Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған бірқатар Үкімет мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді. Онда теңгенің еркін айналымға шыққаны және осыған орай Үкіметте қабылданған шешімдер мен тиісті мемлекеттік органдарға жүктелген тапсырмалар әңгіме өзегіне айналды. Үкімет басшысы мен Ұлттық банктің төрағасы және сала министрлері журналистерді толғантқан сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.
Қазақстанның экономикалық саясаты өзгеріп, жаңа бағытқа түскенін және Үкіметтің жағдайға орай бүгін қабылдаған шешімдері мен тиісті органдарға берілген тапсырмалар жөнінде айтқан Премьер-Министр, бұл шараларды Үкімет пен Ұлттық банк біріге отырып қолға алғанын жеткізді. Сөйтіп, баспасөз мәслихатында журналистерді және қоғамды ойландырып, жауап іздеген сұрақтар мен туындайтын мәселелер жөнінде ашық әңгіме болатынын білдірді. Сондай-ақ, қазіргі орын алған жағдай түсінікті болуы үшін Қазақстан ендігіде қандай бағытпен дамитынын ашық айтамыз деді. «Соңғы 14-15 жылда біз молшылықта өмір сүруге, мұнай, металл бағасының тұрақты өсіміне үйреніп алдық. Өкінішке қарай, енді мұндай кезең аяқталды. Ал алдағы уақытқа көз тастасақ, таяу болашақта, яғни 5-7 жыл, мүмкін бұдан сәл ұзағырақ мерзімде мүлде бөлек экономикалық жағдайда өмір сүретін боламыз. Атап айтқанда, қазақстандықтар мұнайдың бағасы барреліне 30-40-50 доллар болатын жағдайдағы экономикалық ахуалда өмір сүруге үйренгені жөн. Бұдан былай Қазақстанда бар металдар мен өзге де шикізаттардың бағалары барынша төмен деңгейде болуы әбден ықтимал. Осыған орай, Ұлттық банк және Үкімет талапқа сай жаңа үлгіде әрекет етіп, өзінің экономикалық саясатына түзету енгізіп, өз бағытын анықтағаны ләзім», деді К.Мәсімов.
Үкімет басшысы алдағы даму жолында Мемлекет басшысы ұсынған 5 институттық реформадағы нақты 100 қадам негізгі бағдаршам болатынын айтып, Қазақстанның келесі экономикалық саясатының бағыты айқын екеніне тоқталды. Осы кезде ол жөнінде жұмыс істеліп жатқанын жеткізіп, таяу күндерде Мемлекет басшысына баяндайтындарын білдірді. Бұйыртса, осы орайда жасалатын экономикалық реформалар өз нәтижесін беретінін атап өтті. Бұдан кейін, біздің елге ұқсас мемлекеттердің даму тәжірибелеріне көңіл бөлініп жатқанын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға Канада мен Австралияның даму үлгісін алған тиімді болмақ. Бұл елдердің де территориялары үлкен, ал халқының саны аз көрінеді. Тіпті, Қазақстанның өндіріп жатқан өнімдері де осы елдердің тауарымен ұқсас екен. Ал көрші алып елдердің қазіргі экономикалық жағдайы жөнінде айтуды қош көрмейтінін жасырмады. Десе де, жағдайдың күрделенгенін ескере келіп, салалық реформалар жүргізгеніміз дұрыс болатынын айтты. Бұл жөнінде Үкіметтің айқын бағыты бар екен. Ол жөнінде шара барысында баяндалатынын жеткізді.
