Таразда сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовке ескерткіш орнатылды. Ұлы Отан соғысының тарихына көз жүгіртер болсақ, 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, құралайды көзге атқан мерген болған Ы.Сүлейменов Калинин майданындағы алғашқы шайқастардың өзінде винтовкасымен 79 фашисті жер жастандырады. Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста 60, ал, 1943 жылы күзінде Невель қаласы үшін болған кескілескен шайқаста 102 фашистің көзін жойып, өзі де ерлікпен қаза табады. Сол қанды шайқаста сұрмерген батыр қазақтың аяулы қызы, пулеметші Мәншүк Мәметова екеуі бір күнде, бір майдан шебінде Отан үшін жанын пида етті. Екеуінің де сүйегі Невель қаласында жерленеді. Былтыр Невель қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов атындағы көшеде батырға арналған мемориалды тақта ашылған болатын.
«Біздің Ыбырайымға ешкім тең келмейді. Отан соғысында қазақта Сүлейменовтен асқан мерген жоқ. Біздің Сүлейменов Совет Одағының батыры болады» деуші еді батальон командирі Ушаков», деп жазған екен ол туралы халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов. Ал, жыр алыбы Жамбыл Жабаев 1943 жылы 100-ші атқыштар бригадасынан алған хатына жауап қайырғанда:
Қырағы қырдың қыраны,
Даланың ұшқыр құланы.
Таудың жүйрік бұланы,
Фашистерді екі жүз,
Отыз тоғызын өлтірген,
Сүлейменов Ыбырайым,
Қазақтың батыр ұланы, – деп жырлаған екен.
Әйтсе де Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы шілде айында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен белгісіз себептермен жіберілген құжат өзгертіліп, Ленин орденімен марапатталды. Енді, міне, Тараз қаласында батыр атындағы көшеде сұрмерген жауынгерге арналған еңселі ескерткіш бой көтерді.
– Халқымыздың мақтан тұтар арда ұлы, құралайды көзге атқан сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов өзінің жас өмірін қасиетті Жеңіс жолында құрбан етті. Есімі Ұлы Отан соғысы тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Халқымыз «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп айтқанындай, елінің үмітін ақтап, халқының бейбіт болашағы үшін жанын қиған батырды ел де ұмытпақ емес, – деді ескерткіштің ашылу рәсімінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Даңқты батыр Ыбырайым Сүлейменовтің мүсіні орналасқан жер аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Мүсін авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Момыш Сейіткерім.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
ТАРАЗ.