылуына әкеліп соқтыратынын айтқан еді. Алайда, содан бері жылдың жүзі өтсе де, өкінішке қарай, біз жағдайдың өзгерісін көре алмай отырмыз.
Күні кеше бекірені сақтау ісінің қауіпті жағдайына Премьер-Министр де назар аударып, мұның төркіні браконьерлер мен “погонды озбырлардың” біріге әрекет етуінде жатқандығын негізге келтірді. Мұндай жағдайда қызметке тартылған органдардың мемлекеттік тапсырмаларды орындау мүмкіндігі мен кәсіптік деңгейі қандай деген мәселе туындайды. Сондықтан қазір тез арада жіберілген кемшіліктерді тауып, оларды жою үшін нендей шаралар қабылдау қажеттігін нақты анықтап алу қажет.
Жалпы бекірені сақтау деген мәселеге көзқарасты мүлде өзгерту керек, деді бұдан әрі Қайрат Мәми. Өйткені, бәріміз білетіндей, атқаратын ісіміз тек әйтеуір көз алдау мен әрекетсіздіктен ғана тұрғандай. Оған былтырғы өткен Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің шешімін орындау барысы нақты дәлел бола алады. Орындау туралы уәде берілді, сонымен бәрі де тынды. Ал шындығында ең негізгі міндеттер қағаз жүзінде ғана қалды. Бірде бір ұйымдасқан қылмыстық топты жою мүмкін болмады. Соған қарамай аты дардай ІІМ аймақта экологиялық қылмыс жөніндегі арнайы мамандандырылған жедел-тергеу тобын құрдық деп мардымсиды. Бас прокуратура Атырау қаласына келіп тексеріс жүргізгенде жаңағы айтылған топ тек қағаз жүзінде ғана бар екендігі анықталды. Сонда мұндай алдау кімге керек? Мемлекет басшысы бекірені аулаудағы браконьерлік пен шектен шыққандық тыйылу қажет деп тапсырма жүктесе, ІІМ оның орындалысы жөнінде жалған ақпарат береді. Неліктен?
Бұл орайда Бас Прокурор табиғат қорғау және құқық қорғау органдарына балық аулау маусымы кезінде біріккен шараларды тұрақты түрде өткізіп отыру тапсырылғанын жеткізді. Әйтпесе, мүйізі қарағайдай балық инспекторы мен полиция қызметкерлері арасында не нәрсеге екені белгісіз талас туып, содан бірін бірі жағадан алып жатқанда заңсыз балық аулаумен ұсталған Маңғыстау аймағындағы Тельман ауылының браконьерлері тиімді сәтті пайдаланып тайып отырыпты. Сөйтіп қылмыскерлер жауапкершіліктен сытылып кеткен.
Сонымен қатар Қайрат Мәми бұл мәселенің атқарушы органдарды да айналып өтпейтіндігін тілге тиек етті. Өйткені олар бар ауыртпалықты құқық қорғау органдары иығына ғана жүктеп қарап отыр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі болса олардан да асып түсіп, бекіре балықтарының уылдырық шашу кезінде аулануын тоқтату жөнсіз деп есептеген. Мұндай кеңес аталған министрліктің қай шенеунігінің аузынан қандай мақсатпен айтылды екен деп еріксіз таңғаласыз. Өйткені, заң бойынша тыйым салынғанын министрлік білмеуі мүмкін емес қой. Білсе неге заңға қарсы шығады?
Сол сияқты жағалаудағы ауыл тұрғындарының назарын браконьерліктен басқаға аудару мәселесі де тыс қалған деді Бас Прокурор. Мәселен, Исатай ауданының Жанбай ауылында 813 адам бар. Олардың тең жарымы жұмысқа қабілетті жандар, бірақ еш жерде еңбек етпейді. Ал мемлекеттен жұмыс пен жәрдемақы сұрап, көмек алу үшін 115 адам өтініш білдірген. Сонда қалған 698 ауыл тұрғындарының немен айналысатыны айтпаса да түсінікті деген сөз. Осы ауданның Забурун ауылындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұндағы ресми тіркелген 204 жұмыссыздардың тек 5-уі ғана жұмыс іздеп жүр.