Премьер-Министр өзі айтқандай, баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде журналистердің сұрақтарына жауап берді. Қойылған сауалдың бірі Ұлттық қордағы қаржыға қатысты болды. «Біз Ираннан санкциялар алынған сәттен бастап, мұнайдың 1 баррелінің бағасы 10 долларға дейін құлдырауы ықтимал деп болжай бастағанбыз. Бұл Дүниежүзілік банк пен өзге де білікті сарапшылардың пікірі. Осыған қатысты, мүмкіндігінше консервативті сценарийді алғымыз келеді. Сонымен, мұнай баррелінің келер жылғы орташа бағасы 40 доллар болады. Ал, Ұлттық қордағы ақша туралы айтар болсам, қиын кезең алдағы уақытта әлі де туындауы мүмкін деп санайтындықтан Ұлттық қордан қосымша қаржы алмаймыз. Ол ақша қоры болашақта қажет болар. Сондықтан, бүгінгі күні келісілген қаржыны ғана алумен шектелеміз», деді ол.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты қойылған сұраққа Ұлттық банк төрағасының жауап беруін ұсынды. «Белгілі болып отырғандай, зейнетақы салымдары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «шатыры» астына біріктіріліп, Ұлттық банк басқаруына берілген. Одан бері қорда жоғары кіріс бар. Оның инфляцияға қатысы да маңызды. Осы айдың басында инфляция 3,9 пайыз болған еді. Сондықтан, Ұлттық банк оны инвестициялық стратегияларға сәйкес инвестициялайды. Негізінен, Қаржы министрлігінің негізгі құнды қағаздары, оның ішінде, шетелдік құнды қағаздар мақұлданған. Нақты айтар болсам, Ұлттық банк 1,5 жылдық басқару кезінде БЖЗҚ-ның табыстылығын жақсартты. Енді бұдан былай да жақсарта түсетін боламыз», деді Қ.Келімбетов .
Сөз кезегін алған Премьер-Министр Үкімет пен Ұлттық банкте жұмыстарды күшейтуі тиіс 2 бағыт бар екенін атап айтты. «Бірінші бағыт экономиканы долларсыздандыру, ұлттық валютаны пайдалану. Екіншісі, қазақстандық банктердің несиені теңгемен алу мүмкіндігі. Яғни, осы екі мәселені шешу қажет. Осыдан кейін экономика бағам саясатына назар аудара қоймайтын болады», деп толықтырды К.Мәсімов.
Келесі сұрақ мұнайлы өлке Маңғыстаудан қойылды. Кәрі түбекте туындап отырған мәселелерді жақсы білетінін айтқан К.Мәсімов, Үкімет экспорттық кеден салығын мұнай бағасына қосу туралы жеке шешім қабылдайтынын жеткізді. «Бұл мәселемен аталған облыс әкімі бірнеше ұсыныспен шықты. Біз оларды Үкіметте талқыладық. Бұйыртса, қыркүйек айында экспорттық кеден салығын мұнай бағасына қосу туралы шешім қабылданатын болады. Осыдан кейін Үкімет директивті реттеуден тыйылады. Мұндай шешім қыркүйекте қабылданады. Бұл ретте Маңғыстау, Атырау облыстарындағы мұнай өндіруші компаниялар үшін бұл мәселе күрделі. Өйткені, мұнай және мұнай өндіру саласы Қазақстан экономикасының басты доноры әрі локомотиві болып келді. Сондықтан осындай қиындық туған кезеңде біз оларға барынша қолдау көрсетеміз. Бірақ, ондағы кәсіпорындар да жаңа жағдайға орай жұмыстарын икемдеуі керек», деді ол.
Соңғы уақытта Үкіметтің апталық отырыстары жабық күйде өткізіліп жүргені мәлім. Баспасөз мәслихатында мұның мәнісі жөнінде де сұрақ болды. Премьер-Министр таяу арада Үкіметтің ақпараттық саясатына өзгерту енгізілгелі жатқанына тоқталды. «Үкіметтің ақпараттық саясатына түзету енгізілетіндігі сөзсіз. Азаматтар мемлекеттік органдардың немен айналысатындығын білуге құқылы әрі тиісті. Негізі, қандай да бір мәселе туындағанда бұрмалаушылық, қосарланған қисық пікірді болдырмау үшін ақпаратты ашық әрі жедел жеткізуіміз шарт. Ал, Үкіметтің отырыстарын онлайн режімде тарату жағдайдан шығудың дұрыс жолы емес. Біз мұны қалай етіп жасайтынымызды ақылдасамыз. Сөйтіп, дұрыс әрі нақты ақпаратты жеткізуді қамтамасыз ететін боламыз», деді К.Мәсімов.
