Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы 1-дәрежелі сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева – қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан көрнекті тұлға. Оның есімі әлем әдеби байланыстарының өзекті проблемаларын, қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін зерттеген аса бағалы еңбектерімен республиканың, ТМД елдерінің ғылыми қауымына кеңінен мәлім.
Шәмшиябану Қанышқызы 1930 жылғы 25 шілдеде Павлодар облысы, Баянауыл ауданының “Теңдік” ауылында (қазіргі Сәтбаев ауылы) дүниеге келген. Шәмшия апайдың кітаптары мен естеліктерінде Баянауылға, оның тамаша табиғатына деген шексіз махаббаты ерекше шабытпен сөз болады. Осы елде орта мектепті аяқтаған соң, 1946 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен. 1950 жылы бұл жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіреді. Одан әрі ол аспирантураға қабылданады. 1951-1954 жылдары Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің аспирантурасында оқиды. Аспирантурада оқып жүріп, әлем әдебиеттері қатарында қазақ әдебиетін қалың жұртшылыққа танытуда аянбай тер төгеді, лекциялық курстарда, семинарларда оқытылатын қазақ әдебиеті туралы материалдарды орысша дайындауға атсалысады. Кафедра ұжымы дайындаған, 1960 жылы Мәскеуде шыққан студенттерге арналған “Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әдебиеті” атты оқулықтың қазақ әдебиеті бөлімінің материалдарын Ш.Сәтбаева дайындаған.
Шәмшиябану Сәтбаева 1954 жылы небәрі 24 жасында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде “Қазақ көркем прозасындағы индустрияландыру” деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ғылыми еңбектің ресми оппоненті болған қазақтың мақтанышы Мұхтар Әуезов өз пікірінде диссертациялық жұмысты өте жоғары бағалап, ғылымда жаңалығы бар дүние екендігін атап көрсеткен. Сол жылы жас ғалым Қазақстанға оралып, Абай атындағы педагогикалық институттың орыс және шетел әдебиеттері кафедрасының аға оқытушысы болып жұмысқа орналасады. Жас шәкірттерін біліммен сусындату және өзінің ғылыми біліктілігін ұштау істерін қатар атқара жүріп, Ш.Сәтбаева осы жылдары әдебиет тарихы мен әдебиеттану мәселелеріне арналған көптеген ғылыми мақалалар жариялайды. Жоғары оқу орындарында жыл сайын өткізіліп тұратын оқытушылардың ғылыми-теориялық конференцияларында филология проблемалары туралы жасаған баяндамалары жоғары бағаланған.
1965 жылы Шәмшиябану Қанышқызы Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына қызметке ауысып, біржола ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Институттың әдебиеттер байланысы бөлімінде аға ғылыми қызметкер бола жүріп Мәскеу, Ленинград кітап қорларында, қолжазбаларында қазақ халқы, оның мәдениеті мен әдебиеті туралы Батыс Еуропа елдерінде ертеден бері жазылып, жинақталып қалған материалдарды тауып, ғылыми айналымға енгізеді. Зерттеу нәтижесінде қазақ әдебиетінде күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпаған көптеген сүбелі ғылыми мақалалар мен еңбектер жарық көрді.
Ол өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және әдеби байланыстар мәселелеріне арналған алғашқы мақалаларын ХХ ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап жариялай бастады. “Француздар қазақтар жайында”, “ХІІІ-ХІХ ғғ. қазақ жеріндегі еуропалық саяхатшылар”, “Қазақ фольклорының шетел әдеби сынында бағалануы” атты еңбектері бірден ғылыми жұртшылық назарын аударды. Ғалым “Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланысы” (Алматы, 1970), “Әдебиеттер достығы” (Алматы, 1986) және т.б. жинақтарды, сондай-ақ, “Қазақ әдебиеті тарихының” үшінші томын шығару ісіне белсене атсалысты. 1971 жылы ғалым “ХІХ және ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-еуропа әдеби байланыстары” тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Бұл еңбек жайлы М.Қаратаев, Т.Нұртазин сынды танымал әдебиеттанушы ғалымдардың жоғары бағалаған пікірлері де бар. Осы жылы “Ғылым” баспасынан “Қазақ әдебиетінің шетел әдеби сынында бағалануы” атты жинақ Ш.Сәтбаеваның құрастыруымен әрі көлемді алғысөзімен жарық көрді. Мұнда шетелдік авторлардың деректері мен жолжазбаларындағы құнды мәліметтер орыс тіліне аударылып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізілді.