Бекіре балығының өсіп, өнетін табиғи аймағын сақтау бойынша да жұмыстар тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Жайық өзеніндегі бекіре уылдырық шашатын 68 жердің қазір бар болғаны 13-і ғана пайдаға жарамды болып тұр. Жағалаудағы ауылдардың тұрғындары үшін жұмыс орны болып табылатын тауарлық бекіре өндірісін дамыту да екпін ала алмай отыр. Сонымен қатар Бас Прокурор біздің теңіз шекарасы мәселесі ерекше алаңдаушылық туғызып отырғанын айтып өтті. Өйткені республика өзен-көлдеріндегі шетелдік браконьерлердің мұншалықты көп болуы тек бекіреге ғана емес, сонымен қатар елдің ұлттық қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан көптеген мәселені тез арада шешу қажет екендігін Қайрат Мәми баса айтты.
ТЕҢІЗДЕГІ ТАЛАН-ТАРАЖ
Каспий теңізі –тұйық су қоймасы. Мұнда бекіре тұқымдас балықтардың әлемдік су қоймаларында кездеспейтін бағалы түрлері бар. Алайда, Жайық-Каспий су бассейніндегі осынау қазына қоры мүлдем азайып барады. Бас Прокурордың орынбасары Асхат Дауылбаевтың мәлім етуінше, бұған әсер етіп отырған бірден-бір себептің бастысы –браконьерлік. Бұл көп жылғы зерттеу нәтижелерінен белгілі болып отыр. Теңіздің қазақстандық бөлігіндегі бекіре балықтарының қоры өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері ондаған есеге күрт азайған. Сол кезеңде, яғни, 1975 жылы 8000 тонна бекіре балықтары ауланса, 2009 жылы балықшылар тек 50 тонна су маржанын сүзумен шектелген. Демек, Жайық-Каспий су бассейнінен бағалы балықтарды аулау 162 есеге төмендеген. Бекіренің өнеркәсіптік қоры 2005 жылы 326 тоннаны, ал 2009 жылы 170 тоннаны құраған. Бұдан бұл бағалы байлықтың өнеркәсіптік қорының тек 5 жылдың ішінде ғана 2 есеге азайғаны байқалады. Жалпы соңғы 40 жыл бойы Каспийдегі заңсыз балық аулаудың нәтижесінде бекіре тұқымдас балықтардың көбеюі 90 пайызға төмендеген. Демек, браконьерлік қауіпті сипат алып барады деуге негіз бар.
Осыған орай елімізде браконьерлікпен күрестің бастау алғанына бірнеше жыл болғанмен, заңсыз балық аулаушылар жолына тосқауыл қоятын мемлекеттік органдар жұмысының нәтижесі көңіл көншітпейді. Бұған былтыр Президент Әкімшілігімен Жайық-Каспий су бассейніндегі браконьерлікпен күрестің жеткіліксіз жүргізілгені дәлел бола алады. Яғни, теңіз бекіресін талан-таражға түсірген браконьерліктің ұйымдасқан қылмысқа айналуына жол ашылып отыр. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 3 жылда ел аумағынан 40 тонна бекіре тұқымдас балықтар, 10 тоннаға дейінгі мөлшерде қара уылдырық әкетілген. Алайда, жедел ақпаратқа сәйкес жыл сайын ел аумағынан шығарылатын бекіре тұқымдас балықтар көлемі әлдеқайда көп: 500-600 тонна. Бұл деректер бекіре балықтарының көлемін ресми статистикада көрсетілгеннен 37 есеге, ал қара уылдырық 7 есеге артқанын аңғартады. Міне теңіз байлығын талан-таражға салу деген осы. Каспий- Жайықтағы аса бағалы су маржаны жылма-жыл дәл осылайша талапайға түсе берсе, бекіре тұқымдас балықтар қорының мүлдем жойылып кету қаупі айқын сезіледі.
Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: осынша көлемдегі бекіре балықтары мен қара уылдырық құқық қорғау органдарының қатаң бақылауынан қалайша тыс қалады? Су байлығына суық қолын сұққандар Каспийдегі қазынаны талан-таражға сала бере ме? Елбасы мұндағы бекіре тұқымдас балықтар қорын сақтауға, оны талан-таражға салған браконьерлікке қарсы бітіспес күрес жүргізуді тапсырды. Өйткені, теңіздің қазақстандық бөлігі шетелдік браконьерлердің заңсыз балық аулау аймағына айналған. Қаржы полициясының мәліметінше, қара уылдырықтың көлеңкелі айналысы 92 пайызға жеткен.
ТОСҚАУЫЛ НЕГЕ ТЕГЕУРІНДІ ЕМЕС
Бұлай деуіміздің сыры мынада. Балық қорын қорғау жөніндегі инспекция қызметкерлерінің бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз тасымалдауға қатысы бары анықталып отыр. А.Дауылбаевтың айтуынша, 28 наурызда “Рубеж” бекетінде жол полициясы Қадыров деген инспектордың көлігінің салонынан жалпы салмағы 150 кило болатын 143 бекіре балығын тәркілеген. Мұндай факт жиі қайталанады екен. Бір ай бұрын біздің акваторияда “Жан и компания” кемесі ұсталған. Кеме бортында экипаж болған, сонымен бірге 8 жәшік “Коллада” ауы табылған. Қызығы сол, кеме бортында маңғыстаулық балық қорғау инспекторы Керпиков те болған. Сонда браконьерлерге қарсы күрес жүргізеді дейтін инспектор онда не істеп жүр?
Мына бір дерек те ойландыруы тиіс. Ұлттық қауіпсіздік органы ұйымдасқан қылмыстық топты анықтау кезінде оған Атырау облыстық ішкі істер департаментінің балық қорғау полициясы жауапты қызметкерлерінің қатысы бары анықталған. Олар қара уылдырық дайындайтын жасырын цех ашып, контрабандалық тауарды алыс және жақын шет елдерге, соның ішінде Аламыт арқылы Біріккен Араб Әмірліктеріне әуе тасымалымен ұйымдастырған. Жедел шара барысында аталған ұйымдасқан қылмыстық топтан 70 килодан аса қара уылдырық, дайын зауыт банкілері, бекіре балықтары мен браконьерлік құралдар табылған. Ал өткен жылдың қаңтарында Атырау-Астрахань тас жолында тоқтатылған “Газель” автокөлігін тексеру барысында одан құжатсыз балықтар шыққан. Және осы көлікті қаржы полициясының инспекторы алып жүрмек болған.
Биылғы жыл басынан бері Атырау және Маңғыстау облыстарының құқық қорғау органдары браконьерлікпен бекіре аулау фактісі бойынша бірде-бір істі сотқа жолдай алмай отыр. Не себепті? Браконьерлер шынымен жойылды ма, әлде басқадай себебі бар ма? Осы қос облыстың балық қорғау полициясындағы 313 қызметкер жыл басынан бері браконьерлерден 4,5 тоннаға жетпейтін бекіре балықтарын тәркілеген. Тәркіленген балықты әр қызметкерге бөлетін болсақ, әрқайсысына тиесілісі 14 килодан сәл ғана асады. Міне, балық қорын қорғау полициясы қызметкерлерінің браконьерлермен күрес нәтижесінің түрі осындай.
Ал Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы басқармасы басшыларының әрекеті тіптен шектен шыққандық деуге болады. Олар өз шешімдерімен балық аулаушы кәсіпорындарға ауланатын балық лимитін асырып жіберуге рұқсат берген. Бірақ, ауланған балық үшін бюджетке түсуі тиіс міндетті төлемдерді төлетуге келгенде жалпақшешейлік танытып, заңсыз әрекеттерге барған. Демек, бұдан браконьерлер жолына қойылар тосқауылдың тегеурінді емесі анық байқалады.
Сонымен Каспий тұнығына қауіп қайдан келеді дейміз. Теңізге төнетін қауіп өте зор. Браконьерлермен бірге бағалы бекіре тұқымдас балықтар қорының көбеюіне қоршаған ортаның ластануы да әсер етеді. Жыл сайын Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылу фактісі тіркеледі. Оған да міне, 16 жыл. Соның ішінде мәселен, 2006-2009 жылдары 2143 бекіре тұқымдас балықтар мен 1293 итбалық қырылғаны жөнінде деректер тіркелген. Балықтардың қырылуымен келген шығын 206 миллион 678 мың теңгені құраған. Бұл осы кезеңде браконьерлер келтірген залал көлемінен асып кетіп отыр. Жекелеген эколог-мамандар пікіріне сүйенсек, су жануарларының бұлайша жылма-жыл опат болуына теңіздегі барлау және көмірсутекті өндіру кезінде ауаға шығарылатын күкірт, метан немесе өзге ілеспе газдармен байланысты болуы ықтимал. 2006-2009 жылдардың көктемінде “Қаламқас” және “Қаражанбас” кен орындары аумағында бекіре балықтары мен итбалықтың қырылғаны байқалды. “Қаражанбас” кен орнының ұңғымасына таяу теңіз суына зертханалық талдау жасалғанда, ондағы мұнай өнімдері концентрациясының шекті мөлшері 69-дан 114,8-ге дейін жоғарылағаны анықталды.
Атырау және Маңғыстау облыстары аумағында Каспий теңізі суының астында қалған 170 мұнай-газ ұңғымасы бар. Әзірге осы ұңғымалардың қоршаған ортаға әсері жөніндегі мәселе оңтайлы шешімін тапқан жоқ. Каспий тұнығын сақтаймыз десек, Үкімет, тиісті министрліктер бұл мәселеге ерекше назар аударуы қажеттігі сезіле түседі.
МӘРТЕБЕ
Каспий теңізі тек Қазақстанға ғана тиесілі емес. Ол сонымен бірге Ресей, Иран, Әзірбайжан, Түркіменстан секілді көршілес мемлекеттерге де ортақ су қоймасы. Сол себептен жағалаудағы мемлекеттер арасында теңіз мәртебесін анықтау мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ. Бұл браконьерлікке қарсы күресті тиімді жүргізуге кедергі жасап отыр. “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы” Заңға сәйкес Каспий теңізінде ел аумағындағы жағалаудан 22,2 шақырым қашықтықта (12 миль) мемлекеттік шекара анықталған. Бірақ заңдылықта мемлекеттік шекараның нақты қай жермен өтетінін анықтайтын нормативті құжат болмай тұр. Осыған байланысты теңіз шекарасын заңсыз бұзушыларға қатысты Қылмыстық және Әкімшілік кодекстердің тармақтарын қолдануда қиындық туындатар жайлар айқындалуда.
Ең бастысы, Қазақстан тарапынан су айдынында мемлекеттік шекараны айқындау Каспий жағалауындағы өзге де мемлекеттермен келісілмегендіктен, біржақты шешім күйінде қалуда. Міне, нақ осы мәселе көршілес елдердің азаматтарына әкімшілік және қылмыстық шара қолданудың заңдылығына күмән туғызады. Қазақстандық құқық қорғаушылармен ұсталған Ресей Федерациясының немесе Әзірбайжан елінің әрбір азаматы өз елдерінің дипломатиялық өкілдіктері арқылы еліміздің мемлекеттік органдарының заңсыз әрекеттері үшін талабын беріп жатса, негізсіз болмас еді. Бұған қоса, Каспий теңізінің бейтарап бөлігінде браконьерлікпен айналысқан шетелдік азаматтарды жауапкершілікке тартудың құқықтық негіздерінің болмауы, ұсталғандардың жауапкершіліктен сытылып кетуіне жол ашып отыр.
