21 Тамыз, 2015

Ауылын аялаған азамат

599 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
жанар.жТуған жерден артық адамзат баласы үшін ыстық ештеңе жоқ. Білім, ілім қуып, қала шығып кетсе де ауылға деген сағыныш әрдайым бір бүйіріңде тұрары анық. Әңгіме желісіне арқау болғалы тұрған Талғат Әмірхамзин осындай текті ұлдардың қатарынан деуге болады. Астанадағы мемлекеттік қызметтен гөрі ауылға келіп, үлкен кәсіпті ашып, бүгінде туған ауылында «Аянбай» шаруа қожалығымен 12 ауыл азаматын еңбекке араластырып, үлгі болып отырған кәсіпкердің ой-пікіріне құлақ түрелік. – Талғат Қорғанұлы, сіз­­бен әң­гімеге негіз болып отырған тақы­рыптың маз­мұны кезінде ауыл шаруа­шылығы жағынан респуб­лика көлеміне танымал болған ауылдардың тұр­мыстық хал-ахуал­дары күрт төмендеп, ел үдере кө­шіп, кей­бір елді мекендер жабылып қалудың ал­дында тұрған шағында өзіңіздей білімді де білікті жастарымыз қазақы ауыл­дық жерлерді қайтадан көр­кейтіп, экономикасын көтеруге тырысып бағу­да. Соның бірі өзіңіз деп білемін. «Аянбай» шаруа қо­жа­лығын 2011 жылы ашқа­­ныңыздан хабардармын... – «Аянбай» шаруа қо­жа­­лығын құра бастаған кезімізде біраз адамдардың осындай ойда болғаны жасырын емес. Көп ойлана келе, қара шаңырағымыздың діңгегі, асқар таудай әкем­мен кеңесе отырып Аянбай есімді  ұлы атамның есімімен шаруа қожалығымды атау­ды жөн санадым. Ол кісі өз заманында еліне сыйлы, жаны жайсаң, кісілігі мол азамат болған деседі. Шыны керек жастайымыздан істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандарға қызыға қарап өстік. Әріге бармай-ақ ауыл­да туып, ес білгенге дейін топырағында аунап, бала күнінен ат құлағында ойнап, шаруашылықтың қыр-сырын белі қатаймай тұрып-ақ ұршықша дөңгелетіп әкете біл­ген, зейнеткерлік жасқа дейін қай жұмыстың болмасын ыстық-суығына төзіп бүгіндері бейнетінің зей­нетін көріп отырған әкем­нің еңбек жолы маған өмірлік сабақ болып келеді. Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Көкалат кеңшарындағы Албарбөгет орта мектебінде 1984-1994 жылдары оқып, шамалы уақыт болса да қалаға үйре­нісіп қалған сыныптас­тарыммен ілесіп, менде араға біл жыл салып жоғары білімді маман  болу үшін қалаға аттандым. 1995 жылы қазіргі Астана қаласына келіп, Ақмола аграрлық университетіне экономика факультетінің бухгалтерлік есеп және аудит бөліміне оқуға түсіп, 2000 жылы есеп-қисап мамандығын тәмамдап шықтым. 2001-2003 жылдар аралығында Астана қаласының Қазынашылық басқармасында жетекші және бас қазынашы және Қаржы министрлігінде бас маман-аудитор болып жұмыс атқардым. Осыдан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджет департаментіне бас ма­ман­дық қызметімнен ауы­сып, 2004-2005 жылдар аралығында Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация коми­тетіне бас бухгалтер-бө­лім бастығы болдым. Жас­тығымда себепші болған шығар, ойлана келе 2009 жылы «Торы-Қыпшақ» ЖШС құрып, араға екі жыл салып 2011 жылы туған ауылға атбасын бұрып, өз ауылымнан жекеменшік жер учаскесін сатып алып, мал шаруашылығымен айналысатын отбасылық бірлестік, яғни «Аянбай» шаруа қожа­лығын ашып отырған жайы­м бар. –  Біз өмір сүріп жатқан тұс­­та жоғары оқу орынды бітір­ген маман иелері мал шаруашылығымен айна­­лыспай-ақ, төрт-бес жыл үй­ренісіп қалған қала­дан екі қолға бір күрек демек­ші,  қалаған ма­ман­дығына байланысты жұмысқа орналасып алуға мол мүм­кіндіктер болаты­нын да білемін. Туған жері­ңіз Көкалатқа қайта оралуы­ңызға де не себеп болды? – Ауылда аунап-қунап өскен бала болғандықтан да, «...