Ғалым зерттеулерінде Фирдоусидің “Шахнамасының” қазақ тіліндегі нұсқасы, шығыстық сюжетке құрылған қазақ дастандары, Абай шығармаларындағы шығыстық сюжеттердің қолданысы, кеңестік кезең қаламгерлерінің шығармаларындағы шетелдік Шығыс тақырыбы, қазақ қаламгерлерінің Азия және Африка елдері жазушыларының ынтымақтастығы қозғалысындағы әдеби байланыстар мәселесі жайлы айтқан ой-пікірлері де кең тұрғыда қарастырылған.
Зерттеушінің ғылыми мұрасында ұлттық әдебиеттануда алғаш рет ғылыми айналымға енген шетелдік деректер мен мәліметтер көптеп кездеседі. Осындай құнды мәліметтердің қатарына Байронның сүйіктісі Клер Клермонттың атынан жарық көрген неміс ақыны Герман Гамбстың “Владимир және Зара” атты Қазақ елі жайлы жазылған романтикалық поэмасын жатқызуға болады. Ш.Сәтбаева поэманың 1836 жарық көргенін ескере отырып, шетелде қазақ тақырыбына жазылған тұңғыш поэмаға ерекше мән беріп, ғылыми әрі тарихы маңызы жоғары мәлімет ретінде бағалады.
Әдеби саяхаттар (әдеби сапарнама) мәселесі – зерттеушіні ерекше қызықтырған мәселелердің бірі болды. Ғалымның көп жылдар бойғы ізденісінің нәтижесінде жаңа деректерді қамтыған “ХІХ – ХХ ғғ. шетелдік саяхатшылар Қазақстан туралы” атты қолжазба жинақталды. Ғалымның монографиялық еңбектерінде Орта Азияда, қазақ даласында болған еуропалық саяхатшылар Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Марко Поло және тағы басқа батыс саяхатшыларының қазақ халқының тарихы, мәдениеті, дәстүрі мен салт-санасы жайлы өз отандастарына жазған түрлі жазбаларынан деректер берілген. Сондай-ақ, әлем әдебиеті классиктері Даниэль Дефо, Джакомо Леопарди, Жюль Верн, Адам Мицкевич, Александр Дюма, т.б. туралы мәліметтер де мол. Автор тек еуропалық саяхатшылардың Қазақ елі жайлы жазған жолжазбаларын талдаумен ғана шектелмей, қазақ ағартушылары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов сынды ойшылдардың батыс өркениеті жайлы айтқан ой-пікірлеріне де ерекше мән берді. Сөйтіп, ол түрлі іссапарлар нәтижесінде болып қайтқан бұрынғы Кеңес өкіметі, Шығыс және Батыс Еуропа, Азия елдері жайлы жазған жолжазбалары мен күнделіктері арқылы өзі де әдеби саяхаттардың озық үлгілерін жасап берді. Мұндай еңбектердің қатарында ғалымның 2002 жылы жарық көрген “Из разных лет” атты монографиясын атауға болады. Зерттеушінің барлық ғылыми еңбектері өз уақытында ұлттық салыстырмалы әдебиеттану ғылымына арналған алғашқы ғылыми-зерттеулер ретінде осы саладағы ғалымдар мен қоғамдық ортаның жоғары бағалауына ие болған еді.
Ш.Сәтбаева Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатовтың шығармашылық мұрасын зерттеу комиссиясының құрамында болып, кейін Ш.Құдайбердиевтің, А.Байтұрсыновтың шығармаларын жүйелеп бастыру ісін басқарып, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулер жазды. Сондай-ақ, ғалымның екі ғасыр бойы Қазақ елінің өркендеуіне еңбек еткен Сәтбаевтар әулеті туралы “Сәулелі әулет” (1996), “Свет очага” (1999), “Әбікей Сәтбаев” (2000), және т.б. еңбектерінің де өз оқырманын тапқаны ақиқат.
Ш.Сәтбаева қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі мен ХV-ХVІІІ ғасырлардағы тарихын игеру жоспарлары мен проспектісін жасап, үлкен текстологиялық жұмыс жүргізді. Мұнда VІІ-ІХ ғасырлардағы ежелгі жазбалар, Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білігі”, Қожа Ахмет Ясауидің “Диуани хикмет”, А.Иүгүнекидің “Хибат-ул-хакаих” тағы басқа жалпы түркілік ортақ ескерткіштердің қазақ әдебиетінің дамуына әсері зерттелді.
