16 Мамыр, 2015

Македония дауға айналмаса игі

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өткен сенбіде Македония Республикасында бүкіл әлемді елең еткізген оқиға болды. Елдің солтүстігінде «жақсы жасақталған террорлық топ» «көрші ел аумағынан» Македония жеріне басып кіріп, 18 сағат бойы қауіпсіздік күштерімен шайқасқан. 8 полиция қызметкері, сондай-ақ, 14 қарулы адам қаза тауып, 30-дан аса адам жараланған.

Әлемді елең еткізді дегенде, бұл оқиғаға талай елдер, ұйымдар, ақпарат құралдары жедел түрде үнқатты. Ел үкіметі «Балкандағы ең қауіпті террорлық ұйымның шабуылы» деп мәлімдесе, президент Георге Иванов елде екі күндік аза жариялады. Елдегі оппозиция мұны биліктің өткір саяси дағдарыстан жұрт назарын басқаға аудару әрекеті деп мәлімдеді. Ал Еуроодақ пен НАТО басшылығы ашық зерттеу жүргізу керек десе, алыстағы Мәскеу Македонияда «түрлі-түсті революция» ұйымдастыру әрекетінің қауіпті салдарынан сақтандырды.

Соған қарамай, мұнда әлі жұмбақ жай көп. Македонияның ресми орындары кім екенін нақты айтпай, көрші ел дейді. Тұтқын­ға түскен 30 адамның біразы косо­волық болса, біразы македониялық көрінеді. Солардан қайдан кел­дің­дер, кімсіңдер деп сұрауға да болады емес пе? Скопьеде шығатын газетте бұл әрекетті мойнына алған «Азаттықтың ұлттық армия­сы» дейтін ұйымның мәлімдемесі жарияланып, онда полицейлер мен әскерилердің «бірнеше күн қатарынан бейбіт халықты үрейде ұстағаны» айтылған.

Көрші елдер дегенде, бұлардың көңілінде Косово мен Албания тұрғаны анық. Ал Косовоның пре­­­зиденті Атифет Якьяга мен пре­мьер-министрі Иса Мұстафаның бірлескен мәлімдемесінде өз елінің адамдарының бұл шабуыл­ға қаты­сын айыптап, бұл әрекетті Косово мен көрші елдердегі жағдайды ушықтыруға бағытталғанына назар аударған. Албания басшылығы әрекет орын алған Куманово қаласындағы этностық албандарды қорғауға шақырған.

Сонда айыпты кім, елдегі азшы­лық (25 пайыз) – этностық ал­бандарға көпшілік македон­дар­дың тізесі батқан ба, жоқ сыртқа сүйенген албандардың сепаратистік әрекеттері ме? Ашып айтылмайды. Бірақ сырттағылардың бұл оқиғаға мән беруі өзгерек. Тіпті, мәселенің ақ-қарасы айқындалмай жатып, алыстағы Мәскеудің айғай салуы қалай? ЕО мен НАТО да іле-шала назар аударды. Ақпарат құралдары да бірден бұрынғы югославиялық Македония республикасы Ресей мен Батыс арасындағы жаңа тартыс аймағына айналуы мүмкін дегенді алға тартып отыр. Неге? Мұнда Мәскеудің не қатысы бар? Негізінен алғанда, бұл Еуропаның ішкі ісі емес пе?

Жұрт әртүрлі болжам айтады. Біреулер Ресейдің «Түркия ағысы» арқылы келетін және осы елден өтетін газын еске алады, біреулер Ресей мен Македонияның негізінен православиелік елдер екенін де алға тосады. Бұл қақтығыс Сербияның оңтүстігін де шарпуы мүмкін. Осының бәріне Мәскеу бейжай қарамайды дейді. Оларға туыстар қазір бұрынғыдан қажеттірек.

Осы жерде Косово ойға оралады. Бір кезде Сербия басшылығы өзінің біршама аймағында этностық тазалау саясатын жүргізгенде, оны Мәскеудің қолдағаны бар. Батыс елдерінің, НАТО-ның араласуымен сонда оған жол берілмей, оның ақыры Косовоның тәуелсіздік алуы­мен аяқталған. Македония сонда да зардап шеккен. Жарты миллиондай босқан халық Македонияға ағылып, біраз күйзелткен. Сол этнос­аралық қайшылық бүгін Маке­до­нияның өзінде қайталануы мүмкін.

Айтты-айтпады, осынау 2 миллионнан сәл ғана асатын халқы бар шағын мемлекетте айтарлықтай күрделі жағдай қалыптасып отыр. Оған сырттағылар араласар болса, істің насырға шабары анық. Бұдан ұтатын ешкім болмайды.

  Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.