ер туған жеріне» дегендей, бір бүйрегіміз туған ауылға тартатыны рас. Әрі туған ауылдың жері­нің құнарлы екенін, алақандай ауылдың  күнделікті тыныс-тіршілігін білетіндіктен туған ауылдың топырағында мал өсіру қай жағынан да болса да тиімді болатынын білемін. Өзіңіз білесіз, аграрлық сектор мен ауыл адамдарының про­б­лемаларын кешенді шешу мақсатында Елбасымыз  2003-2005 жылдарды «Ауыл жылдары» деп жариялады. Ауыл шаруашылығын көркейту, кәсіпкерлікті, агро­өнеркәсіпті дамыту мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қа­былданды. Осы игілікті шара­ларға арқа сүйей отырып, мен де мемлекеттен шағын несие алып, өз кәсі­бімді бастауға бет бұр­дым. Ондағы мақсатым – ауылға көңiл бөлу және оның әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын жақсарту. Биз­нестің әлеуметтік жа­уап­кершілігін жақсы түсі­нетін менің азаматтық ұстанымым – ауылдық округ бойынша тұрмысы төмен от­ба­­сыларына көмек қолын ұсы­нып, түрлі мерекелік іс-шараларға демеушілік жасап, қайырымдылық таныту және өз бизнесіме адалдық. Азамат атыма сын болмау үшін еліме тигізіп жатқан бірді-екілі игі істерімді айта кетер болсам, ауылым Көкалатта Мейрам молда есімді әкеміз тұрған үй бар еді. Сол үйді адамдар бұзып алуға қорық­қанымен, осы уақытқа дейін мал сүйкеніп, сыртқы саман кірпіші түсіп, құлауға шақ қалған. Соны осыдан екі жыл бұрын сыртын сылатып, әктетіп, ағаш қоршаулармен қоршатып, мал сойып, құран оқыттым. Сон­дай-ақ, ауыл мешітіне азан оқуға арналған ды­быс­­­тық құрылғы тарту ет­тім. Былтыр алтын ұя мектебімізді бітіргенімізге  20 жыл толуына орай өзіміз тү­леп ұшқан мектебімізге ірі көлемде қажетті тұрмыстық бұйымдар тарту еттім. Өзімнің туған ағам кәсіпкер Мағжан Әмірхамзинмен бір­ге 120 тонна көмірді аудан орта­лығындағы «Оспанқожа әулие» атындағы мешітке және ауылымда хал­қым­ның бәріне дерлік тегін үлестірдік. Алла үйінде жастарға иман­дылық жайын­да насихаттап, адамгершілік рухымызды байы­­туға атсалысып жүрген ауданымыздың бас имамының бір жылдық еңбекақысын өтеп отыруды өз міндетіме алып отыр­ған жайы­м бар. – Қоғамымызда болып жат­­­қан жаңалықтарды бұ­рындары баспасөз беттерінен бі­летін болсақ, бүгіндері әлеу­­меттік желілер арқылы жүр­­гізіп отырған кәсібіңізге қатыс­ты мол мағлұматтар алып отыратын деңгейге де жет­­кен сияқтымыз... – Осыдан 15-20 жылдай уақыт бұрын негізгі қарым-қатынас құралы тек үй телефоны болғаны белгілі. Ал, ақпараттар алу жүйесі теледидар, газет-журналдар ғана болса, содан кейін мобильді құрылғылар келіп, әлеуметтік желілер өмірдің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Сондықтан мен де ғаламтор әлемінің белсенді қолданушысы ретінде өз пікірімді кейде Facebook, Instagram, whatsup желілері арқылы елмен, жұртпен бөлісіп отыратын кездерім болады. – Осы орайда ауылыңызға қарай ойысқым келіп отыр­ғаны, олай