Ұлттық банктің төрағасы орын алған қиындықтарға мұнай бағасының төмендеуімен қатар, көрші Ресей мен Қытай елдеріндегі экономикалық ахуал да әсер еткенін айтты. Алайда, алдағы 5-6 жылда экономика қайта еңсе көтеріп, жаңа жағдай орнайтынын атап өтті. Бұдан былай Қазақстан Канада мен Австралияның экономиканы дамыту үлгісін алып, халыққа несие берудің жаңа тәртібіне көшетінін білдірді. Аталған елдер осы жолмен айтарлықтай табысқа жеткен көрінеді. «Бұдан былай теңгенің тізгінін бос жіберіп көреміз. Оның ендігі бағамын нарықтың өзі анықтайтын болады. Бұл шара ішкі нарықтың реттелуіне жағымды әсер етеді деп үміттенеміз. Ал енді, теңге еркін айырбас бағамында жоғары және төмен ауытқып, өзінің күнделікті теңгерімді бағамын айқындайды. Дәл қазіргі ақпараттарға қарасақ, осы кездегі көлем 81 млн. долларды құрайды және орта биржалық бағам 255,8 теңге болып тұр.
Таңертеңгі сауда-саттық аяқталды. Бүгінгі орташа баға таңертеңгі сессия қорытындысы бойынша 255,26 теңгені құрады. Сауда-саттық көлемі 115 млн. долларға тең. Бұл теңге бағамы еркіндікке жіберілгеннен кейінгі ең бірінші таңертеңгі сауда-саттықтың алғашқы нәтижесі. Енді нарық бағаны өзі қалыптастырады. Сәйкесінше, қаржылық агенттер немесе қаржы нарығына қатысушылар алыпсатарлық жүйеден ресми түрде нарықтық жүйеге ауысады. Сондықтан, қаржылық институттар, яғни екінші дәрежелі банктер жақын уақытта тұтынушыларды белсенді түрде несиелендіре бастайды. Ал жаңа инфляциялық таргеттеу режімі бұған көп мүмкіндіктер туғызады», деді төраға.
Теңгенің еркін айналымға жіберілуіне орай қандай да инфляцияның орын алу ықтималдығы да айтылды. «Біздің жоспарымыз бойынша, орта мерзімді арада инфляция 6-8 пайыздық дәлізде болады. Әйткенмен, 2020 жылға дейін инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендетуді көздеп отырмыз», деді Қ.Келімбетов. Оның ойын жалғастырған Ұлттық экономика министрі де Үкіметтің инфляцияны барынша төмендетуді жоспарлағанын жеткізіп, дамыған елдердің қатарына кіру үшін осылай істеу керек екенін атап айтты.
Бұрнағы күні бірталай жұрттың бірқатары даурығып, бірқатары дағдарып қалғанын алға тартқан сұраққа Ұлттық банктің төрағасы байыпты жауап қайтарды. «Біздің елде валюталық режімнің бір кезеңінен екіншісіне өту шарасын көп жұрт қалайда біліп қояды. Мұны «ақпараттың жайылып кетуі» дейміз. Осыны біліп алған бұрынғы инфрақұрылымның агенттері пайда табуға тырысады. Айырбастау пункттерінің осындай тірлігі өрескел әрекет. Негізі тәулік ішінде сатып алу-сату бағамын ауыстыруға олардың құқығы жоқ еді. Осыған орай арнайы шешім қабылдағанбыз. Енді заңды бұзғандарды анықтап, оларды жазасыз қалдырмаймыз», деді Қ.Келімбетов.
Осындай келеңсіз жағдайлар бұдан былай орын алмауы үшін Ұлттық банк халық пен бизнес және банктер жаңа ақшалай-несиелік саясатпен қалай жұмыс істеуі тұрғысында ақпараттық-түсіндіру жұмысының кешенді бағдарламасын әзірлепті. Ал бұрнағы күні банк жетекшілерімен арнайы кездесу болған екен. Төрағаның сөзіне қарағанда, сол кездесуде банкирлер арасында ешқандай дүрлігулер орын алмаған. Барлығы болған жағдайды білген. Сондықтан, Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберу ісі бірқалыпты және кезең-кезеңмен ауысты деп санайды екен.
Орын алған жағдайда еліміздегі шағын және орта бизнестің бірқатар қиындыққа тап болары белгілі. Бұл жөнінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев айтып өтті. «Осы мәселелерге орай бізге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы келді. Расын айтқанда қиындықтан шығар тың ұсыныстарын да білдірді. Негізінде, қазір отандық кәсіпкерлер нарық талабына сай жұмыс істеуі тиіс. Осыған дейін мұнай компанияларымен және тау-кен саласындағы кәсіпорындардың жағдайымен танысып шықтық. Олардың қиындықтан шығуы үшін көмек көрсетілуде. Мәселен, аймақтардағы кәсіпорындар жұмыс уақытын қысқартса, қалған уақытын субсидиялаймыз деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ, отандық автоөндірушілерді қолдап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін автокөлік алуға несие бөлген болатынбыз, яғни 15 млрд. теңге жеңіл автокөліктерге бағытталған еді. Бүгінде бұл бағдарлама аяқталуға жақындады. Біз тағы да қолдау жасап, қосымша 10 млрд. теңге бөлу туралы шешім шығардық», деді бірінші вице-премьер.
Мамандардың қысқарған жұмыс сағаттарын субсидиялауға қатысты былай деді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына өзгертулер жасалуда. Бұл бағытта білікті мамандарға қолдау көрсетудің бірнеше нұсқасы бар. Егер де оның жұмыс күні азайып, шартты түрде сегізден алты сағатқа дейін қысқаратын болса, онда жоғалтқан екі сағатын біз өзіміздің мойнымызға алып, табыстың үштен екі бөлігін субсидиялаймыз. Негізі, бағдарлама аясында білікті жұмысшылар үшін гранттар бөлінеді. Мұндай жағдайда жұмыс берушілер қызметкерлерін оқытуға немесе біліктілігін арттыруға жіберуге назар аударуы тиіс», деді Б.Сағынтаев.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары елімізде мұнай өндіру азаймайтынын да қадап айтты. «Мұнай-газ секторы бойынша мұнай өндіруді елеулі көлемде төмендетуге жол бермейміз. «Kazenergy» қауымдастығымен бірлесе мұнай-газ өндіруші 57 компанияға тыңғылықты талдау жасап шықтық. Оның қорытындысы бойынша төмен рентабельді 39-ы іріктеліп алынды. Ендігіде осы 39 компанияға қатысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендетуді жоспарлап жатырмыз. Бұл шаралар аталған кәсіпорындар бойынша жалпы салықтық жүктемені 8 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Ал қаржылай қарастырсақ оның сомасы 146 млрд. теңгеге жетіп жығылады. Мұнымен бірге, мұнай компаниялары ілеспе мұнай газын қосымша жағуға рұқсат алу үшін бізге өтінішпен келді. Осыған орай тиісті шешімді даярлап жатырмыз. Бұл өз кезегінде екі есе нәтиже береді деп ойлаймыз. Осы мәселеге тереңдеп қарасақ, компаниялар өндіру көлемін 480 мың тоннаға дейін арттырады. Нәтижесінде, бюджет қосымша 19 млрд. теңге кіріс алады», деп түйіндеді сөзін Б.Сағынтаев.
Әлем экономикасындағы қиындықтарға тоқталған Ұлттық экономика министрі түрлі қиындықтардың көлденең шығып жатқанын жасырмады. «Өткен жылы мұнай бағасы барреліне 118 теңгеге дейін көтеріліп, бағаның шарықтау биігіне шыққан еді. Аз ғана уақыттың ішінде төмен құлдыраған мұнай бағасы қазір барреліне 46 долларға әзер тоқтап тұр. Сондықтан, экономиканы құлатып алмау үшін алдын ала түрлі тиісті шараларды атқаруымыз керек. Себебі, саудадағы негізгі әріптесіміз әрі одақтасымыз көрші Ресей Федерациясының экономикасы тежеусіз құлдырап жатқаны мәлім. Ал, Қытай экономиканы дамытудың жаңа жүйесіне әзірленіп жатқаны құпия емес», деп қайырды министр.
Қазіргі жалғасып отырған дағдарыс бұдан бұрынғылардан мүлде басқа көрінеді. «Жалпы, 7 айда экспорт 44 пайызға, ал импорт көлемі 20 пайызға жуық төмендеді. Мұның барлығы макроэкономикалық алғышарттар болып табылады және бүгіндегі дағдарыстың барлық үдерістерінің 1997-1999 жылдар мен 2007-2009 жылдардағы дағдарыстардан түбегейлі өзгешелігі бар. Дағдарыс барлық салаларды қамтыды, сондай-ақ, ол үдеріс екінші жылға жалғасып барады», деді Е.Досаев.
