Қазақстан Президенттігіне кандидат, Тұрғын Сыздықов Астана қаласының ЖЭС жұмысшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге, сондай-ақ, сайлауалды штабының жетекшісі Айқын Қоныров қатысты.
Өз сөзінде Тұрғын Сыздықов кездесуге қатысушыларды сайлауалды тұғырнамасының негізгі қағидаларымен таныстырды. Сондай-ақ, ол ХІХ ғасырдағы ғылыми коммунизмнің негізін қалаушылар – Карл Маркс пен Фридрих Энгельс тарихи тәжірибеге негізделе отырып, қоғамдық дамудың объективті заңдарын жасай келе, адами қоғамды жаңа коммунистік формацияға көшіру қажеттігін теориялық негізде дәлелдеп бергенін атап өтті.
«Біз ғылыми коммунизм идеясын жалғастыруға қарай үлкен қадам жасадық. Дамудың көп кезеңді жолдарынан өттік.
Партияда партиялық бұқараны бақылау, оны бюрократияландыруға жол бермеу, даму үрдістерін болжау, ауыспалы жағдайға дер кезінде әрекет етудің тұрақты тетіктері жұмыс істейді. Мұның бәрі өмірдің тұрмыстық қажеттіліктерінен туындап, бұқараның шынайы шығармашылығына негізделеді», – деп көрсетілген Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.
Сонымен қатар, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында батыстық мәдениет пен құндылықтардың көлеңкелі әсері жайында мәселе көтерілген. «Жаһандық компьютерлендіру мен батыстық электрондық БАҚ қоғамның сана-сезімін улап, адамдардың арасына іріткі салу үшін индивидуализм қағидатын насихаттауда, бұл өз кезегінде ғаламшардың мәдени тұтастығының құлдырауына алып келуі мүмкін. Еуропа елдерінде тұтынушылық қоғам құрылымдарының қалыптасуынан туындаған батыстық мәдениет дағдарысы батыстық өркениеттің әмбебап құндылықтар мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілік нормаларына деген наразылықтарына қарама-қайшы келуде. Батыстың кемшіліктері, әсіресе, мәдениет саласында анық байқалады. Себебі, тұтыну, әлеуметтік құбылыс ретінде, көп жағдайда материалдық қажеттілікті қанағаттандыруды өмірдің мәні деп қарастыратын құндылықтар мен идеялар жүйесіне негізделген», – деді Тұрғын Сыздықов.
Оған қоса, кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасында батыстық кинематография стандарттарының кері әсері туралы мәселелерге мән берілді.
«Кинематографияның батыстық стандарттары зорлық-зомбылыққа, азғындыққа тәрбиелейді. Осыдан барып қатыгез күштердің, жағымсыз кейіпкерлердің өз заңдарын насихаттауына жол ашылды. Батыстық кинематография зорлық-зомбылыққа деген қызығушылықты оятып, оны адамның сана-сезіміне жат эстетикалық нормаға айналдырды. Батыстық мәдениеттің осынау күдікті «жетістігі» батыстық өркениеттің барлық салаларының дамуына көлеңке түсіріп отыр. Батыстық әдебиеттің де жағдайы мәз емес. Ол әлемдік мәдениеттегі өзінің бұрынғы әлеуетінен айырылып, зорлық-зомбылық пен бұқаралық әдепсіздікті насихаттайтын кинематографияның жетегінде кетті», – деп көрсетілген Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.
Кездесу соңында штаб жетекшісі А.Қоныров жиынға қатысушыларға жүргізіліп жатқан насихат жұмыстары жайында айтып берді.
«Штабымыздың сенімді тұлғалары анықталды. Олар барлық ақпараттық жұмыстарды жүргізетін болады. Қолымызда жұмыс жоспары бар. Бірқатар кездесулер мен іс-шаралар жоспарланған. Біздің штаб БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатты, олар үшін есігіміз әркез ашық. Кандидатымыздың қызметі мен оның сайлауалды тұғырнамасы туралы барлық қажетті ақпараттарды ұсынуға дайынбыз», – деді А.Қоныров.
Кеше сондай-ақ, Қызылорда қаласында Тұрғын Сыздықовтың аймақтық сайлауалды штабының таныстырылымы өтті. Қызылорда облысы бойынша аймақтық штабтың жетекшісі болып Талғат Телубаев тағайындалды.
Талғат Телубаев партияда 4 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Мамандығы журналист, біраз уақыт мұғалім болып қызмет атқарды.
«Бір ай көлемінде штаб Т.Сыздықовтың кандидатурасын қолдау аясында бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Штаб құрамында 5 сенім білдірілген адам жұмыс істейді. Насихат материалдары алынды, қазір оларды тарату жұмыстарымен айналысып жатырмыз», – деді таныстырылым барысында Т.Телубаев.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».