дейтінім, қалада жеңіл-желпі тірлік жасап, тіптен, бос жүрген жастарды ауылға қайтара алмай жатамыз. Ізіңізді басып, өсіп келе жатқан азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз? – Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауылға көптеп көңіл бөлінуде. Қиыншылықты кезеңдерді бастан көп кешірген ауылдың әлеуметтік жағдайын көркейтуге бағытталған іс-шара­­­лар аз емес: Мәселен, «Дип­лом­­мен – ауылға!», «Сы­баға» тағы сондай айтулы бағдар­­ла­ма­лар бар. Алайда, бұл бағдар­ламалардың ауыл жастарын ұстап тұруға мұршасы жетпей тұрғаны өкінішті. Ауыл жас­тары тек мал бағып, егін егумен ғана айналыспайды ғой. Олардың тіршілігін қамтамасыз ету үшін бүгінгі өркениеттің өзге де игіліктері, мысалы, техника, технология тетіктері ауылға бармай, ауыл халқын күшпен ұстап тұру мүмкін емес шығар деп ойлаймын. Ауыл мен қаланың арасындағы жер мен көктей айырмашылық халықтың қалаға ағыла, үдере көшуіне жол ашты. Ауыл жастарын қаладан қайтара алмай жүрген себебіміз де осы болар. – Мен білетін Талғат Әмір­­хамзин алғаш кә­сіп­­­­кер­лігін мал шаруа­шылығымен ай­­на­­­­­­лысудан баста­ған. Ша­руа­­шылығыңыз едәуір өсіп, аға буын ағалар қата­рын­да есіміңіз де аталып келеді. Еңбегіңіз өзіңіз ой­лағандай бағаланып келе ме? – Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Шаруа қожа­лығы ісінде пайдадан гөрі шы­ғыс­тың көбірек болғанын жасырмаймын. Бастапқыда 15 000 гектар, одан кейін тағы да 10 000 гектар, сонымен бас-аяғы 25 000 гектар жер телімін 48 жылға жалға алдым. Алғашында «Аянбай» жеке шаруашылығын ашқан кезде 500 қой 8 жылқы сатып алған болатынмын. 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясынан 20 000 000 теңге несие алып, 6 асыл тұқымды бұқа, 68 ірі қара мал, 1-МТЗ-92 тракторы, 2 жеңіл автокөлік, 1 КамАЗ машинасы мен тағы да қажетті техникалар сатып алдым. 2011 жылы 150-160 адамдық дәмхана салып, оған анамның атын – «Ажар» есімін бердім. 2012 жылы «Алия» атты аралас-тауарлар дүкенін іске қостым. Сондай-ақ, 2014 жылы 10 000 000 теңге  несие алып, оған бүкіл техника жабдықтарын алдым. Ауыл орталығынан екі үй сатып алып отырмын. Қазіргі жағдайда «Аянбай» шаруа қожалығындағы мал-мүлкінің  деңгейі 100 000 000 теңгеден асып жығылады. Бұл дегеніңіз бүгінгі Көкалат ауылына, яғни бұрынғы Еңбек совхозына Астанадан 100 000 000 көлемінде инвестиция келді деген сөз. «Аянбай» шаруашылық қожалығы 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ауыл шаруашылығы министрі, облыс, аудан әкімдерінің мақтау қағазымен марапатталған болатынмын. – Соңыңыздан ерген немесе өзіңіз баулып келе жатқан іні-бауырларыңызға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? – «Ауылым – алтын бесігім» демей ме?! Қазақтың түп-тамыры ауылда. Сондықтан әрбір қазақ жастары қолдан келсе ауылдың жағдайын жасап, ауылға жиі атбасын тіреп, бизнестегі азаматтар ауылға көбірек қаржылық көмек көрсетсе деймін. Осы ойымды бауырларыма да үнемі айтып жүремін. Қазақ жастары ешқашан жалқаулық танытпай, шаршамай, нарыққа ілесе алатын көшбасшы болса екен әрдайым. Өз басын ғана емес, халқын ойлайтын намысшыл қазақ көп болсын! Әңгімелескен Жанар ЖҰМАҒҰЛОВА. Қостанай облысы, Жангелдин ауданы.