Ведомство басшысы ақша-несие саясаты мен салықтық-бюджеттік саясатқа байланысты макроэкономикалық тұрақтылық еліміздегі реформаларды іске асырудың негізі болып табылатынын айтты. Сондықтан жаңа тәртіпті тезірек меңгеріп, әлемдік экономикадан өзіміздің лайықты орнымызды алуымыз керек екенін тілге тиек етті.
«Нұрлы Жол» ұлттық бағдарламасы экономикамыздың драйвері болғандықтан экономиканы дамыту үрдістері негізінен соған құрылатынын айтқан Е.Досаев, Қытай елімен бірігіп жүзеге асырылатын «Ұлы Жібек жолы» жобасы да ел экономикасының серпілуіне мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұлармен бірге, қазіргі күнде елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту да аса маңызды екеніне тоқталды. Сөйтіп, Қазақстанда кәсіпорындарды сауықтыру мен оңалтудың америкалық әдісіне көшу жоспарланғанын алға тартты. «Кәсіпорындарды сауықтыру бағытында ең алдыңғы қатарлы модельге көшетін боламыз, яғни бұл әдіс АҚШ үлгісінде болады. Онда кәсіпорынның төлем қабілетсіздігі жарияланғаннан кейін, оны оңалту мен сауықтыру тұрғысында жоспарларды құрудың шаралары қабылданады. Кредиторлар жиналған кезде, кәсіпорынның өміршеңдігін сақтау үшін мүмкіндік беріледі. Қазір біздің активтерді тарату мен сату ниетіміз бар. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл бизнес үшін өте маңызды. Енді 180 градусқа бұрылып, бизнестің қауқарлы болуы үшін мүмкіндік бергелі тұрмыз», деді Е.Досаев.
Ұлттық экономика министрі алдағы жоспарларымен де бөлісті. Мәселен, 2017 жылдан бастап Қазақстанда монополияға қарсы реттеу саласы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына көшіріледі екен. «Нарықтарды бұдан әрі қарай реттеу бойынша қадамдарды түбегейлі өзгерту мәселелері негізгі бағыттар болып табылады. Себебі жеке капиталды дамыту мен нығайту, мемлекеттің қатысу үлесін төмендету Үкімет жұмысының басты басымдығы ретінде белгіленген. Сондықтан да, бүгінде монополияға қарсы реттеуді айтарлықтай өзгерту шаралы туралы айтқан кезде, 2017 жылдан бастап дамыған елдердің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына көшетінімізді назарға аламыз. Мұнымен бірге, тарифтік саясат түбегейлі өзгертіледі», деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне илансақ, 2016 жылдың соңына дейін Қазақстанда шекті тарифке толық көшу жүзеге асырылып болады. Өз кезегінде бұл шара инвесторларға шығыстарын дұрыс жоспарлауға мүмкіндік беріп, инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылау күшейе түседі екен.
Қаржы министрі елдің көңіліне алаң кіргізген сұрақтарға да жауап берді. Оның айтқанына сенсек, Қазақстандағы барша әлеуметтік міндеттемелер қалыпты тәртіпте қаржыландырылып жатыр. Бұл игі үрдіс тоқтатылмақ емес. «Бюджеттің атқарылуына тоқталатын болсақ, бүгінгі барлық әлеуметтік төлемдерді, бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыру жұмысы тиянақты жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, жылдың аяғына дейін тұрақты жалғасатынына ешқандай күмән жоқ. Өйткені, біз бұл бағытта тиісті қадамдарды уақытылы жасап, барлық тиімсіз шығыстарды бюджеттен алып тастадық», деді Б.Сұлтанов.
Мұнымен бірге, республикалық бюджетте игерілмей қалған бюджеттік бағдарламалардың көлемі былтырға қарағанда екі есе төмен екенін жеткізген ведомство басшысы, «Нұрлы Жол» бағдарламасын қаржыландыру ерекше бақылауда тұрғанын тәптіштеп берді.
Елуден астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан баспасөз мәслихатына ризалығын білдірген Премьер-Министр Үкімет саясатын халыққа нақты әрі дұрыс жеткізуде журналистердің рөлі үлкен екенін атап айтты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».