Облыс әкімі Сергей Кулагиннің Целиноград ауданына тамыз айындағы кезекті сапары су тасқынынан зардап шеккендер үшін айрықша маңызды еді. Өйткені, солтүстік өңірде бұл шешуші кезең саналады. Сапар сайын тұрғындармен сұхбаттаспай кетпейтін әдетімен, Сергей Витальевич жұмысты алдымен құрылыс алаңдарынан бастады.
Қосшы ауылында төтенше жағдайлар жүйесімен 45 пәтерлі екі үй еселенген қарқынмен салынып жатыр. Мердігерлік ұйым – «Асгард» ЖШС басшысы Еркін Аяпов құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталуға жақын екендігін баяндап, 10 қазанға қарай пәтер кілттері тапсырылатынын айтты. Ал, екінші үйді тұрғызып жатқан Коэльо Да Сильва Рего Диого басқаратын «СМП-610» серіктестігіндегі қаржыландыру мәселесі бастапқыда ТЖ жүйесімен атқарылатыны жоспарланған болатын. Өз мүмкіндіктерін екшеген мердігерлік ұйым одан бас тартып, жұмысты толықтай өз қаржысымен жүргізіп жатыр. Алдағы кезде тұрғындар пәтерлерін сатып алатын болады. «Өз үйім – өлең төсегімге» сайсақ, бұл екіжақты тиімді қадам екені анық.
Астанаға жақын Тайтөбе ауылында тұрғындар саны күн санап өсіп келеді. Осыған байланысты мектеп үш ауысымды білім беруге мәжбүр. Мұнда 300 орындық жаңа мектеп құрылысы салынып жатқанына бірталай уақыт өтті. Облыс әкімі құрылысты жүргізіп жатқан «ЭлектроСетьСтрой» компаниясының директоры Жанат Асқаровқа жұмыс қарқынын арттырып, бұдан бұрынғы мердігерлердің қателігін қайталамауды қатаң ескертті. Құрылыс басшысының сендіруінше, жаңа мектеп биыл жұмысын бастайтын болады.
Биылғы су тасқынында төтенше жағдай орын алған Оразақ ауылында түйткіл мәселелер кешенді түрде шешілуде екен. Біріншіден, және ең маңыздысы, мұнда екі пәтерлі 100 үйдің құрылысы бір мезетте атқарылуда. Жаңа шағын аудандағы жұмыстардың басы-қасында жүргендер қатарындағы «Іскер ТТЖ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Тұңғышбаевты сөзге тартқанымызда, өзіне қарасты 50 үйдің қабырғасы қаланып қойылғандығын айтты. Мұнда 300 адам, жеткілікті көлемдегі техника құрамы уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Ал, осындағы қабырғалық панелдер зауыты күні-түні өнім шығарады. Соған қарамастан, жүз үйді жоспарлы мерзімде (20 тамыз) пайдалануға беру мүмкін еместігі де көзге ұрып тұр. Оны құрылысшылар үйлер дайын болғанымен, шағын ауданға су, электр желілерін тарту уақыт алатындығымен түсіндіруде. Сондықтан, осындағы құрылыс компанияларының басшылары тұрғын үйлерді қабылдап алуды екі кезеңмен (қыркүйектің соңы мен қазанның басында) атқаруды ұсынды.
Оразақ ауылының тұрғындарымен кездесуде биіктігі 4 метр, ұзындығы 8 метрлік жаңа тоған құрылысы басталғаны, елді мекен көшелері мен аулалар тәртіпке келтіріліп жатқаны, Оразақ мектебін қайта қалпына келтіргенше балалар түгелдей жаңартылған мәдениет үйінде білім алатыны белгілі болды. Осымен бір мезетте мектептің спорт және мәжіліс залы жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеуден өткізілетінін, мұнда Щучье қазандық-механикалық зауытының көмегімен үш агрегатты біріктіретін қуатты блок-модульдік қазандық орнатылғанын айтқымыз келеді.
– Мемлекет су тасқынынан зардап шеккендерді тұрғын үйлермен, пәтерлермен қамтамасыз ету үшін барлық жағдайларды жасап жатыр, – деді облыс әкімі Сергей Кулагин. – Сондай-ақ, аудан орталығы Ақмолда «Заводстрой» ЖШС 45 пәтерлі бес қабатты үйді «Қолжетімді баспана» бағдарламасы шеңберінде аяқтауға жақын қалды. Аталған құрылыс компаниясы төтенше жағдайлар жүйесімен 45 пәтерлі екінші үйді де тұрғызып жатыр. Мердігерлер бұл нысандарды белгіленген мерзімінде пайдалануға беруге міндеттенген. Біздің тарапымыздан қатаң бақылау орнатылған. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ.
Ауыл тұрғындары өздерін қамқорлықтан тыс қалдырмаған мемлекет және облыс басшылығына ризалықтарын білдірді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы.
Суретті түсірген
Ермұрат ДОСЫМОВ.