Осыған қатысты мына деректерді айтайық. Биылғы 4 сәуірде ел шекарашыларымен Каспий теңізінің орталық бөлігінен Әзірбайжан Республикасының “Шанс” кемесі ұсталды. Оның әрине, су айдынында бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулаумен айналысқаны тексеру барысында анықталды. Кеме бортынан 16 жәшік браконьерлік ау құралдары, соның ішінде, жалпы ұзындығы 3200 метрлік “Коллада” қармақты торы тәркіленді. Браконьерлер дәл осындай торды бекіре тұқымдас балықтарды аулауға қолданады. Мұндай құралмен ауланған 550 кило бекіре балықтары да қоса тәркіленді. Алайда, “Шанс” кемесінің экипажы ашық теңізде ұсталғандықтан, осы факт бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім амалсыздан қабылданды. Осыған ұқсас жағдай “Гобустан”, “Долга”, “Нардаран” секілді кемелерді ұстау барысында да болды. Жалпы соңғы 1,5 жыл ішінде жағалау күзеті басқармасымен бортында теңіздің табиғи байлығын браконьерлік әдіспен аулауға лайықталған құралдары бар әзірбайжандық 6 кеме ұсталса да оның 5-уінің экипажы ешқандай жазаға тартылмай қалды. Бұған олардың бейтарап су айдынында ұсталғандығы себеп болып отыр.
Міне, осы себептен, Каспий теңізінің мәртебесін анықтау мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігі туындайды. Алдымен, әрине, Каспий мәртебесін анықтауда көршілес мемлекеттермен ортақ мәміле түзіліп, нақты шешім қабылдануы тиіс. Мәселе дәл осылайша шешімін тапса, мұндағы кең көлемде өріс алған браконьерлікке қарсы күресті көршілес мемлекеттермен бірлесіп жүргізуге мүмкіндік туары сөзсіз. Ең бастысы, өзге ел браконьерлеріне теңіздің қазақстандық бөлігінен заңсыз бекіре тұқымдас балықтардың аулауына тосқауыл қойылары анық. Және көршілес елдердің браконьерлеріне заңдылыққа сәйкес қатаң жаза қолдануға жол ашылары дау тудырмайды.
ЕНДІГІ МІНДЕТ – ТӘРТІП ПЕН ЕҢБЕК
Мәжілісте айтылғандай, браконьерліктің өрістеуімен Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтардың қоры азайды. Бұл –бұлтартпас шындық. Бірақ, солай екен деп, қол қусырып отырудың реті жоқ. Керісінше, енді оның қорын молайтудың жолын іздестіру тиімді болмақ. Қандай жолды таңдаған жөн? Қазақстан үшін қолайлы болатын әлемдік тәжірибе бар ма? Ғалымдар бекіре тұқымдас балықтардың табиғи жолмен көбеюіне ықпал ететін бір әдісті ұсынады. Ол – оның шабақтарын жасанды жолмен өсіру. Бұл – көптеген шет мемлекеттерде кеңінен қолданылатын әдіс. Рас, Қазақстанда да, соның ішінде Атырау облысында осындай екі зауыт бар. Оларда жыл сайын 7 миллион шабақ Каспий теңізіне жіберіледі. Мұның көршілес мемлекеттерде өсіріліп, теңіз айдынына жіберілетін шабақтармен салыстырғанда, тіптен аз мөлшерде екені жасырын емес. Мәселен, жылма-жыл Ресейде 56 миллион, Иранда 22 миллион, Әзірбайжанда 15 миллион шабақ өсіріледі екен. Бұл –Қазақстанның үлесінен әлдеқайда көп.
Дегенмен, Қазақстан аумағында Каспий бекіресінің шабағы тек бір ғана Атырау облысында өсірілетіндіктен, 7 миллионның аз болып көрінетіні рас. Әзірге оны көбейтудің еш мүмкіндігі байқалмайды. Себебі, Атыраудағы бекіре шабағын өсіретін зауыттардың технологиясы ескірді. Оларды қайта жарақтандыру мәселесі тек сөз жүзінде қалып келеді. Жаңа зауыт салу мәселесі де шешімін таппай тұр. Елбасы былтыр Атырауға келген сапарында осы мәселеге назар аударып, қуаты жылына 30 миллион шабақ өсіретін зауыттың құрылысын салу қажеттігін алға тартқан болатын.
