16 Мамыр, 2015

Киіктер қырылып жатыр

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
  Алғашқы күні қыстың ауырлығынан көтерем болған киіктер өліп жатыр деген болжам айтылған болатын. 13 мамырдың күні дала аруының жаппай қырылуы басталды. Сол күні мамандар өлген киіктердің 1000-ға жетіп жығылғанын хабарлады. Кеше облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Бегімбетов ажал құшқан киіктің саны 1018-ге жеткенін айтты. – Ақбөкеннің 941 ешкісі, 22 текесі және биыл өрген 55 құралайы өлген. Олардың барлығы дер уақытында жойылып, заласыздандырылды, – деді Марат Әбдірахманұлы. – Мамандар сол маңдағы топырақтың, судың, ақбөкен өлекселерінің сынамасын алып, республикалық лабораторияға жедел жіберді. Ол кемінде оншақты күн зерттелгеннен кейін ғана қорытынды шығарылады. Онда қауіпті жұқпалы аурулардың бар-жоғы анықталады. Киіктердің жаппай қырылуы 2012 жылы Жангелдин ауданында да орын алған болатын. Онда 926 ақбөкеннің ажалына пастереллез жұқпалы ауруы себеп болған еді. Дала еркесі оңтүстік облыстар төңірегінде қыстайды да, Торғай өңіріне келіп төлдейді. Мамандардың айтуынша, қуаңшылық болған жаздан кейінгі ұзақ, ауыр қыстан көтерем шыққан ақбөкендер, әсіресе, ешкілері жұқпалы ауруларға төтеп бере алмайды. Қазір нақ төлдеп жатқан кезде қырылып жатыр. – Киіктердің 11 мамырдан басталған жаппай қырылу оқиғасы әлі бір аптадай созылуы мүмкін. Өйткені, 2012 жылы Жангелдин ауданында олардың өлекселері 8 күн бойы жиналып, жойылып отырған еді, – деді Марат Әбдірахманұлы. Бүгінде «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі мамандары Амангелді ауданында киік үйірлерін бақылауға алған. Залалсыздандыру жұмыстары үшін экскаватор, жүк машиналары, дезинфекциялық дәрі-дәрмектердің барлығы қамтамасыз етілген. Өткен жылғы санақ бойынша «Алтын дала» табиғи мемлекеттік резерватына жататын Амангелді ауданы төңірегінде 80 мыңнан аса киік болған. Міндет оларды аман сақтап қалу болып отыр. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Амангелді ауданы.