Ғалым өзінің ғылыми-теориялық зерттеулерінің бір саласын халық ағарту ісіне арнады. Ол орыс мектептерінің 9-10 сыныптарына және Қазақстан жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің орыс бөлімдеріне арнап жазылған “Қазақ әдебиеті” оқулығының, “Қазақ әдебиеті” оқулығына арналған методикалық құралдың авторларының бірі болды.
Шәмшиябану Қанышқызы өзінің осыншалықты ізденімпаздығы мен ғылымға адалдығын өз шәкірттеріне де дарыта білген ұстаз. Оның ғылыми жетекшілігімен еліміздің бірқатар білікті ғалымдары докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады. Бүгінде ғалымның көптеген шәкірттері ұстазының ізін басып, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби байланыстары саласында жемісті еңбек атқаруда.
Ұлының ұрпағы болу да адамға аз міндет жүктемесе керек. Қаныш Имантайұлы сынды қазақтың біртуар азаматының сүйікті қызы Шәмшия апай әке өнегесін ардақтап, жақсы атына кір келтірмей, атағын асқақтата білген перзент десек, артық айтқандық емес. “Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады”, демекші, ата-анадан көрген өнеге Шәмшия апайдың бүкіл өміріне азық болып, биік белестерге жетеледі.
Шәмшия апайдың әкесіне деген биік құрметін ол кісінің қатарластары, сыйлас замандастары ерекше ілтипатпен сөз етіп отырады. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, Шерияздан Елеукенов Ш.Сәтбаева туралы “Асыл бейне – Светлый облик” атты естеліктер мен зерттеулер кітабына жазған мақаласында мынадай қызғылықты әрі өнегелі жәйттің куәгері болғанын баяндайды.
Оразай аға мен Шәмшия апайдың үйінде қонақта отырғанында Шерияздан ағаға Шәмшия апайдың анасы, Қаныш Имантайұлының бәйбішесі Шәрипа апа: “Қарағым, Шекен, балам! Әнеу жолы мына Қанекең жарықтықтың домбырасын шертіп, ән салғаның бар еді. Тағы да бір шырқап жіберші “Баянауылға!”, – деп тілек айтыпты. “Қанекеңнің домбырасы” деп ұсынған домбыраны, ұлы адамның қолының табы қалған домбыраны қолына алған Шерияздан аға қатты толқып кетіпті. Сонда Шәмшия апай бұл домбыраның тарихын баптап айтып берсе керек.
“Әкемнің алпыс жасқа толуының қарсаңында балалары әрқайсымыз бүкіл республика тойлайын деп жатқан тойға не тарту-таралғы жасаймыз деген ойға қалдық. Ондай мерейтой енді қашан аталмақ? Әке-шеше балалары не сый-сияпат жасаса да риза ғой. Бәрінен де тартқан тартуыңа өзің риза болғанға не жетсін. “Не етсем” деп қамкөңіл жүрген бір күні папамның домбырамен әндетуді жаны сүйетіні есіме сап ете түскені. Ой, мұндай қуанбаспын. Әкемнің мерейтойына домбыра сыйлауым керек міндетті түрде. Іздеп, сұрастырып жүріп, Бозтай деген ағаштан түйін түйетін шебер қарттың қалаған домбыраңды жасап беретінін естіп, со кісіге жүгіндім. Маған күйшілер тартатын сан пернелі, тырна мойын ұзын домбыра емес, тоғыз пернелі, тұрқы қысқалау қарапайым домбыра қажет екенін ескерттім. Бірақ қарапайым деп сыртын тым жұпыны қылмауын өтіндім. Сырты қою қоңыр түсті, сымбатты домбыра дүниеге осылай келген”, – деп аяқтапты әңгімесін Шәмшия апай.
Кейін әкесіне осы домбыраны сыйлағанда ол кісінің домбыраның шанағын сабаламай, ішекті оң қолының сұқ саусағымен іліп-қағып шертетін әдетімен шертіп отырып, қызын қасына шақырып алып маңдайынан сүйіп:
– Айналайын балам, домбыраң маған қатты ұнап отыр. Қолға түспейтін мұндай аспапты қайдан тапқансың? Домбыра өзіңнің үйіңде тұрсын. Келгенде тартып жүрермін, – депті. Домбыраны алып әулетінің ортасында суретке түсіпті. “Өзге домбыралары да жетер деп, мұражайға бұл аспапты тапсырмадым. Әкемнің көзі секілді, үнемі қасымда ұстаймын. Бойтұмарым, бақыт құсындай көремін. Мұражайға қимайтыным сондықтан...” – депті Шәмшия апай толғанып. Міне, әке мен перзент арасындағы ыстық ықылас, баланың әкеге деген құрметі осындай болса керек-ті.