Мемлекет басшысы Каспий бекіресінің табиғи қорын сақтауды ұдайы айтып келеді. Ал оның баламалы бір жолы – тауарлы бекірені өсіру. Мұның тиімділігі неде? Алдымен, бекіре тұқымдас балықтардың тұқымын жоғалтар болсақ, оның өнімін шығару да едеуір азаяды. Бұдан мемлекет бірнеше миллион қаржыны құрайтын шығынға ұшырайды. Демек, тауарлы бекіре өсіру – табысты, сонымен бірге, экономикалық тұрғыдан алғанда, балық шаруашылығын дамытудың ең тиімді бағыты. Осы әдіс көптеген шет мемлекеттерде қолға алынып, қазіргі уақытта тауарлы бекірені өсіру әсіресе, Қытайда, АҚШ-та, Францияда, Германияда, Италияда, Дания мен Жапонияда ерекше қарқынмен өрістей түсуде.
Балық шаруашылығын жетік білетін мамандардың пайымдауынша, Қазақстанның балық шаруашылығын дамытуға ең қолайлысы – Қытайдың тәжірибесіне жүгіну. Өйткені, бұл елде тауарлы бекіре өсірудің әлемдік тәжірибесі қалыптасқан. Осы мәселеге Қытай мемлекеті ден қоюы ерекше – арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, мемлекет тарапынан саланы дамытуға бет бұрған кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді екен. Ал бұл Қытайда аталған саланы экономиканың алдыңғы легіне шығуына бірден-бір тиімді саналатыны әлем елдерін де қызықтырады. Сонымен бірге, әлем елдері ішінде Қытай тауарлы бекіре өсірудің 60 пайыздық үлесін иеленіп отыр. Яғни, бұл елде жылына 20 миллион тоннадан аса тауарлы бекіре өсіріледі деген сөз.
Қазақстанда тауарлы бекірені өсіру кең көлемде дамымай отыр. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұған несие саясатының жетілдірілмегені кері әсерін тигізеді. Екіншіден, тауарлы бекірені өсіруге ұмтылғандар мемлекеттік қолдауды сезіне бермейді. Үшіншіден, тауарды өндіру технологиясы мен тәжірибенің жоқтығы ойға алған істі ілгері жылжытуға кедергі жасайды. Төртіншіден, тауарлы бекірені өсіруге ниет еткен фермерлер, кәсіпкерлер мен балықшылар толыққанды ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Тауарлы бекіре деген не, жеке тауарлы бекіре шаруашылығын қалай құру керек? Басқаша айтқанда, бұл не, оның экономикалық тұрғыдан тиімділігі қандай, жұрт осыдан бейхабар десе болғандай.
Міне, осы себептер Қазақстандағы тауарлы бекіре өсірудің қарқын алуына тұсау салғандай болып отыр. Осындай қиындықтарға қарамастан, 2008 жылы “Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жеке кәсіпкер А. Кемелбаевамен бірге Атырауда тауарлы бекіре шаруашылығын дамытатын жобаны қолға алған еді. Алайда, бастапқыда тым тәуір қызығушылық тудырған оның құрылтайшылары өзара үлесті бөлісуде келісімге келе алмады. Бұл жобаның іске асырылмай, тоқтап қалуына әсер етті.
Сонымен Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен өткен Жайық- Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту жұмысындағы заңдылықтың барысы туралы құқық қорғау және өкілетті мемлекеттік органдардың кеңейтілген кеңесі көп жәйттің басын ашып берді. Негізгі мән-жәй анықталды. Тамыры тереңге тартылып, жаппай ұйымдасқан қылмыстық сипатқа ие болған браконерьлік жойылмай мін түзелмейді. Жыл сайын заңсыз жолмен сыртқа 600 тонна балық, 10 тонна қара уылдырық әкетіледі екен. Бұл әзірге белгілісі ғана. Бұл браконерьліктің жолын кесуде құқық қорғау, оның ішінде балық қорғау органдары қызметінің тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанын көрсетеді. Өйткені, қылмыстық ортаға құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың теріс пиғылды қызметкерлерінің қатысы бар екендігі ашылды. Соған орай кеңестің қорытындысы бойынша бірқатар мемлекеттік шенеуніктерді қызметтерінен босату туралы ұсыныстар қабылданды.
Александр ТАСБОЛАТОВ, Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.