Астана күні мерекесіне орай, 1 шілдеде Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруымен Бейбітшілік және келісім сарайы алдындағы ашық алаңда Дж. Вердидің «Аида» операсы қойылмақ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар мен белгілі өнер шеберлері ғажайып декорациялар мен отшашумен безендірілген шоу сипатындағы сахналық жоба туралы ойларымен бөлісті. Олар қонақтар үшін биылғы қала күніндегі ерекше сыйдың бірі осы болатынына сенімді.
Баспасөз мәслихатына Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры А. Райымқұлова, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Т. Әлпиев, режиссер Ю.Александров, дирижер А. Мұхитдинов, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Ж.Ғабдуллина мен болгариялық тенор К. Чанев қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Алғаш рет ашық аспан астында салтанат құратын қойылым әлем сахналарындағы үлгіні қайталамай, ерекше жанрда орындалуымен, техникалық күрделі форматымен, сондай-ақ көрермендер талғамы барынша ескеріліп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін жан-жақты жағдайлар туғызуымен опера өнері тарихындағы елеулі оқиға ғана емес, жалпы елорда имиджі үшін де керемет әсер түйдіретін тың идея болып қалмақ.
– Астана күнінің құрметіне түрлі мәдени сый-тартулар әзірленуде, – деді Ақтоты Райымқұлова. – Әлем сахналарында өткен ғасырлардан үзілмей жүріп келе жатқан Дж. Вердидің «Аида» операсы мұндай айтулы күнге қай жағынан болсын лайықты екенінде сөз жоқ. Ондағы кейіпкерлер мүддесі, сахналық салтанат, азаттық жолындағы жанайғай мен сүйіспеншілік үшін күрес идеясының өзі осы күннің рухымен үндесіп тұрғаны тағы шындық. Теңдессіз опера туындысының қайта түлеп, өзгеше нақышта құлпыруы әлемдік деңгейдегі құбылыс болып табылады.
Сонымен қатар, театр алаңының ауқымдылығы, орасан зор көрермен аудиториясы, сахналық түпнұсқаға қарағанда қатысушы әртістер санының айтарлықтай көп болуы, заманауи жарық және бейнеқұралдар қызметі спектакльдің мерекелік сипатын айшықтай түсетіні айтылды. «Астана Опера» театрының директоры Төлеубек Әлпиев «Аида» қойылымын «Ла Скалаға» арнайы барып көргендегі әсерлерімен бөліссе, режиссер Юрий Александров дала сахнасындағы ерекше жанрдың болашағына екпін бере сөз сөйледі. «Көрермен Пирамидаға жақындаған сәттен-ақ ғажайып әсерге бөленеді. Франко Дзеффиреллидің нұсқасында жануарлар атымен жоқ. Ал мұнда кәдімгі оқиғаның ортасына өзіңіз түсіп кеткендей күйге бөленеріңіз хақ. Оқиға күннің батар тұсында бөлек сарынға ауысады. Ат ерттеген шабандоздар көрінісі мысырлық сәулетті одан бетер аша түседі. Дзеффирелли декорациясы Ресей халық суретшісі Вячеслав Окуневтің ұлан-ғайыр бейнеинсталляциясын толықтырып, көрініс соңы Радаместің салтанат құратын сәтімен аяқталады» деді режиссер.
Қойылымда Радамес партиясын орындайтын болгар солисі Камен Чанев өзінің елордаға осымен екінші рет атбасын тіреп отырғанын айта келіп: «Мен бұл қаланың соншалық шапшаңдықпен өсіп келе жатқанына қызығамын. Осы рөлге мұнда асығуымның себебі де содан. Сіздер үшін аянбай өнер көрсетуге дайынмын», деп ағынан жарылды. Театрдың солисі Жұпар Ғабдуллина Отанды, махаббатты жырлайтын сахналық туындыны кәсіби тұрғыда әңгімелесе, дирижер Абзал Мұхитдинов жоба авторларына өзінің ризашылығын жеткізді.
Спектакльдегі Радамес партиясын орындау үшін Болгария теноры Камен Чанев арнайы шақырылса, басты рөлді «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина сомдайды, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина – Амнерис партиясын, Талғат Мұсабаев –Амонасроны, Арменияның халық әртісі Барсег Туманян абыз Рамфисті бейнелейді. Спектакльге шамамен 300 адам – солистер, хор, балет, миманс әртістері, Қорғаныс министрлігінен сарбаздар қатысады. Еске сала кетейік, жобаны жүзеге асырушы Юрий Александров Қазақстанмен ерекше байланыстағы адам. Оның еңбегінің Күләш Байсейітова атындағы театрдың, «Астана Опера» театрының ашылуына тікелей қатысы бар. Қоюшы-режиссер Қазақстанда бірқатар тамаша опералық спектакльді жарыққа шығарған. Біздегі оның соңғы жұмыстарының бірі ретінде, елордалық театрдың басты туындысына айналған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын атап өтуге болады.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».