КӨКШЕТАУ. 21 тамыз. Көкшетау медиа орталығында республикалық «Бас редакторлар» клубы Инвестициялар және дау министрлігі және Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Бүгінгі күн – бұқаралық ақпарат құралдары» тақырыбында семинар өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оған өңірдегі республикалық БАҚ өкілдері, облыстық және аудандық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Басқосуда республикалық «Бас редакторлар» клубының президенті Бибігүл Жексенбай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан және «100 нақты қадам» Ұлттық жобасынан туындайтын міндеттер және бүгінгі күнгі БАҚ-ты дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Онда Қазақстан Президентінің институттық реформасын отандастарымыз бен шетелдік қауым қызу талқылап, қолдау көрсетіп жатқаны, бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарына маңызды міндеттер жүктелетіні атап көрсетілді. Қабылданып жатқан мемлекеттік және ұлттық бағдарламаларды халық санасына жеткізіп қана қоймай, олардың орындалуына бұқаралық ықпалды арттыру ел дамуына ерекше екпін беретіні айқын. Осыған орай, шешен Малайзияның соңғы жиырма жылдағы серпінді дамуын өзге мемлекеттермен салыстыра талдап көрсетті. Бұл тәуелсіз Қазақстанның жігерлі қадамдарымен ұқсас екендігі де айтылды. Әлемдік сарапшылар осы үрдісті халықтың ақпаратқа қол жетімділігімен байланыстыруы тегін емес. Өмір және ғаламдық кеңістіктегі болмыс жылдам өзгеруде. ХХІ ғасыр ақпарат әлеуетіне сүйенген ғасыр. Сондықтан, отандық журналистика бәсекелестік алаңында алдыңғы саптан көрінуі тиіс. Белсенділік бастауында кәсіби шеберлік тұратыны белгілі.
Республикалық «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары Юлиана Жихорьдің «Бүгінгі күннің дәстүрлі БАҚ-тары» баяндамасында газеттер мен журналдардың қазіргі күнгі бағыттары кеңінен сипатталды. Ақпаратқа деген сұраныс электрондық өнімдердің өтімділігін көрсетуде. Бұл орайда бәсекелестік бірінші орынға шығады. Қазіргі кезде барлық газеттер дерлік оқырмандарына өзінің электрондық нұсқасын ұсынуда. Бұл орайда да халықтың талдамалық әрі сауатты ақпаратты күтетіні анық. Қазір екінші толқыны жүріп жатқан жекешелендіру науқаны дәстүрлі БАҚ-тардың қоғам тынысындағы мазмұнын өзгерте алмайтыны да белгілі.
Семинарға қатысушылар Түрік елінің «СІNAN» ақпараттық агенттігінің өкілі Йылдыз Доганның «Қазақстандық БАҚ-тың шетелдік меншікті тілшілері қосынымен ынтымақтастығының аймақтық тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамасына журналистер айрықша қызығушылық танытты. Біріншіден, баяндама мазмұндылығымен тартымды болса, екіншіден, Йылдыз бауырымыздың таза қазақ тілінде сөйлеуі бүгінгі күннің журналистеріне ой салғаны анық. Әлемдік ақпараттық кеңістіктің алғашқы ондығында тұрған «ЖИХАН» жер жүзінің 85 еліне төрт тілде ақпарат таратып, 35 елде өкілдігін ұстайды. Сонымен қатар, агенттік журнал шығарып, радио, телехабарларды таратып отыр. Мұның өзі заманалық БАҚ тек ақпараттық ықпалмен шектеліп қалмауы керектігін білдіреді.
Йылдыз Доган ағылшын тілінің маманы. Алайда, Қазақстанда журналистік қызмет атқарғанына жиырма жылдан асып барады. «Бұл кәсіп мені жазуға, суретке түсіруге, бейне аппаратты меңгеруге, бірнеше тілде сөйлеуге үйретті», дейді ол. Шынайы журналистке ой саларлық сөз.
«Хабар» агенттігі АҚ «Білім және мәдениет» арнасы бас редакторының орынбасары Бауыржан Шамшатов «Қазіргі заманғы телевизиялық журналистиканың өзекті мәселелері» туралы ой қозғады.
Тәжірибе алмасу тұрғысындағы басқосуда БАҚ-тарды жекешелендіру, жаңа технологияларға бетбұрыс, әлеуметтік желілерге көзқарас, ақпараттық талдау, журналистердің біліктілігін жетілдіру сияқты толғақты мәселелер ортаға салынды.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz