Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде басталатын жаңа қаржы жылында Луизиана штаты бюджетінің тапшылығы 1,6 миллиард долларды құрағалы тұр. Штат билігі бюджет бүйірін шығару үшін қолдан келген барлық шараларды жасаса да проблема шешім табар емес. Moody′s Investors Service және S&P рейтинг агенттіктері шенеуніктер бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етпесе, Луизиананың несие рейтингісін төмендететінін мәлімдеді.
Өткен жұмада Луизиана штаты биылғы жылы алғаш рет биржаға 335 миллион доллар құрайтын қарыз акцияларын шығарды. Бірқатар құнды қағаздар бойынша несие шығындары екі есеге дейін өсіп кетті. Сарапшылардың айтуынша, билік шұғыл түрде бюджеттің шығындарын азайтуы керек. Тығырықтан шығатын басқа жол жоқ. Бюджетке түсетін кірістердің күрт азаюы мұнай бағасының төмендеуімен тікелей байланысты болып отыр. Мұнай және газ сатудан түсетін табыс бюджеттің барлық табысының 13 пайызын құрайды. Ал, 2014 жылы мұнай бағасы 40 пайызға дейін төмендеп кетті. Сондықтан өңір билігі бюджеттің әлеуметтік шығындарын күрт азайтуға мәжбүр болмақ. Бұл ретте ең басты зардап шегетін жоғары білім беру саласы болмақ.
Американың мақтаулы экономикасы барған сайын күрделі проблемалар шырмауына оралуда. Associated Press агенттігінің деректері бойынша алдағы қаржы жылы Американың 22 штатының бюджеттері тапшылыққа ұрынады. Бұл өз кезегінде жалпы ел экономикасының тұрақтылығына нұқсан келтіреді. «Экономика өсімі біршама көтерілген қазіргі уақытта бюджет тапшылығы осындай ауқым алып отырғанда, экономика өсімі төмендейтін болашақта бұл өңірлердің бюджеті қандай күйде болмақ?» дейді белгілі несиелік сарапшы Габриэль Петек.
Салық жинаудағы тоқырау экономиканың барлық саласына салқынын тигізуде. Жұмысшылардың жалақысы да төмендеп барады. Тұрғындардың тапқаны барған сайын өсіп отырған денсаулық сақтау және білім беру салаларының ақысын жаба алмайды. Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесінде де қордаланған кемшіліктер жетерлік. Соңғы 6 жыл ішінде тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі дағдарысқа дейінгі дәрежеге жете алмай келеді.
Алабама штатында бюджет тапшылығы 290 миллион долларды құрап отыр. Жақын арада штатта бюджетті оңтайландыру мақсатында жедел шешімдер қарастырылмаса, бұл өңір толық тоқырауға ұшырайды, дейді дуалы ауыз сарапшылар. Жағдай тура осылай жалғасатын болса, енді біраз уақыттан кейін сот органдарында шешімдерді тиісті орындарына жөнелтуге қажетті қаржы да болмай қалуы мүмкін. Халық санағын жүргізу бюросы мәліметінше, 2014 жылы жалпы бюджет түсімі басқа жылдарға қарағанда 2,2 пайызға өскен. Алайда, 17 штатта салық кірістері өте төмендеп кеткен. Мәселен, Аляскада өткен жылы бюджетке түсетін қаржы бірден 1,7 миллиардқа төмендеген. Ал, Иллионойс штатында алдағы қаржы жылы бюджет тапшылығы 6 миллиард долларды құрап отыр. Канзас штатында табыс салығының азайтылуына байланысты бюджетке түсетін түсім күрт төмендеген. Саяси бедел алу мақсатында табыс салығын азайту шарасы штаттың несие рейтингісін төмендеткеніне қарамастан Канзас губернаторы Сэм Браунбек бұл қадамды дұрыс деп санайтындығын мәлімдеді. Бюджетке түсетін табыс салығының азайып кетуі өңірдегі бірқатар мектептердің жабылып қалуына себеп болды. Республикашылдардың пікірі бойынша, салықты бұлай төмендету экономикаға опа бермейді. Сондықтан, мұндай шараларды жан-жақты зерттеп барып қолданысқа енгізу керек. Канзас штатындағы табыс салығын азайту шарасының салдарынан бюджет түсімі 800 миллион долларға дейін кеміді. Алдағы уақытта АҚШ билігі бюджеттерінің бүйірі күрт түсіп кеткен штаттарды құтқару үшін Еуропалық одақта жүзеге асырылған шараларды қолдана бастауы керек сияқты.