Шәмшия апайдың әкесіне деген перзенттік махаббаты жазған кітаптары мен естеліктерінде айқын көрініп тұрады. Сондай еңбектердің қатарында “Сәулелі әулет” еңбегін атауға болады. Тұтас бір текті әулеттің тарихын тілге тиек еткен “Сәулелі әулет” кітабының жазылуының екі себебі бар екен. Бірінші, Қаныш аға Мәскеу университетінің аспирантурасында оқып жүрген қызын үнемі қасына ертіп, ата-бабаларының тарихын айтып отырады екен. Тіпті: “Балалардың ішінде елдің жағдайын білетін Шәрипа шешең екеуің ғана”, деп ескертіпті. Онысы “елдің тарихын есіңнен шығарма” дегені екен ғой” дейді өз естелігінде Шәмшия апай. Әкенің осы сөздері жадында жатталған Шәмшия апай Сәтбаевтар әулеті туралы еңбек жазып шығарады. Мұнысы әке аманатын орындағаны еді.
Екінші, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан әрдайым апайға: “Шәкеш, екеуміз Сәтбаевтар туралы кітап жазайық, сен деректі материалдар жинай бер, аздап қол босағасын мен де кірісемін” деген екен. Өкінішке қарай, Әлкей аға бұл мақсатын орындай алмай кеткен. “Сәулелі әулетті” жазғанда Әлкей ағаның осы тапсырмасын орындағандай болдым”, деп жазады Шәмшия апай.
“Сәулелі әулет” – Қаныш Имантайұлының шыққан ортасы, кейінгі ұрпақтары мен өзінің жүріп өткен жолын саралайтын, ғалымды тек үлкен қайраткер тұлға деп қана емес, адамдық тұрғыдан да тануға септігін тигізетін көптеген жаңа деректерді қамтыған зерделі еңбек.
Шәмшиябану Қанышқызының үйіндегі фотоальбомды парақтап отырып, апайдың академик-жазушы Сәбит Мұқанов пен ол кісінің аяулы жары Мәриям апамен бірге түскен суретіне көзім түсті. Бұл суреттің өзіндік тарихы да бар екен. Ол жайлы ғалымның ері, көрнекті қоғам қайраткері Оразай аға былай деп әңгімелеп берді.
Шәмшияның Көкшетауға демалуға барған кезі. Бурабайдағы “Ясная Поляна” санаторийінде Сәбит Мұқанов пен Мәриям апа демалып жатса керек. Жазушымен жүздесіп, реті келсе әңгімесін тыңдап, естелікке суретке түсуге құмартып келген жұртшылық үнемі Сәбит Мұқановтың жанында топталып жүреді екен. Бір күні осындай көпшілікпен суретке түсіп жатқан Сәбит ағамыз: “Қаныштың қызын шақырыңдар, бізбен суретке түссін”, деп Шәмшия апайға арнайы кісі жіберіпті. Ол жақындай бергенде Сәбит аға қасындағы креслода отырған Мәриям апаға: “Сен көпшілікпен бірге артта тұрарсың, мына орынға Қаныштың қызы отырсын”, депті. Алдымен үшеуін, сосын қалың көпшілікпен суретке түсіруін қалапты. Міне, бұл Сәбит ағаның өз замандасына, айтулы тұлға, Қазақ елінің мақтанышы Қаныш Имантайұлына деген шынайы сағынышы мен үлкен құрметінің белгісі емес пе?!
Сәбит аға, Мәриям және Шәмшия апайлар үшеуі Оқжетпестің баурайында түскен осы сурет күні бүгінге дейін, қырық жылға таяу уақыт бойы отбасылық фотоальбомда сақтаулы тұр.
Шәмшиябану Қанышқызы ата-ана сенімін ақтай білген зерделі перзент қана емес, үлгілі жар, сыйлы дос бола білген адам. Ол жайлы Оразай аға мен Шәмшия апайдың шаңырағын жақсы білетін, жолдастық қарым-қатынаста болып, туыстай болып кеткен сыйлас дос-жарандары жеріне жеткізе айтып та, жазып та жүр. Солардың бірі Қанапия Ахметов ағамыз былай дейді: “Ауруханада жатқан кезінде бір барғанымда “Сәулелі әулет” кітабының баспадан шыққан гранкаларын қарап отыр екен. 15 минуттай сөйлестік. Сонда жолдастық жөнінде біраз пікір айтып еді: “Оразайға ризамын, Оразайдың достарына да ризамын. Кіршіксіз таза достық, ешқандай есепті, санасуды көздемейтін қарым-қатынастарыңыз ұнайды. Және, сіздердің араларыңызда, бір жақсы көретінім, бөсіп, даурығып, біріңді-бірің өтірік мақтау жоқ”, - деді.
Бүгінге дейін Шәкеңнің осы пікірлері маған достық туралы айтылған бір гимн сияқты көрінеді де тұрады”.
Аз сөзге көп мағына сыйғыза білетін сарабдал жан осы екі-үш ауыз сөзбен-ақ өзіне ең қымбат адамдарға бар ойын, бар құрметін жеткізіп тұрған жоқ па?
Шәмшия апай тек зерделі перзент, үлгілі жар, сыйлы дос қана емес, аяулы ана бола білген жан. Балаларына деген қамқорлығы, олардың тәрбиесіне барынша көңіл бөлуі, әрқайсысының ғылымдағы, өмірдегі мақсаттары мен бағыттарына ақыл-кеңес қосып отыруы өз алдына, өзі өмірден өткен соң да перзенттерінің ойлы, саналы, мағыналы ғұмыр кешуін армандаған ана еді. Апай өмірден өткен соң жары Оразай аға ол кісінің қағаздарының арасынан “Обращение детям!” деген қолжазбасын тауып алған екен. Онда Шәмшия апай өз денсаулығының нашарлағанын сезіп, балаларына соңғы тілегін, ақтық сөзін жазып кетіпті.
“Сүйікті балаларым, Газкен, Еркеш, Райхан, Ержан”, деп басталатын бұл хатында ана оларға адал өмір сүріп, айналадағы жұртпен өзара тіл табыса білуге үндепті. Сондай-ақ, бір-біріне мейірімді болу қажеттігін де аманаттаған екен.
Бауыр еті – балаларына деген ерекше махаббаты алаулап тұрған, жүріп өткен өмір жолына салиқалы көзбен қарап ой түйген адамның осынау түйінді сөзі әрбір жанға ой салары сөзсіз. Қолжазба мәтінінде мұң да бар, балаларының болашағына алаңдау да бар, өткенге, қимас жандарға деген сағыныш та бар. Ең бастысы, өзін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген анасына деген үлкен құрметі көрінеді. “Мне очень трудно говорить о маме прошедшем времени. Она было больше, чем мать. Я счастливый человек, потому что со мной всегда была мама, мы никогда не разлучались за исключением трех лет, когда училась в аспирантуре в Москве.
...Она делила со мной все радости, трудности, горести от утраты моего любимого единственного родного брата, который умер когда ему было всего четырнадцать лет, которого не могу забыть, и утраты отца. Вместе с мамой воспитали детей. К нашему огромному горю, она умерла. Самым тяжелом моментам в жизни было смерть матери, она спокойна ушла из жизни, для меня она по-прежнему жива, память о ней, о ее жизненном подвиге всегда во мне и в моих детях”.
Өмірінің көкжиегі көрінгенін сезінген әрбір жан өзінің анасын еске алып, оған деген сағынышы мен алғысын, өмір бойы жүректің түбінде тұнып келе жатқан сыры мен тебіренісін жеткізуге тырысады-ау! Бұл толғаныс анаға деген ыстық ықылас пен шексіз махаббаттың қандай болатындығының және бір көрінісі іспетті. Осы сезім-толғанысы арқылы апай балаларына ой салып, үлгі көрсеткендей...
Ғалымдық пен қарапайым адамдықты қатар алып жүре білген Шәмшия апайымыз туралы ақын, тарихшы-ғалым Хамит Мадановтың мына жыр шумақтары көп нәрсені аңғартып тұрғандай:
Шәмшекең ақыл-көркі келісті адам,
Соңынан шәкірт ерген жемісті адам.
Әйелдің оған бәрі тең келмейді –
Бауырынан бала өрбітіп, ер ұстаған.
Атағы айдай жұртқа мәлім болған,
Өмірі жас ұрпаққа тәлім болған.
Шәмшекең қасиеті мол, қалаулы адам,
Жолымен Қанекемнің ғалым болған.
Иә, Шәмшия Қанышқызы туралы ізгі ниетті, ризашылықты пікір білдірушілер өте көп. Өз басым сол адамдардың көбімен сөйлесіп, әңгімелерін де жиі тыңдап жүрмін. Осыншалықты жұртшылықтың көңілінде ізгі ой қалдырып, жүрегінің төрінен орын ала білген Шәмшия апайды ойласам, әрбір әйел заты осындай ана, осындай жар, осындай ғалым, осындай Адам болса ғой деп те тебіренемін.
Айман МЕНКЕБАЕВА, филология ғылымдарының кандидаты.