21 Тамыз, 2015

Игі істер мен ізденістер

370 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ақтөбе – өнеркәсібі дамыған өңір.  Соңғы жылдары ауыл ша­руа­шылығы саласында да жаңа жобалар жүзеге асырылып, оң өз­герістер пайда болуда. Қазір облыс халқының 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ауылдықтардың тұрмыстық жағдайы мен экономикасын жақсартуға мемлекет тарапынан жылма-жыл қаржылық қолдау көрсетілуде.  Алайда, салада әлі де игерілмей жатқан мүмкіндіктер бар екені туралы облыстық деңгейде өткен алқалы жиында кеңінен сөз болды. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтің айтуынша, соңғы бес жылда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен ауылшаруашылық инфрақұры­лым­дарын салуға 43 жобаға 2,0 миллиард теңге, «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020» бағдар­ламасымен осы салада кәсіпкерлікті дамытуға 543 жобаға 849,1 миллион теңге берілген. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қаржы институттары, жергілікті қаржы ұйымдары соңғы үш жылда 15,0 миллиард теңгеден астам несиелік-лизингтік қаржыландыруды жүзеге асыр­ған. Ауыл шаруашылығын суб­сидия­лау осы кезеңде үш есеге артқан. Өткен  жылы ауыл ша­руашылығының жалпы өнімі 123,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,9 пайыз  болған. 2011-2014 жылдары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша барлығы 14 533  ірі қара аналығы сатып алынып, тапсырма 120 пайыз орындалған. Ауыл шаруашылығы министрлігінен 2014-2015 жылдары «Ырыс» бағдарламасы бойын­ша жалпы қуаттылығы 1500 басқа  тауарлы сүт фермаларын құру жөнінде тапсырма берілсе, 2014 жылы Ақтөбе қаласы мен Қарғалы ауданында 100 және 50 басқа арналған екі сүт фермасы ашылған. Ал үстіміздегі жылы 200 басқа тауарлы сүт фермаларын құруға Ақтөбе қаласы мен Алға, Мәр­төк аудандарынан үш жоба ұсынылған. Биыл облысымызда жылдық қуаттылығы 7200 тонналық ет комбинатының құрылысы басталды. Сон­дық­тан, ауылдық округ әкімдері осы ет комбинаты мен ірі қара бордақылау алаңдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін тұқымдық жаңартуға баса назар аударып, жергілікті ірі қара малының өнімділігін арттыруға қол жеткізулері қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіншіліктер жасалған, деді баян­дамашы сөз арасында. Бірқатар ауылдық округтерде малды бірегейлендіру жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отырғаны, мал ауруларының алдын алу шараларының төмендігі, мал дәрігерлік талаптардың сақтамайтыны сөз болды. Елбасы ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына да ерекше назар аударып, оны дамытудың нақты шараларын қабылдауды тапсырғаны белгілі. 2015 жылдың 1 тоқсанына тамақ өнімдерінің өндірісі, сусындарды қоса алғанда, 8,2 миллиард теңге, нақты көлем индексі 129,4 пайыз болған көрінеді. Өткен жылы 64,0 мың тонна ет өндіріліп, оның 29,1 пайызы қайта өңдеуден өткен. Бұл көрсеткіш  Байғанин, Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы аудандарында өте төмен. Сондай-ақ, өндірілген 300,0 мың тонна сүттің 37,8 пайызы, яғни 113,5 мың тоннасы қайта өңдеуден өткізілген. Бұл шаруа Алға, Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би, Байғанин және Ойыл аудандарында  нашар ұйымдастырылған. – 2014 жылдың басында аудан және қала әкімдіктері ұсынған құны 4,9 миллиард теңге болатын 35 жобаның тек 4-еуі ғана немесе 11,4 пайызы  іске қосылды. Аудан және қала әкімдіктері жобалардың мүмкіндіктерін толық зерттемес­тен облыстық басқармаларға ұсынады, нәтижесінде кей жобалар басталмай жатып тоқтап қалады. Құрылысы 2013 жылы басталған Темір ауда­нындағы «АқсайАгро» ЖШС 500 басқа арналған мал бордақылау алаңы, Байғанин ауданына қарасты «Қостемір» ШҚ қымыз құю цехы­ның, Қобда ауданындағы «Мақсат» ШҚ тауарлы-сүт фермасының құрылысы бірнеше жыл бойы жүзеге асырылмай келеді.  2015 жылға аудан әкім­дерінің ұсы­нысымен 25 инвестициялық жоба бекітілген, алайда, осылардың ішінен 7-еуі әлі күнге дейін бас­талған жоқ. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеудің 10 басым бағыт­тарын анықтап, өңірлер бойынша картасын жасады. Біздің облыста қайта өңдеудің 8 бағыты белгіленген. Осыған байланысты Ақтөбе агло­мерациялық аймағында орналасқан ауылдық округтерде етті, сүтті, жеміс пен көкөністі қайта өңдеуді, астықты тереңдетіп өңдеуді жүргізетін кәсіпорындар ашуға жағдай жасап, 34 тірек елді мекендерде аталған бағыттардан басқа мал терісі мен жүнді алғаш­қы өңдеумен айналысатын жаңа кәсіпорындар ашу қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары    Мұхтар Жұмағазиев. Кеңесте «Агробиз­нес-2020» бағ­дарламасында көзделген мақ­­­саттарға қол жеткізу арқы­лы облыстың аграрлық саласын да­­мытып қана қоймай, эконо­ми­камыздың басқа да салаларының қоса дамуына  қол жеткізу жолдары сараланды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.